Елдің өркендеп, көркеюі мәдениетіне байланысты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жұртқа рухани азық беруде өңіріміздегі мәдениет саласы ақсап тұрған жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын қарыштап келеді.
Жетісу облысында 136 Мәдениет үйі бар. Биыл 2 Мәдениет үйі бой көтерді. Оның бірі Ескелді ауданына қарасты Қаратал ауылында, екіншісі Алакөл маңындағы Ақжар ауылында орналасқан. Сонымен қатар аудандардағы блокты-модульді 4 клубқа және 4 Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріліп отыр.
Өңірдегі Мәдениет үйлері мен клубтарда 830 үйірме жұмыс істейді, оның ішінде 551 балалар мен жасөспірімдер үйірмесі бар. Сала мамандары жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін барынша күш салып жұмыс істеуде.
Биыл Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театры 132 спектакльді халық назарына ұсынды, оның ішінде алтауы жаңа қойылым.
Мәдениет ошақтарында жыл басынан бері Жошы Ұлысының 800, Мұхамеджан Тынышбайұлының 145, Пышан Жәлмендеұлының 140, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің 130, Қаныш Сәтбаевтың 125, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аталып өтті.
Осы жылы Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай суретшінің ескерткіші орнатылып, «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық мерейтойлық конференция және Панфилов ауданында кәсіпқой суретшілердің «Күз бейнесі» тақырыбында республикалық пленэрі өткенін айта кеткен жөн.
Облыстың мәдениет мекемелерінде биыл жалпы 24 243 іс-шара ұйымдастырылып, 1 497 104 адам қамтылған.
Сондай-ақ өңірде жас режиссерлардың, суретшілердің, драматургтердің, актерлардың жаңа буынын анықтау және қолдау, шығармашылығын дамыту мақсатында «BIKEN II» халықаралық театр фестивалі, жас аспапшылар мен әншілердің «Елге арнау» атты халықаралық конкурсы өткізілді.
Медет ЖҰМАБАЙ





