Екі жақсы қосылса, таң атады жайменен. Халық айтса қалт айтпайды-ау. Осы бір сөз отбасылық өмірін түсіністік пен сыйластыққа ұластырған ерлі-зайыптыларға арналған. Ондай отбасылар алдымен ұрпағына, қала берді ел-жұртқа үлгі. Береке-бірлігі жарасқан әулеттен тараған ұл-қыз да тәлімді ісімен жүрген ортасының таңдайын қақтырады. Біз көпке үлгі-өнеге етіп көрсететін Балтабай аға мен Шәкизат «Алтын тойға» абыроймен жеткен абзал жандар. Олар ауыл-аймақтың бет түзер алтын қазығы. Жас шаңырақ иелерінің батагөйі. Бозбала мен бойжеткен жастай бас қосып, босағасы берік шаңырақ құрды.
Балтабай әскерден келгенде болашақ жары Шәкизат бар-жоғы 16-да еді. Бозбала жас қызға ғашық болып, алдағы өмірін көз алдына елестетті. Өзінің отбасындағы рөлін де ойша сомдады. Әкелік міндетін де ескерді. Жібектей есілген Шәкизатты әулетінің отанасы, шаңырағының шаттығын келтірер отанасы ретінде тани білді. Балтабай батылдық танытып, Шәкизатқа сөз салды. Оның әлі жаспыз ғой деген сөзіне де жауабы дайын еді. Ертерек, жастай үйленсе бір-біріне тез үйренісіп, бір бағытта бірге жүруге бейімделіп кететіндерін айтты. Сөз шынымен де бойжеткеннің көңілінен шықты. Ол да Балтабайды ессіз жақсы көруші еді. Қос жүректің лүпілі бір-бірін ұғынысып, тағдыр жарастыруға келісті. Екеуі де іштей түсіністікпен қарап, олқылықтарын толықтырып тұруды ойлайтын.
Бала – шаңырақтың шаттығы. Дүниеге тұңғыш сәбилері де келді. Енді олар аналық, әкелік махаббатын балаларына арнап, зерделі ұрпақ тәрбиелеуге ден қойды. Өмірге құлдыраңдап бір қыз, төрт ұл келді. Балалар екеуінің сенімі мен сезімінің жемісі еді. Осылайша Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында өнегелі әулет құрылды. Бүгінде бес баладан тараған он төрт немеренің сүйікті ата-әжесі.
Балтабай еңбек жолын Жансүгіров атындағы кеңшарда көлік жүргізушіліктен бастаған. Кейіннен директордың ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Әр еңбек жолында ел мен жерге қалтқысыз еңбек етіп, ауылының көркеюіне барынша үлес қосты. Бертін келе жеке шаруа қожалығын құрды. Қант қызылшасы, бидай, күнбағыс сияқты дақылдар өсіріп, өндірді. Мол өнімге кенелді. Балалардың несібесін жерден терді. Бірі шаруашылықта жүрсе, екіншісі бала тәрбиесі, ас-суды дайындап үйде отырды. Келісім мен береке-бірлік кәсіппен айналысуға да негіз болды. «Бақыт, қайда барасың? Бал-бұл жанған көрікті, ұл мен қызы серікті, берекелі үйге барамын» демеп пе еді Қабылиса жырау. Жер емген шаруа адамы таң алакеуімдене дала төсіне аттанып, кеш түсе үйге шаршап-шалдығып жететін. Алқапқа еккен егінін суарып, шөптеп, күтіп-баптап, жинағанға дейін тыным көрмейтін. Жер-ана еңбекқор жанды құралақан қалдырмайтын. Сүйтіп, отбасы мен ел несібесін арттырды. Біраз техника да жинап алды. Балтабайдың бойындағы асыл қасиеті – адам баласына барынша жақсылық жасау, шама келгенше қол ұшын беру.
Қазыбековтер Сағабүйен ауылында жолдың жиегінде тұрды. Ол тоғыз жолдың торабы еді. Қыстың аязы мен шілденің ыстығында, яғни, жылдың төрт мезгілінде жолда қалған балалы-шағалы жолаушылар, көлігі бұзылған жүргізушілерді шаңырақтың отағасы үйге әкеліп тамақтандырып, қондырып, бар жағдайын жасаудан жалықпайтын. Бұзылған көліктің сайманын тауып беріп, жолға салып, аттандыратын. Кейде жолаушылар көліктерін тастап кетіп, біраз күннен кейін айналып келіп, алып кетіп жататын. Олар алғыстарын жаудырып, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз деп аттанатын. Қазақта жолаушының тілегі қабыл болады деген сөз бар. Көптің алғысын алған аға-тәтеміз бүгінде ел-жұрттың арасында бақуатты ғұмыр кешуде. Балалары жас ұрпаққа тәрбие беру саласында еңбек етіп, ұядан алған тәлім-тәрбиелерін басқаларға да үйретіп бағуда.
Екеуінің бойындағы жақсы қасиеттерден нәр алып өскен ұрпақтары бүгінде өз алдыларына бір-бір үй болып отыр. Барлық баласын ел қатарлы оқытып-тоқытып, мамандық алып беріп, елге қызмет етуге бейімдеді.
Алла қазақтың әр отбасына Қазыбековтердей «Алтын той» тойлап, бақытты ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсіріп, әдемі қартаюды нәсіп етсін! Төрден орын алған Балтабай мен Шәкизат апамызға бала-шаға мен немерелердің қызығына тоймай, ел-жұртымен бірге күліп-ойнап, салиқалы ғұмыр сүруді жазсын!
Гүлжан ТҰРСЫН





