Шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің топырағы таланттар мен дарындарға толы. Олар қоғамның барлық саласында тынымсыз еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Есім-сойын жарнамалап, атының асқақтауын қаламайтын ондай жандардың көздегені адалдықтың, әділдіктің, ақиқаттың салтанат құруы болса керек. Осы жолда алға қойған мақсатынан бір сәтке де айнымаған асыл азаматтардың қатарында Серікбай НҰРҒИСАЕВТЫҢ есімі ерекше орын алады.
Күллі әлемнің геосаяси дамуына ықпал еткен КСРО атты алпауыт мемлекетте дүниеге келіп, коммунистік идеологияның тәрбиесін көрген кісілер шешімталдықты, шыншылдықты, туралықты ұнататын. Осындай қасиеттерді ұстану қазір сиреп кеткені рас. 1956 жылы, соғыстан кейінгі ауыр күндерде Іле ауданына қарасты Жаңаарна ауылында дүниеге келген Серікбай Өрікбайұлы орта мектепті бітірген соң сол тұстағы көптеген бозбалалар секілді арман қуып, білім алу үшін Алматы қаласына аттанады. Сол тұста Киров атын иеленген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетіне өз күшімен түскен кейіпкеріміз 1980 жылы дипломды маман атанып, Талғар қаласындағы №20 кәсіптік-техникалық училищеге өндірістік оқыту шебері болып орналасады. Осылайша мемлекеттік қызмет саласына басқан қадамы кейіннен көптеген саладан тәжірибе жинақтауға жетеледі. Атап айтар болсақ, Алматы қалалық №116 кәсіптік-техникалық училищенің комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің сектор меңгерушісі, Қазақстан ЛКЖО орталық комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, жауапты ұйымдастырушы, халық депутаттары Алматы қалалық кеңесі атқару комитетінің ұлтаралық қатынас және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің меңгерушісі, халық депутаттары Алатау аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Алатау аудандық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары, Совет аудандық әкімдігінің басшысы сынды лауазымдар Серікбай Өрікбайұлының мемлекеттік қызмет саласының қыр-сырын жетік тануына мүмкіндік беріп, іс-тәжірибені кеңейтуіне зор көмегін тигізді. Тіпті, тоқсаныншы жылдардың орта шеніндегі аздаған жылдар кәсіпкерлікке қадам басып, «Глоба Казахстана» қаржы корпорациясының президенті болуы өмір жолына елеулі әсерін тигізді. Осылайша оның бойындағы мол мүмкіндік пен таусылмас қуат мол тәжірибелі маманды Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет етуге жеткізді. Бірінші орынбасарлықтан соң Қызылорда облысының әкімі болған Серікбай Нұрғисаев Сырдария өзенінің бойын жағалай орналасқан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны анық.
Одан кейін ҚР Президентінің Алматы қаласындағы арнайы өкілі, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының жетекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы сияқты жауапты қызметтерді атқарған кейіпкеріміз өзіне жүктелген міндетті барынша адал атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев артқан сенім үдесінен шығуға күш салды. Бұдан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық басқармасы мен Тәртіптік кеңесінің басшысы болған Серікбай Өрікбайұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімімен сайланып, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде маңызды заңнамалардың қабылдануына үлес қосты. Осындай қызметтерді атқара жүріп, экономика ғылымдарының докторы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік басқару және менеджмент» кафедрасының профессоры атанды. Оның тынымсыз әрі қажырлы еңбегі елеусіз қалмай, Мемлекет басшысының қолымен «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен және «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Алматы облысының Құрметті азаматы.
Жалпы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміз үшін аса маңызды қадам жасаған орган ретінде белгілі. Мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрысын, ұстанымын, атқарар міндетіне адалдығы мен әділеттілігін ұдайы қадағалауда ұстайтын органның Алматы облысы бойынша департаментіне басшы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болғалы бері Серікбай Нұрғисаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесінің және облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де өңірдің өркендеуіне аса қажетті бағдарламалардың жүзеге асуына, Жетісу жұртшылығының игілігі үшін қолға алынып отырған жобалардың толығымен іске қосылуына елеулі үлес қосып келеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы ең білікті басқарушылардың бірі саналатын Серікбай Өрікбайұлының жоғары кәсіпқойлығы мен жұмыстағы тиімділігі мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі жүзеге асырудың кепілі есептеледі. 2016 жылдан бастап ол кісінің бастамасымен облыстың мемлекеттік қызмет деңгейі еліміз бойынша алдыңғы орындардан көрініп, департамент тарапынан жасалған жұмыстар Жетісу жұртшылығының оң бағасын иеленді. Атап айтсақ, облыстық департамент меритократия қағидатын нығайту бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 10-қадамын табысты жүзеге асыруды қолға алып, 2016 жылдың желтоқсан айында әкімшілік мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтар үшін тестілеу залы кеңейтілді. Бүгін бұл залда күніне 90 үміткер тестілеуден өте алады. Содан екі жыл өткенде, 2018 жылғы қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы Талдықорған қаласында ашылды. Оған дейін мемлекеттік қызметшілерді оқыту курстары Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығында өткізілетін. Одан бөлек, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің базасында «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Онда жастар арасында мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, студенттерден болашақ мемлекеттік қызметшілер пулын құру, құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға қабілетті белсенді жастарды тәрбиелеу басты мақсат етілген. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және халықтың сандық сауаттылығын арттыру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін департамент тарапынан «Сервистік әкімдік» жобасы бастама ретінде ұсынылып, іске асырылды. Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында көрсетілген ашық және есепті мемлекет бөлігіндегі тапсырмаларын орындау мақсатында іске асырылған жоба арқылы еліміз бойынша алғаш рет Қаратал ауданының Үштөбе қаласында жаңа әкімдік ашылып, халықтың игілігіне берілді. Одан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында департаменттің бастамасымен «Сервистік әкімдік» форматында ұйымдастырылған Талдықорған қаласы әкімдігінің «Open Taldykorgan» фронт-офисі ашылып, мемлекеттік қызметтің электронды түрлерін насихаттау мақсатында облыстың аудан-қалаларындағы 24 медициналық мекемеде және 72 ауылдық округте «Сандық посттар» құрылды. Сондай-ақ, қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде «Көші-қон қызметі орталығы» ашылды.
Бұл тізімді соза беруге болады. Солардың бәрінде департамент басшысының қолтаңбасы бар. Қызметтегі ашықтық және жариялылық қағидаларын ұстанатын қоғам қайреткері ретінде кейіпкеріміздің өзекті мәселелерді көтерген мақалалары мерзімді баспасөзде ұдайы жарияланып тұрады. Бұл қоғам өмірінен сырт қалуға болмайтынын көрсетсе керек. Өмірлік және кәсіби тәжірибесін, білімін жұмыста сәтті қолданатын Серікбай Өрікбайұлы ұжымдық мәдениет пен рухты арттыруды тұрақты назарда ұстап, әрбір қызметкердің жеке дамуы мен мансаптық өсуіне қолдау көрсетіп келеді. Оның тәрбиесін көрген көптеген қызметкерлер қазір республика министрліктері мен агенттіктерінің орталық аппараттарында жұмыс істейді. Міне, шәкіртінің озғанына сүйінген азаматтың жеткен жетістігі осындай болса керек.
Еліміздің мемлекеттік қызмет саласын жандандыру және қалыптастыруда Серікбай Нұрғисаевтың қосқан үлесі жоғары. Жақсы адамның жақсылығын әрқашанда айта жүру қажет. Біздің өлкеде осындай азаматтардың бар болғаны баршамызға мақтаныш!
Ләззат Бейсеқұлова,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы
бойынша департаменті басшысының орынбасары




