Қоғам дамуының жетекші саласы – энергетикада елу жылдан астам уақыт жемісті еңбек еткен Әбдіхан Сұраужанұлының өмір жолына зер салсақ, электр қуатының тұтас елдегі сияқты Жамбыл ауданында қалай өрістегенін байқаймыз. Бірлік ауылындағы қарапайым шаруа Сұраужан қарияның шаңырағында төрт қыздан кейін 1942 жылғы 1 мамырда дүниеге ұл келіп, атын Әбдіхан қойыпты. Өткен-кеткеннен хабары мол Сұраужан шежірешінің сүт кенжесі мектептен соң Алматы политехникалық техникумын 1963 жылы бітіріп, элеватор, диірмен, қоймаларды электрмен жабдықтаушы мамандығын алады. Содан бастап осы ауданда 52 жыл бойы еселі еңбек етті. Сол кездегі жаңа әрі қат мамандықтың иесі атанып, өмірге деген зор құлшыныс-құштарлықпен электрші болып жұмысқа кіріскен алпысыншы жылдары қазақ даласына электр қуаты әлі кең қанат жайып үлгермеген еді.
Сол жылдары ауданда электр қуаты Қарақыстақ су-электр стансысынан өндіріліп, осы аймақ электрмен өзін-өзі қамтамасыз етіп тұрыпты. Стансы ауыл жанындағы Қарақыстақ өзенінің бас жағында, тауда орналасқан екен. Жігерлі жас бір жыл Қарақыстақ ГЭС-інде электр жөндеуші, аға машинист болады. Осы кезеңде Қырғызстаннан Алматыға электр қуатын тасымалдайтын жоғары кернеулі желі салынып, темірден биік бағаналар тізбегі Суықтөбе тауы арқылы жүргізілді. Жас маман Әбдіхан 1964-1973 жылдар аралығында мыңдаған вольттық осы Алматы – Фрунзе (Бішкек) линиясының аудан аумағынан өтетін бөлігінде жоғары кернеулі желінің мастері, аға мастері болды. 1969 жылдың қысы қатты болғаны есінде. Темірге қолың тиіп кетсе, қарып түсетін, бағана басына шықсаң, азынаған боран қалтыратып жіберетін. Қайсар ұл қиналса да қайтпады, қайта шыңдала түсті. Оған қоса білімін көтергісі келді. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының сырттай оқыту бөліміне түсіп, оны өнеркәсіп орындары мен қалаларды электрмен жабдықтау мамандығына 1972 жылы бітіріп шығады.
Бұл уақытта мемлекет ауылдарды жарықпен қамтумен қатар, мал шаруашылығына қатты көңіл бөліп, ұжымшар-кеңшарлардың қыстауларын электрлендіру ісін кең көлемде өрістеткен еді. Осы кезде жоғары білімді маман ауданның түрлі шаруашылықтарында электрмен жабдықтау қызметтеріне жетекшілік етті. Әбдіхан аға аудан басшылығының тапсыруымен 1973-77 жылдары Айдарлы кеңшарында бас энергетик, 1977-79 жылдары Шиен ұжымшарда кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1980-83 жылдары Жамбыл және Күрті аудандарының электр желісі мекемесінің бастығы, 1983-84 жылы Мыңбаев тәжірибе шаруашылығының, 1984-85 жылы Сүйінбай кеңшарының бас энергетигі, 1985-90 жылдары жаңадан ашылған аудандық «Агроөнеркәсіп- Энерго» мекемесінің мастері, жөндеу учаскесінің бастығы қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Қоғам өміріне белсенді қатысып, әр жылдары Халық депутаттары аудандық және Ұзынағаш, Жамбыл, Шиен ауылдық кеңестерінің депутаттығына сайланды.
Тәуелсіз ел құрудың елең-алаңында ұжымшар-кеңшарлар жүйесінің де қиюы кетіп, жаппай жекешелене бастағанда, мал шаруашылықтарын электрмен қамтамасыз ету ісі қажетсіз болып қалды. Қай салада болмасын, жұмысты басқаша ұйымдастыру, тыңнан түрен салу талап етілді. Осы тұста біздің кейіпкер де ізденді. Қарап тұрса, мал терісінің көк тиындық құны қалмапты. Бұрын мемлекет сатып алатын, енді қалай өткізсең солай өткіздің кері. Ақылдаса келе, Ынтымақ ауылынан бірлескен кәсіпорын түрінде тері илейтін цех ашып, «Руно» шағын кәсіпорны директорының орынбасары әрі энергетигі болды. Тон тігуге арналған былғары шығаратын цехтың жұмысын жолға қойысып, сонда он жылдай еңбек етті. Ал 2000 жылдан бастап он бес жылға жуық Ұзынағаш ауылында орналасқан Б. Момышұлы атындағы әскери бөлімде алғаш инженер-электрші, кейін бас энергетик болды. Зейнет жасынан асса да қолқалап жібермей, 73 жасқа дейін осы қызметті істеді. Әскери қалашық пен бөлімнің сырт аумақтардағы нысандарын электрмен жабдықтау ісін біліктілікпен атқарды. Мұнда да бүкіл ұжымға сыйлы, білгенін ізбасарларына үйретуден жалықпайтын тәлімгер әрі сарбаздардың ақылман ағасы, атасы атанып, әскери бөлімнің төсбелгісімен марапатталды.
Әбдіхан Сұраужанұлы жүрек қалауымен таңдаған кәсібін жан-тәнімен жақсы көрді. Электр қуатын адам игілігіне жарату ісіне атсалысқанына көңілі толып, жұмысынан ләззат алатын. Өзін көрсетуге тырысу, сый-сияпат дәмету деген ол кісінің табиғатына жат болатын. Оған ауылдас ағайын болып келетін Есенқұл Жақыпбекше айтқанда, «жақсымын деп айта алмайтын» жақсының өзі еді. Әйтпесе, ауданның құрметті азаматы атағына лайық адамның бірі осы Әбдіхан аға еді. Әттең, өткен жылдың шілдесінде дәм-тұзы таусылар деп кім ойлаған?! Қашан көрсек те жүзі жылы, кішіпейіл, үлкенге де, өзінен кейінгілерге де ізет-құрметі ерекше жан еді. Сол қалпымен кете барды. Айтулы мамандықтың білгірі, аяулы ағамыз есімізде осындай ізгі қасиетімен қала береді.
Әбдіхан аға өмірлік қосағы Күләш Жұманқызымен екеуі Ұлан, Баян, Бану, Дамир есімді ұл-қыз өсіріп, немере қызығына бөленді. Өнегелі отбасының балалары да бүгінде түрлі салада жауапты қызметтер атқарып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.
С. ӘШІМБЕКҰЛЫ
Жамбыл ауданы





