ЖАҚСЫНЫҢ жары болу – үлкен жауапкершілік. Ондай жан елдің алдында емес, ерінің жанында жүреді. Айқайламай-ақ ақылмен басу айтып, тіршіліктің күрделі жүгін тең бөлісе білетін әйелдің бейнесі Светлана апайдың болмысынан анық байқалды. Осындай жанмен сыр бөлісудің сәті түскені – біз үшін де үлкен мәртебе.
– Өмір жолымнан бастасам, тарихи мекен – Семей облысының Аягөз ауданында орналасқан Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесімен әйгілі Бестерек ауылында дүние есігін ашыппын, – деп бастады әңгімесін жақсының жары. – Ол жылдары ауылда дәрігер деген атымен жоқ еді. Ауылдың үлкендері әсіресе әйел-аналар жиналып, өзара көмектесіп босандырып алған екен.
Әкем – Медеубек Маусымбаев 1924 жылы дүниеге келген. Негізі, ата-бабасы Семей өңірінен шыққанымен, қырқыншы жылдары әкем Алматы қаласында тұрыпты. Сол жерде мектепте білім алған. Кейін ашаршылық жылдары отбасы туған өлкеге, Семей өңіріне қайта көшіп барған екен.
Мектепті тамамдаған соң әкем әскери училищеде оқып, оны үздік бағамен бітіреді. Соғыс өрті тұтанған сәтте ел қорғау жолында майданға аттанады. 1943 жылы, небәрі 19 жасында белінен ауыр жараланып, госпитальге түседі. Жарақаты ауыр болғандықтан тоғыз ай бойы ем қабылдайды. Ол кезде жаралы жауынгерлердің көбі, жағдайы нашар болса, әрі қарай емделмей көз жұматын. Бірақ әкем тым жас болғандықтан, дәрігерлер барын салып, аман алып қалыпты. Госпитальдан балдақпен шыққан соң соғысқа жарамсыз болып, елге оралады. Туған топырағына келгеннен кейін анамыз Ғаникамалға (ел ішінде Қайынжамал деп атап кеткен) үйленеді. Шешем 7-сыныпты бітірген соң оқуын жалғастырамын деп жүрген кезі екен.
Ол кісі көп сөйлемейтін адам еді. Әдебиетті жақсы көрді. 82 жасына дейін көзілдіріксіз «Жұлдыз» журналын оқушы еді. Осы басылымда жарияланған дүниелерді бірін қалдырмай оқып шығатын.
Әкем есеп-қисапқа өте жүйрік, зейінді жан болды. Білімі мен біліктілігі жоғары азаматты сол кездегі 5 колхоздың бухгалтерлік есебін қатар жүргізетін маман етіп тағайындаған. Кейін бұл 5 колхоз бірігіп, совхоз құрылған кезде де әкем сол есеп саласында еңбек етіп, адал қызметін жалғастырды. Өз білгенін кейінгі буынға үйретіп, жастарға жол көрсете білген ерекше дарынды жан еді, – деп еске алады өткенді. – Мен – ата-анам он жыл бойы зарыға күткен перзентпін. Есімімнің «Светлана» деп қойылуы да өзінше бір хикая. Атам түсінде қойнына жарық шам салып алғанын көріп, оны ағасы Нұркенжеге айтыпты. Сонда ағасы «өмірі жарық болсын» деген ырыммен маған осы атты таңдап берген екен, – деген кейіпкеріміз бұл тұста анасы айтып берген мына бір оқиғаны да еске алды.
– АНАМДЫ «тәте» деп атайтынбыз. Жас кезінде шашы тобығына дейін жететін болыпты. Сол ұзын шашын жуу мен өруге көп уақыт кетеді екен. Бірде басын жуып жүріп, маған қарауды ұмытып кетіпті. Бұл мен әлі қаз басып жүрмеген кезім. Уақыттың қалай өткенін байқамай қалып, есіне мені түсіріп, іздей бастаған. Сол кезде күн түс мезгілі болып, әкем жұмыстан келген екен. Анам жағдайды қорқақтап айтып берсе керек. Әкем бірден атына мініп, ауыл маңындағы өзен жақты аралап іздепті. Бірақ мені таба алмаған. Үйге қайтып келген соң әкем ашуға мініп, анама: «Балаға қарамай не істеп жүрсің?» – деп ұрсады. Анам: «Шашымды жуып жатқан едім», – дегенде, ашуы қатты келген әкем анамның тобығына дейін жететін қолаң шашын кездікпен түбінен қиып тастапты. Кешке қарай ауыл шетінен еңбектеп келе жатқан жанды көріп, ауыл адамдары шошып кеткен. «Мынау не болды екен? Шайтан ба?» – десіп жатса, әлгі еңбектеп келе жатқан мен болып шығыппын. Сөйтсе мен нан жабатын пештің ішіне кіріп, сонда ұйықтап қалып, оянып, еңбектеп сыртқа шыққан бетім екен. Осылайша, ата-анамды бір қорқытып алыппын.
Әкемнің әкесі, яғни, атам – Таяқбек сол заманның танымал тұлғасы болған. Молотовтың қолынан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін алған екен. Бұл марапатты атамның қызы, Роза тәтеміз – қазіргі кезде Астанада тұрады – сандығының түбінде көзінің қарашығындай сақтап отыр. Мұның бәрін келешек ұрпақ білсін, қадірлесін деген ниетпен айтып отырмын.
Менен кейін бес жылдан соң бауырым дүниеге келді. Өкінішке қарай, ол бүгінде өмірде жоқ. Жол апатына түсіп, мезгілсіз көз жұмды. Артында ізін жалғар үш қызы қалды…
Мектепті Таңсық ауылында тамамдап, өзге жастар секілді мен де арман қала – Алматыға оқуға келдім. Алғашқы ойым – медициналық институтқа түсу еді. Алайда қабылдау комиссиясындағы адам қарасы көптігін көріп, бұл шешімімнен бас тарттым. Сөйтіп Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне құжат тапсырдым. Бағым жанып, студент атандым.
Ол кезде дәріс беретін оқытушылар – бірінен-бірі өткен білікті мамандар болатын. Университетті ойдағыдай тамамдап, 1976 жылы Алматыдағы №35 орыс мектебінде алғашқы еңбек жолымды бастадым, – деп ағынан жарылды ол.
– ҒАБАҢМЕН, яғни жұбайым атанған Ғабиден Құлахметпен студенттік шақта, оқу орнында жүргенде таныстым. Ол журналистика факультетінде оқыды. Таныстығымыздың өзінде бір қызық хикая бар. Ғабиденнің әкесі көзі тірісінде ұлына: «Алыстан емес, өзіміздің елдің қызын ал», – депті. Осы сөз көңілінде сақталып қалса керек, бір күні Ғабиден бізге сабақ берген оқытушының (өзіне туыс болып келеді екен) көмегіне жүгініп: «Үйленгім келеді, ауылдан оқып жүрген қыз бар ма?» – деп сұрайды. Әлгі оқытушы: «Света деген бір қыз бар», – деп мені айтады. Бірақ қызық болғанда Ғабиден мені емес, аты ұқсас басқа бір Светамен танысып, оны бірнеше рет киноға апарыпты. Дегенмен, іштей ұнатпаған екен.
Біздің топта шымкенттік жігіт оқитын. Ол күрес үйірмесіне қатысатын. Ал Ғабаң – белді балуан. Екеуі ойын алаңында жиі кездесіп, Ғабиден оны оп-оңай жеңетін көрінеді. Бір күні әлгі жігіт: «Мен сені бір керемет қызбен таныстырайын, тек бүгін күреспей-ақ қояйықшы», – деп ұсыныс айтыпты. Ғабаң келіседі. Сөйтіп, ол мені Ғабиденмен таныстыру үшін Есік деген мейрамханаға алып келді. Біздің алғашқы кездесуіміз осылай басталған еді.
Ертеңінде ол мені жатақханаға іздеп келді. Әлі есімде: үстіме ұзын халатымды киіп, сыртқа шыққаным. Келген сайын құр қол келмей, «Чайка» деген шоколад ала келетін. Сабақтан шыққанымда: «Жүр, тамақ ішейік», – деп ертіп барып, ұйғырлардың дәмді дүнген лағманын алып беретін.
Ғабаң – отбасындағы ұлдың үлкені болатын. Өздері алты ағайынды еді: үш ұл, үш қыз. Бауырының бірі бала кезінде қайтыс болыпты. Екеуміз қыз-жігіт болып ұзақ жүріп, көп кездескен де жоқпыз. Бір-бірімізді шын жақсы көрген соң үйленуге шешім қабылдап, 1975 жылы отбасын құрдық, – деп өмір тізбегінен сыр шерткен Светлана апай Ғабиден ағаның өмірде сабырлы, байыпты, артық сөзі жоқ азамат болғанын да тілге тиек етті.
– Ол өз ісіне шын берілген, жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтын. Қараңғы түсе жазу үстеліне отыратын да темекісін асықпай тұтатып, қаламы қолынан түспей жазуға кірісетін. Жары ретінде мен оның шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасауға, тыныш орта қалыптастыруға тырыстым, – дейді ол.
Ғабиден Құлахметтің өнерге деген ілтипаты тек жазумен шектелмей, сурет салуға да бейім болыпты. Бір шығармасы 15 жыл бойы архивте шаң басып жатқан. Уақыт өте келе оны бір азамат тауып, «естелік болсын» деп жарыққа шығарған.
– Адам өмірінің қашан үзілуі мүмкін екенін білмейді ғой. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын: «Жаз өткен соң қыстай жазуға отырамын», – деп айтып жүрген еді. Амал нешік, бұл арманы орындалмай қалды… – деп тебіренген кейіпкеріміздің жанары жасқа тұнды.
ҒАБИДЕН аға қарапайым болса да өз ұстанымынан айнымайтын, әділетсіздікке төзбейтін тік мінезді болған екен. Жазушылар Одағына қатысты даулы сот отырысында өзінің шыншылдығымен, табандылығымен жеңіп шығыпты. Бұл туралы ақын Маралтай Райымбекұлы: «Ғабиден – Жазушылар Одағының шырақшысы болды», – деп әділ баға бергенін де айтты жан жары.
– Ғабаң мені еркелетіп, алақанына салып аялады ғой. Бірде қатты ауырып қалып, ауруханаға көтеріп апарғаны есімде. Қазір ағаңды ойлап кетсем, көзімнен ыстық жас парлап қоя береді. Жалғыздың тұяғы деді ме, көңіліме титтей де кірбің түсірмеуге тырысты, – деп сағына еске алды кейіпкеріміз.
Ол осы әулетке келін болып түскенде енесі небәрі елуге де толмаған, тың шағында екен. Ал атасы олар үйленерден бір жыл бұрын дүниеден озыпты.
– Енем көкірегі ояу, көзі ашық, көпті көрген, өте тамаша жан болатын. Дастарқаны әрдайым жаюлы тұратын, үйден қонақ үзілмейтін. Сол кездегі ауылдан ары-бері өтетін шопырлардың өзі бізге соғып, дәм татып кететін. Үйде бір бөлмені үнемі қонаққа дайындап қоятын. Өте таза, шебер, тамақты дәмді әзірлейтін. Мен өзімді бұл үйдің келіні емес, туған баласындай сезінетінмін. Енем мені қызындай көрді, мен оны туған анамдай жақсы көрдім.
Ғабаң Мәскеуге оқуға кеткенде енем: «Үйде баламен жалғыз қалып қиналып қаласың, ауылға кел», – деді. Ағаларың келгенше ауылда болдым. Енемнің тамағын пісіріп, шайын әзірлеп беріп жүрдім.
Үйдегі балалар таңертең апамыздың шай ішуін тағатсыздана күтетін. Бұған енем: «Мыналар мені өздерінен жасырып, бір керемет нәрсе жейді деп ойлай ма екен?» – деп ішек-сілесі қатып күлетін. Жарықтықтың сол сөздері құлағымда қалыпты…
Үлкен қайын апамның балалары да біздің үйде жиі болатын. Мен олардың тамағын әзірлеп берсем, енем әр балаға мейіз, өрік, кәмпитін санап бөліп беретін. Үй іші жылылық пен берекеге толы еді… – дейді Светлана Медеубекқызы.
– Ғабаңның қолы ашық болатын. Біреу көмек сұраса тарылмай, қолындағысын бере салатын. Жазушылар Одағында жұмыс істеп жүргенде алған еңбекақысын да кейде үйге жеткізбей, елге жұмсап жіберетін, – деп жалғады әңгімесін жазушының жары. – Ауылдан келген балалар ақша сұраса, қолына ұстатып жібереді екен. Мұны байқаған есепші Ибада апайы: «Жалақыңды үйіңе неге апармайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Осыған қарап отыр дейсің бе? Бәрі де жұмыс істейді ғой», – деп жауап беріпті.
Ал кейде айлығын үйге әкеліп бергенімен ертеңіне өзі қайта сұрап алып кететін кездері де болған. Мұның бәрі – Ғабаңның кеңпейілдігі мен адамдарға деген шексіз жанашырлығының айғағы еді… – деген кейіпкеріміз Ғабиден ағаның артында жақсы ұрпақ қалғанын да тілге тиек етті.
– Алланың берген екі ұлы, екі қызы бар – Ғазиз, Шыңғыс, Әсел және Тоғжан. Бәрі де тәрбиелі, білімді болып ержетті. Екі келінім мен күйеубалам да өте жақсы жандар. Немерелерім де өсіп қалды. Қазір жанымда жүрген немерем – Ұлан.
Шыңғысым әкесінің атын ардақтап, туған ауылындағы оқушыларға Ғабиден Құлахмет атындағы шәкіртақы тағайындап отыр. Жыл сайын ірі қара мал сойып, тұрмысы төмен отбасыларға бөліп береді. Әкелері де сондай жомарт жан еді ғой.
Шыңғысымыз кішкене кезінде апасына келіп: «Апа, мен бүгін «бес» алдым, – дейтін». Апамыз оған: «Жарайсың, менің Шыңғысым тек «беске» ғана оқиды», – деп мақтап қоятын. Сонда ол шын көңілмен: «Апа, мен бір «үштік» пен бір «екілік» алдым. Екеуін қосқанда – бес болады ғой», – деп жауап беретін. Сол бір бала қылығы әлі күнге дейін езу тартқызады, – деп ағынан жарылды жақсының жары.
Кейіпкеріміздің айтуынша, отбасын құрған соң екі жақ та қолдау көрсетіп, Алматыдан жер үй сатып алған екен. Кейін үй кезегіне тұрып, бірінші қабаттан үш бөлмелі пәтер беріліпті.
– Үйімізден қонақ үзілмейтін. Ағаңның туған күнін жасағанда бір қойдың етін асып, ұжымдастары бір автобусқа тиеліп келетін еді. Улап-шулап тойлатып, кейде үйге қонып та қалатын. Әсіресе әр жұма күні кешкісін жиналатын да, кейде дүйсенбі күні таңға дейін біздің үйде болып, кетіп жататын. Сонда шаршау дегенді білмейміз ғой. Жұмыс істейтін мектебім үйдің маңында еді. Үйге келе сала бірден дастарқан мәзірін дайындауға кірісетінмін. Сенбі мен жексенбінің қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалатын едік, шіркін…
Кейін үш бөлмелі үйімізді досының баспанасыз жүргенін естіп, оған тегін бере салды. Үй менің атымда болғанымен бұл жайлы сөз қозғасам: «Света, мен тірі тұрғанда бұл жайлы ойлама», – деп нүктесін қоятын. Ғабаң – дүниеге телмірмеген, кең жүректі, кең пейілді жан еді…
ӨМІРІМНІҢ қырық жылын ұстаздыққа арнадым. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай, біраз жыл еңбек еттім. Қимыл-қозғалыс азайса, денсаулық та сыр беретінін кейін түсіндім. Ғабаңның жанында, оның көңіл күйіне қарап, еркелеп, елу жыл өмір қалай зулап өткенін де байқамай қалыппын.
Ғабаң – тек жақсы адам ғана емес, жанұяға жан жылуын шаша білген адал жар, өнегелі әке бола білді, – деп түйді сөзін жақсының жары.
Сарби ӘЙТЕНОВА





