Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын 23 жастағы жас әнші Ирем Гөкче қазақ тілінің әуезділігіне ғашық болып, өз туындыларын екі тілде қатар өріп жүрген өнерпаз. Музыка арқылы бауырлас елдердің рухани байланысын нығайтуды көздеген Иремнің қазақша ән жазудағы алғашқы қадамы, қазақ тілін үйренудегі қызықты сәттері мен болашаққа құрған жоспары туралы әңгіме өрбіттік.
– Ирем, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет! Өнер жолыңыз қалай басталды? Музыкаға қызығушылығыңыз қашан пайда болды?
– Музыкаға қызығушылығым бала кезден басталды. Кейіннен музыкалық білім алу үшін Ыстамбұл техникалық университетінің Түрік музыка-консерваториясына оқуға түстім. Қазіргі уақытта музыкалық жобаларыма көңіл бөліп жүрмін. Атап айтқанда, түрік және қазақ тілдерінде ән жазып, шығармашылықпен айналысамын. Сонымен қатар білімімді жалғастырып, оқуымды аяқтауға да күш салып жүрмін.
– Қазақ тілін қашан және қалай үйрене бастадыңыз?
– Қателеспесем, қазақ тіліне деген қызығушылық 2023 жылы басталды. Уақыт өте келе тілдің әуезділігіне махаббатым арта түсті. Қазақ әндеріндегі ерекше тебіреніс пен сезімді жеткізу тәсілі маған ерекше әсер қалдырды. Әннен алған әсерім осы тілді жақынырақ тануыма және оны шығармашылығымда қолдануыма себеп болды. Басында әліпби айырмашылығы мен дыбысталу ерекшелігіне байланысты аздаған кедергі болды. Бірақ адам баласы бір іске шын жүрегімен бекініп, бүкіл болмысымен берілсе еңсере алмайтын асу жоқ екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім.
– Түрік әншісі бола тұра, қазақ тілінде ән айту идеясы қалай пайда болды?
– Екі елдің ортақ мәдени тамыры тереңде екенін түсінген сайын, көңілімде бір асқақ арман пайда болды. Музыка арқылы Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани және мәдени байланысты нығайту. Осы игі қадамды елімнің тарапынан өзім бастауды жөн көрдім.
– Қазақ мәдениетінің сізге ерекше әсер еткен қырлары бар ма?
– Бауырлас мемлекеттің мәдениеті тек музыкасымен ғана емес, адамдардың болмысымен де бірден баурап алды. Қазақ халқының сезімді шынайы жеткізе білуі мен айрықша қонақжайлығы мені ерекше тебірентті.
– Алғаш тыңдаған қазақша әндер есіңізде ме? Сізге шабыт беретін қазақ әншілері немесе композиторлар бар ма?
– Музыкалық талғамыма келетін болсақ, алғашқы қадамдарым İlhan-ның «Арман» әнінен басталды. Кейіннен Димаштың әндері, Sadraddin-нің «Қанша күн» туындысы жүрегімнен ерекше орын алды. Әсіресе, «Махаббат деген қандайды» әні менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Оны алғаш үйренген кезімде талай күн бойы жатқа айтып жүргенім әлі есімде, сол әуен әлі күнге дейін жанымды тербетеді. Sadraddin-нің екі тілді қатар алып жүріп, өнерде ерекше стиль қалыптастыруы маған үлкен шабыт сыйлады. Ол бұл бағытты Қазақстанда жандандырса, мен дәл сол миссияны Түркияда жалғастырып жатырмын.
– Қазақша ән орындағанда қандай қиындықтарға тап боласыз?
– Әрине, фонетикалық жағынан алғанда, белгілі бір қиындық болғаны рас. Түрік және қазақ тілдері түбі бір, өте жақын болғанымен, дыбысталу ерекшелігінде айырмашылық бар. Сол нәзік иірімдерді дұрыс жеткізу оңайға соқпайды. Егер әнді жүрегіңмен тебіреніп айтсаң, тыңдарман да оны сөзсіз жүрегімен қабылдайды.
– Әндеріңіз көбіне қандай тақырыптарқа негізделген?
– Туындыларым негізінен сағыныш, махаббат және өмірлік ізденістерге негізделген. Осы орайда, алғашқы синглім – «Nege» әні туралы айта кеткім келеді. Бұл менің қазақ және түрік тілдерін астастырып, музыкалық тұрғыдан синтездеген алғашқы туындым. Осы шығарма арқылы адамның ішкі сағынышын мен жауапсыз махаббатты жеткізуге тырыстым.
– Бұған дейін Қазақстанға келіп көрдіңіз бе? Қандай әсер қалдырды?
– Иә, 2025 жылы қазан айында арманым орындалып, Ақтау қаласына табан тіредім. Каспий жағалауындағы қаланың әдемілігі таңғалдырды. Оның үстіне адамдардың кеңпейілділігіне тәнті болдым. Себебі, Түркиядан келгенімді және қазақ тілінде сөйлеуге талпынып жатқанымды көргенде, адамдардың шынайы қуанышы мен таңданысын көру мен үшін үлкен бақыт еді. Ең қызығы, түрік тілін жақсы білетін жандарды да жолықтырдым. Осындай жақындықты сезіну менің қазақ тіліне, жалпы қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырды. Жазда Қазақстанның ірі шаһарлары Алматы мен Астанаға сапар шегуді жоспарлап отырмын.
– Қызықты оқиғалар болды ма?
– Көбіне тыңдармандар қазақ қаны бар деп ойлап, таңырқап: «Сен қазақсың ба?» деп сұрап жатады. Ұлтымды естігенде таңырқап, тосырқап қалады. Әлі күнге дейін «Қазақ тілін қалай осыншалықты жақсы үйрендің?» деген сауалдар легі толастаған жоқ.
– Ирем, болашақта Қазақстанда концерт беру немесе қазақ әншісімен дуэт айту ойда бар ма?
– Әрине! Осы сәтті пайдаланып жағымды жаңалықпен бөлісе кеткім келіп тұр. Қазіргі таңда қазақстандық әншімен дуэтім дайын тұр, тек аранжировкасын жетілдіріп, жарыққа шығаруға дайындалудамыз.
– Қазақ тілінде жақсы көретін сөзіңіз бар ма?
– Айналайын.
– Ирем, сырлы сұхбатыңыз үшін рақмет! Сіздің қазақ тілі мен мәдениетіне деген шынайы ықыласыңыз бізді бей-жай қалдырмады. Қазақ пен түрік бір тамырдан тараған бауырлас халықтар, ал сіз сол тамырға музыкамен нәр бердіңіз. Алдағы уақытта Қазақстанның төрінде ән шырқайтыныңызға сеніміміз мол.
Туған жылы: 2002 ж.
Туған жері: Түркия, Ыстамбұл
Сүйікті ісі: Би билеу, ән айту
Сүйікті асы: Түрік таңғы асы
Сүйікті әншісі: Димаш Құдайберген
Арманы: Үлкен сахнаға шығып, тыңдарманмен жүздесу,
жеке концерт беру
КЕЙІПКЕРДЕН БІР ТІЛЕК
Қазақ халқының өнерпаздарына, олардың таланты мен кәсібилігіне үлкен құрметпен қараймын. Олардың шығармаларында өте терең сезім, тазалық және ғасырлар бойы сақталған бай мәдениеттің ізі бар. Музыка адамдарды рухани байланыстыратын ұлы күш екеніне кәміл сенемін. Қазақ тілін ынтамен үйреніп, әндерімді екі тілде қатар жазып жүргенімнің басты себебі де осы. Бауырлас екі елдің арасындағы алтын көпірге айналғым келеді. Ең үлкен тілегім бүкіл әлем түркі халықтарының музыкасын, оның тылсым әуезі мен бай болмысын жақынырақ таныса екен деймін. Егер осы игі мақсатқа, түркі әлемінің танылуына аз да болса үлес қоса алсам, өзімді шын бақытты сезінер едім.
Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ






