Мен ол кезде бесте едім. 1986 жылдың мамыр айының соңына таман анамыз перзентханаға кетті. Оның перзентхана екенін кейін білдік қой, бес жастағы балада қай бір ес бар дейсіз?! Еміс-еміс естелік: әкемнің үйдегі бала-шағаға тамақ жасап беріп жүргені, біздің улап-шулап кешкі үстел басына жиналғанымыз. Тағы бір еміс-еміс естелікте Көкталдағы перзентхананың алдында тұрмыз. Бірінші қабаттағы терезеден анам күрең қызыл шақалақты көрсетеді: дүниеге егіз келіпті. Тағы бір естелікте әлгі егіздердің атын қоямыз деп ақылдасқан үлкендердің әңгімесі жадымда жаңғырады. Дүниеге келген екеудің кіндік шешесі, үлкен шешеміз Есілхан апамыз бір ұл, бір қыздың атын Марал, Орал деп қоюды ұсыныпты. Бірақ әкемнің қойған аты ерекше еді: Еңлік, Ерлік. Осылайша біздің үйдің кенжелері Еңлік, Ерлік атанды.
Ауыл өмірі, ауыл естеліктері бір-біріне ұқсас қой. Бірақ әр отбасы үшін әр естелік өзгеше, әр естелік қымбат дер едім. Біз үшін де солай. Үйдің кенжелері Еңлік пен Ерлік беске келер шақта әкеміз жүзін бақиға бұрды. Әке бейнесі он жастағы менің өзімде бұлдыр-бұлдыр естелік, олардың жадында жатталған дүние тіпті аз шығар…
2025 жыл аяқталар тұста әлеуметтік желілерде «Биылғы жылдың қай күніне қайта барғыңыз келеді» деген сауалнамаға жаппай жауап беріліп жатыр. Әрине, өткенге еш орала алмайтынымызды білемін. Бірақ сол өткенге ең болмаса бір сәтке қайтуға болады десе 2025 жылдың қысына бірер минутқа қайта барып, туған-туыс болып бас қосқан кешке қайта қатысуымды қалар едім. Дәл сол жиында інім Ерлікті соңғы рет көріп тұрғанымызды, соңғы рет үлкен дастарқанда бас қосып отырғанымызды, соңғы рет күлісіп, қалжыңдасқанымызды жүрек қалай сезбеді, көңіл қалай түйсінбеді деген удай өкініш өзекті өртейді…
Біз үйде алтау едік. Үш ұл, үш қыз. Кенжеміз, егіздің сыңары Ерлік кішкене күнінен өлең-жырға құмар болды. Мұхтар Шахановтан бастап көптеген ақынның өлеңін, поэмасын жатқа айтатын. Өлеңге құмар болып өскен баланың жаны да нәзік келеді ғой. Біздің қату қабағымызды, жайдары қалпымызды жазбай танитын. Үлкен ағам Алматыға оқуға, одан кейінгі ағам жұмысқа кеткен шақтарда, қыстың аязды күндері таңмен таласа Ерлік оянатын еді. Біз жылы көрпеге оранып жатқанда үй суып кетпес үшін пешке ең алғаш болып ағаш әкеп, от жағатын да сол. Үш қызға ауыр жұмыс істеткісі келмеді ме, анамды аяды ма, әйтеуір үйдің жылылығын бақылау соның міндетіне айналып кеткен екен. Біз де оның бұл қамқорлығын қалыпты іске баладық па, рахмет айта қоймаппыз. Бірақ сол кішкене кезінен қалыптасқан жылылықты сақтайтын болмысы еш өзгерген жоқ. Кейін қайда жүрсе де, қандай жұмыс істесе де қас-қабағымызға қарайтын мінезінен танған жоқ. Кіші болып еркелемепті, қайта кіші екенін түсініп артық сөз айтпай, тіл қайтармай, қоңыртөбел ғана күйімен арамызда жүріпті.
Бала күнінен арманы асқақ еді. Кішкене кезінен «үлкейгенде костюм-шалбар киіп, портфель ұстайтын жерде жұмыс істегім келеді» дейтін. Ол арманына жеткенше қаншама өткелектен өткізіп, қаншама істің тізгінін ұстатып, қаншама қиындықты көрсетіп, қаншама сынақтан өткізетін өмір атты ұстаз тұрған еді ғой…
«39-ға келмей кеткен ғұмырында Ерлік көрген сәулелі сәттер қандай еді?» деп ойлаймын осы күні. Шүкір, сәулелі, қуанышты сәттері болды ғой, болды. Әке көрді, анасының тәрбиесін сіңірді, әулеттің үлкендерінің батасын алды, кішілерінің ағасы атанды. Жар сүйді, перзентті болды. Динарасымен аз да болса бақытты күндердің дәмін татты. Жанары жарқыраған жарына да Құдайдың өлшеп берген ғұмыры аздау екен, Ерліктен бұрын, ол да жап-жас қалпында арғы әлемнің есігін қақты. Екеуінің көзі мен өмірінің жалғасы болып қос құлыншақ, қос қызғалдақтың барына шүкір айтып, көзіміздің жасы көл болып ағып біз қалдық.
Сондай қиын, күйзелісті сәттердің бірінде жұбату айтқан, өзі де інісін жоғалтып алған Әлия құрбым: «Қайғы деген жоғалып кетпейді екен. Ендігіде сол қайғыны жүрегіңе орап алып өмір сүре бересің. Сен де сөйтерсің. Жүрегіңнің бір бұрышынан уілдеп суық жел соғады да тұрады. Соған қазірден бойыңды үйрете бергін» деп еді. Рас екен. Үш арсыз: ұйқы, күлкі, тамақтан бойыңды түбегейлі аулаққа салмасаң да ендігі өмір бауырды жоғалтқанға дейін және жоғалтқаннан кейін деп бөлінгенін түсінесің. Қандай да бір естеліктен ойға оралған сәтте-ақ: «Ол кезде Ерлік бар еді ғой» деген ой қоса-қабат келеді.
Ол кезде Ерлік бар еді ғой…
Бауырымыз бүтін еді, төрт құбыламыз тең еді. Күлкіміз де күмістей сыңғырлайтын, естелігіміз де көзге жас үйірмейтін. Бәрі шынайы еді. Бәрі тамаша болатын. Өкпелесек те, самарқау тартсақ та, тіпті үлкен болып қатаңдау сөйлесек те, ол кезде Ерлік бар-тын. Үндемейтін, кейде бас изейтін, кейде күлетін, кейде сөзді қалжыңға бұрып әкететін. Армандарын айтатын, неше жылғы маңдай терімен жеткен үлкен үйінде анам, қыздар бәріміз тұрамыз, ендігі қарашаңырақ – сол үй, бәрің келіп, баяғы бала күнгідей бірге отырамыз дейтін. Сол үйге үлкендер келіп бата береді, кішілер еркелеп аунап-қунап жатады дейтін. Досы да, сыйласы да көп еді. Солардың әрқайсысының басын қосып той жасағысы келетін, шаттығы мол шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешуге тырысатын. Ол шаттықты, қуанышты сәттерді ұнататын еді. Қалжыңы таусылмайтын. Қазір де «Ерлік қалжыңдағанды жақсы көретін еді ғой» деп көңілді жүруге, еңсемізді тіктеуге тырысамыз…
Кішкене күнінен зиянды әдеттен бойын аулақ ұстап не темекі шекпей, не «ащы су» ішпей кеткен оның жүрегіне салмақ түсірген зіл батпан ауырлық не екен деп жиі ойлаймын. Ұдайы саламатты өмір салтын насихаттауға тырысатын оның жүрегін әп-сәтте тоқтата қойған алып әрі ауыр салмақ неден туды дейміз. Сансыз сұрақтың жауабын іздегенде, жауабын таппағанда «емдеткенде ғой» деген өкініш уы бойға жайылғанда, Құдайдың алатын жанды бәрібір алып кетерін біле тұра «егер» деген сөздің көкейден кетпей тұрып алатыны тағы бар. «Жетім қозы тасбауыр» дейді ғой қазақ. Жетімдік әкеден айырылу ғана емес, бауырдан да қапияда көз жазып қалу екенін Ерлік кеткен соң да түсініп қалғандаймыз. Інісі барлардың күлкісі қандай таза, өмірі қандай мөлдір, айналасы қандай тамаша екенін де енді-енді түйсінгендейміз.
Иә, ол кезде Ерлік бар еді. Ерлік бар кездегі әр оқиға әлі күнге телефондағы суреттерде, бейнелерде жаңғырады. Одан әрі тереңдесек жүректің түкпірінде тығылып жатқан естеліктер де бой көтереді. Әттең, арғы жаққа бет бұрған адам оралмайды, оралса айтатын әңгімені ұзарта түсіп, бір жүрген сәттерді ұстап қалуға тырысатын едік қой.
Інімнен айырылған бір сәттерде жұбату айтқан Бексұлтан Нұржекеұлы: «Ер адам өмірінде үш қара үй, үш ақ үй тігеді дейді. Қара үйлеріңнен ақ үйлерің көп болсын. Бірақ қаралы үйді де тігу тағдырдан. Тағдырға да, Құдайдың басқа салғанына да мойынсұныңдар», – деген еді. Сол сәтте «Ерлік қандай ақ үй тігіп еді?» деп ойладым. 40-қа жетпей кеткен жасында оның қара үйі көп болғандай. Әкемізден ерте айырылдық, жары да қапияда көз жұмды… Бірақ ол тіккен ақ үй де біршама бар екен. Аяулы анасы жанында болды, бауырларымен бір жүрді. Жар құшып, перзент сүйді. Достары алқалады, әріптестері құрметтеді. Айналасына дүние емес, адам жиды. Айналасына жақсы адамды көп жиғанын мәңгілік сапарына шығарып салуға келгендердің қарасынан да байқауға болар еді. Шын өкініп, шын қимай келген қаншама адамның көзқарасынан, жүрек сөзінен оны аңғармау мүмкін емес-ті. Демек ол тіккен ақ үй де көп болғаны ғой деп жүректі жұбатқымыз келеді.
Ерлік бар кездегі әрбір оқиға жүректі сыздатуымен қатар жылытады да. Ол бар кездегі жүрек бүтін еді, сондай бүтін жүрек берген сәттер үшін де шүкіршілік етуіміз керек шығар. Ол бар кездегі естеліктердің жамауы жоқ болатын. Жамаусыз күндеріміз үшін де жұбануымыз керек шығар. Ана, бауыр, дос, туыстың қандай болуы керек екенін де Ерлік бар кездерде жақсырақ сезінген шығармыз. Ол үшін де тағдырдың дегеніне көнбеске лажың жоқ.
Ол кезде Ерлік бар еді… Жыл бұрын ғана Ерлік бар еді…
Қазір оның перзенттері бар. Құдай соларға ғұмыр берсе екен.
Қарагөз СІМӘДІЛ




