Сарқан ауданының Құрметті азаматы, ауданның ауыл шаруашылық саласына ұзақ жылдан бері өз үлесін қосқан абыз ақсақалымыз Болат Рахметқалиев 90 жасқа толды. Қанша жылдан бері осы өңірдің өткенінің куәгерімен жиі жүздесіп, сұхбаттасудан шаршамаппын. Мұндай дидарласуда бұл кісі ойлы-қырлы ұзақ жолының қуаныш-қызығын, арманы мен азабын, өкініші мен өксігін, күйініші мен сүйініштерін әңгімесіне арқау етеді.
Бір барғанымда өзі ұдайы жаздырып алатын газеттердегі сөзжұмбақтарды шешіп отыр екен. Қарасам барлық сауалдың жауабы айқын жазылыпты. Кідірмей, мүдірмей берілген тақырыпты еңсеріп шығу екінің бірінің қолынан келмейді ғой. «Миымның үздіксіз жұмыс істеуін бақылау үшін осылай сөзжұмбақ, ребустарды шешу қолайлы екен» ,– дейді ағамыз.
Келесі бір жолы шежірені толықтырып, естелік жазбаларын жаңғыртып отырған үстіне дәл келдім. Ата-анасы, балалары туралы кеңінен әңгімеледі осы жолы.
– Адам тәрбиесінің қалыптасуы біріншіден ата-анасына байланысты. Екінші – ұстазынан алған білімі, үлгісі. Үшінші – өскен ортадағы жолдастары, үлгі тұтатын үлкен адамдар. Менің пайымдауымша, осы үш негіз адамның қалыптасуына зор әсер етеді, – дейді.
Болат ақсақал 1936 жылы 26 ақпанда Сарқан ауданының Белсенді ұжымшарында дүниеге келіп, осы ауылда 4 сыныпты аяқтап, еңбекпен көзін ашып, тәрбиеленген ұрпақтың өкілі. 1953 жылы Сарқандағы Абай атындағы орта мектебін бітіріп, Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1959 жылы осы институттың инженер-механикалық факультетін тамамдаған ол мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарды. Шаруашылықтарда, «Казсельхозтехника» бірлестігінде бас инженер, осы бірлестіктің басқарушысы, аудандық тұтынушылар қоғамы автокөлік базасының директоры, бөлімше басқарушысы сынды қызметтердің қай-қайсысында да біліктілік танытып, биік белестен көрінді. Ұзақ та мағыналы ғұмырының айғағындай өңірін медальдар мен төсбелгілер өрнектеген ақылман ақсақалдың кейінгі буынға айтары көп.
Әкесі Рахметқали Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, 1944 жылы хабарсыз кетіпті. Сол өңірдің бетке ұстар азаматы болған. Шатырбайдағы анау жылдардағы ескі көздер Бөкеңді көрсе құрақ ұшып, әкесінің азаматтығын айтып тауыса алмайтын. Құдай берген балаларына ғана емес, сол маңайдағы жетім-жесірлерге қамқор болып, бауырына басып, қанаттандырғаны елдің есінен кете ме? Әкеден 5 жасында қалған біздің кейіпкеріміз ер мен әйелдің жүгін көтеріп, соғыс жылдарында ұжымшардың мал шаруашылығын басқарған шешесі Биғайшаның тәлім-тәрбиесімен өседі. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Еркелетіп өсірген жоқ, еңбекпен шыңдап жетілдірді. Оқуын қадағалап жүріп, мектептен соң қолда бар малын сатып, жоғарғы оқу орнына екі-үш айға жететін азығын қамдап аттандырды. Осынау ұзақ ғұмырында анасының өнегесін бір сәт те естен шығармағанын мақтан тұтады ол.
– Аудан деңгейінде қызмет етіп жүргенде адам болып қалыптасуыма әсер еткен үлкендер аз болған жоқ. Менен 13-20 жас үлкен болса да сол кісілермен етене араластық. Жассың деп мені қатарларынан шеттетпеді. Бұл арада ең алдымен ойыма аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мейіртай Әділтайұлы оралады. Ол кісі біздің ауданға бірінші басшы болып келген кезде қазақ кадрлары жоқтың қасы еді. Осы 1963-1970 жылдар аралығында ауданға қазақ кадрлары көптеп тартылды. Мен осы ағайымыздан әр сөзге мән беруді, аз сөйлеп, көп тыңдауды үйрендім. Қызметке уақытымен келуді, тәртіпті қатаң сақтауды, орынды шешім қабылдауды, қол астындағы адамдарға кекетпей, кемітпей, айтқанын бұлжытпай орындатуды үйрендім, – дейді Болат Рахметқалиұлы.
Сол жылдары аудан прокуроры Бияхмет Сарымсақов, сот төрағасы Қанай Сүлейменов, аудандық оқу бөлімінің бастығы Мардан Бекмұханбетов, аудандық партия комитетінің хатшылары Қали Нүкенов, Қажымұқан Есімханов, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Оспанбек Боранбаев және осы саланың майталманы Тұрсын Мұқановты Болат ағамыздың өмірдегі тәлімгері десе болады. Осы кісілердің ортасында жүріп тағылымды тәрбие алды. Үлкендерді сыйлау, кішілерге ізет жасау, айналасындағы адамдарға сый-құрмет, кішіпейілділік, шыдамдылық, мейірімділік көрсету, ашуға берілмеу осы ортадан алған еншісі. Әсіресе, кез-келген мәселені шешерде он ойланып, тоғыз толғанып асықпай шешім қабылдаудың қызмет барысында пайдасы мол екені анық. Алдындағы ағаларының бәрінің де білімді, білікті, мейірімді, қайырымды, ұстамды, орнықты, өмір көрген кісілер болғаны Бөкеңнің алар асуын биіктете түсті.
Өмір жолы біз ойлағандай теп-тегіс болмапты. «Неңді сенің аңсаймын бала шағым» деп Мұқағали ақын жырлағандай балалық кезеңі тым жұтаң. Әкенің соғысқа барған ізі бар, қайтқан ізі жоқ. Жалғыз шешесінің жан алып, жан беріскендей тынымсыз тірлігін көріп өсті. Армандаған оқуын бітірді, анасының қолын ұзартып үйленді. Перзент көрді, қызметке араласты. Алайда енді жетілдім бе дегенде қосағынан айырылды, қамшының сабы сынды. Дегенмен тағдыр сынағына сынбады, балаларына мейірімді ана, анасына тәрбиелі келін іздеді. Тапты да. Адал сүт емген жар жолықты, ұл-қыз сүйді, ұрпақ жалғасты. Балаларының барлығы жоғары білімді, тәрбиелі, білікті. Ел назарында жүретін жалғасының барына шүкіршілік етеді ағамыз. Өз басы рухы мықты замандастарының сапында. Атағы ауданнан асып облысқа, республикаға белгілі батагөй. Берген батасының мағынасы терең, тақырыпқа сай түрленіп отырады. Ежелгі жыр-аңыздарды жақсы біледі. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан үзінді оқиды, әлі күнге дейін жады мықты, ақындардың өлеңдерін жатқа біледі, жазушылардың орынды сөздерін, орайын тапқан әзіл-қалжыңдарын жақсы отырыстарда сөзіне арқау етеді. Белгілі композитор жерлесіміз Күнсайын Қуатбаевпен достығын, екеуінің оқуға бірге барғанын есіне алады. Халқымыздың өскелең өнерін сәулетті де сәнді сарай десек, «Таңсәріде» сынды өміршең әндерімен жұрт жадында мәңгі қалған Күнсайын досын сол сарайдың шаңырағын ұстап тұрған алтын уықтарының біріне балайды. Кейіннен Күнсайын арқылы қазақ сатирасының белді өкілі Оспанхан Әубәкіровпен бірге жүрген кездің сәулелі сәттерін қызықтыра отырып әңгімелейді. Өнердің өз перзенті, талантты тұлға есімінің туған жерінде жаңғыруына ағамыз бір адамдай үлес қосып келеді.
Зайыбы ардагер ұстаз, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Нұрбатырқызы екеуі 50 жылдан артық ғұмыр кешіп, ұрпағының қызығын көру бақытына ие болды. 7 бала тәрбиелеп өсіріп, барлығының да өркен жайғанына, көгеріп-көктегеніне куә болды. Бүгінгі таңда 90 жасты еңсерген абыз ақсақал 15 немере, 24 шөбере сүйіп, шөпшектің қолынан май жалап, үрім-бұтағын басқосуларда әңгімесіне арқау етіп отырады.
Өзі айтқандай жақсылармен жанасып жүрген, жарлыға қарасып жүрген, шалқудың шамасын білген, ақ-қараның арасын білген ақсақалымыздың ақыл-парасатымен кейінгіге айтар өсиеті мен жас буынға беретін өнегесі таусылмасын!
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі





