«Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС қаламыздың экономикалық, әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратын кәсіпорын. Мұнда байытылған шойын құймалары ішкі нарықта, сондай-ақ, Қытай мен Ресейге сатылуда. Қазір кәсіпорында 1000-ға жуық адам еңбек етеді. Жауапты жұмыстың тізгінін ұстаған азаматтардың бірі – Руслан Өмірәлінов.
Ескелді ауданындағы Қаратал ауылының тумасы Руслан Анарбекұлы еңбекке жастайынан араласты. Ол 2015 жылы Теміртау қаласында 3 айлық кәсіптік оқуды тамамдап, домна пешіне су жіберуші мамандығын меңгереді. Осылайша Текелідегі кенді қайта өңдеу кешеніне жұмысқа орналасады. Еңбекке адалдығы, жұмысына деген тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында көзге түскен Руслан үш жылдың ішінде қосалқы жұмысшыдан шебер болып шыға келеді. Бүгінде оның қарамағында 13 жұмысшы бар. Күнделікті жұмысы – негізінен домна пешін салқындату барысын қадағалау.
– Кәсіпорында қауіптілік деңгейі жоғары. Жоғары температура, газ, балқыған металл, ыстық леп, мұның барлығы асқан жауаптылық пен қатаң сақтық шараларын талап етеді. Сонымен қатар, пандемияға байланысты қорғаныш маскаларын тағып жүру – басты талап, – дейді шебер.
Өзін білікті маман ретінде көрсете білген еңбекқор жан бүгінде адал жар, екі қыз бен бір ұлдың қамқор әкесі.
А. РЫМҚАН
Текелі қаласы




