«Жүрген соң баурайында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды…» деген ән жолдарын естіген сәтте бүгінде ортамызда жоқ нар тұлғалы азамат Дүйсенбек Нұрланұлының жарқын бейнесі көз алдыма оралады. Дегдар азамат болған Дүйсенбек ағамыз келместің кемесіне мініп кеткелі де, міне, жылдың жүзі болып қалыпты-ау…
Атқан оқтай, шапқан аттай өтіп жатқан уақыт шіркінге тоқтау бар ма?! Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтіпті. Қашан көрсең де өзіне тән қарапайымдылығымен ерекшеленіп тұратын Дүйсенбек ағамыздың арамызда жоқтығына, енді ортамызға оралмайтынына сенгің де келмейді. Амал не, тағдырдың жазуы шығар, кім білсін?! Пешенесіне жазылған ғұмыры солай болған шығар деп өз-өзіңді жұбатасың.
Затында Дүйсенбек ағамыз дегдар азамат еді. Көңілі даладай кең, қарапайым, біреуге жақсылық жасауға құштар атымтай жомарт, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып жүретін асыл қасиеттері ол кісіні басқалардан ерекшелендіріп-ақ тұратын-ды. Қанша жерде басшылық жасаса да қарамағындағы азаматтарға жекіп сөйлегенін көрмеппіз. Керісінше, білгенін үйретіп, білмегенін сұрап отыратын еді марқұм ағамыз. Осындай қарапайымдылығымен ортасына сыйлы, ел-жұртына қадірлі атанды. Көптеген азаматтардың алғысын алғанына талай мәрте куә болдық та. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, ағамыздың атымтай жомарттығын сыртынан естіп-біліп те жүрдік. Тіршілігінде аузын ашса көмейі көрінетін азамат болғанына Балқаш қана емес, жер жаннаты Жетісу жерінің дүйім ел-жұрты куә болды десем еш өтірігі жоқ.
Келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенінде тыныстаған Дүйсенбек ағамыздың жүріп өткен өмір жолы да үлгі-өнегеге толы.
Әлқисса… Дүйсенбек Нұрланұлы 1954 жылы Жиделі ауылына қарасты Орақ-балға елді мекенінде «шыр» етіп дүние есігін ашыпты. Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралған әкесі Нұрлан әулетке «атұстар» сәби келгеніне жүрегі жарылардай қуанып, ағайынға сауын айтып, аста-төк дастарқан жайып, ат шаптырған деседі.
1960 жылы осындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, білімнің құдығынан сусындайды. Ал орта мектепті 1970 жылы Жиделіде аяқтайды.
Ауылдың бейнетке толы өмірінен әбден шыңдалып, ысылған Дүйсенбек алдағы өмірінің күрес пен тартысқа толы болатынын жан-тәнімен сезіне жүріп, үлкен өмірге қанат қағады.
Ауылдас ағайындардың, тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандастарының айтуынша, ағамыз бала жасынан аң-құс аулауға құмар болып, құралайды көзге атқан мергендігімен ерекше көзге түсіпті. Аңға шыққанда ешқашан қоржыны бос қайтпаған көрінеді. «Әке балаға сыншы» дегендей, осыны аңғарған әкесі Нұрлан: «Дүйсенбек баламның несібесі мол болады, өскенде атасы Ойшы секілді бай болады» деген екен.
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін айта кетейін, Ойшы деген кісі Балқаш өңірінде өте дәулетті кісілердің бірі болған екен. Мал-жанының көптігі соншалықты, есебінен өзі жаңылысатын көрінеді. Ел аузында «Ойшы қойшысын танымайды, қойшы Ойшысын танымайды» – деген аңыз-әңгіме осыдан қалыпты. Заманында Ойшы бай Самарқан мен Бұқарада өтетін жәрмеңкелерге жылына 40 мың қой, 30 мың атан өгіз айдатып, оны саудалап қайтады екен. Сонда малының алды діттеген жеріне жетіп жатқанда, соңы ауылдан жаңадан шығып жататынын ел-жұрты әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Осындай есепсіз байлықтың иесі атанған Ойшы бай Базар атадан тарайды. Нұрланның арғы аталары Ойшы баймен аталас-рулас саналады. Әкесі Нұрлан жоғарыдағы әлгі сөзді баласына қарап айтқанда болашақта Дүйсенбектің де атасына тартып қыруар малдың иесі болатынын іштей болжаған сияқты.
Дүйсенбек ағамыз орта мектепті аяқтаған соң арманға қанат байлап ауылдан жыраққа аттанады. Жоғары білім алуға ұмтылған талапты жас Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының өнеркәсіп және азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 1976 жылы тамамдайды.
Ең алғашқы еңбек жолын 1976 жылы ҚМБ-37 тресінде шебер болып бастайды. 1976-1996 жылдар аралығында «Алматы құрылыс», ҚМБ-19 тресінде шебер, прораб, аға прораб, бас инженер және ҚМБ-ның бастығы қызметтерін абыроймен атқарады.
1979 жылы өмірлік жары Ғалиямен отау құрып, өмірге Дариға, Айдар есімді ұл-қыз әкеледі. Ең өкініштісі, ұлы Айдар 16 жасында кенеттен жол апатынан қайтыс болды. Қызы Дариғадан Амина, Алихан, Азат есімді немере сүйді.
1994 жылы Дүйсенбек ағамыз итальяндық серіктестерімен бірігіп «Атил» бірлескен құрылыс фирмасын құрды. Бірлескен құрылыс компаниясы Алматы қаласындағы Достар бизнес орталығы, Достар-клуб, АТФ банк ғимараттарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Ағамыз 1996 жылы «Атил» бірлескен құрылыс фирмасынан бөлініп, жеке «Атил» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, осы мекеменің басшысы болды.
Заман талабының үрдісінен шыға білген «Атил» құрылыс компаниясының қолтаңбасы бүгінде еліміздің әр өңірінде сайрап жатыр десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Мәселен сол кездегі бүкіл республика бойынша ең ауқымды, ең үлкен Алматыдағы Орталық мешіт, Достық шегара аумағында салынған мектеп, жаңадан облыс орталығы болған Талдықорған қаласындағы негізгі нысандардың құрылысын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Облыстық әкімдік ғимараттарын жаңартты. Елордасы Ақмолаға көшкен жылдары жаңа құрылыстар салуға құлшына кірісіп, Республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура ғимараттарын іске қосты.
Сонымен қатар ауылшаруашылығын өркендету, ауыл халқын жұмыспен қамту мақсатында 1996 жылы «Агрофирма Өтес» фирмасын «Айнакөл» елді мекенінде құрды. Жұмысты бастаған кезде 1200 бастай ірі қара болса, осы малды үш жыл ішінде 5000 басқа жеткізді.
Туристік кластерді дамыту мақсатында Іле өзенінің жағасында 30 орынды кемпинг салып, экзотикалық-спорттық балық аулау ұйымдастырды, шетелдерден келген әуесқой балық аулаушыларды қабылдап, өңірдің флорасы мен фаунасын бүкіл әлемге жарнамалады. Осылайша Балқаш өңірінің табиғат байлығын жұмыр жердің жұртшылығына көрсете білді.
1998 жылы «Жеңіс» кеңшарының қарамағындағы жерді иеленіп, ол жердегі күріш өсірушілерді біріктіріп, егістік алқабын күтіп-баптауды қолға алды. Көп ұзамай бұрынғы «Ақдала» күріш совхозын да қарамағына алып, «Өтес-Ақдала» агрофирмасын құрды.
Дүйсенбек ағамыз құрған «Өтес-Атил» компаниялар тобының негізгі құрылымы 7 компанияны құрады. Аталмыш компанияның құрамындағы фирмалар Балқаш ауданының 5 аймағын қамтыды. Негізгі қызметтері мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, күріш шаруашылығы, күріш өңдеу зауыты, құрама жем зауыты болды.
Қазақстан бойынша ең ірі екі мал бордақылау кешенінің бірі – Балқаш ауданының Ақдала ауылының маңында 5000 басқа арналған мал бордақылау кешені салынды. Қазақтың Ақбас сиырын, Санта-Гертруда, Абердин-Ангус тұқымын өсіріп, республикалық палатасына да мүше болды. Сондай-ақ Еуроодақ, АҚШ және Жапония халықаралық сертификаттарын алып, экологиялық таза өнім ретінде күрішті Италияға, ірі қара малды Араб Әмірлігіне экспорттады.
Дүйсенбек ағамыз асыл тұқымды ағылшын және араб жылқыларын Қазақстанда өсіру ісімен де айналысты. Асыл тұқымды сәйгүліктерді бәйгеге қосып, талай жүлделерге ие болды. Соның ішінде Көкбастауда өткен бәйгеден Тұңғыш Президент кубогын жеңіп алды.
Елімізге кеңінен танымал журналист Мейрамбек Төлепберген Дүйсенбек туралы 2003 жылы баспасөз бетінде «Құрышбел» атты мақала жазған екен. Сол мақаладағы үзіндіге кезек берсек: «Дүйсекең айтады: «Мал – қазақтың банкі. Шама келсе әркім-ақ малды көбейте берсе жақсы. Ал үлкен бизнесті экономиканың сан саласымен ұштастыру бір жылдың жемісі бола алмайды. Толастамас қажыр-қайрат, біліктілік пен білімділіктің нәтижесі. Онсыз болмайды. Мен 1993 жылы ауылдастарымның 600 баласын қалаға жұмысқа тарттым. Сонда нөпір жастарға жатақханадан орын таппай қиналған кезім болды. Шынымды айтсам, енді, міне, барлық туған-туысқаныма, ауылдастарыма, басқа да кәсіби мамандарға жұмыс тауып беріп, жағдайын жасадым. Туған жерімнің жақсы атын шығардым. Әуелі өз отбасым, одан соң Тілеубек, Амангелді, Дүйсенғали, Ғабит, Бүркіт, Жайлау, Бекайдар, Ескендір, Жәнібек, Әлішер сынды дос, бауырларыма дән ризамын. Олар қашанда қасымнан табылады. Ел тізгінін ұстаған жігіттердің ауыл абыройын көздеген тірлігімізге қолдау көрсеткенін айтуым керек».
Мемлекет алдындағы еңбегі, әрине, ескерусіз қалған жоқ. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі жоғары бағаланып, 2001 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен және 2009 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Ұзақ жылғы жасаған еңбектері бағаланып, ол кісіге 1998 жылы «Балқаш ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Ағамыз тіршілігінде құрылыс саласында үлгі тұтқан ақылшы ағалары – Амангелді Ермегияевті, Шалбай Құлмахановты және әріптесі Амандық Баталовты ерекше бағалайтын.
Жақсы дос та адамның көркі. Біле білген адамға дос бола білу, сол достықты риясыз сақтау, ол да – еңбек, ол да өнер. Ақиқатында Дүйсекең айналасын доспен, ағайын-туыспен қоршаған азамат еді.
2016 жылы облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Депутат болған кезеңде аудан орталығы – Бақанасты газдандыру мәселесін көтеріп, басқа да елді мекендерге газ құбырының тартылуына себепкер болды. Сонымен қатар Бура ауылына Алланың жердегі үйі – мешіт салып берді.
Дүйсекең рухани бай адам еді. Ол жер қозғалса қозғалмайтындай сабырлы, байсалды, ер мінезді, қайсар да қайырымды, айтқан сөзінде тұратын, жан-жағына жақсылық жасауға құмар, сөзі аз, ісі көп, кішіпейіл, досқа адал, сүйікті жар, қамқор әке, туған-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттың алдында беделді, ортасына сыйлы өзгеше тұлға болатын.
Ол тек бизнес, жұмыс деп қалған жоқ, өзін-өзі жан-жақты дамытып, рухани жағынан өсіріп отыруға да уақыт тапты. Оқымаған кітабы жоқ, шежірешіл, сөйлесе сөзге шешен еді. Сонымен қатар талай шежірелердің, жазушылардың кітаптарының шығуына қаржылай көмегін аямады.
Бәріміз де қас-қаққанша сынаптай сырғып өтер қысқа өмірдің қонағымыз. Сөйте тұра ажал жетпестей арпалысып, асқақ арманға құлаш ұрып, Алланың аманатын тапсырғанша тынбай тыпырлаймыз. Біреуге ерте, біреуге кеш келер ажалға өкпелейміз, өкінеміз. Бірақ, қолдан келер шара жоқ… «Елім, жерім» деп соққан жүрек 2021 жылдың 30-шы наурызында кенеттен тоқтады. Содан бері, міне, бір жылдың жүзі болып қалыпты-ау.
Тағдырдың жазуына шара бар ма?! Алланың бұйрығына бағынып, мұсылман қауымның қаруы болған – сабырды серік етіп, жақсымызды әрқашан еске аламыз. Сіздің жарқын жүзіңізді, жақсы қасиетіңізді ешқашан ұмытпаймыз! Жаныңыз жаннатта, топырағыңыз торқа, иманыңыз жолдас болсын деген дұға-тілекті арнаудан басқа қолдан келер шара жоқ. Артындағы ел-жұрты мен ұрпақтары аман болсын деп тілейміз.
Күмісбек ЕРБАЕВ,
журналисn
Балқаш ауданы





