Талдықорған: -0°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

08.02.2026
ЖАНСАРАЙ
Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста
WhatsAppTelegramFacebook

Бір қарағанда тәкәппарлау, сұсты да салқындау көрінер Наурыз ағамның көңіл пернесін дөп баса алсаңыз, Алатаудай маңғаздана отырған қалпында-ақ шарапатты әңгіме сорабына қалай ойысқанын аңғармай да қаласыз. Көз алдыңызда Көкше теңіздей айдындана, айбындана береді. Сөзіне беріктерге пайғамбар да сенген екен. Бабалардан ғибрат, адамдық ар-ұят, өткеннің өрісі, келешек келбеті тізбектеле түзіледі. Өзіңізді бірде өткірдің жүзінде отырғандай сезінсеңіз, келесіде мыңжылдықтар көгінде жүзіп бара жатасыз. Қағандар алдында да, қалғандарымыздың көзімізше де тура осылай шешіледі, алғаусыз көсіледі. Ойы – мұхит, сөзі – жақұт. Әп сәтте-ақ ақ қардай тазаланып қаласыз. Бұл – кеңге кең, тарға тар дүние ғой, шіркін! Ақылдыны бақыт табар. «Көп алдында сөйлеген – көсемдіктің белгісі, көпке сөзі ұнаған – шешендіктің белгісі» деген шындықтың шекесінен қарасақ та мұның бәрі, сайып келгенде, ой кемелдігі мен жан сұлулығы, дәт беріктігінің белгісі. Әдетте халқымыз осы аталған асыл қасиеттер табиғатына сіңісті жанды елдің олжасына балайды.

Мезгіл мектебі

Орда бұзар отызды енді орталаған шағы екен ғой, Наурыз Қылышбайұлын алғаш көргенімде. Қаратал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. Облыстағы іргелі ауданның өндіріс, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды ең салмақты салаларын қалт жібермей қадағалайды, алға жетелейді. Сөзі мен ісі егіз. Білімдар, іскердің іскері. Қазақша, орысша ағып тұр. Ана тілімізді мақал-мәтелмен тұздықтап берер партия серкесін туғалы алғаш көруіміз. Орыс тіліне ауысқанда біз әуелі есімін біліп үлгермеген әлемдік небір әйдік ойшылдардың ұтқыр пікірлерін жиынның тақырыбына қарай төгіп-төгіп жібергенде, тіпті сол этнос өкілдерінің өзі қараптан қарап, төменшіктеп, бүгежіктей береді. Аудандық партия ұйымы бірінші хатшысының да аты басқа демесек, заты мықты еді. Ол да ағамызды әбден мойындап үлгеріпті. Кіріспе сөзді айтып қана тынады. Қалған әңгіме екінші хатшының еншісінде. Мәселені төтесінен қоя, қадап-қадап көрсете келе індете қорытып бір-ақ отырады.

Өзім қызмет ететін аудандық газеттегі ересек әріптестерімнен екінші хатшымыз не деген мықты, ауданымызды бір өзі бір леппен өргізіп, жусатады екен деймін ғой сыр тартып. «Иә-иә, мықтының мықтысы, әкесі өмірден ерте кеткен, еден жуушы анасы өсіріпті» дейді олар дабыралатпай. «Пәле, еден жуушының баласы осындай болса, онда тегін еден жуушы болмаған-ды анасы!» деймін іштей көңілім көншіп.

Бірде газет редакторы Мәкен Сейдахметқызы екінші хатшының жұмыс кабинетінде өтетін отырысқа жіберді. Қуанып кеттім, үлкен залдағы жұмыс стилін арагідік болса да көріп жүрмін, енді кабинетінде өзін қалай ұстарына ынтық күйдемін. Әйтеуір жүздесе беруге, қылыштай қылпып тұрған іс-қимыл, өтімді сөзін ести беруге құмармын.

Бұл – қыстың қасат қары жібіп, Күн сәулесі молайған, Жер-Ананың бөлекше бір мейірлене түскен шағы еді. Аудандық құқық қорғау органдары, санитарлық-эпидемстанция, медицина мекемелері басшылары мен аудандық кеңес депутаттары шақырылыпты. Екінші хатшы күн тәртібіндегі жалғыз мәселе – елді мекендердің тазалығы жайына тоқтала келіп, жасырары жоқ, қайсыбір ауылдардағы үйлердің іші-сыртынан алыс мал учаскелеріндегі малшылардың қора-жайы әлдеқайда жинақы да мұнтаздай таза. Қазіргідей табиғат атаулы бүтін бусанып, түгел түлеген мезгілде қол қусырып, қарап отырғанымыз әбестік деп істің мәнін салмақтандыра келе, бәріңе екі апта уақыт беремін, екі аптадан соң рейдтеріңнің нәтижесін өзім тексеремін, барлық көрген-білгендерің аудандық басылымда жарияланатын болсын деп, «осымен басқосуымыз аяқталды» дегендей орнынан тұрды.

Жиналғандарда жан қалсын ба, аудан көлемін ұзына ақтап, көлденең көктеп, солай да солай деп, үдете, қарқындата, алқымдата аралап шықтық. Кәрлі қыстан қалған күл-қоқыс, көше жолдары тазартылып, үйлер әктеліп, қоршаулар сырланып дегендей, бөлінген екі апта жылыстамастан-ақ ауданымыз ажарланып шыға келді. Бұл бастамаға тұрғындар да мәз-мәйрам, қауымдаса кірісті дерсіз, бір атаның балаларындай! Дәстүрге ұласты. Жылма-жыл көгілдір көктем басында жарқырап, жайнақ күйге енер ауданымызға сырт көздер таңырқай да тамсана қарайтын!

Кейін ұқтық қой! Бұл ұлттық ұстынды көшбасшымыздың қызыл империяның сонау 1926 жылы біржолата тыйып тастаған Наурыз мейрамымызды халық жадына қайталай ұялату қамымен жасаған өзіндік қарекет-талпыныс, перзенттік қадамы екен! «Наурыз – түріктерге ирандықтар ықпалымен енді» деген пікірдің өзі жаңсақ ұғым. Біріншіден, жалпы парсылардың мәдениеті ғана емес, экономикалық, рухани келбеті де арғы түріктер өркениеті негізінде желісін тартқан. Мұның мысалы жетерлік. Қажет десеңіз, «Наурыз» сөзінің өзі әлемде алғашқы әліпбиді өмірге әкелген байырғы түріктердің «жаңа ырыс» сөздерінен қалыптасқан. «Нау» – көне түрікше соны, жаңа деген ұғымды білдірсе, ырысымыз, кәдімгі құт-береке дегеніміз! Оның үстіне, парсы жұртында «Наурыз» деген айдың аты мүлдем жоқ. Яки, Наурызтану дегеніміз – түріктану, қазақтану! Азан шақырыла Наурыз есімін еншілеген ағамыздың жүрек төрінде мұның бәрі атойлай менмұндалап тұрғанын көпшілік сезе де қоймаған.

Наурыз ағамның осынау өшкенді жандырмақ ішкі рухты ұмтылысы кейін ауданымызда, тіпті елімізде тұңғыш рет жария тойланған Бірінші Май ауылындағы Наурыз мейрамына ұласты! Бұл ретте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымғали Өтегенов былай дейді:

– 1991 жылдың 15 наурызында ғана «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланғаны белгілі. Ал біз 1987 жылы ауылымызда республикада алғашқы болып Наурыз тойын тойлаған едік! Несін айтасыз, Наурыз тойымыз күткендегімізден де асып түсті. Сонда біз, салыстырып қарасаңыз, Наурызды тек 1988 жылы ғана атап өтуді бастаған сол кездегі республика астанасы Алматының да алдына түсіп кеттік қой!

Тұлға деп елдік сыналар шақтарда бар жауапкершілікті мойнына жүктей, мойымаған қалпында ел-жұртына қалқан болған жандарды айтсақ керек. Түйсіне білсек, кеңестік жүйеңіздің өзі бар қатыңқы қалпымен сынақтың сынағы емес пе? Сынбады да қыңбады, жоғарыдағы мысалда келтіргеніміздей, жауын-жауынның арасында алаштық арналы жолды аршып бақты! Әрбір қадамын ұлттық болмыс, әдепті қадаммен өлшемдеуге ұмтылды.

Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалып, жүргелі тұрғанында анасы Нұриланың: «Арналы ауданға бара жатырсың, сенің кінәңнен ол жерде бір тауықтың да аяғы сынбайтын болсын!» деп қадап айтқаны бар. Солай болды да! Жергілікті жұрт сол тұстағы еңбек жетістіктерін күні бүгінге жырдай ғып жеткізеді. Ақсулық ақын қызымыз Ханша Раисованың мына өлеңі дәйегіміз.

Не тындырдық деп, аға, айтамыз-ау осы біз,
Келеңсіз болса келуім, артығын, аға, кешіңіз.
Елім деп еңбек етуден жалыққан жан емессіз,
Алдағының бәрі арман, өткеннің бәрі өкініш.

Құрметтеп көрген ағасыз, алғыс алдың көптен мың,
Сүбелі сөздің шебері сіз шығар-ау деп білдім.
Алтын көпір сияқты ортасын жалғап жүрдіңіз,
Ағынды Ақсу елі мен киелі жер Көксудың.

Еңбек көрігі қызуындай-ақ қызған еді. Ақсулықтар XII бесжылдықты ерен қорытындылағаны сондай, шаруашылықтардағы орта жалақы 250 сомға жеткен. Аудан КПСС Орталық Комитеті, Министрлер Советі, ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің Қызыл туын иеленіп, 10 мың сом сыйлық алып жатса, мұндай жоғары бағалау облысты айтасыз, республика көлемінде некен-саяқ ұшырасса, неге шаттанбасқа?! Табыс төркініне көз жүгіртіп көрелік. Наурыз Қылышбайұлы келе сала мердігерлік тәсілді бірден қолға алмай ма! Қоярда қоймай, «Корма и белок» бағдарламасын қабылдатады. Осы дүмпумен жоңышқа егудің көлемі 6 мың гектардан 11,5 гектарға, жүгері егу көлемі 6 мың гектарға жетіп үлгереді. Бұған енді қант заводына жоспарлы 130 мың тоннаның орнына 150 мың тонна көлемінде өткізілген қызылша толағайын қосыңыз.

Елді мекендер жаңғырып, жұртшылықтың еңбекке ынтасы ауа берген. Мұның соңы аудан орталығында үш мәрте ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесі ұйымдастырылып, халықтық мерекеге айналған. Жыл сайынғы ауыл жастарының дүркіреген спартакиадасы барлық елді мекендерде спорт алаңдарының салынуына ұласты дерсіз. Шаруашылық орталықтарында жастардың демалыс орталығы, ал аудан орталығында жаңа үлгідегі стадион, «Богатырь» атты спорт зал, 5 ашық бассейн, 1 жаздық кинотеатр салынып, орталық парк абаттандырылса, ауданның 60 жылдығы, халық ақыны Қуат Терібаевтың 100 жылдығы тойланып, 3 мектеп, 1 балабақша, 2 Мәдениет үйі бой көтереді. Бұдан тыс, келешегі шектелген ауылдарда бастауыш мектеп, барлық товарлы-сүт фермаларында монша пайдалануға беріліп, «Қызыл ту» совхозына қарасты «Қарасу» фермасында балабақша бой көтереді.

Ақсу ауданының Құрметті азаматы Ажар Сеңкібаеваның: «Наурыз Қылышбайұлы! Өзіңіз жақсы білесіз, 1991 жылы Ақсудан шыққан халық ақыны Қуат Терібайұлының 100 жылдық мерейтойы болды. Атаның тойы өтетін күн Қазақстан Компартиясының соңғы съезі болатын күнге тура келді. Бірақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, Сіз съезге бармай, тойдың үлкен ұйымшылдықпен, жоғары деңгейде өтуіне қамқорлық жасадыңыз. Бұл ісіңіз Қуат ата ұрпақтарының бірде-бірінің есінен өмір бойы кетпейді» деген риясыз алғысы Наурыз ағамның жоғарыда өзіміз санамалаған жетістіктерінің рухани түйіні іспетті.

Тәуелсіздіктің әдепкі өтпелі тұсындағы қиыншылықтарды да Көксу ауданының әкімі қызметінде жұртпен кеңесе жеңіп шықты. Бар шындықты алға тартып, ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Бәтуалы байламына иландыра білді. Ойын бүкпесіз білдіріп, бұйығыны көтерер, буы піскенді буып тастар пәрмені дәрмен берді. Мәселе атаулыны майдан қыл суырғандай шешті. Кешегі алып кеңістіктегі экономикалық тұтастықтың тулақтай шаңы шыққан жұрнағынан да қиқымдай тиімділік тауып жүрді. Беделін салды, беріктігін дәйектеді. Қиқуын ұғып, қисынын тауып, талай таудай елдік шаруалардың етегін жапты.

Ағамыз қасиетті Қаратал өңірінде бастау алған өзіндік талапшыл жұмыс мәнерінен бір мысқал да айнымады. Қалай болғанда да нарықтық экономиканы мойындау шарт. Жанар-жағармайдың аспандай қымбаттауы қол-аяқты байлады. Алматы облысында елден алтын жинау науқаны басталғанын қайтерсіз? Көксулықтар оң бағытынан танбады. Аудандағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір айлық жалақыларын өздері таңдаған шаруашылыққа аударып, көктемгі егіс науқанының дер кезінде өтуіне кәдімгідей үлес қосты. Ауданның жарты ғасырлығы мен Қабылиса жыраудың 300 жылдығы санаға сәуле жүгіртті. Ескелді, Балпық билердің 300 жылдығына елеулі үлес қосты.

Адам баласының рухы – ата-баба, мына қасиетті Жер, байтақ Отан, ел-жұртыңды шексіз сүюден от алады деп қаншалықты пайымдасақ та ақылдың өлшемі – парасат. Ендеше, зайырлы елдің де, зерделі азаматының да асыл мұраты да елдік пен ерлікті, теңдік пен бірлікті, білім-ілімді темірқазық тұтуымен өркештене түспек. Осы түсінік түндігінен көз салсаңыз да Наурыз ағаның кенен кеңістігі кемел құшақ жаяды.

Қай қызметінде жүрмесін арды ойлаған азаматтарды тамыршыдай тани білді, жігерлерін жани түсті. Көк семсердей өткірлігінен хабардар көпшілік ағамыздың ыңғайына жығылғаннан бұрын істің ретін табуға ұмтылатын. Сондығынан шығар, тумысындағы төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей қалпымен теңдей көрді бар жұртты. Артық пішіп, кем соқпады. Адами құндылықты әсте тыз етпе жарқылдаққа айырбастамады. Билікті де, биіктікті де адалдық жолы, ар тұрғысынан бағалады.

1965 жылы «Қаратал» қой совхозы екінші фермасының зоотехнигі қызметіне тұрып, еңбек жолы енді бастау алғандағы анасының: «Балам, әкеңнің аты Қылышбай болсын дегенде бұл есімді аталарың оу бастан «Құрыштай мықты, қылыштай өткір, бай болса – еңбегі адал, болыс болса – еліне әділ болсын» деген ниетпен қойыпты. Әкең бай да болған жоқ, болыс та болмады. Ұста атанды. Еңбегі адал, ағайын-жұртқа әділ болды. Тұқымыңда аштыққа ұрынып, көштен қалған ешкім жоқ. Мына заманда сендер де көштен қала қоймассыңдар. Есіңде болсын, шенқұмар адам алаяқтыққа бір табан жақын болады. Мұндай кеселге тап болмай, әкеңнің арналы жолын жалғастырып, қарамағыңдағы шопандарға әділ болсаң, адал еңбегіңмен тапқан табысың бойыңа сіңеді. Таза жүргін!» деген сөзі әр кезде таразы басын басып тұрды.

– Жазғы каникул кезінде колхоз қырманынан өгіз арбамен Үштөбе астық қоймасына астық тасыдық, үлкендердің ат шалғысымен шапқан шөптерін шөмелеге үйіп, оны өгіз жеккен волокушамен тасып, маяладық. Ауылдың қыз балалары да шешелерне ілесіп, қызылша баптау жұмысынан қалған емес. Кейбір адамдар балалық шағымыз қиыншылықта өтті деп отырады. Мүмкін қайбір жерлерде солай болған да шығар. Біз балалық шағымызға өкпе айта алмаймыз. Иә, көзімізді уқалап, таңмен таласа тұрғанымызға қиналатынбыз. Үлкендерден қалыспай жұмысқа кеткенімізде шешелеріміздің:

– Тәубе, құдай, тәубе! Ұлым есейіп, еңбекке араласты. Мұның да жемісін жегізгеніңе шүкір, – деген жүрекжарды лебізін естіп, қанаттанып, қайраттанып өстік. Ойыннан да, оқудан да қалмадық. «Баланың істегені білінбейді» дегенді ол шақта түсінбеген де екенбіз, ал кейінірек қызылша өсіру көлемі ұлғаюына байланысты мектеп оқушыларының көмегінсіз ол салада жақсы нәтижеге жету мүмкін де емес еді, – деп бір сәт жастық шаққа саяхат жасап қойды.

«Әкемнің киелі адам екенін шешем жастайымнан миыма әбден құйған. «Әкеңнің аруағы қолдайды» деп құрал төсін кітап сөресінің үстіңгі сатысына қоятын. Қазір ол төс кенже қызым Нәзгүлдің үйінде» деп әңгіме әуенін бір қайырған тұсы менің де ойымды қоздатып қоя бергені. Азаттық таңы атып, бостан күйге жетісімен, өткен-кеткенімізге көз салып, ес жиып жатқан шағымыз. Қаратал ауданының әкімі – Төлеужан Садықұлов. Мен орынбасарымын. Ескелді бабамыздың үш жүз жылдығын атап өтпекпіз. Кесенесін тікелей ұрпақтарымен бірлесе жаңғыртуды дереу қолға алдық. Енді ас өткізілетін ыңғайлы жер табуымыз керек. Бір апта бойына ақсақал-қарасақалымыз бар, ары шапқылап, бері шапқылап, бұл турасында бір бәтуаға келе алмадық. Тағы да құтқарып қалған Көксу ауданының әкімі Наурыз ағам! Біздің қиналысымызды ести сала жолға шығады. Төлеужан Садықұлов, Көбес Ақылбаев үшеуі біраз жерді шарлайды. Әбден шаршап, әрі көңілдері түсіп Ұлы бабамыз мәңгілік мекен тепкен Қызылжарға шамамен екі шақырымдай қалғанда оқыс дауыс Наурыз ағама «солға бұрыл-солға бұрыл!» дейді. Кілт бұрылады. Міне, ғажап! Жатаған жотадан асып түскенде аттың тағасы кейпіндегі аумақты алаңқайдың үстінен топ ете қалады! Сол арада алты Алаштың басын құрап, Ескелді бабамыздың елдік мерейтойын дүркірете өткізгенбіз. Әулие бабамыздың өзі қысталаң тұста демеп жіберген Қылышбайдың Наурызын осыдан соң әулие демей көріңіз!

«Бабалар аманатына адалдықтан асқан бақыт жоқ!» деп жиі қайталайды. Өмір бойы бұл реттегі жарқын үлгісін жалпақ жұртқа жарқырата көрсетіп те келеді. Аруақтары ұрпақтарын желеп-жебеп жатқан қаншама киелі тұлғаларымыздың рухтарын көтерді, кесенелерін жаңғыртты! Осы бір аса шарапатты шаруаны көпшілікті қауымдастыра әлі де жалғастыру үстінде.

Ұста Қылышбай неткен текті, ұстамды да, ұстынды жан еді десеңізші?! 1950 жылы жеті күнге созылған қадақ ауруынан хәл үстінде жатып, арыздасар сәтіндегі қосағы Нұрилаға айтқан соңғы сөзіне қараңыз:
– Шебер деген атым бар еді. Төрт колхоз бірігіп жатқанда ең болмаса бір жыл ұста болмадым-ау!
– Балалардың жағдайын неге ойламайсың? – деген серігіне сәл жымиып:
– Дұрыс тәрбиелесең елдің баласы атанады, ағаттық жіберсең сенің балаң болады. Таңдау өзіңнен, – деуге ғана шамасы жетіп, үзіліп кете барған!

Асқар таудай алып тұлғалар ғана туабітті табиғатынан ғұмырлыққа айнымайтын шығар, сірә?! Мынандай аманаттан соң еден жуушы Нұрила анамыздың ел перзентін қалайша құрыштай шыңдап шығарғандығына көп таңдана алмасақ керек-ті!

Ту ұстап, тұлпар баптаған

Бағзыдан тоғыз шашақты Ту ұстап, тұлпар баптаған! Алтын жалатқан айдаһар тақта отырған, жеті күрен, жетпіс мың үйлі ұлық ұлыстың, «Аршынға қолын сермеген, маңына дұшпан келмеген, найзамен шаншып ет жеген, аттары кетпес кермеден, ешкімге намыс бермеген» (Сүйінбай), Алтын Орданың айбынын асырып, Ақ орда керегесін кеңейткен, сарыала қамшысы сағым жарып, жалғыз ауыз сөзбен жау қайтарған от тілді, орақ ауызды би-шешен, күн дидарлы көсемдер мен бек-нояндардың, қыналы қызыл тасқа елдігін өрнектеп, садағын құлаштай тартқан бөгенайы бөлек батыр-бағландардың, қара домбыра, құлжа қобызы замана лебін ұрпақтарға үндеген, алалы жылқы, ақтылы қой өргізіп, жақұт дүние түлеткен телегей жұрттың өрелі өкілі – ұста, ұстаз Қылышбайдың бел баласы – Наурыз ағамыз! Задында, мұнара биіктігі көлеңкесінен көрінер. Қасқадан қасқа тумаса да төбел туары хақ!

Кеудесін ұлттық болмыс, намыс оты кернеген ағамыз өзінің тікелей ата-бабаларына тән асыл арнаны да мәнерлеп жеткізеді. Әкесі Қылышбайдың – сонау атақты Ахметқожаның он үшінші, Маңғытайдың он екінші, Таңғытайдың он бірінші, Тордақтың оныншы, Андастың тоғызыншы, Шүректің сегізінші, Сәменнің жетінші, Олжабай ұстаның алтыншы ұрпағы екендігін бір тізбектеп алып, тәпсірлей түседі. Олжабай бабасының өміршең өнері бойына дарыған қадірменді Қылышбайдың темірден түйін түйген ұста, зергер, ағаш жонған шебер екендігін, бойында тылсым қасиет, әулиелігі барлығын, бірлі-жарым сырқаттанған жандарды ұшықтап-ақ емдеп, жүкті әйел, жас баланың шошымауы үшін төс соғып, «темірші келді, темірші келді» деп темірші шақыру ырымын жасайтындығын, наурыз айының ортасында «дүкен майлау» рәсіміне орай Құран бағыштарын, сөйтіп барып, құрал-саймандарын майлап, «төс майлар» салтына ауылдастарын шақырып, ақ бүркіп, ас беретіндігін жүзі жайнай жеткізеді.
Ұлт шежіресі дегеніміздің өзі – жарқылдай ғұмыр кешкен, жайнақ әлемге ақ нұр жүгірткен тұрлаулы тұлғалар ғұмыр-дастандарының жиынтығы.

Байырғы аспандай аялы, алып жердей саялы көк түріктерінің құрлықтарға құрық тастап, Көкте Тәңір, Жерде қаған бір деп ереуілдеген дәуірінен жалғасқан Елдік пен Ерлік жолымызды шаң басып көрмепті! Бүгін де екпіндеп тұр. Найзағай намысын бастырмас, басынан сөз асырмас біртуарларымыз жетерлік. Тек оларды Астана мен Алматы шаһарларынан ғана табамыз десек, кем өлшеп, кемшін соққанымыз. Айтулы бабаларындай жебеге кеудесін тосар жалаңтөстеріміз, ар тұнған кешегі арыстарымыздай ардақтыларымыз аймақтарымызда да адал еңбек сауып, ел бірлігі мен рух асқақтығының кернеулі күйін шертуде. Шетінен толағай іс, қадірмен қалыптарымен тұлғаланып қалған.

Ғұмыр бойы мемлекеттік қызмет атқара жүріп, толайым бір аймақтың қоғамдық, рухани-адамгершілік ахуалына ықпал ете білу – екінің бірінің қолынан келе бермесі және аян. Ардақ аға, батагөй абызымыз «Қазақтың үш баласы ошақтың үш тірек бұтындай, бір аяға тебіндеп тұрса – еш жау алмас» деген көкейкесті қағидатын құлағымызға құюындай-ақ құйып келеді. Жеңіл тулақ желге ұшар. Елге бай құт емес, би құт екендігін ағамыздың ғұмыр салтынан күнделікті көріп-ақ жүрміз!

Шынымды айтсам, дәл Наурыз ағадай ел-жұрт құшағына алғаусыз алынған, аса қадірленген жанды көрмеппін осы жасымда. Қай ортадан бой көрсетсе де көпшіліктің қоғадай жапырыла жанынан табылып, амандасып, шүйіркелесіп, қолын алып қалуға ұмтылып жатқаны. Жанарларынан шынайы құрмет-қошеметтері ұшқындап, туғандарын көргендей, әдемі әлемге енгендей жадырап шыға келеді. Жайлауы ортақ, сайлауы да, таңдауы да бір жандардай тебірене түгендесіп, шұрқыраса табысып жатқаны. Қасында қарайлап тұрып-ақ, төбеміз көкке екі елі жетпей, желпіне өсіп қаламыз! Еңбек жолын біссімілла деп бастаған шағынан, барлық сатылы биіктеу кезеңдерінде, одан бергі зейнеткерлік жасында да тура осы көріністің айнымай қайталана беруінің өзі бар адами болмысын жария жарқыратып тұр емес пе?! Бұдан асқан береке, мерей-марапат бар ма?!

Міне, осы заңғардан көз салған біздер жасынан жақсылығын міндет етпеген, аясы кең, бақ қонып, қыдыр дарыған, шапағаты ерен, жапырақ жайған бәйтерек дейміз ағамызды! Сол алып бәйтерек көктеген сайын тамыры тереңге тартарын ел-жұрт болып аңғарып та келеміз, саясына алынып та келеміз. Асылы, пенделердің бір-бірін мойындап, бағалауы – тап басып танудан бастау алатын секілді. Жасы үлкеннің батасы, жасы кішінің тілегі қабыл болып, бойындағы Алла екінің біріне дарыта бермес асыл қасиеттері арқасында кең тынысты өресі мен кемелдігін ел ырысына ұластырып, асқан ұйымдастырушылық дарын-қабілетін айшықтап келе жатқан Наурыз ағамызды ұлттың олжасына теңемеске лажыңыз да жоқ! Жалпы, жақсы адамдардың бәрі қазақтың маңдайына біткен жалғызындай сезіледі маған! Ырыс баққан дауды қайтсін. Батылдық та, ақылдық та қажет. Әйткенмен, ақиқаттың жолы қашанда ауыр. Ертеден жолы жеңіл түрілетін өтірік пен өсек шіркіннің алдын орап кеткен кездері де аз ұшыраспады. Шыбын шаққан құрлы көрмеді. Сол сыңар езулердің бәрі дерлік қайталай алдына келіп иілгенде кек те сақтамады. Ақылды адам арбаға алдымен жегіледі екен. Соған көзіміз жетті.

Мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасын, адалдық пен адамшылық ұстанымын Нұрила анасының тәлімімен меншіктеп алған кейіпкеріміз төрт ауданда басшылықта жүріп, ойды орып, қырды қырнады, діттеген жерден табылмай тынбады. Ойы онға, санасы санға бөлінген, тығырыққа тірілген мезгілдерде де жан баласына тіс жармады. Сондайда тауды жарып, тасты қозғар сенім атты құдіреттің жалынан бекем ұстар еді. Тоғыз тарау жол арнасын осы төңіректен іздер еді. Ізгілік пен игілікке тағдыр байлаған жанның ақылы алтау, ойы жетеу болары рас екен!

Ақ жамбы

Қаламгерлігінің ақ жамбысы – жөргегінен уыз жарыған ана әлдиі мен қыраулы қыста үйге жиналар қазыналы қарттардың аңызға бергісіз әңгімелері, қисса-дастандары десек, қателесе қоймаймыз. Елтитіндігі соншалық, тұрпаты бөлек батырлар мен орақ тілді, өр мінезділер төргі үй төрінен үдере тұрып келе жатқандай күйге енетін-ді. Әріп таныған кезінен бастап, сол дала дастандарын әлгі қариялар енді өзіне дауыстап оқыта бастаған. Кітаби жыр мен ауызекі жеткен нұсқалардың қиыспаған тұсында: «Тоқта балам, бұл арасы былай жалғасар болар» деп шетінен ағытыла жөнелер еді-ау, жарықтықтар!
Тартылысы үстем тағдырдың тартысты төскейінде комсомол қызметінде шыңдалып, партия сарбазы атануын өмірдің үлкен мектебі деп санайтын ағамыз талмай үйрену-ізденуді қанына біткен қасиет санайды. Мектептегі қабырға газетінің редакторы болғаны да бар. Жазу машығының асаудай ала қашпай, ыңғайына көнгендігінің бір сыры да осы тепсеңде деп топшылайды. Қазірдің өзінде құрастырған дүниелерімен қоса санағанда он бес кітабы сөремізді жайнатып тұр. Бұл екінің бірінің оң жамбасына келер шаруа емес. Ғұмырды байыптай жүре жиған-тергені де, даналығы мен даралық, мейірім-шуақ, ар-ұждан, бекзат бейне, тағылым-таным, тектілігінің бәрі осында. Жүрек айнасына түсірген түгесілмес қазынасының кемерленген нәзира бір нұсқасы.

Оқырмандарын байырғы серігіндей әңгімеге, оқиға қоюына тарта отырып, кеңеседі, бойындағы барымен бөліседі. Сөйтіп, бірдің ғана емес, мыңның көңіліндегі көптен күпті боп жүрген жайттарды жалаңаштай алдыңызға жайып салады. Ал не дейсіз?! Пікір қосыңыз, пайымыңыздың пошымы нешік? Отқа май құйғандай, ара-арасында өзінің қолмен ұстап, көзбен көрген мысалдарын алдыңызға өңгертіп жібереді. Әр еңбегінен ел тірлігінің түйінін, жүрегінің лүпілін сезесіз.

Осындай өзіне ғана тән қаламгерлік машық, мәнерімен оқырмандарын толғанта, тебіренте, қиналта, қимас сезімдерге бөлей келе түпкі көздеген көмбесінен бір-ақ шығарады. Еркін көсіледі, арыдан толғайды. Шеберлік пе? Шеберлік болғанда қандай?! Автордың көркем ойы кеңістігінде құлаштай жүзіп, Қылышбаев әлемімен қауыша табысып, туысып кетесіз. Сөйтесіз де тобықтай түйген тұжырымыңызды қоғамға алақайлай жеткізуге асығасыз. Әдемі әдеби әлемінен жуық маңда ажырағыңыз жоқ. Халқының аса бір қажетіне кірпіш боп қаланған авторыңыздың сізді маңдайыңыздан сипап, айналып, толғана отырып, өрісіңізді қалайша кеңейтіп, өреңізді өркештендіре өсіріп кеткеніне қайран қаласыз!

Осы ойымызға бірер дәйек келтірелік. Облыстық «Жетісу» газетінің 2006 жылғы 10 маусымдағы санында Ақсу ауданының Құрметті азаматы Ажар Сеңкібаева мен жазушы-журналист Нұрила Бектемірованың ағаның «Ойнама, балам, ойланғын» атты кітабы турасындағы пікірлері әдіптелген мақала жарияланған еді. Ажар Сеңкібаева: «Наурыз Қылышбайұлы! Мен Сізбен бірге қызмет еткен кезімде парткомиссияның бастығы едім. Аудан коммунистерінің бірі ретінде Сізге де зер сала қарап, Сіздің адал еңбек пен махаббат иесі екеніңізді байқағанмын (соны айтудың кезі бүгін келді, оны айыпқа бұйырмаңыз). Өмір бойы бір Алладан кейінгі Сіздің сүйеушіңіз де, демеушіңіз де адал еңбегіңіз болғанын өзіңіз де түсінуге тиіссіз. Ал жарына деген адал махаббатты өмірде екі адам қадір тұтса, соның бірі – Сізсіз, егер біреу болса, бірегейісіз.

Үлкен сыйластықпен бірге қызмет атқарған азаматтың өнбойы тұнып тұрған шежіре екенін, қазақ тарихының бір бөлігі сол кісінің жадында жатқанын сезгенде, өткен жолына сын көзбен қарап, елеулі кезеңдерін үлкен ұқыптылық, тиянақтылықпен саралап, үлкенге өнеге, кішіге ақыл боларлық ғұмырнамалық эссе жазғанын оқып, көргеніңде қарапайым ғана аудан басшысының бойында осыншама ерен қасиеттердің ұялағанын білгеніңде, алты жыл бойы осындай сыршыл да, сыншыл адал жанмен қызметтес болғаныңды қалай қадір тұтпассың?!» деп ағынан жарылса, Нұрила Бектемірова: «Бүкіл ғұмырын, жастығы мен жалынын халыққа қызмет етуге арнаған асыл ағамен қызметтес болған алты жылым мені көп нәрсеге үйретті. Наурыз ағаны мен ұстаз тұтамын. Бір кезде: «Аға, сіз әкім болғанша, неге ақын, жазушы, философ болмадыңыз?» дегенім бар. Билік, қоғам, ел-жұрт жайлы өзінің ішкі толғанысы, білгені, түйгені, еш бүкпесіз жазылған. Бұрын-соңғыда дәл осындай терең саяси-экономикалық, философиялық, зерделік толғаумен туған шығарманы кездестірмеппін. Басынан өткерген оқиғаларын көркем әдеби тілмен көмкерген бұл еңбектері ешкімнің де өкпе-назын тудыра қоймас. Біле білсек, бұл ел тарихы, мұрағаты, шежіресі» дейді мақтан тұта!

Айтары не, бекзат халықпыз. Жан дүниесі таза, ар-намысына шаң тигізбеген ұлттың ұтары көп. Бәрі де қанмен келсе керек. Бірде анасының былай дегені бар: «Нәукетай, ұсатылған шыныларды алақаныңа салып қатты қыссаң шиедей қан болады, ашып жіберсең шашылып қалады, саусақтарыңды жоғары қарата бүге ұстасаң: ол шашылмайды, алақаның да аман сақталады. Байлық деген де сондай. Еңбекпен тапқаныңа қанағат қылу керек. Дүние ешкімге жолдас болмайды. Осыны есіңнен шығарушы болма!». Пәлсапа ма, пәлсапаның төресі! Алып – анадан! Есі кіріп қалғанда санасына құйып алған осы бір кепиетті сөз күні бүгінге есінен кетер емес.

Нұрила қарындасы айтқандай, шығармаларында халықтық пәлсапаның жібек баулы арқауы бастан-аяқ бір үзілмейді. Тіпті байырғы аңыз-әңгiмелердiң өзін бүгiнгi күн келбетімен шендестіре тарихи-пәлсапалық реңк бере безбендейді. Бәрінен бұрын дәстүрлі ойлау жүйеміздің қадірмен қатпарларынан нәр сүзгені жаныңызды жылытады. Көшелі сөз, көрікті ойды соқталы пәлсапалық қисынмен кіріктіре білуіне таңғаласыз. Бәрінің өзегі туған халқын шексіз сүю, оның асыл мұраттары жолында жалтақсыз күю тектес тауанды тірлік арқылы ғана аршыларын ұқтырады. Әр пенденің бақыт құсы өз қолында, нақтылай айтсақ, жан мен тәннің тазалығын сақтай білуінде. Салауатты өміріңіз де, адамзатқа тән заңдылық пен болмыс үйлесімділігі де дәп осы асыл арнада. Байыптай білген оқырман кітаптардың сырлы парақтарынан өмірде ұшырасар небір шырғалаңдардан шығудың да оңды жауабын табады.

Талантты адам қай қырынан алып қарасаңыз да талантты ғой. Қаламгердің «Шұбар ат» және «Тәттібай мерген» повестерін оқып көріңіз. Алынған оқиға дәуірінің лебі, кейіпкерлерінің сомдығы мен мінезділігі, шұрайлы тілмен кестеленген ой көркемдігі мен сюжет желісінің тартымды өрілуі тұрғысынан келгенде қазіргі қайсыбір «классик» әріптестерімізді шаң қаптырып кетеді.

Бабалар жолын қастерлеген қалың жұрттың бел ортасындағы қазақы қалыптың тамырлы нәрі, болаттай берік туыстық күйін, аумалы-төкпелі дәуірлердегі ұрпақтар жалғастығының тәлімді жақтарын бүгінгі бостан күн биігінен сабақтайды. Неден жиреніп, неге ғибраттанудың мәнін ашып, тиімді жолын парықтайды. Мәселен, автор «Әдептілік әкеден» атты кітабын былайша аяқтайды: «Немістің ақыны, романист жазушысы Фридрих Шиллердің: «Болашақ бертін қарай баяу жылжиды, өткен күн үнсіз мүлгиді, ал қазіргі күн құйындай ұйтқиды» деп айтқаны бар. Өткен күнді үнсіз мүлгітіп қою ел тарихына қиянат жасаумен тең. Ендеше, оның жетістігіне риза, кемшіліктеріне кешірімді болып, құйындай жүйткіген бүгінгі күннің жемісіне алданбай, ертеңгінің өркеніне жұдырықтай жұмыла еңбек ету – бәрімізге ортақ мақсат. Іске сәт, «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан!». Қосылмас қазақ жоқ. Бәріміз қосыла, қосарлана шабамыз, демікпей шауып та келеміз!

Жүректің басына байланған реніш-күйінішін де жасырып қалмайды. Отаншылдықтың орнын пысықайшылық басып бара жатқанына, еңсегей бойлы ерлер ұрпақтарының ұсақтап кеткеніне күйінеді. Жөн, дерсіз. Шыңғыс қағанын шыңға шығарып, Майқы биін биіктетіп, алып қағандықтарын қадірлей білмеген жұртқа не дерсіз?! «Ентелегенді ер, өңмендегенді өр санайтын көңілшек көпшілік» (Ә. Кекілбаев) ауызы күйген үріп ішедінің күйін кешті. Ақты қаралап, жүректі жаралап, арсыздарды даралап жүргендерді қайтпекпіз?!

Алтын тиеген есектің алмайтын қамалы жоқ. Құндылықтарымыздың лайланатын тұсы да осы. Ісімізден тіліміз жүйрік. Шауып кетеміз, қыбын тауып қауып кетеміз. Жан азығын тән азығының бөктергісіне байлап жібердік. Жаттанды білім, жасанды тәрбие. Көбейту кестесін білмейтін түлектердің мектеп бітіріп жатқанына алаңдайды. Тіл – халықтың мәдени-рухани, генетикалық кодының көзі, жаны, рухы! Жансыз дүние – өлі дүние екендігін жүрегі сыздай жеткізеді. Сана қайда сәруар, пиғыл қайда сәулелі?! Екінің бірі ақылман. Салбөксе самарқаулық белден басып, тоғышар қауым топырлап жатса, қаламгер жүрегі шырылдамай, қалай тыншысын?! Мұндайларды «Өзің диуанасың – кімге пір боласың. Өтіңменен жарылма, өкпеңменен қабынба!» деп түйреп тастап, жетесіне жеткізген де өзі! Демек, баршамызды ұйыстырып, тобырлық, рулық санадан алшақ, ұлттық санаға көтеретін де дәл осы тектес құнды да сүбелі еңбектер.

Әрине, құр Абылайлап керуен түзе алмасымыз да аян. Сана, ниет, пиғыл өзгеруі шарт. Құдай жаққан шырақты, шайтан үрлеп өшіре алмаса керек! Ақыл арымас, алтын шірімес. Елпекбай қауым есін жиды. Құрыққа сырық жалғаушылар тыйылды. Алашқа іші жау боп, сырты күлмектермен (Абай) әңгіме ауаны өзгерді. Жаны мөлдір, ойы биік, көкірегі саралардың күні туды білем. Абай ескіргенде – қазаққа ес кіреді (Асқар Сүлейменов) деп арқаны кеңге салар қазақты енді табу қиын. Биікке шықсаң алыстағыны көресің. Ұлы хакімнің жуық ғасырларда ескірмейтіні де, жұртшылықтың бұдан былай имансыз безгектерді ескермейтіні де хақ!

Қысқасы, жазғанда соқыр көретіндей, саңырау еститіндей (Ғ. Мүсірепов) күйде түсіреді ақ қағазға. Қорғасындай құйылып, жүрек тамырларын кернейді. Рухани оқшаулықтан сақтандырады. Еңбектерінің қай-қайсысын алсаңыз да «мың өліп, мың тірілген» қағидаттары елдің өткені, тағдыр-тәлейімен сабақтаса, тамырласа өрбиді. Өнегелік, танымдық бояуы айшықты да аумақты. Осындай шырағданды шығармалар арқылы өзімізді қор, өзгелерді зор санар құлдық мінезден құтыла алсақ-дүр!

Асыл ана, адал жар

«Анамыз ақынжанды адам еді. Әкеміздің есімі – Қылышбай Молжігітұлы. Шешеміз – Нұрила Аққұлқызы. Інімнің аты – Жеңіс. Сонымен біздің тұрақты мекеніміз Жаңаталап ауылы. Туған жеріміз сол ауылдың төменгі көшесі. Үйінді төмпешікке айналған ежелгі үйіміздің орнына балаларымыз бен немерелерімізді алып, ауық-ауық барып тұрамыз» деген ағамның көңілі біраз босаңқырап барып бекіді.

Биік үйлерде өресі тапал адамдар тұрғанша, аласа үйлерде адамгершілігі жоғары адамдардың тұрғаны қандай ғанибет?! Дүние есігін ашқан сәбидің естіп, біле келе, сана сүзгісінен өткізе таным-түйсігі һәм жады қалыптасса, сол таным қоры – білік деп айшықталар. Алғашқы білгірі де, білікті адамы да – анасы!

– «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкеме еліктеп, токарь, фрезировщик, ағаш ұстасы болып істегеніммен пәлендей шеберлік көрсете алмадым. Тоғыз жасымнан шешемнің тәрбиесі мықты болғандықтан анама еліктеп өстім. Ол кісінің қажымас қайсарлығы, қайынағалары мен мен абысындарына көрсеткен ілтипаты, кембағалдарға деген қайырымы, бауырларына деген мейірімін, қайындары мен келіндеріне қамқорлығын осы күнге дейін айтып отыратын адамдар көп. Еңбек пен адалдық туралы әңгімелері, салыстырмалы мысалдары да өзгеше еді. Жалпы, анам туралы көп айтып, көп жазғым келеді. Жаңаталап, Ұмтыл, Оян, Бірінші Май ауылдары тұрғындарының арасында беделі жоғары еді. Сыйлайтын. Кейбірі кәдімгідей сескенетін.

Жөкен тәтеміздің ұзату тойын Кәсен атамыз Ақиық даласында 1958 жылдың қыркүйегінде оншақты жаппа тігіп өткізді. Той қызды, ақындар айтысты. Көкпар берілді. Жездеміз Оразбайдың күшік руынан екенін өсе келе білдік. Сталин атындағы колхоздан келген құдалар түс ауа келіндерін алып жолға шықты. Көкпаршылардың Қожбан ауылынан асып кеткені көз ұшынан көрінген шаңнан сезіледі. Той дастарқаны жиналмай Кәсен атамыз бен Ауғанипа шешемізге үлкендер жағы жұбату айтып жатыр. Әлден уақытта у-шу басталды да кетті. Бір топ азаматтар Рамазан ағамызға шамасы келмей жүр. Ләтипа жеңгеміздің жоқтығын пайдаланып, артығырақ «тастап» жіберсе керек, шатаққа үйір екенін жерлестері жақсы білетін. Айғай-шудың арты төбелеске айналып кететін түрі бар.

– Нұрилаға айтыңдар, Нұрилаға айтыңдар! Ол енді елге маза бермейді, ешкімнің айтқанына көнбейді, – деген дауыстар әр-әр жерден шығып жатты.

– Ұрып-жығып, аяқ-қолын байлап тастайық, – деп қызып алған жігіттер қоқаңдап жүр. Қай жаппадан шыққанын білмеймін, қолына сабау ұстаған шешем топырлаған топқа жақындағанда шуылдаған еркектер тына қалды. Жан-жағына жалтақтаған Рамазан ағамыз ортада аң-таң болып состиып тұр.

– Түс алдыма, – деп сабаумен Жаңаталапты нұсқады. Ағамыз үн-түнсіз сөмпеңдеп ауылға бет алды.

– Ой, көсегең көгерсін, Нұрила, – деп жиылғандар риза болысты.

Ауылдан алғашқылардың бірі болып Алматыда оқуға түскенде де, оны көңілдегідей тамамдап, туған жерде еңбек жолын бастағанда да, кейін сатылап жоғарылап, Қаратал, Андреев, Ақсу, Көксу аудандары мен облыстық деңгейде басшылық қызметте жүргенінде де асыл анасының берген ақылына ұйыды, айтқанын қалт жібермеді. Қалт жібермеді демекші, бірде мына бір жайтты бастан кешкені бар. Андреев аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген шағы. Кезекті еңбек демалысын жеңешеміз екеуі Есентукидегі шипажайда өткізетін болып, анасына сәлем беруге келеді. Содан кетерімде дейді Наурыз аға:

– Қажетіңе жаратарсың, – деп бір айлық зейнетақысын ұсынды.

– Алмаймын, апа, қаражатым бар, шипажайға жолдамам тегін, – дей бергенімде шешем бетіме тіке қарап:

– Өмір бойы менің айлығым мен зейнетақымнан бас тартпап едің, мұныңды қалай түсінемін?! Ее…ее. Жетілген екенсің ғой. Бастық болып байыған екенсің ғой, – деп қатты налыды.

«Бүлдірдім!» дедім іштей! Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды.

– Кешір, апа, аламын, аламын, – деп жалынып, жалбарынып жүріп, ұсынған ақшасын алып, рахметімді жаудырдым.

– Сенің әкең дүкен ұстаған киелі ұста. Қайда жүрсеңде адами қалпыңнан танба. Жолың болсын, алған шипаң ем болсын, – деп сабасына түскен асыл анам біразға дейін жүзіме барлай қарап тұрды.

Дәл қазір де келместің төрінен бет-әлпетіне бағдарлай зер салып тұрғандай сезінеді өзін. Аналық аманат әрдайым жадында жаңғырып тұрды!

Міне, осындай мінезді де ұстынды аналардың алғаусыз мейірім, аялы құшағынан ғана Наурыз ағамыз секілді ерек тұлғалар топшысын бекітіп шықса керек-ті! Мынау бес күн жалғанға ананың аңсарлы арман, періште пейіл, көлдей көңілі көкжиегінен қарағанға нет жетсін?!

Ақсулық Ажар Сеңкібаеваның мына бір тебіреністі толғамы кейіпкеріміздің осы реттегі келбетін ажарландыра түседі: «Ана тәрбиесін, оның қамқорлығын өте нәзік сезіммен қабылдап, ананы балалық көңілмен пір тұту екінің бірінің қолынан келмейді. Сіздің анаға деген құрметіңіз, ақ ниетіңіз ер адамдардың бәрінің басында болса, ана біткеннің бәрі өмірінде балаларына риза болып өтер еді. Өмірде ана жүрегі мен бала жүрегінің (әсіресе, ер баланың) түсіністікпен қатар соғатын кездері сирек болады. Сол сиректіктің бірі Сізге, екіншісі қараталдық жерлесіміз, министр Қасым-Жомарт Кемелұлына («Азамат» деген кітаптан Әке мен Ана туралы толғанысын оқып, түсінгенім) бұйырыпты, бұл жақсылық нышаны. Сіздерді аялаған ана да бақытты, асыл аналардан туып, беделді азамат болған Сіздер де бақыттысыздар! Ал жарына деген адал махаббатты өмірде екі адам қадір тұтса, соның бірі – Сізсіз. Осы тұжырымға мен сол кезде келгенмін!». Рас, адам айнасы – адам!

Қай заманда да ақылды да адал, алтын құрсақ жар – ер мақтаны, ел көркі. Бағалай білсек бағымыз, тағалай білсек тағымыз. Наурыз ағаның анасы Нұрила мен жары Күләшті Есукей ханның Өлеңі, Шыңғыс қағанның Бөртесі, әз Жәнібек ханның Жаған бегімі, Кенесарының Күнімжаны, Әбілқайырдың Бопай ханымы, Абылай ханның Айбикесіне ұқсатамын. Балаймын, бағалаймын. Бастысы – жұрт солай дейді. Нақтысы – келін боп сәнді сәукелесі жарқырай түскен сәттен көпшілік солай көрді! Бір қолымен бесікті, бір қолымен елдікті тербете білді. Осы орайда Шыңғыс қағанның (Темірші) серттескен андасы, туыс-бауыры, хандық биліктегі бәсекелесі Жамұқа шешеннің былайша мойындауы есіме орала береді: «Сұңғыла әйелің болғандықтан, анда, менің алдымды орап кеттің. Сұңғыла анадан кемеңгер болып туыпсың. Інілерің парасатты, балаларың ақылды. Жетпіс үш тұлпарың бар. Ал, мен тырнақтайымнан тұл жетім едім. Алдымда аға, артымда іні де жоқ. Қатыным қазымыр болды да, ақыл қосқаны сол, ақылымды тауысты. Осылайша, Тәңір төте жіберген жеңіс саған тән болды. Енді, мені аясаң тезірек жөнелт. Әйтеуір қаным қара жерге төгілмесін. Тәнімді де биік жерге жерлетерсің. Саған ұрқыңның ұрқына дейін өмір тілеп жатайын. Мен, тегім ерек, тумысым дара жан едім. Менен де асып туған анда, ақыры сенің мысың басым түсті. Осы сөзімді ертелі-кеш есіңе алып, әрқашан айта жүр!».

– Менің ұшқан ұямның береке-бірлігі де арғы ата-бабаларымыздан арылмай жалғасып келген-ді.

– Әке-шешем ел алдында аласармай, ұрпақтарының бұлақ жағалауындағы көк құрақтай желкілдеп өсуіне барын салды. Жүректерінің жылуы – бар бақытымыздың бастауы еді. Босағасы берік, жақсылық атаулыға қашанда ынтық шаңырақтың шаттығы мен береке-бірлігі сырт көзге бірден аңғарылып тұратын. Әкем Адамбек Қонанбайұлы Қарқаралы өңірінің қадірлі азаматы еді. Анам Несіпелді Сыздыққызы біздің тәрбиемізге ерекше қарады. Тазалықты, адамдықты аса бағалайтын, – деп еске алады Күләш жеңешеміз ата-анасын. – Қыз баланы оң босағадан ұзатқанда қаншама ақжарма тілек төгіледі. Соның ішінде ең көп айтылатыны: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің». Бұл енді халқымыздың ғасырлар бойына жинақталған отбасылық өнегесінің жиынтық мәйегі. Мән-мағынасы да, астары да тым терең, сан қатпарлы. Осы ретте анамның: «Бізді қалай жақсы көріп, сыйласаң – отағасының да ата-анасын солай құрметте. Олар сендерге жаман болсын демейді. Білмегеніңді үйренесің. Енеңмен тату бол. Ол кісіні ене деп емес, ана деп сыйла» деген ақылы есімнен бір сәтке де шыққан емес, жүрегіме бірден жазылып қалды.

Ардақты ата-анасын еске алып, бір толқып, бір басылған Күләш жеңешеміз біздің көңілімізді де ақ самал тербеп жіберген еді. Иә, әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Осы бір ауыз сөздің аясына қаншама ғибрат сиып кеткен десеңізші?! Біріншіден, ана қанша мықты шықса да отбасы үшін ойға да, қырға да басын ұрар – түз тарланы отағасына, асқар тауы деңгейіне қалай жетсін?! Алып тауы асқақтаған сайын өзінің де мерейі өспей ме? Тау неғұрлым тұлғалы болса, бауырындағы бұлағы да соншалықты қайнарлы шықпай ма? Дегеніне жетпей ме? Ал суы мөлдір де мол бұлақтың бойындағы көк құрақ атаулының күнге бой түзей көктегенін көз алдыңызға елестетіп бағыңызшы. Ішкі үйлесім, табиғи толымдылық дегеніңіз, осы әлемнен түзілмеуші ме еді?!

Наурыз ағамның: «Күләш ақылы мен қарапайымдылығының арқасында қандай қызмет атқармайық, қай ауданға бармайық, дос, құрбы тауып, жаңа ортадан өзіне лайықты орнын бекіте білді. Қаратал, Андреев, Ақсу, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласындағы жеті мектепте дәріс берді. Ол тек мектеп мұғалімі емес, алты баламның анасы. Ол мені аламанға қосқан бапкерім. Өзі айтпақшы, күрделі кездеңдерде қанаттандыра, жігерлендіре білді. Сүрінгенде сүйеуім, күйінгенде тірегім болды. Комсомол қызметіндегі асау толқыннан тұншықпай, жанған отқа ұрынбай аман шықсам, ол да Күләштің көрегендігі мен сүйіспеншілігі, тектілігінен деп білемін.

Қонақ келетін мерзім ұзап кетсе, үйге сыймайды. Мазасы кетеді. Содан қайынсіңлілерінің басын қосып жіберіп, қазан көтеріп, туыстықты бекіте түседі. Қазақ демекші, өзінің жасауы болып келген қара қазанын енесі Нұрила көзінің тірісінде-ақ Күләшқа берген. Күні бүгінге дейін көненің көзіндей сақтаулы сол берекелі қазанда әзірленген ас та ерекше дәмді. Күләш енесі Нұриланың әсіресе екі ерекше өсиетін есінен шығармайды. Біріншісі, «Ұрпаққа мұра болар дүние-мүлік, байлық емес, ата-баба өсиеті мен ата-ана абыройы» деген ұлағатты ұғым болса, екіншісі, «Сауап алу үшін сауапты іс тындыр» ауанындағы талап-тілегі» деген жүрекжарды лебізінің маңдайынан мәңгілік махаббат алауы арайлап, толайым толқындап тұр!

Шуақты шаңырақта отаншыл да орнықты, алтын асықтай ұл-қыздар ұлағатты тәрбиеленді. Алты баланың әке-шешесі, оншақты немере-шөберенің ата-әжесі. Арасында әкімі де, хакімі де, ғылым докторлары да баршылық! Бүгінде жеңешемізбен бірге базарлы да назарлы ғұмыр кешіп жатуы да тіршіліктегі тауанды тірліктері мен берік бірліктерінің өндірлі өтемі!

Бұрнағы жылы Талдықорғанда облыстық әйелдер қоғамының төрайымы Жамал Қасымбекқызының шақыртуымен Наурыз аға екеуіміз жастармен жүздестік. Жастық шақ – тіршіліктің көктемі емес пе? Жүздері балбұл жанған өрендер сұрақтың астына алды-ау бізді. Наурыз ағам ақтарыла әңгімелеген сайын қызыға түседі. Студент шақтарындағы Алматының керім келбет, таза табиғаты; арық суларының бойжеткен бикештің күлкісіндей әсерге бөлер сылқым сылдыры; тау баурайы, көше бойлай өсетін алма, өзге де жеміс ағаштары өнімінің таңдайыңнан дәмі кетпес мезгілі; студенттердің ең сүйікті көлігі – бүгінде тарихқа айналған трамвайлар, Пушкин атындағы кітапханада өтетін әдеби шығармашылық кештер мен театрларға ЖенПИ-дің қыздарымен бірге барып жүріп, өмірлік қосақтарын тапқан ұмытылмас сәттері, құдды бір көркем кітап оқығандай, парақтала берген.

Әңгіме ауаны балалық шаққа ұласқанда Наурыз Қылышбайұлы: «Қарадан шыққанымызға ұялмаймыз. Қатарға қосылғанымызға мақтанамыз. Білмегенін бетіне басудан бұрын тәрбиелеу қажет. Ұят – адамгершілігі мол кісіге тән сипат. Қыздан – қылық, ұлдан – ұят кеткеннен сақтасын. Ұят бәріне таразы» деп түйген-ді тағылымды да тартымды кездесу соңын.

Ғұмыр бойы барға тәубе, жоққа сабыр сақтап, айтарын айта алған, ел есебін қайтарған, қазына боп марқайған, намыс пен нартәуекелді қос қанатына балаған Наурыз ағамның пайымынша, зиялылық өлшемі – қазақы қалыппен тіршілік кешу, келер күнге айнымаған сол қалпыңда қадам басу. «Тіреу нүктесін берсеңдер, Жерді де төңкеріп тастаймын» (Архимед) деп алға ұмсынар бөгенайы бөтен, тұлпары тулап, тұйғыны шүйілгендердің бұл айнымас темірқазығы! Байлық арқылы тіршілікті парықтаушыларға бұл басты сабақ! Бақытты тілеп ала алмаймыз – тек маңдай тер, бұла күшпен білеп аламыз!

Тұлғатану шеруі қоғамымызда үлкенді-кішілі қолға алынып жатыр ғой. Ағатануды өз басым мемлекет және қоғам қайраткері, Жетісу, Алматы облыстарының және Қаратал, Ақсу, Көксу аудандарының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Наурыз Қылышбайұлынан бастадым.

Алдымдағы ағам! Адастырмас Темірқазық, ұлық ұстазым! Замана көшеді, қоғам құбылады, ел ардақтаған азаматтың жарқын ізі, іс-әрекеті қалады. Ағамызды ардақтау – ұлттық ұстынымызды қастерлеу, әспеттеу деп түйсінемін. «Ханға қарсы шықса да ұстаға қарсы шықпаған ұлтымыздың үлгі тұтарлық салтына сай, әкем Қылышбай ел сыйлаған ұста болған» деп өзі айтпақшы, Қылышбайдың оғланы бар ғұмырын халқының мерейлі мүддесіне арнап, жұрт мойындаған аузы дуалы, сөзі уәлі, тұғырлы тұлға, Елтұтқа – Ел ағасы асқарына көтерілді! Еліңнің есі болудан асқан мәртебе жоқ!

Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері,
Қазақстанның Құрметті жазушысы, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі,
Алматы облысының Құрметті азаматы

Қатысты жаңалықтар

Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

08.02.2026
Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

08.02.2026
Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

Мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев 85 жаста

08.02.2026
Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

Ғылым, инновация және мәдениет: Айгүл Сәдуақасова неге бұл құндылықтар Конституцияның негізін құрайтынын айтты

07.02.2026
Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

Жетісуда жылдық жоспар бекітілді

07.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.