Ауданда 10 Мәдениет үйі, 9 кітапхана және Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі жұмыс істейді. Халықтық атағы бар «Ақтолқын» фольклорлық ансамблі, «Алтын қазына» әжелер ансамблі – ел-жұртымыздың мақтанышы.
Былтырғы жыл жаман болған жоқ. Облыс әкімдігінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Хантәңірі» халық театры құрылып, жұмысын бастады. Театр Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театрында М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» атты поэтикалық-сазды драмасымен шымылдығын ашты. Бұл ретте қоюшы режиссері болған айтулы жерлесіміз Асқар Наймантаевтың атына жүрекжарды алғысымызды айтамыз. Жаңадан құрылған театр көп ұзамай Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өткен «Пятое время года» атты халықаралық онлайн конкурсқа қатысып, аталған қойылыммен 1 орынды еншіледі. 2018 жылдан бері қарай аудандық Мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтті.
Аудандық және Қарасаз ауылдық Мәдениет үйіне 24 шаршы метрді құрайтын 2 дана LED экран, 25 миллион теңгеге жылжымалы сахна сатып алынды. Аудандық Мәдениет үйінен дыбыс жазуға арналған студия ашылып, қажетті құралдармен қамтылып, саланың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Соңғы жылдары 1 «Газель» автокөлігі, 5 компьютер, 13 ноутбук, 18 принтер, 49 радио және конференциялық микрофон, 11 дыбыс күшейткіш аппарат сатып алыныпты. Биыл Қақпақ ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек. Алдағы уақытта аудандағы Жамбыл, Сүмбе, Сарыжаз, Шәлкөде ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйлері салыну жоспарлануда. Бұл да ауыл тұрғындарының көп жылғы тілегі еді. Өткен жылы Сарыбастау ауылдық Мәдениет үйінде «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет үйлері арасында облыстық байқау өтіп, осы рухани шаңыраққа дыбыс күшейткіш аппараты тарту етілген. Сонымен бірге, Текес ауылдық Мәдениет үйіне 300 мың теңгенің сертификаты, Қайнар ауылдық Мәдениет үйіне компьютер сыйлаған. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Қарасаз ауылында «Жырларым – жылдарыммен жалғасыңдар» атты республика дәрежесінде әдеби-сазды кеш өткізілді. Биыл Текес және Қайнар ауылындағы Мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қымбат ӘЖІКЕЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы





