Қазақтың талдырмаш қызы тазы бағады, баптайды, жүгіртеді. Оқудан қолы қалт еткенде жеті қазынаның бірі болған құмай тазысын мәпелеп, құсқа, аңға салады. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан небәрі 13 жастағы Айзере Жанәбілқызы: «Ұлттық өнерді дамыту біз секілді бүлдіршін жастың бастапқы арманы ғой деп өтірік айтқым келмейді. Жанымның қалауы тазы бағу, оны шырға жарысына қатыстыру екенін бертінде аңдадым. Келе-келе өнерімізді дәріптей алатын өрен екеніме сендім. Енді осы жолда еңбектенемін», – дейді бізге берген сұхбатында.
Жазиралы Жаркент қаласының тұрғыны Айзеренің тазыға құштарлығын әкесі Жанәбіл Әбділдаев ашыпты. Әскери қызметте болған асқар тауы зейнетке шыға салысымен жер үй сатып алған. Үйдің күзетшісі, адамның досы болған итті баспаналы болған әкесі асырағысы келген. Сөйтіп иттің ең асылы, тазасы тазының қос күшігін құшақтап келген. Жанәбілдің қолынан көзін енді ашқан қос күшікті көрген Айзеренің аңсары ауған, сүйкімді күшіктерді содан бері өзі баптауға бекінген.
– Мен алғашында мүлдем ешқандай үй жануарларына қызықпаған едім. Тазы күшіктеріне қараған сайын оларға деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігім күннен-күнге арта берді. Сол кезден бастап, интернет арқылы жеті қазынамыздың бірі – асыл тазымыз туралы тереңдей оқып, ол туралы барлық ақпараттарды білгім келді. Кейіннен оның қазақ халқы үшін маңызы зор екенін біліп, бос уақытымды тек тазыға бөлдім, – дейді Жаркент қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 8-сыныбында оқып жатқан Айзере.
Қазақтың қаршадай қызының бүгінде шашақ құлақты 3 тазысы бар. Бәрін өзі баптайды, вакциналарын салдыртып, шырға жарыстарына қатыстырады.
– Меніңше, ұлттың ұлы қасиеттерін сүю ер, қыз баласы деп бөлінбейді. Жаны нәзік болса да асқақ жырларға құмартады. Мұқағали, Жұмекен, Мұхтар аталарымыздың жырын, алмас қылыштай өткір туындыларын жаттап, үнемі қайталап айтып жүреді. Оқушылар арасында байқауларға қатысып тұрады, – дейді қызы жайлы тебіренген әкесі Жанәбіл Әбділдаев.
Ал құмай тазыға құштарлық танытқан қаршадай Айзере болса: «Оларға уақытылы тағамдарын беремін. Олар мен үшін ит емес, серіктесім, досым секілді. Уақытылы вакцина (витаминдерін) беремін. Күнде еркелетіп, олардың көңілінен шығуға тырысамын. Үш итім де тек өзімнің тәрбиемде. Олар айтқанымды бірден түсініп, мені әрдайым қуантады», – дейді күлімсіреп.
Шаңырақтың тұңғышы Айзеренің артынан Нұрсұлтан, Нұрәділ есімді екі бірдей інісі еріп келеді. Бәрі де тәрбиенің таза шырынымен сусындап келе жатқан өрендер. Ал мақаламыздың кейіпкері – құмай тазы қамқоршысы болашақта медицина саласының қызметкері болғысы келеді. Құмай тазының тарихын, тегін зерттейтін сарапшы атану да негізгі мақсатының бірі.
– Шынымды айтсам, тазылармен тілдесемін. Оларға барлық сырымды айтамын, өздері туралы әңгімелеймін. Сырт көзге күлкілі көрінуіміз мүмкін, бірақ иттің ең ақылдысы да осылар. Адамның жан дүниесін түсінетін текті жануар ғой. Менің бұл қызығушылығыма түсіністікпен қарап, үнемі қолдау білдірген жандарға, ата-анам Жанәбіл мен Эльвираға және сынып жетекшім Айнұр Сағымбекова апайыма дән ризамын, – дейді Айзере Жанәбілқызы.
Қазақтың құндылығына ден қойып, жеті қазынасын насихаттап жүрген қаршадай қызға біз де дән риза болғанымызды жасырғымыз келмейді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Жаркент қаласы





