Жаннат мекен Жетісу жерінде орын алып жатқан жайдарман жаңалықтардың қатарында Қоғалы ауылында ашылған Мәдениет үйі де бар. Киелі Күреңбел өңіріне қарасты аталмыш елді мекендегі рухани ошақ күрделі жөндеу жұмысынан кейін қайта ажарланып, заман талабына сай қалыпқа келтіріліп, жаңарып-жаңғырып жұртшылық игілігіне берілді. Конституция күніне орай тұрғындар көптен күткен жақсылыққа көзайым болып, мерекелік шараны тамашалады.
Мемлекеттік мерекеге тұспа-тұс келген мерейлі сәтте Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов сөз алды.
– Мәдениет – ұлттың мәйегі, рухани қайнар көзі ғана емес, негізгі саланың бірі. Біз бұл саланы жаңғырту арқылы елдің рухын, өткені мен бүгінін жаңғыртамыз, ұлы мұраларды қалыптап, тың дүниелерді ұрпаққа мирас етеміз. Біздің жас өрендер сапалы білім, саналы тәрбие алып қана қоймай, мәдени, әдеби тұрғыда да таным көкжиегін кеңейтуі тиіс. Кешегі бабалардай тарихта атын, соңында ізін қалдыруы керек. Ол үшін де мәдени қолдау ауадай қажет. Ал көптен бері тұрақтап, бүгін күрделі жөндеуден кейін әсем келбетімен өздеріңізге есігін айқара ашқалы тұрған Мәдениет үйінің қуанышы баршамыздың игілігіміз деп білемін, – деген аудан әкімі көпшілікті Конституция күнімен құттықтады.
Өңір басшысының лебізінен кейін аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Бекеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков, мәдениет саласының ардагері Людмила Пинчина сөз алып, ыстық ықыластарын білдірді. Рухани, мәдени тұрғыда үзік-үзік толғамдарын жеткізіп, соңыра мәдениет үйінің лентасын салтанатты түрде қиды.
Өз кезегінде көпшілік жаңғырған Мәдениет үйіне еніп, Ата заң мерекесі аясында өткен концертті тамашалады.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Осынау рухани орда ішінде кітапхана желісі жұмыс жасайды. Мен кітапхана меңгерушісімін. Біздің кітапханада 39 мың кітап қоры бар. Жаңа ашылған Мәдениет үйінде, соның ішінде көптеген игі шаралар өтетін болады, сол үшін қуаныштымын, – дейді 35 жылға жуық кітапхана тізгінін ұстап келе жатқан Райхан Байтаева. Ал, бұл орайда Қоғалы ауылының тұрғыны Кенжегүл Нұрсұл-танова:
– Бүгін менің өмірімнің бақытты күндерінің бірі. Қоғалы ауылында қуанышты оқиға болды. Бұл елді мекенде жөндеуден кейін Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті. Заманауи архитектуралық әрлеу ауылдың келбетіне сәйкес келеді. Осы мәдениет мекемесін пайдалануға бергені үшін облыс, аудан, ауыл әкіміне, құрылысшыларға шексіз алғысымды білдіремін, – деп алғыс арнасын облыс, аудан басшылығына білдірді.
Ескеретін бір дүние, аудан әкімі Қанат Болатұлының айтуынша Мәдениет үйінің құрылысы 2020 жылы басталғанымен шегіне жетпей жұмыс тоқтаған. Бастапқы мердігермен келісімшарт үзілген. Биыл осы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы бойынша «ЖетысуКазСтройСервис» ЖШС-мен 62 миллион 125 мың теңгеге келісімшарт жасалып, Мәдениет үйі заманға сай жаңғырып отыр.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





