«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» — деп Абай Құнанбайұлы атамыз айтқандай әр баланың даму, қалыптасу жолында ойындар үлкен қызмет атқарады. Әрі жас баланың мына өмірге үйренісіп, қалыптасуының алғашқы қадамдары ойын арқылы жүзеге асады. Түрлі ойындар, образдар арқылы қиялы, ойлау жүйесі дамиды. Өмірді тануға, қоғамға бейімделуіне, тұлғалық қабілеттері мен психологиялық ерекшеліктерінің қалыптасуына әсер ететін ойындар арқылы бала тәрбиеленеді.
Педагогика саласында жас баланың ойнайтын ойындарына үлкен мән беріледі. Балалық шақтағы ойлау жүйесі мен оқиғалар адамның өмірлік сценарийіне тікелей әсер етеді. Бұл өте маңызды факторлардың бірі болғандықтан ойындарды зерттеу жұмыстарымен тек педогогтар ғана айналыспайды.Бұл тұрғыда психологтар, философтар, жазушылар мен тарихшылар, этнографтар секілді түрлі ғалымдар өз үлестерін қосып отырады. Ал, «балалар-еліміздің болашағы» деп санайтын біз үшін оның әуел бастағы алғашқы қадамдарына баса назар аудару кезек күттірмейтін жұмыс екені анық. Жалпы, ойын ойнау арқылы балалар жан жақты өсу, қалыптасу этаптарынан өтеді. Соның ең негізгісі деп ойынның тәрбие құралы бола алатындығын атап өтпеуге болмайды. Ол ақыл ойды кеңейтеді, баланың сөздік қорының баюына септігін тигізеді. Өмір, қоғам, айналасындағы адамдардың ұстанымдарына бейімделіп, тәрбие алады. Ойын арқылы оны іс жүзінде өзі сынап көріп, кейін өмірлік жолына еніп кетуіне жол ашады.
Баланың бойында ерік-жігері қалыптасуына, өзіндік мінез-құлықтарының ашылуына, белгілі бола бастауына оның ойнайтын ойын түрлері тікелей көмектеседі. Ұжымдық ой-санасы беки түседі. Сонымен қатар, ойын – нағыз эстетикалық тәрбие беру құралы. Әрі физикалық күшінің жетілуі мен еңбекке баулу бағыттарын да қалыс қалдырмайды. Яғни, ойындар тек қана баланың бойын сергітуден бөлек оның таным- түсінігі мен өмірдің барлық салаларына бейімдей түсетінін айта кету керек.
Қазақ халқы бұрыннан ойындарды тек балаларды алдаусырататын, іш пыстырмайтын құрал деп қана емес, олардың қалыптасуына тікелей әсер ететін дүние екенін жақсы білген. Сол себептен, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай оларды түрлі ойындармен ойнатып, дамуына септігін тигізіп, әсер етіп отырған. Батырлар жырында, дастандарда осы ұлттық ойындардың көрінісі, бала тәрбиесіндегі рөлі анық байқалады. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» , «Ертөстік» секілді кейіпкерлердің бала күнінен ойындар мен жарыстарда белсенді болғандығы айтылады. Ұлттық ойындарда жеңіске жете жүріп, өздерінің шабандоз екенін дәлелдеген. Көзбен дәлдеу, нысанаға дөп тигізу қабілеттерін дамыту арқылы мергендіктерін арттырған. Күресіп, аударысып ойнау арқылы нағыз палуандық өнерлерін дамытқан. Яғни, ойын ойнап жүріп олар үлкен өмірге дайындалған, қазіргі тілмен айтқанда бала күнінен жаттыққан. Жаугершілік заманда батырдың бойына керек қабілеттерін жастайынан ойын арқылы дамытып, бейімдеп отырған.
Бұрынғы замандарда тек қана батырлық, күшке байланысты ойындардан бөлек өнер-білімге, шешендікке байланысты ойындар да болған. «Аударыспақ», «асық ату», «садақ ату» секілді ойындардан бөлек «жұмбақ айтыс», «тоғызқұмалақ», «күлкі ойыны» , «санамақ» секілді ойындар балаларды басқа да қырларынан дамытып отырған. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін атам қазақтың салтымен баланың бойынан барлық салаларды дамыту мақсатында жан-жақты бағытты ұстап отырған. Бұл ойындар өте ерте заманда пайда болып,сан ғасырлар бойы сұранысты жоғалтпай келген.
Қазақтың «баланы ойын өсіреді» деген сөзі тектен текке айтылмаған. Дұрыс ойын ойнай жүріп балалар шынығады, сергек болады, ой өрісі дамиды. Ойындар арқылы олардың айналасы, өскен ортасы, ұлты, діні, елі туралы алғашқы түсініктері мен сезім, сенімдері қалыптаса бастайды. Қатарластарымен араласып, бір-біріне тез үйренісіп кетуіне жол ашылады. Ал, осы тұста ұлттық ойындарға баланы баулуды да ұмытпау керек. Педагог В.Сухомлинский өз еңбектерінің бірінде «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз,шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деген ойды ашық айтады. Яғни, баланың ой санасы ұлттық тәрбие мен құндылықтарды сіңіру арқылы кемелдене түспек.
Ұлттық ойындар ойнаған кезде балалар алдымен белсенді қимыл-әрекет арқылы физикалық тұрғыдан дамиды. Одан бөлек, ұлттық ойындардың мазмұны мен табиғаты балалардың ата жұрты мен ұлтының түсінігіне, ерекшелігіне бейімделеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Ең азы бала кезден домбыра мен түскиіз, құрақ, асық, ою, қамшы секілді түсініктерді таныс өсетін болады. Ал, болашақ ұрпаққа тек білім беріп қана боймай ана тілін үйретіп, салт-cана мен дәстүрімізді терең түсіндіріп, оның жалғасуына әрекет жасаудың мән мағынасы зор.
«Баланы ойын – өсіреді» деген даналық сөз тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңіл өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы таным-түйсігі қалыптасады. Өздерінің құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Ойындар сабақ мазмұнына сәйкес алынып, жеке және топтық жұмыстар жүргізуде алға қойған мақсатқа жеткізіп нақты қорытынды алуға көмектеседі.Жас ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндетті шешуге мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиенің орны ерекше. Олар өмір есігін жаңа ғана ашқан жас буындар денесінің, ақыл-ойының, сана-сезімінің дамуына, адамгершілік қасиеттері мен эстетикалық талғамның қалыптасуына жағдай жасайды.
Еркінбек Тазабеков,
М.Маметова атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі





