Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деп мұғалімдер қауымына үлкен сенім, жауапкершілік артқан болатын.
Адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам беделді қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Алайда оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолдың оңай емес екені рас. Мұғалімдік қызметте жұмыс атқарып келе жатқалы бері бұған өзімнің толықтай көзім жетті. Қиын болғанымен шаттанған шәкірттер мен ата-аналардың алғысын алу жанымды рахатқа бөлеп, кеудемді қуаныш пен мақтаныш кернейді десем, асыра сілтеп айтпаспын. Өйткені біздер, ұстаздар үшін, ең үлкен мақтау – оқушысының жетістікке жеткені. Жетекшілік еткен сыныбыңның кезекті бір шыңға шығуының себепкері әрі дәнекері бола білу – тіптен керемет сезім!
Сыныбымдағы білімді де дарынды шәкірттерімнің бірі әрі бірегейі 9 «Б» сыныбының оқушысы – Бағдат Нұрсұлтан. Өзгелерден ақындық қабілетімен ерекшеленетін Нұрсұлтан 3 жыл көлемінде өлең шығарумен айналысып келеді. Еңбекқорлығы мен дарыны бір төбе болса, бойындағы намысшылдық пен туған жерге, елге деген сүйіспеншілігі мен шексіз махаббаты бір төбе.
Болашақта ол жаны лирикаға, сезімге толы ақындардың бірі болмақ. Жас дарынның оқу үлгерімі де жақсы, болашаққа деген жоспарлары айқын. Қазіргі таңда менің бастамамды ұстаздар қауымы, мектеп басшылығы қолдап, оқушының шыңдалуына өз септігін тигізудеміз.
Жастар жылына арнаған бір өлеңіне назар салып көрелік.
Жастар жылы – биік білім арқауы,
Жастар жылы – болашақтың бастауы,
Жастар жылы келешекке жол сілтер,
Қазағымның мәңгі шырқар жақсы әні.
Сабақ барысында шығарған өлеңдерін көрген сәтте-ақ бойында ақындық қабілеттің бар екенін ұғындым. Өлеңдерінен айналасындағы туған-туыстары, қоршаған орта, табиғатқа деген сүйіспеншілігі аңғарылады. Өзімен жеке тілдесіп, осы бағытта басқа да тапсырмалар орындатып, ойының ұшқырлығын шыңдап, ынталандыруға тырысып, бар күш-жігерімді салдым. Шәкіртіне дұрыс жолды нұсқап, кәсіби тұрғыдан қолдау көрсете білу әрі сапалы да саналы азаматтарын тәрбиелеуге өз септігін тигізу – әр ұстаздың парызы.
Жас дарын Нұрсұлтанның болашағы жарқын болатынына және алда үмітімді ақтар шәкірттерім көптеп шығатынына сенімім мол!
Гүлмира Өтегенова,
Қарашоқы орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі
Кербұлақ ауданы




