«Немере» деген сөз естілгенде ойыма ең алдымен Ахмет Кендірбекұлы замандасымның осы аттас өлеңі оралады. Дүниедегі барлық тәттіден де тәтті, бәрінен де қымбат, бәрінен де жақын немере деген ақын тұжырымымен еріксіз келісесің. Иә, «Қант та тәтті, бал да тәтті, дегенмен, одан тәтті көрінеді немере».
Сондай тәтті немеремнің бірі Әли көзін ашқаннан допқа құмар болды. Бесікте жатқанның өзінде матадан жасалған жұмсақ допты басқа ойыншықтарынан бөлектеп, қолынан шығармайтын еді. Қаз басып жүре бастағаннан бұл құмарлығы тіптен күшейе түсті. Соған орай бес жасынан бастап футболға қатыса бастады. Содан кейін де, екі күннің бірінде дегеніміз өтірік болар, бүгінде әр күн сайын дерлік «Болашақ» стадионынан табылады.
Желкілдеп өсіп келе жатқан жас баланың бірде ана ойынға, бірде мына ойынға, түрлі мамандықтарға қызығатыны, соған орай уақыт өте келе таңдауының да өзгеріп тұратыны белгілі. Әлидің бойындағы жақсы қасиеті – осы уақытқа дейін оның таңдауы өзгеріп көрген емес. Басқа сөзбен айтатын болсақ, ол болашағын футболсыз көзге елестете алмайды десе де болады.
Тіл-аузым тасқа, немеремнің бүгінге дейін бірқатар жетістіктерге жеткенін де айта кетейін. Қалалық, облыстық, аймақтық, республикалық жарыстарда ол «Үздік қорғаушы», бірнеше рет «Үздік қақпашы» атағын жеңіп алды. Атасы ретінде оның осындай жетістіктерінің әрқайсына есім кете қуанып, тіпті мақтанып та отырамын.
Бес жасынан бастап стадионға апарып, бастан-аяқ жанкүйері болып жүрген, бүгінде футболдың әр терминін жаңғақша шағатын апасының да еңбегі зор. Содан кейін де апасы әрбір футбол чемпионатын немересімен қосыла тамашалап, гол соғылатын қолайлы, қауіпті тұстарды бірлесе талқылап отырады.
Әлиіміздің футболға құмарлығының, әйгілі аяқдоп ойыншыларын пір тұтатындығының күлкілі жайттарға да әкеп соқтырғаны бар. Соның бірі жаңағыдай әйгілі ойыншылардың суреттері бейнеленген футболкаға қатысты болып келеді.
Сол жолы немереміз көшеге атақты бразилиялық футболшы, осы спорт түрі бойынша әлемдегі үздік ойыншылардың бірі Неймардың (Neymar) суреті бейнеленген футболка киіп шыққан болатын. Кездейсоқ жолыға қалған жақсы ағаларымыздың бірі оны «Наймансың ба?» деп сұраққа алсын. Ол кезде ру, тайпа атауларын онша біле қоймайтын немерем сұрақты түсінбегендіктен «Неймармын», – деген жауап қайтарады. Ағамыз болса оның жауабын түсінбей «Наймансың ба?» деген сұрағын қайталайды. Әли «Неймармын», – деп қоймайды. Тіпті болмаған соң теріс айналып «Неймармын», – деп арқасындағы суретті көрсетеді.
Күтпеген қызықты тамашалап тұрған біздердің ішегіміз түйіліп қалуға таяды. Бұдан кейін де өзінен «Наймансың ба, Неймарсың ба?» деп ылғи сұрап жүретін болдық. Бұл жайтты бүгінде өзі де күліп еске алады.
Жақсы көретін немересінің болашағының жарқын болғанын қандай ата қаламайды дейсіз? Сол оқиғадан бері мен де «Неймардай бол, немерем» деген ақ тілекті дәйім іштей қайталап жүретін болдым. Өз елінің, ұлтының атын әлемге әйгілеп жүрген ондай ойыншы бола алса, атада қандай арман бар?
Нүсіпбай Додабайұлы
Талдықорған қаласы





