Әрбір адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Ана отбасының берекесі, барлық өмірдің бастауы. Адам бойындағы жақсы қасиеттер ананың ақ сүтінен дариды. Ана – ұлы адам, қасиетті жан.
Отбасымыздың тірегі болған анамның бізге сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өткен өмірі жайлы аз да болса еске алып, жеткізгім келеді…
Анам Күләнда Есбергенқызы 1942 жылы 12 маусымда Ақсу ауданы, қазіргі Қосағаш ауылында дүниеге келген. Ата-анасының тәрбиесін көрген, мейірімді, кішіпейіл жан сол ауылда білім алып, он жылдық мектепті бітірген.
1962 жылдың жазында өзінің өмірлік жары Нұраш Нұрахмет- ұлымен отау құрып, шаңырақ көтерген. Келесі жазда тұңғыш сәбилері ұл бала дүниеге келген. Осылай тату-тәтті шаңырақта бес баланы дүниеге әкеліп, сол балаларының қылықтарын қызықтап алды он бір жасқа, арты екі жасқа келгенде, яғни 1974 жылдың жазында әкеміз қайтыс болды.
Анашым енді бес баланы жалғыз өзі өсіріп, тәрбиелеп оқытты. Әкенің орнына әке болып, барлық ауыртпалықты өз мойнына алды. Жұмысында тынбай еңбек етіп, үйде де сол жұмысын жалғастырып отыратын. Сол жылдары ауылдағы балабақшада аспазшы болып жүрген анамыз бұл жұмыстан шығып, күндіз кеңшардың қант қызылшасында, кешкісін ауыл шетіндегі басшылар отыратын үйдің еденін жуып, қыста осы жердің от жағушысы да болып еңбек етті. Сондағы ойы осы бес баласын ешкімнен кем қылмай өсіру екен ғой, қазір ойлап отырсам…
Иә, өстіп еңбек етіп жүріп балаларын ержеткізіп, мектепті аяқтатып жоғарғы оқуға түсіріп, ешнәрседен кем қылмады.Балаларының алды жұмыс істеп, үйленіп немере сүйгізіп, енді жақсылықтар бола бастағанда, 1999 жылдың жазында екі қыздың кенжесі, сіңілім Гүлмира ауыр науқастан көз жұмды. Бұл қайғы анашымның жүрегіне өте ауыр тиді. Араға жылдар салып тағы екі ұлынан, келінінен де айырылды. Қайғы үстіне қайғы болып, анамның қан қысымы жоғарылап, қатты науқастанды.
Осындай ауыртпалықты сабырлықпен көтерген анашымның амандығын Алладан күндіз-түні сұраймын. Немерелері мен шөберелердің бірі «апалап», бірі «әжелеп» келіп анамның құшағына енгенде, бір марқайып барлығын ұмытып, керемет жақсы күйде болады. Осындай жадыраған көңіл күйде болғанын әруақытта қалаймын. Қазіргі таңда анашым сол туған ауылында тұрып жатыр. Ауылдастарына, ағайын-туыстарына беделді сыйлы жанның өмірінің қиыншылығына, басына түскен ауыртпашылыққа төзе білгеніне мың алғыс айтамын!
Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Бізге жарық дүние сыйлап, әлпештеп өсірген анамызға тең келер ешкім жоқ. Сөзімнің соңында анашымды көктем мерекесі 8 наурызбен және осы жылдың жадыраған жазында 80 жасқа толатын мерейлі жасымен барлық бала-шағасы құттықтаймыз! Сізге деген жүрегімдегі ризашылық сезімімді қанша айтсам да жеткізе алмаспын. Аяулы анашым, біз үшін дүниенің бар асылы, данасы бір өзіңіз!
Бибігүл Нұрашқызы
Жаркент қаласы





