Талдықорған: 0°C
$ 491.88
€ 585.83
₽ 6.36
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН СЫЙЛАҒАН

26.02.2020
ЖАНСАРАЙ
ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН СЫЙЛАҒАН
WhatsAppTelegramFacebook

«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» дейді дана халқымыз. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға берілген ең лайықты баға осы шығар, сірә?! Ананың ақ пейілі мен мейірін, жұдырықтай жүрегіндегі жылылық пен кеңдікті, тереңдікті ешнәрсемен теңестірмейтініміз ақиқат. Ананың қадірін уақыт өткен сайын пайымдап, парасаты мен ұлағатына айрықша ден қояды екенсің. Әркімнің анасы аяулы. Біз де асыл анамыз Алтын Мұсабайқызының шуағына шомылып өстік. Өнегесін өсе келе, есейе келе сезініп, өз жолымызға түсіп, «қазақ әйелдеріне тән далалық даналықтың дәнегін балауса шағымызда бойымызға егіп жіберген екен  ғой» деп көрегендігіне іштей тамсанып, құрметімізді құрақ етіп төсеуге тырыстық. Десе де, ананың баласын бауырына басып, айналып-толғанғаны, ыстық құшағына қысқаны, мейірлене сүйгені кімнің есінен кетеді дейсіз. Қарап тұрсақ ең бақытты, ең шуақты күндеріміз сол екен ғой.

Жалпы, мен мектеп табалдырығын аттағалы нағашы апамның қамқорлығын көп сезіндім. Бірақ темірдей тәртіпті ту еткен асқар таудай әке мектебін үздік аяқтадым десем де болады. Білімге, ғылымға, оқуға жол ашқан әкеме мәңгі қарыздармын. Тағдырдың сан түрлі тосынсыйлары мен қолдың қысқалығынан оқуға мүмкіндігі болмаған әкем ұлын оқытуды мақсат етті. Біздің мықты маман болғанымызды армандады. Алайда, бәріміздің азамат болып, ел тізгінін ұстаған сәтімізді көрмей кетті. Балаларының алдындағы әкелік, аналық міндет бір шешеме артылды. 
Тағдыр дегеніңіз адамды аямайды екен. Жесірліктің ащы дәмін ерте татқан анам бар қиыншылықты қасқайып тұрып өзі көтере білді. Әкем өмірден ерте өткенімен, анам бізді ешкімнен кем қылмады. Бар тәттіні аузымызға тосып, жарқыраған киімді үстімізге іліп, көңілімізді көк етті. Анам батыл, ержүрек, айтатын сөзін, пікірін ешкімге жалтақтамай айтатын. Ақты ақ, қараны қара деп қара қылды қақ жарып, нық сөйлейтін. Бұл қасиет анамның өмірде өткір әрі таза жан болғандығынан хабар береді. Міне, осындай асыл қасиеттері арқылы Алтын анам Нұрғиса әулетінің түтінін түзу шығарған ибалы келіні, балаларының асыл анасы, немере-шөберелерінің ардақты әжесі бола білді. Таңмен таласа тұрып, үйдің берекесін арттырып, бәріміздің қас-қабағымызды бағып, ағайын-туыстың аражігін ажыратпай, ағайынның татулығын, абысын-ажынның ауызбірлігін еселеуден шаршамайтын қайран анамның болмысы әулеттің барлық келініне үлгі еді. Батылдық пен батырлықтың, шыдамдылық пен тұрақтылықтың, даналық пен даралықтың, тазалық пен ақтықтың үлкен қоймасы менің анам дер едім.Үш- ақ сыныптық білімімен бәрімізді жеткізіп, аяқтан тік тұрғызуының өзі ерлік деп санаймын. 
Қай ана болса да балаларын бауыр етіне теңейді.  Асылдың сынығындай бала жанының бағбаны болған Алтын анам алты баланы дүниеге алып келіп, ақ сүтін беріп аялаған. Алайда тағдырдың жазуымен екі перзентін жер қойнына тапсырды. Қалған балаларына деген махаббатын ақ жаулығының ұшына түйіп, түн ұйқысын төрт бөліп, Жаратқаннан олардың амандығын тілеп, көз ілмей таң атырған түндерін санасақ саусақ жетпес. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, жақсылармен құдандалы болды. Соңғы деміне дейін Нұрғиса әулетіне адал келін болып, жайдары мінезі мен бауырмалдығының нәтижесінде көптің алғысын ғана арқалап жүрді. Ағайын-туыс, жегжат-жұрағаттың шаңырағы қайғы жамылса, сол әулетпен бірге уайымға бататын. Жеті күн шырағын жағып, ас-суын беріп, сол үйдің қайғысы сейілгенше үйге оралмайтын. «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» деген ұстанымын ешқашан жоғалтқан емес. Анамның  тап-таза ниетіне, аппақ көңіліне, тазалығына Тәңірдің берген сыйы көп болды. Басты байлығы – ұрпағының көз алдында аман-есен жүргені.
Мейлі, тоқсан, жүзге кел, ананың орны тым бөлек екен. Біздерге бар жақсыны жинағаны үшін, ұл-қызын қиындыққа қимағаны үшін анама айтар алғыс Алатаудан да биік, мұхиттан да терең. Мейіріммен, махаббатпен, сезіммен бізді құшағына қысқанда терең демалып күш алатынын әлі ұмытқан жоқпын. Қанша қиналса да бізге ешқашанда көз жасын көрсеткен емес. Иә, жүрегіндегі бар махаббатын, мейірім шапағатын өз перзентіне арнаған аяулы анам бар құрметке лайық. Біз үшін бар дүниені жиып-тірнектеген, ақ матадай жаулығын кірлетпеген жан үшін мәңгілік қарыздармыз. Тіршіліктің нәрі, өмірдің гүлі, сезімнің сәні, көңілдің жыры, барлығы ана алақаны арқылы тарайды емес пе? Ана мен бала арасындағы кіршіксіз махаббат бәрінен биік, бәрінен ыстық. Сол анаңа жайшылықта айта бермейтін, айтарға, құрғыр, тіл жетпейтін жүрекжарды лебізді, ең сұлу лепесіңді уақытында арнай алдық па, жоқ па деп ойланамын кейде. Мүмкін жас болып анамыз қасымызда мәңгі жүретіндей еркелікпен көп дүниеге тереңнен бойлай алмадық па екен? Біздің сағыныш атты сары көңіліміздің шынар басында асқар таудай әке мен аяулы анаға деген құрмет мәңгі тұратынын анық білемін. 
Бәріміз де ана атты алыптан тудық. Қандай да бір жетістікке жеткен болсам, барлығы да АСЫЛ АНАМНЫҢ арқасы деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасында қызметте жүріп, халық қалаулыларымен иық тіресе қызмет етіп, халық игілігі жолында біліктілігіміз бен жиған тәжірибемізді ұштастырып, ел алғысын арқалаған азамат атанғаным да АЯУЛЫ АНАМНЫҢ тілеуінің арқасы. Қанша жасқа келсек те бәріміз анаға кішкентай перзент болып қала береді екенбіз. Бір қызығы, өмір кемең өрге жүзген сайын арқаңа біраз жүк артып, бірнеше аялдаманы артқа қалдырған сайын әкең мен шешеңді сағынып, жиі ойлайды екенсің. Әсіресе, сөз деген құдіреттің ешқашанда адам ойынан өшпейтінін айтқым келеді. Анам мен барғанда көңілді отырса: «Секенім, қара балам келді. Көзқуанышым. Қолқанатым», – деп қуанатын. Ал көңілсіз болса «Ана қара дәу келді» деп жайымен мырс ететін. Бірақ мен үшін бұл сөздің еш зілі жоқ еді. Ауыр айтса да арғы жағында бар жүрегімен қуанып, мейірленіп, шаттанып тұратынын сезетінмін. Арайлы нұр төгілген жүзіңізден, ыстық алақаныңыздан, «айналайын» деп еміреніп, маңдайымыздан мейірлене сүйіп еркелеткен үніңізден артық біз үшін қымбат ешнәрсе де жоқ еді. 
Киелі шаңырағымыздың алтын қазығы болған анам тәтті нанды тек тынымсыз еңбекпен тапты. Еңбек адамы сол үшін де ең сыйлы да құрметті. Өз бақытын еңбектен тапқан асыл әкелеріміз бен ақжаулықты аналарымыздың жүздерін торлаған әжім мен алақандарына түскен тарам-тарам жолдар олардың еңбек адамы екенін айқындап тұрады. Анам бізге «жалқау болма, өтірік айтпа, ұрлық жасама» дегенді үнемі айтатын. Себебі, өз бойында ешқандай да жат қылық болмайтын. Бізден де соны талап ететін. Отыз жылдан аса уақыт диқангершілікпен айналысқан анам жас күнінде қиыншылықты біркісідей-ақ көрді. Бала күнімде «өскенде анамның қабағына кірбің ұялатпай, тек қуаныш қана сыйлап жүремін» деп өзіме серт берген едім. Перзент ретінде сол сертімді орындадым деп ойлаймын. Мерейлі 75 жасқа толған қуанышында өмір белестері жайлы естеліктерін топтастырып «Мейірім мекені» атты кітап шығардық. Ішкі жан сырын ақтарыла айтқан анамыздың сол кітабы бүгінде ұрпағының бойтұмарына айналды. Келіні Гүлнұр Оразымбетова шығармашылық концертінде Жаңыл Мерсимованың сөзіне, Серік Сыздықовтың әніне жазылған «Анаға тілек» атты әнді тебірене орындап, алғысын білдірді. Үнемі анамның мерейін көтеріп жүруді келіндік парызы санайтын. Және сол міндетін мінсіз атқарды да. Анамыз соңғы демі қалғанша ұл-қыздарына, күйеубалалары мен келіндеріне ризашылығын білдіріп, ақ батасын арнап кетті. 
«Балам барым, немерем жаным» дейтін текті халықтың ақжаулықты аналары немере десе ішкен асын жерге қояды. Менің де анам дәл солай немерелері дегенде жанын беруге дайын тұратын. Пианинода ойнайтын үлкенім Сырымның әр қуанышын атаусыз қалдырмайтын. Әсіресе, кенже ұлым Нұранбекті ерекше жақсы көрді. Немересі апасы ауруханада жатқанда «Апамның көңілін домбырамен көтеремін» деп домбырасын арқалап, күй шертіп беріп, ақ батасын алып, қуанып қалатын. Ауырып отырғанын ұмытып, көңілі көтеріліп, қол соғып, бір марқаятын қайран шешем. Нұранбегі «Отырар сазы» оркестрімен өнер көрсеткенде көпшіліктің ыстық ықыласын тамашалаған апасы қатты қуанып еді. Апасын сағынған немересі домбырасымен сырласады. Немерелері апалап жүгіріп, ыстық құшағына тығылатын күндерін сағынды. Анамның ыстық құшағы әлемдегі ең жайлы мекен еді біз үшін. 
Биылғы көктемді анамсыз көңілсіз қарсы алып тұрмын. Тіршіліктің бастауындай болған Наурыз мерекесінде отбасыммен анама барып құттықтап, мәре-сәре болатынбыз. Бұл дәстүрдің жібі үзілді. Қазір аяулы да асыл анама Құран бағыштап, жарқын бейнесіне көз тастап, сағыныштың сары шапанын жамылып, анаммен үнсіз жүрекпен ғана тілдесіп қайтамын. Анам енді бұрынғыдай бауырына басып, маңдайымнан иіскемейді. «Серігім. Көзқуанышым. Әкесінің ізбасары. Артынан ерген бауырларының қолғанаты» деп еркелетпейді. Немере-шөберелеріне арнаған тәттісін бермейді. Жәутеңдеп жолға қарап, бізді тоспайды. Балаша көңілімен бізді көріп қуанбайды. Мұндай қымбат көрініс енді қайталанбайтынын білсем де жүрек шіркін, ананы сағынуын тоқтатқан емес. Қара шаңыраққа барғанда мұның барлығы тек естелік болып, көз алдымнан киноның лентасындай сырғып өте шығады. 
Ананың жанарынан жас тамбаса, көңілі күпті болмаса нағыз  бақыт сол емес пе? Тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібітіп, бар мехнатты өзі тартып, өз өмірінен перзентінің болашағын бірінші орынға қойған ананың көңілі тыныш болса, бала бақытты. Өмірдегі барлық дүние тек ата-ананың ризашылығымен болатынын түсінуіміз керек. 
Алтын анам өмірге әкелген ұл-қыздарынан немере, немереден шөбере сүйді. Әкемнің көрмеген жақсылығын анам көрді. Оған да шүкір. Бүгінде ұрпағы қара ормандай өсіп, әке мен ана рухын асқақтатып келеді. Маңайына аналық шуағын төгіп, ұл-қызын мәуелі бәйтеректей жайқалтқан ананың ерлігі мәңгі жүрегімізде сақталады. Осындайда «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деген әсем әнді айтып, ана құшағына қайта сәби болып еніп кеткім келеді де тұрады. Өкінішке қарай, бұл ешқашанда орындалмайтын арман болып қалды. Бір кем дүние дегеніміз осы шығар, мүмкін.

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
Қазақстан Республикасының 
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы 
облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

 

Қатысты жаңалықтар

Қазақ қыздарына тіл тигізген блогерлер 10 жылға сотталуы мүмкін

Қазақ қыздарына тіл тигізген блогерлер 10 жылға сотталуы мүмкін

11.02.2026
Желіде видео тарады: Ерболат Құдайбергеннің ұсталғаны рас па?

Желіде видео тарады: Ерболат Құдайбергеннің ұсталғаны рас па?

11.02.2026
Астанада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» РҚБ отырысы өтті

Астанада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» РҚБ отырысы өтті

11.02.2026
 «Халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» – Ауыл партиясы қазақстандықтарды жаңа Конституцияны қолдауға шақырды

 «Халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» – Ауыл партиясы қазақстандықтарды жаңа Конституцияны қолдауға шақырды

11.02.2026
Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

11.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.