Бірде өзім жиі-жиі барып, газет-жорналдарды аударыстырып, жаңалықтарды бір шолып шығатын әдетімше, Алтынсарин көшесі бойында орналасқан Жазушылар кітапханасына кіріп, оқырман залына жайғастым. Бар рухани байлықтың көзі жиналған кітап сөрелерін қарап үлгірмейсің. Бәрінде де бір-бір құпия, бәрінде де бір-бір шежіре бар, тұнып тұрған қазына ғой, шіркін, бас алмай оқи бергің келеді. Әттең, уақытым жеткенмен көз жанарыңның қуаты жетіңкіремейтіні жасырын емес. Бағалай бермейтін екі нәрсенің бірі – денсаулық болса, міне, қара көздің қадірін нәрі кеткенде біліп, сезініп жатырмыз. Сонымен қойшы, әр сөредегі неше алуан газет-жорналдарды қарап шықпаққа сол қабырғаға қарай беттедім. Көзіме сыртқы мұқаба бетіндегі сурет оттай басылды. Таныдым. Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналының №6 санында Ғалия Ниязқызы Ақбасова деп жазылған журналды қолыма алып, оқуға кірістім.
Бүгінгі айтылар әңгіменің тұздығы да осы жан болмақ. Әпсәтте кеше ғана жастығымыз бен шаттығымыздың куәсі болған Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының ескі ғимараты, лекция залдары, емтихан тапсырып жүгіріскен, қарбаласқа толы күндер мен дипломға ие болып, бір-бірімізді қимай қоштасқан ыстық сәттерімізге «саяхаттап» кеттім. Иә, қайран еш уақытта қайтара алмайтын, келмеске қол бұлғап қалып қойған сағынышқа толы сағым жылдар-ай десеңізші! Бас алмай журнал бетін сыдыртып оқып шықтым. Уақыт өте келе мазалаған ойымды, өткенім мен кеткенімді түгендеп, қолыма қалам алдым. Кей адам белгілі бір мамандықты жүре меңгеріп, қыр-сырына үңіліп, өмірінің соңына дейін сол мамандыққа адалдығын танытады.
Кей адамның сөйлеген сөзінен, жүрген жүрісінен, қылықтарынан қандай саланың маманы екенін жазбай танисың. Ондайда, Алланың өзі осындай мамандыққа жаратқан екен деген ой түйіп қоясың. Әр нәрсенің хас шебері болатыны рас. Иә, дәл солай, мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу – оңай мамандық емес, қиыны мен қызығы қатар жүретін қасиетті мамандық. Мұғалім – мәдениеттің айнасы, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы. Ол әуелімде, барлық кәсіп иесінің образына енетін бесаспап жан. Ол – актер, ол – суретші. Мұғалім – адам жанының инженері. Ол – бағбан да егінші. Ол бірде емші, зерттеуші. Мұғалім араласпайтын сала кемде-кем. Баланың бойына даналықтың, жақсылықтың, ізгіліктің дәнін себуші егінші. Ұстаз – енді ғана көктеп келе жатқан жас бұтақтың қисаймай өсуіне себепші болатын күтуші. Ол бірде жаны жүдеп, көңілі құлазып, жылы сөз іздеген жанды панасына алатын, сөйтіп жан жарасын жазатын емші. Ұстаз – психолог, ол алдындағы баланың жанарынан жасқану мен жабығуды, күйзелісті көретін, опасыздық пен озбырлықты сезетін, жамандықтың нышанын сезсе, нысанаға алатын, байыбына барып терең барлайтын зерттеуші, сынға алып түзейтін ұста.
Журнал бетіндегі ой-толғаулардан ұққаным, жоғарыда мен тізбектеген ұстазға тән ұстанымның, жағымды қасиеттің бәрі бір бойынан табылатын талантты да талап қойғыш, білімді де білікті басшы, жан дүниесінің тазалығы, еңбекқорлығы мен ақылы астасып, ақырын жүріп анық басқан, бедел мен абыройдың иесі екенін оқып білдім.
Сөзіміз құрғақ болмасын, жазылған ақпараттар ағысынан үзінділер келтірсем. «Кербұлақ жұлдызы» атты аудандық газетте «Президент қабылдаған тоғыздың біреуі», «Қарындасыма», т.б. мақалалар басылған. 2001 жыл Ғалия Ниязқызы үшін ерекше жыл болған. Республикалық білім және ғылым қызметкерлерінің І съезіне мұғалімдер конференциясына қатысып, Елбасы қолынан марапат қағазын алады. Ол жөнінде Ғалия Ниязқызы былай деп еске алады: «Мен ұстаздық өтілімнің 22-ші жылында әркімнің маңдайына жазыла бермейтін үлкен бақытқа кенелдім. Қазақстан бойынша Президент қабылдаған тоғыздың біреуі болғаным – ұстаздық еңбегімнің далаға кетпегені». Иә, адам баласы бақытты көктен тілеп, алыстан іздемейтіні рас. Ол төккен тер мен аянбай еткен еңбекпен келеді. Ғалия сабақтасым бірнеше рет аудандық, облыстық мұғалімдер олимпиадасына қатысып, «Үздік мұғалім» жүлдегері атанса, 2000 жылғы «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанып, Алматыда өткен сайыста Гран-при жүлдесін жеңіп алған екен. Тізетін болсақ, Алғыс хат пен марапаттың өзі біршама. Жалпы, адамның адамшылығы марапат қағазының санымен өлшенбек емес. Ол адамға одан да жоғары көрік беріп тұратын адамгершілігі мен ізгілікті ісі. Адамның биік өресі мен жақсы адами қасиеті оның ата-анасынан алған тәрбиесінен болса керек. Ғалия Ниязқызы өскен ортасын, әсіресе, ата-анасын бір сәт те естен шығармай, әспеттеп еске алып отырады. Әсіресе, балаға ең жақын, ет жүрегі елжірейтін анасына құлағымдағы сырғамды неге шешіп бермедім екен деген өзегін өртеген өкінішін де жасырмайды.
Иә, өмірдің өзі өкініш пен сағыныштан тұрмай ма?! Әсіресе, ата-анамызға қатысты жағымсыз жағдай жан дүниемізді жабырқатып, жаралайтыны анық. Араларында дәл осы күндері асыл аналары әлі де жер басып жүргенде осылай өкінішпен еске алмаған болар еді-ау! Ғалия құрбымның ол күндері анасының мәңгілікке ғайып болатындығы қаперінде болмаған еді. Ғалия Ниязқызының өмірінде елеулі сәттер көп екен. Бәрін бірдей тізіп жатуға газет беті де, уақыт та жетер емес. Көп сөздің түйіні де сол – ұстаздық қызметте қиыны мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Отбасы, балаларының жағдайын жасап, екі үлкен жауапкершілікке толы жұмысты қатар алып жүрсе де мойымаған және бел-белестерді бағындырған, атпалдай азаматы Баясыл екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп жеткізіп, бұл күнде ардақты ата, немерелерінің сүйкімді әжесі болып, үлкен шаңырақты шаттыққа бөлеп отыр.
Адам баласы табиғатына әр қырлы қасиет жазылса керек. Ғалия құрбымның тағы бір қырынан танылғаны – оның қаламгерлік, әншілік қасиеті. Әу баста журналист болуды қалаған ұстанымы мол ұстаздың қаламынан бірнеше мақалалары жазылып, олар аудандық газетте жариялануда. Мақала басында айтқанымдай, отыз жеті жылдан соң курстастар жиналып, басқосуымыздың сәті түскен еді. Жылдам хабар алғызатын зымыранның заманы да келіп, бір-бірімізбен телефон арқылы хабарласып, той-думан, туған күн кештерінде кездесіп, мәре-сәре болудамыз. Айтпағым, өткен жылы Ғалия қызымыздың асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойының куәсі болдық. Алыс-жақын демей, біраз сабақтастар жиналып, той үстінде қауыштық. Той әсерлі өтті. Ауыл үлкендері кеше ғана өздері басына ақ жаулық салып, босаға аттаған бала келіндеріне бүгінде дана келін болдың деп батасын берді. Сөз алғандар жақсы естеліктерімен елді елең еткізген үлгі боларлық тұстарына тоқталды. Аудан бойынша беткеұстар Баясылдай азаматымен қол ұстасқан Ғалия құрбымыздың беделге бөленген «Ақбасовтар отбасы» туралы ауыл-аймақ, аудан басшыларынан бастап қосшылары түгел бірауыздан үлгі-өнеге тұтатын, абыройы асқақтаған, беделге бай, өсіп-өнген, өнерлі отбасы екенін зор мақтанышпен айтып тауыса алмады.
Ағайын-туыс, құда-жекжаттары құрметтеп, Ғалиядай құрбымыздың иығына шапан жапса, өңір басшылары Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы деген Көк байрақ түстес әдемі белдемшені ардақтауға лайық жанның жағасына жарқырата байлап, марапаттады. Дәл осы сәтте біздер де орнымыздан дүрліге тұрып, «Міне, біздің студенттер, қандай болғанбыз!» дегендей, құдды бір жоғары оқу орнының студенттері арасында байқаудың жеңімпазы атанғандай балаша қуанып, мәре-сәре болғанымыз есімде. Аямай соққан алақан жаңғырығынан толассыз төгіп өткен ақ жауынның нөсеріндей күй кештік. Өмірдің осындай жарқын сәттері жаныңды жадыратып жібереді емес пе?! Сөз кезегі келгенде, курстас қыз-жігіттер өз лебізімізді білдіріп, көңілдегі көрікті ойларымызды жеткізіп, бір желпініп қалдық. Жас күнімізді еске алып, дөңгелене би билеп, бір жасарып қалғандай шаттанып қайттық.
Бала тәрбиесі бесіктен басталады дейді дана халқымыз. Адамның тағдырына көбінесе бағып-қағып өсірген ата-анасы, өскен ортасы, ауылы, оның өнегелі, жан-жақты болып қалыптасуына әсері болады деп жатады. Ауыл десек, бәріміздің де бесігінде тербетіп, ержеткізіп, қанатымыз қатайған соң бұйырған жағына ұшырған алтын ұя ауылымыз келеді көз алдымызға. Бүгінгі әңгіме кейіпкері Ғалия Ниязқызы Кербұлақ ауданының Қоянкөз деген айбынды анамыз бен ұлы жиһанкез, ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов сынды ұлы тұлғалар мәңгілік мекен еткен өлкеде дүние есігін ашады. Сөз болғалы отырған кейіпкеріміздің қаламынан «Қоянкөздің шоқы- сы», «Шоқан жүріп өткен жол», тағы да көптеген шығармалардың туындауы жайдан-жай емес-ау! 1981 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалық институтын аяқ- таған соң алғашқы еңбек жолын өзінің есейіп, ержеткен ауылын- да ұстаздық қызметтен бастаған Ғалия Ниязқызы мектеп директор- лығына дейін сатылай көтеріледі. 2009-2010 жылдары Кербұлақ аудандық білім бөлімін басқарады. Ғалия Ниязқызы білімділігі мен бі- лікті басшылығының, адамдармен қарым-қатынастағы кішіпейілді- лігі мен қарапайымдылығының, іскерлігінің арқасында қатардағы мұғалімдіктен басшылық қызметке адал еңбекпен көтерілген жан.
Атадан балаға мирас болатын Алланың берген дарынын дәріптеп, талантын тұншықтырмай бағалаған жөн екен. Бақ та бағалағанның қолына қонбақ. Бұл соның көрінісі болды. Қазіргі таңда зейнеткерлік жасқа жеттім деп қол қусырып отыру қасиетінен ада Ғалия Ниязқызы қоғамдық жұмысқа жұмыла кірісіп кеткен. Айтпағым, жасы алпысты алқымдап қалса да, ел мерейін көтеріп, қоғамға, халыққа бір пайдалы іс тындырсам деген мақсатпен бір тынбай шапқылап жүретін тындырымды жан екенін білдік. Өзі өмір бойы еңбек еткен ұжымда болсын, өсіпөнген киелі туған жері Кербұлақ ауданында болсын, ақсап жатқан мәселелер төңірегінде атсалысып, әйтеуір қол ұшын бермеген, Ғалияның демеуі тимеген іс-мәселе жоқтың қасы десе де болады. Ғалия Ниязқызы Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Кербұлақ аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, аудандық жасөспірімдермен жұмыс тобының мүшесі сияқты жауапты қызметтерді қатар орындап келе жатқан ардақты ана, ұлағатты ұстаз, ауылға сыйлы азамат, абырой мен құрметке ие, қадірлі құрбымыз біз үшін мақтаныш, зор мәртебе.
Қыран шығар қияға жылан шыққан заманда қиналса да мойымай, қызығынан гөрі қиыны басым мұғалімдік мамандығын өзінің бойтұмарындай сақтап, құрметтей білген біздің замандас құрбыларымыздан, ұстаздардан келешек ұрпағымыздың алатын өнегесі де, тәлімі де мол. Осындай өмір мек- тебінен сүрінбей өтіп келе жатқан Ғалия Ниязқызы сынды сабақтас құрбымның алда әлі де шығар тауы биік болсын, қажымай-тал- май, қажет жерге кірпіш болып қаланып, халқына қызмет етуден шаршамасын!
Рыскен ӘБІШЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




