Рая Байшалқызы Ақсу ауданының Қапал ауылында дүниеге келген. Қазақ даласының қоңыр төсінде басталған оның өмір жолы адалдық пен табандылыққа негізделді.
– Үйдің үлкені едім. 9-сыныпта оқып жүргенімде анам қайтыс болды. Іні-сіңлілеріме қамқор болу маған жүктелді. Сол себепті мектеп бітірген соң бірден оқуға бара алмадым. Тек бір жылдан кейін ғана Талдықорған медициналық училищесіне түсіп, кейін Ленинград санитарлық-гигиеналық институтында білімімді жалғастырдым, – дейді өткенге көз жүгірткен кейіпкер.
Осылайша үлкен жауапкеxршілікпен басталған өмір жолы оны денсаулық сақтау саласына әкелді. 1985 жылдан бастап Қапал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансысында еңбек етіп, еңбек гигиенасы және эпидемиология саласында білікті маман ретінде таныла бастады. Алғашқы күннен-ақ мұқияттылығы, талапшылдығы, әр іске жанашырлықпен қарауы айқын көрінді.
Кейінгі жылдары кәсіби тұрғыдан да, басқарушылық қабілетімен де биіктерді бағындырған ол 2003–2018 жылдары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарында қызмет атқарып, бас маманнан департамент басшысының орынбасарына дейін жоғарылады. Осы жылдарда аса қауіпті инфекциялар мәселесімен тікелей айналысып, заң жобалары мен Үкімет қаулылары, салалық бағдарламалар, тіпті ведомствоаралық келіссөздердің қабылдануына үлес қосты. Мұндай сенім кез келген жанға беріле бермейді. 2018 жылдан бастап, 5 жыл бойы облыстық ЖИТС-тің алдын алу орталығында эпидемиолог болып еңбек етті. Ал бүгінде облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта инфекциялық бақылау бойынша үйлестіруші қызметін абыроймен атқаруда. Әріптестері оны талапшыл, бірақ әділ басшы деп біледі. Ұжымда жастарды мамандыққа баулып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Оның сөзіне құлақ асып, кәсіби кеңесін тыңдау – әріптестері үшін мәртебе. 2017 жылы ресми түрде зейнеткерлікке шыққанымен тыныш отыру оған жат еді.
– Мен әлі де қоғамға пайдалы бола аламын. Кәсіпке адалдық – бұл менің өмір жолым, – дейді ол.
Эпидемиологтардың еңбегі көзге көп көріне бермейді. Бірақ халықтың тыныштығы, елдің қауіпсіздігі солардың еңбегінің арқасында жүзеге асады. Жұрттың бәрі бейқам жүрген сәтте олар өз міндетін мінсіз атқарып жатады. Қоғам үшін қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған Рая Акашева – эпидемиологиялық қауіпсіздіктің берік қорғаны. Сырт көзге көрінбейтін, бірақ мағынасы терең, үлкен ерлікке пара-пар еңбек. Осындай жандар барда қоғамның денсаулығы сенімді қолда екенін білеміз.
Гүлжан ТҰРСЫН





