Шыңға біткен шынардай талант та адам баласына талғаммен қонады. Өмірдің әсерлі шағын әдебиетке олжа етіп, жалынды жыр жазып, прозалық шығармаларды бұрқырата бедерлеген Әли Ысқабайдың таланты тұрғысында ұзын сонар толғамға баруға болады.
Бүгінге дейін салалы саусағынан қаламын тастамаған бекзат болмысты ақын, жазушы, ел мақтанышының еселі еңбегі 85 жылдық даңғылға ұласыпты.
Сол 85 жылдық ғұмыр сүрдегі ғасырға ұлассын деген тілекті де қасиетті кітапханада естудің мәні зор секілді. Айналасында рухани достары, қаламдастары мен ізгілікті із еткен інілері отырып, ағжайық көңілдің ақжал толқынын сөзбен тулатқанда оқырман есебінде екіленіп, тебіреніп кетеді екенсің.
Иә, сонау 1939 жылдың мамырында Балқаш ауданына қарасты Құйған деп аталатын қоңыр тірліктің иісі аңқыған берекелі ауылда өмір есігін ашқан Әли Әпекұлының балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. Атасы Ысқабай мен анасы Аршынбикенің бірінен кейін бірі өмірден озуы қаламгерді жастай жетім етті. Әжесі Дәріштің тәрбиесінде өсті. Арманшыл жүрек алға жетеледі. Содан бүгінге дейін серік еткен қаламының ұшынан ой тамдырды. Ойлы шығарма төгілдірді. Осылайша жиырмадан астам кітаптарды оқырманға олжа етті. Абырой биігінен көрінді. Елдің ақыны, ардақты жазушысы атанды.
Ел алқалаған Әли Ысқабайдың 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Еліне елеулі тұлға» атты кездесу кешінде аталған деректің бәрі айшықталды. Жан тебірентер тілектер төгілді. Сәулелі ғұмырдың сәруар сәттерінен естеліктер айтылды.
Ақын, ҚР мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы тізгіндеген рухани шарада жетісулық тұғырлы тұлғалар Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Жұмабала Балақаранова, Болат Бисұлтанұлы, Кенжехан Рақыш, Мұрат Халық, Мұратхан Егінбаев қонақ болып, әлемі мөлдір Әли Әпекұлы туралы лебіздерін жаудырды. Азаматтығын, абзал қасиеттерін айшықтады. Ақындығы мен жазушылығына тоқталды.
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақ журналистикасының қайраткері Әли Ысқабайдың жалынды жырларын №7 орта мектеп оқушылары мәнерледі. Журналистика саласының жампозы бола білген кеш кейіпкерінің сөзіне жазылған әндер әуеледі. Ақынның әсем әндерін Д. Рақышев атындағы филармония директорының орынбасары Қанат Түндебаев пен жетісулық жезтаңдай Элмира Дәуренбекова шырқады.
Әсері бөлек әңгіме айтылып, естеліктер айшықталған, ән мен жыр жан тебіренткен шара барысында облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Шаяхметова ақын иығына шапан жауып, ізгі тілегін арнады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





