Көпшілік арасында «Бақ дарыған өңір» аталатын Балқаш ауданының топырағында талай-талай танымал тұлғалар дүниеге келді. Солардың қатарында Жетісу өңіріндегі бірнеше ауданды басқарып, жалпы облыс деңгейінде де лауазымды қызметтер атқарған, қазіргі кезде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Ерғазы Қошанбековті атауға болады.
Алғашқы таныстық
Беделді басшы, қай іске да жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, сегіз қырлы, бір сырлы атпал азаматпен таныстығым өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарының ортасынан басталған. Аудандық газеттің өмірі бітпейтін қат-қабат істерінің қамымен «Желтораңғы» кеңшарына іссапарға бара қалғанымда алдымен жолыққан адамым сол шаруашылықтың бас зоотехнигі болды.
Әдетте мал мамандары күнделікті күйттеп жүрген шаруаларынан басқа тақырыпқа көп әңгіме айта бермейді ғой. Ал Ерекең болса қай мәселе жайына келсе де көсіліп сала береді, ойын мақал-мәтелмен түйіндеп, нақты мысалдармен тұжырымдап отырады екен. Бұл жағынан алғанда оны құмды өңірде төрт түліктің ғана қамын күйттеп жүрген зоотехник емес, құдды бір тіл маманы, ұлағатты ұстаз деуге де келетіндей. Осылайша арадағы әңгімеміз бірден жарасып, бір ғана жүздесудің барысында талай шаруаның басын қайырып тастағандай едік.
Дана бабаларымыз «Адам жүздескенше, жылқы кісініскенше» деген тәмсілді бекер айтпаған ғой. Сол айтқандай, Ерекеңмен осындай алғашқы жүздесудің аяғы кейіннен сондай талай кездесулерге, сырлы сұхбаттарға ұласқан жайы бар.
Сондай кездесулердің бірінде Ерғазы Қошанбекұлына «Сөйлегенде қазақы тілдің майын тамызып сөйлейсіз, сөйте тұра ұстаз, журналист секілді мамандықтарды меңгермей зоотехниктікті таңдаған екенсіз. Жалпы бұл мамандыққа келуіңізге не себеп болды?» деген сұрақ қойған едік.
Сұхбаттасымыз бұл сұрақты көңіліне алып қалғандай болды. Әлде бізге солай көрінді ме, кім білген, бірден бастырмалатып: «Зоотехник екі сөздің басын қосып сөйлей алмайды деп кім айтты? Маманның көкесі саналатын дана бабаларымыз сол қойды бағып жүріп-ақ ой бағып, кейінгі біздерге талай-талай ой маржанын қалдырды емес пе? Біздің ауылда да сондай ой баққан дана қариялар көп болды. «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деп Әбілхан Қастеев айтпақшы, мен де жатық сөйлеуді жаңағыдай қариялардан үйренген шығармын. Айдын көл мен ерке өзен, бірден бірге созылып жатқан құмды өлке секілді тамылжыған табиғат бізде де бар», – деп аздаған реніш аралас сөздерін төкпелетіп жіберген. Замандастың осынау орынды уәжіне біз де қарсы дау айтпадық.
Ата-ана өнегесі
Ерғазы Қошанбекұлы, өзі айтып өткендей ұшы-қиырсыз құмды өлкеде, қысы суық, жазы аптап ыстық берекелі өңірде 1975 жылғы 25 қыргүйекте өмірге келіпті. Сол өңірдің қиыр шетінде, Алматы сияқты ірі мегаполистен ғана емес, Бақанас сияқты аудан орталығынан да шалғай орналасқан «Құйған» кеңшарының екінші фермасының орталығы Қарабек аталатын ауылда балалық шағы өтіпті.
«Қайран Қарасазым-ай, үйрек ұшып, қаз қонған» деп ақиық Мұқағали айтпақшы, төменгі Топар өңірі де үйрек ұшып, қаз қонған, береке-байлығы тасыған ырысты өңір. Ерекең сондай қасиетті топырақта дүниеге келді. Ерке Іленің айдынында еркін жүзіп, ыстық құмына табанын күйдіріп, шыңылтыр аязына шыңдалып өсті. Қошанбек секілді асқар тау әке мен Жанымкүл тәрізді ақжүрек ананың тәлімін алып азамат болып ержетті.
Қошекең деп қалдық, осы жерде бүкіл Балқаш өңіріне өзгеше сыйлы, жалпы жұртшылыққа ақкөңілділігімен қатар баладай аңқаулығы да аңыз болып тарап кеткен марқұм Кошанбек Бекетайұлы жайында бірер сөз айта кетейік. Кезінде туған ауылында, «Құйған» кеңшарында есепші, ауыл кеңес хатшысы, төрағасы, ферма, қойма меңгерушісі болып еңбек еткен ол кісінің аузынан шыққан әрбір әзіл сөзі айналасына сол сәтінде тарап, ел арасында осы күнге дейін айтылады. Өзі Ысты руынан, қайын жұрты болып келетін Жалайырдың Шолпанқұл атасынан тараған замандастарымен қатты қалжыңдасады екен. Бұл жағынан алғанда қазақтың жезде-балдыз арасындағы жарасымды әзіл-қалжыңы шынайы көрініс береді.
Жаңағы айтқан аңқаулығы жайындағы әңгімелер өз алдына бір төбе. Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов сондай әңгімелердің бірін былай деп еске алады: «Желтораңғыға» директор болып тағайындалғанда Қошанбек аға сынды көргені көп, көңілге түйгені мол ақсақалдардың ақылына сүйендім. Бірде Балатопар ауылында өткен іс-шараға қатысып, «УАЗ» мәшинесімен келе жатқанымда автобус аялдамасында тұрған Қошанбек ақсақалды танып, мәшинеге отырғыз алдым. Әдеттегідей қауқылдасып амандық сұрастық.
Бір уақытта бізді екі дөңгелекті мотоцикл басып озды. Көлік үстіндегі түлкі тымақ, дәу күпәйке киген жігітті Қошекең шал деп ойлапты.
– Ойпырмай, Серікжан, – деген еді сонда Қошанбек аға өзіне тән аңғалдығын жасыра алмай. – Мына шалдың мықтысын-ай, төрт аяқты мәшинеден екі аяқты мотоциклмен озды ғой.
Еріксіз күлкіге ерік бердік. Осындай бала мінезі ауылдастарының қызықты әңгімесіне арқау болып жүретін, көкейіне кір сақтамайтын ағамыз еді ол кісі».
Кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қошекең зайыбы Жанымкүл Толықбайқызы екеуі 6 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балалары мен немерелерінің қызығын көріп, өмірден ұрпақтарына риза көңілмен аттанды. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деп ертегіде айтылатындай, қария «Басқа балаларым бір төбе де, Ерғазым бір төбе» деп масаттанып отырады екен.
Қазақ ырымшыл халық қой. Қошанбек ағамыз бір жолы ауданнан келе қалған өкілдің аяғына бала Ерғазының пимасын кигізіп, бір-екі күн бойы алып жүріпті.
Оқиға былай болыпты. Аяқ астынан боран соғып кетіп уәкіліміз аяғындағы жұп-жұқа туфлиімен ферма араламақ түгілі есіктің алдына да шыға алмай қалады. Өзі қаршығадай ғана шағын денелі кісі екен. Содан кейін де аяғына баланың пимасы шап-шақ бола кетеді.
Кейін бұл жайтты еске алғанда Қошекең: «Балам, өскенде сен де райкомда жүрсін деп пимаңды өкілдің аяғына әдейі ырымдап кигізген болатынмын», – деген екен.
Иә, Жаратқан Алланың тарапынан әкенің ақ тілегі қабыл болып, үміт күткен ұлы «райкомда» да қызмет атқарды, облыстық деңгейде де жауапты жұмыстар істеп, көп көңілінен шықты. Қай қызметте де елден алғыс қана алды. Жаратқан Аллаға шүкір, жаман атқа қалған кезі болған жоқ. Бұл ретте де асқар тау әке мен аяулы ана өнегесінің үлкен рөл атқарып, көпбалалы отбасында көпшіл, бауырмал болып өскенінің өзіндік әсері болғаны сөзсіз.
Жаңағы айтқан ана өнегесі болар, Балатопар ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын сауда саласынан бастады. Әскер қатарында болып келгеннен кейін де сол ауылдағы азық-түлік дүкенінің меңгерушісі болып, ауылдастарына мінсіз қызмет көрсетуге күш салды. Осылайша жерлестеріне сауда саласының үздігі ретінде танылған Жанымкүл анасының тағылымды жолын жүйелі жалғастырған.
Өмір асулары
Әйтсе де сатушылықты түпкілікті мамандық қатарында қарастырмаған жас жігіт ойланып-толғана келе мал маманы боламын деп шешті. Сол мақсатпен Алматы қаласындағы Қазақ малдәрігерлік институтына түсіп, ендігі жерде шаруашылық жұмыстарына араласты. Бұл орайдағы жұмысын «Құйған» кеңшары кадр бөлімінің инспекторы болып бастап, ферма меңгерушісі, «Желтораңғы» кеңшарының бас зоотехнигі лауазымында жалғастырды.
Ерғазы Қошанбекұлының өмір, еңбек баспалдақтары бұдан кейінгі кезде де дәйім биікке қарай бастады. Мәселен, 1992-1996 жылдары сол кездегі Күрті ауданының орталығы Ақши ауылындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшардың директоры қызметіне тағайындалса, содан кейінгі уақытта қатар жатқан қос аудан – Күрті мен Балқаш аудандарының ауылшаруашылық басқармаларына жетекшілік етті. 1998 жылы Балқаш ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарыласа, бас-аяғы екі-үш жылдан кейін сол ауданның әкімі лауазымына тағайындалып, бұл қызметті бас-аяғы он жыл бойы абыроймен атқарды.
Иә, өзің туған өлкені басқарудан артық бақыт та, одан өткен жауапкершілік те жоқ шығар деп ойлаймын. Олай дейтінім, мектепте бірге оқыған сыныптас достарың да, ауылдас ағайын да, тіпті өзіңді жерлес санайтын жалпы жұртшылық та әкімдіктегі әрбір қадамыңды өзгеше ықыласпен бақылап отырады. Сені мақтаныш етіп қана қоймай сәтті басталып, аяқталған әрбір шаруаңа қуанып, жүрмей қалған кейбір жұмыстарыңа өзіңмен бірге жаны ауырып жүретіні де жасырын емес. Ерғазы Қошанбекұлы сол жылдары мұндай жауапкершілікті жан-тәнімен сезініп, талап биігінен табылу үшін бар күш-жігерін салып еңбек етті. Ең бір қиын кезеңде осы өңірді басқарып, жұртшылықты өтпелі кезеңнің тығырығынан алып шыққан Әмір Күлмаханов бастаған жақсы істерді осылайша жүйелі жалғастырып, аудан экономикасының серпінді дамуын қамтамасыз етті. Шаруашылықтың әр саласы алға басып, рухани салада да ел есінде қалар маңызды шараларға ұйтқы болды. Сол қатарда осы өңірде дүниеге келіп, тіршілік еткен ақын-жазушылар Балтағұл Бигелдиев пен Зекен Әбілдаев, Нұрсапа Аманжолов пен Бек Тоғысбаевтардың өмірі мен шығармашылығына арналған шараларды атап өтуге болады.
Қарап отырсақ, Ерекеңнің алған марапаттары аз емес. Жаңағыдай еңбектері, басшылық қызмет барысындағы қомақты көрсеткіштері үшін «Құрмет» орденінен бастап «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталыпты. Әйтсе де сол марапаттардың арасынан бөліп атайтын тағы бір өзгеше награда бар. Ол – «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағы.
Шын мәнінде өзің туып-өскен өлкенің Құрметті азаматы атанудан артық мақтаныш та, құрмет те, одан артық марапат та жоқ шығар. Содан кейін де Ерекең бұл атағын орынды мақтаныш етеді. Оның сол ауданда істеген еңбегіне берілген нақты баға да негізінен осы атақпен түйінделіп тұр деуге болады.
Сарқан ауданын басқарған жылдары да осындай қаншама жақсы істердің атқарылуына бастамашы болып, өлке тарихында өзіндік жарқын ізін қалдырды. Мал тұқымын асылдандыру жұмысын жүйелі жалғастырып, тауарлы-сүт фермаларын ұйымдастыру, алма бақтарының ауқымын кеңейтіп, қант қызылшасы алқаптарының көлемін арттыру жұмыстарының жандануын қамтамасыз етті. Рухани сала да өркендеп, жылдар бойы жабық тұрған Мәдениет үйлері жұмыс істей бастады. Осылайша аудан тіршілігінің тамырына қан жүгіріп, кітапханалар мен клубтарда мазмұнды шаралар көптеп өткізілетін болды. Сөз орайы келгенде Ерекеңнің Сарқан ауданындағы қызметінің де сол өңірдің Құрметті азаматы атағымен түйінделгенін атай кетейік.
Ерғазы Қошанбекұлы Талдықорған өңірінде, Жетісудың төрінде де өзінің айшықты ізін қалдырып, осынау жаннаттай өлкенің өз перзентіне айналды. Қазіргі «Аманат», бұрынғы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған кездері де көп жылғы өмірлік тәжірибесін пайдалана отырып, туындаған өзекті мәселелерді дәйім парасатпен шешуге ұйтқы болып жүрді. «Аманат» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде бұл орайдағы шаруасын бүгінгі күні де қоғамдық негізде жалғастырып келеді.
Жанға ұя – жанұя
Өмірде, қызметте белгілі бір жетістікке жеткен әр азаматтың жанында берік тылы, қолдаушысы, сүйеніші ретінде әйел тұратыны белгілі. Бұл орайда Ерғазы Қошанбекұлының отбасы жайлы да бірер сөз айтып өткенді жөн көрдік. «Бағыма зайыбым адал сүт емген адам болып жолықты. Екеуміз ата-анамыздың ақ батасын алып үйлендік. Алты қыз өсіріп, құтты орындарына қондырдық. Әрқайсының өмірде өз орындары бар» деп Ерекеңнің өзі атап өткендей, зайыбы Ғалия Жанболатқызы оның өмірдегі әрбір ісіне жанды қолдау білдіріп, жемісті қызмет атқаруына қажетті жағдай жасап келеді.
Бұрындары «жанұя» деген ұғым қазіргі отбасы деген мағынаны білдіретін еді ғой. Қанша дегенмен бұл атау осы күнге дейін естір құлаққа жылы, адам жанына жағымды естіледі. Сол айтқандай, Ерекеңнің де жанұясы өмірдің жақсылықтарында дәйім жанында болып, күтпеген қиындық, өзгеше қауіп туған кезде де қасынан табылды. Бақытты ата-әже бүгінде ұрпақтарының қызығын тамашалап, солардың амандықтарын тілеп бақуатты ғұмыр кешіп келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Ерекеңнің бауырлары Балатопар ауылында абзал әкелері Қошанбек Бекетайұлы мен аяулы аналары Жанымкүл Толықбайқызының рухтарына арнап ас беріп, үлкен іс-шара өткізді. Шара барысында кішігірім айтыс ұйымдастырылды. Жергілікті әнші-күйшілерге сарқандық өнерпаздар қосылып, әсерлі концерт те өткен болатын. Жан-жақтан жиналған ағайын-туыс пен құда-жегжаттар мұның өзі өсіп келе жатқан кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай шаруа екенін айтып, жарық дүниеге келгендеріне тұтас ғасыр болған үлкен кісілерді еске алып еді.
Сөзіміздің соңын сондай қуаныштарда айтылған ақ тілектер қабыл болып, әулеттің Нұрғазы мен Ерғазыдай үлкендері бастаған азаматтарының өмір жасы да ғасыр-ғұмырға ұлассын деп түйіндегіміз келеді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Jetіsýdyn» ардагер журналисі





