Алматыдағы «Саяхат» автобекетінен ары-бері өткенде «Кеген-Кеген» деп жолаушылар шақырып тұрған тасымалдаушылардың дауысын естіп тұра бергім келеді. Олар менің алыстап кеткен сол бір қимас алтын уақытымды еске түсіреді.
Кеген аудандық газетіне жаңадан жұмысқа барған кезім. «Қызыл ту» аталатын ауылда Мырзабай Жомартов деген азаматтың үкімет берген шағын екі бөлмелі үйін паналадым. Ол кезде өздері де жас отбасы еді. Үйелмелі-сүйелмелі алды мектепке барған, арты сәби Зәуреш, Толқын, Жадыра атты балалары бар. Ауызғы үйде тамақ ішеміз, арғы жағында мен жатамын. Ал түпкі үйге өздері қысылысып қисаяды. Қазір қос қабатты үйлері бола тұра басқа тұрмақ өздерінің бастары сыймайтын заман болды. Жоққа сабыр, барға қанағат ететін Зейнеш тәтем сол кезде бір рет те қабақ шытқан емес. Қашан болса кең пейілі мен мейірімі жүзінен төгіліп, жадырап тұратын. Отағасы Мырзекең де бір құдай бере салған азамат. Езуінен күлкісі мен әзілі тиылған емес. Ұзынағаштың тумасы. Шапырашты руынан. Жүргізуші болып істейтін аудандық жүк тасымалдау мекемесіндегі Албан атаның ұрпақтары түгел «күйеусініп» соған сойлеуге құмар. Жауға шапқан жалғыз батырға ұқсап ол да дес бермейді. Әзіл сөзбен астарлап, бәрін жеңіп шығады. Әлгі қалжың айтқан қылжақбастар «күйеудің» отты, ұтқыр әзілдеріне шыдамай өздері қашатын. Ол шешен сөздің ғана шебері емес, еңбектің де жалындаған майталманы болды. Тіркемесі бар «көкқасқа» «ЗИЛ – 130» машинасымен күндіз-түні тынбай еңбек етті. Ол кісінің үйде болғанын сирек көретінмін. Үнемі жол үстінде. Күзгі науқан кезінде тіпті үй көрмейді. Жұмыс-жұмыс, тағы да жұмыс. Тынымсыз еңбегі еленіп, сол заманғы ең жақсы жеңіл көлік саналатын «Москвич – 412» алғанында бәріміз балаша қуандық. Әй, соны үш күн қатар мінуге де уақыты болмады-ау. Есігі тарс жабық гаражда тұрып, Алматыға көшер кезде су жаңа күйінде сатылды.
Ардақты да асыл жандар қазір Алматының «Шаңырағында» тұрады.Балаларының бәрін қанаттандырып, құтты орнына қондырып, немере бағып, бал тіліне бөленіп отырған ұлағатты ата, әже. «Ештен кеш жақсы» демекші, кеш те болса сол бір өткен күндердегі ізгі жандарға деген сағынышым мен алғысымды жеткізгім келді. Шіркін, адамның бір-біріне деген мейірімі мен жанашырлығы осы жандардай болсашы деп арман етем.
Қуаныш ҚОЖАХМЕТ,
журналист
Іле ауданы





