Ол кісіні көрген сайын қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген сөзі ойыма еріксіз оралады. Себебі, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Құрманкүл Бестерекованың аудан педагогикасы тарихында да, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында да өзіндік ізі жатыр.
Құрманкүл Керімқұлқызы осы Балқаш ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келді. 1973 жылы Ақкөл орта мектебін бітірген соң арман қуып қазақтың маңдайалды оқу орны Ұлттық университеттің филология факультетінің студенті атанды. Аталған оқу орнында мемлекет және қоғам қайраткері, қазір сол университеттің ректоры Жансейіт Түймебаевпен бірге дәріс алды. Олармен талай рет студенттердің ғылыми қоғамында бірге еңбектер жазып, бірге қорғап жүрді. Ауылдың қарапайым қызы өзіндік терең ойларымен, ғылымға бейімділігімен қатар-құрбыларын таң қалдыратын.
Аузын айға білеген академик Зейнолла Қабдолов та, академик М. Томанов та ерекше үміт күтіп, ғылыми жұмыстарда жетекшілік атқарды. Құрманкүл Керімқұлқызы тыным алу дегенді білмейтін. Университеттегі аспиранттармен де бірге ғылыми зерттеулер жүргізді. Сабақтан бос кездерді А. Пушкин атындағы кітапханада, мемлекеттік архивтерде өткізді. Одан қала берді, университеттегі түрлі үйірме жұмыстарынан табылды. Осындай ізденіспен ақыры жоғары оқу орнын тамамдар сәт те келіп жетті.
Құрманкүл Керімқұлқызына аталған университеттің аспирантурасына қалу ұсынылды. Бірақ туған жерге білім нәрін сепсем, өзімдей әдебиетке құмар, жазуға бейім, қара сөзден май қалқыған қазақтың сөз шеберлігін кейінгі ұрпаққа меңгертсем деген арман жетегімен туған өңірі Балқаш ауданына жол тартты.
Қызыққа толы сәттер
Еңбек жолын Бақанас мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Түнімен сабақ жоспарын жазу, көрнекіліктер дайындау, дәптер тексеру сынды машақатты жұмыстар атқарды. Бұрын тек өз білімі үшін жауап берсе, енді бүкіл сыныптағы оқушылардың білім деңгейі үшін жауапкершілік те артылды. Дегенмен ол бұл істерді қиындық деп ұқпады, керісінше, жетістікке жету жолындағы қызықты сәттер деп есептеді.
Жігерлі жас тез арада мектеп мұғалімдері арасында беделге ие бола бастады. Себебі, мектептегі жүргізілетін іс қағаздарға да сауаттылық керек еді. Грамматикалық қатеден бөлек сөйлемдердің стильдік қателеріне де назар аударылып жатқан сол шақта сауатты жазатын кадрлар мектептерге ауадай қажет болды. Сондықтан аз мерзімнен соң мектептің педагогикалық кеңесінің хатшылығы жүктелді. Осы сенім оның арманын одан әрі ұштай түсті. Үй шаруасы емес, бірінші кезекте мектеп жұмысы тұрды. Және оны абыроймен атқарды да.
Бұрын өзін ғылым жағынан дамытып келген Құрманкүл апайдың алдында енді әдістемелік қырын жетілдіру мәселесі тұрды. Бұл орайда сол кездегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік, алғыр, білікті ұстаздары Жақаш Басшыбайұлы, Сағынбек Толғанов, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Тауарбала Рымқұловалардың көп көмегі болды. Сөйтіп бұл жақтан да жақсы ұстаздардың ортасында шыңдалды.
Оқушыларды бос кездерінде әдеби үйірмелерге тартып, сыныпта алған білімді ары қарай жетілдіруді қолға алды. Үйірме мүшелеріне шағын мақала, ой-толғаулар, суреттемелер жаздырып, олардың қабілетін дамытуға атсалысты. Аз мерзімде оқушылары аудандық олимпиадада жүлдеге ие бола бастады. Оның қабілетін байқаған білім бөлімі еңбек өтілі аз болса да аудандық олимпиаданың қазылар алқасының мүшелігіне сайлады. Бұл кезде де өзге мектептердегі оқушылар білімін бағалап, өзі дайындаған оқушылардың жетістіктері мен әлі де жетілдірер тұстарын саралады. Сол қазылық кезінде әділдіктің ақ туын көтеріп, оқушылардың өз білімімен биіктерден көрінуіне қол жеткізді.
Осылайша көзге түскен Құрманкүл Бестерекованы аудандық білім бөліміне әдіскерлік жұмысқа шақырды. Бұл кезде тәжірибе жинақтап, оң-солын танып, өзі де өзгеге тәлімгер болар шаққа жеткендіктен келісім берді. Бұрын тек өз пәнінің айналасында өзінің жеке құзыреттілігін жетілдіру мақсатында ізденіс танытып жүрген оған енді аудандағы барлық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіру, сол пән бойынша барлық оқушының білім сапасын арттыру жүктелді. Тынымсыз еңбек бұл жерде де жалғасын тапты. Өзі жүргізген үйірме жұмыстарының енді барлық мектепте талапқа сай жүргізілуіне назар аударды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің рөлін арттыруға атсалысты. Себебі барлық мектептегі іс қағаздарының міндетті түрде сауатты жазылуына қол жеткізу керек болатын. Сонымен бірге ауданға келген барлық хабарламаның сауатты жазылуына баса назар аударды. Ондай ақпараттардың бәрі ауданда Құрманкүл Керімқұлқызының назарында болатын. Сонымен бірге облысқа баратын ақпараттар да апайымыздың қолынан өтті.
Сол жылдары аудан мектептерін бітіруші түлектердің ішіндегі «Алтын белгіге» үміткерлердің жұмысы облыстық тексеруден өтетін. Сол себепті «Алтын белгіге» үміткерлер жұмысын жетілдіру ісін білімдерінің талапқа сай болуы үшін 10-сыныптан бастап қатаң назарда ұстайтын. Әр тоқсан соңында оларға шығарма жазғызып, арнайы комиссия құрып тексеретін. Каникул аралығында ол жұмыстарды саралап, жетістік-кемшіліктері талқыланатын. Сөйтіп пән мұғалімдеріне, мектеп басшыларына арнайы тапсырмалар беретін-ді. Сол кездің үлкен нәтижесі ретінде барлық оқушының жұмыстары облыстан топ жарып шығатын. Аудан оқушыларының жұмыстары мақтауға да ілініп жүрді. Сол кезде осы жұмыстарды саралайтын облыстық білім басқармасының маманы Баян Мұхамедиярова: «Құрманкүл Керімқұлқызы өте жауапты маман болды. Қандай жұмыстар тапсырылсын уақытында, талапқа сай жүзеге асырылатын. Оның осы жауапкершілігін біз өзге аудандарға үлгі етіп айтатынбыз. Ізденісі де ерекше еді. Ауданнан олимпиадаларға келген оқушыларының дайындықтары да талапқа сай болатын», – деп толғанды.
Жалғыз қазақ тілі мен әдебиеті саласына ғана емес, сол кездегі білім бөлімінің маманы Қанышкүл Қартақызымен бірлесіп облысқа баратын мектеп басшыларының, тәжірибелі ұстаздарының аттестаттау жұмыстарының да сапалы жазылуына атсалысатын. Сонымен бірге марапаттау қағаздары да асқан жауапкершілікпен жіберілетін. Соған орай да қаншама мектеп басшылары, ұстаздар биік марапаттарға ие болды. Ондай марапаттарға ие болған мұғалімдердің білім беру ісіне деген құлшынысы артты. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына негіз туындады. Бұл бүкіл аудан мекемелерінде сапалы білім беруге қол жеткізілуге бастау болды. Оқушыларымыз облыстық, республикалық олимпиадалардан, ғылыми жобалардан, түрлі байқаулардан орын алып, ауданның білім деңгейі өсті.
Ішкі саясаттың іскер басшысы
Құрманкүл Керімқұлқызының жұмыстарының және бір биік шыңы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімін басқарған кезінде көрінді. Өнер адамдарының: «Театр киімілгіштен басталады» дегеніндей, сол жұмысқа келген бетте бірден көшелердегі, аудан орталығына, ауылдарға кіреберістердегі билбордтардың, нақыл сөздердің сауатты жазылуына қол жеткізді. Барлық билбордтардың мемлекеттік саясат негізінде болуына, тәуелсіз еліміздің арманымен үндесуіне, болашағының жарқындығын көрсететіндей ғибратты сөздермен жазылуын қамтамасыз етті. Жастар ұйымдарына да басшылық жасап, қоғамның қозғаушы күші – жастардың ауданның мәдени, экономикалық өмірінде атқарар рөлін күшейтті. Атамекен тарихын зерттеуге тартып, аудандық музеймен, мәдениет бөлімімен бірлесіп «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбында аудандағы киелі мекендерді зерттеу жұмыстарын қолға алды. Оған білім бөлімімен бірлесіп, мектеп оқушылары да тартылды. Оның біразы аудандық «Балқаш өңірі» газетінде жарияланды. Облыстық архивтер басқармасына да бірталай жұмыстардың жіберілуіне қол жеткізілді. Сөйтіп жастар белсенділігі де арта түсті.
Ол кез еліміздің тәуелсіздігін тұрақтандыруда әр мемлекеттік қызметкердің алдында көптеген шаралар күтіп тұрған шақ болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан–2030» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын ел арасында дұрыс түсіндіру қажет еді. Сонымен бірге әр жыл сайын еліміздің дамуындағы атқарылған шаралар мен алдағы міндеттерді жоспарлаған Жолдауларды да ел арасында түсіндіру жұмыстарын тиімді тәсілдермен, ел көңілінен шығатын дәлелдермен, шебер тілмен жеткізу міндеттері тұрды. Мұндайда ауылдық округ халқының алдына баратын түсіндіру тобының құрамын жинақтауда да көреген көз, әділ жүрек керек-тін. Құрмаш Керімқұлқызы бұл орайда да өзінің терең білімі мен биік талғамын көрсетті. Аудан халқы Елбасының әр пікірін үлкен түсіністікпен қабыл алды. Сөйтіп дамуға бет алған еліміздің өзіндік сара жолға түсуіндегі бұл еңбегі де ерекше еді.
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттарын, облыстық, аудандық депутаттарды сайлау науқанында да көшбасшылардың бірі болды. Тіпті үй көрмей, аудандағы әр селолық округ әкімдерінің жұмыстарын бірлесе атқарды деуге болады. Халық болған соң сөзге еретіндер де болады. Әр түрлі қиғаш пікірлердің иесі де табылады. Оны өршітіп отыратын топтар да кездеседі. Олардың бәріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу оңай жұмыс емес. Және қаншама уақыт алады. Құрмаш Керімқұлқызы ауыл ардагерлерімен де дидарласты. Мектеп мұғалімдерімен де кездесулер өткізді. Жалпы халықтың да алдында мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіріп жүрді. Бұл қазіргі таңда мемлекетіміз аяғынан тік тұрған сәтте оңай шығар. Ал сол бір кезде өте күрделі әрі жауапты сала еді. Сол жұмыстардың бәрінде ел жүгін, аудандық әкімдік артқан міндеттерді қайыспас қара нардай көтере білді.
Аудандық «Балқаш өңірі» газетінің ұжымына да қамқорлық күшейді. Олардың сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да өсуіне қол жеткізілді. Аудандық газеттің жазылушыларының да саны өсті. Ондағы жарық көретін материалдар да ауданның әлеуметтік, экономикалық, саяси жұмыстарының шынайы көрініс табуына, аудан халқына дұрыс жеткізілуіне атсалысты. Сөйтіп тынымсыз еңбек бұл жерде де жалғасын тапты.
Тәрбие бесігін тербеткен
Еңбек жолы қайтадан аудандық білім бөлімінде жалғасын тапты. Бұл жолы әдістемелік сала емес, енді тәрбие саласын қадағалаушы әрі жүзеге асырушы маман болды. Еліміз де экономикалық жағынан дамып, біртіндеп аудандағы балабақшалар мен кітапханалар ашылып жатқан шақта оқушыларға жан-жақты тәрбие беру міндеті күн тәртібінің басты саласына айналды. Оқушылардың сабақтан тыс кезінде түрлі аудандық шаралар ұйымдастыру міндеттері күн сайын көбейе бастады. Сол сәтте аудандағы білімді әрі дарынды оқушылардың «Шамшырақ» шеруін ұйымдастырды. Қазақтың тұңғыш демократ-педагогы Ы. Алтынсариннің: «Оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар» – деген қанатты қағидаға айналған сөзі осы шарамен ерекше үндестік тауып жатты.
Бұл шара облыс көлеміндегі де тұңғыш шара еді. Сондықтан да аудандағы алғаш ұйымдастырылған бұл шара облыс жұртшылығына да үлгі болды. Аудан кәсіпкерлерінің арасынан демеушілер тауып, әр мектептен келген дарынды оқушыларымыз сыйлыққа ие болып, қуанып қайтып жатты.
Дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыс біртіндеп «Балқаштың дарынды өрендері» атты жинақ болып шықты. Онда дарынды оқушылардың қандай жарыстарда жүлде алғаны, шығарған өлеңдері, жазған мақалалары, т.б. топтастырылды.
Ауданда тәрбие саласын жүзеге асыратын мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары. Сондықтан олардың сапалық жағынан өсуіне назар аударып, облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтымен байланыс орнатып, арнайы курстар ұйымдастырды.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да тынымсыз істің бірі. Мектептердің ішіндегі мектепішілік лагерьлерден бөлек мектеп сыртында да лагерьлер ұйымдастырылды. Ауданда тұңғыш рет Аралтөбе орта мектебінде далалық лагерьдің ұйымдастырылуына қол жеткізілді. Содан бері Аралтөбе орта мектебінде аталған лагерь бүгінде сегізінші жылы ұйымдастырылуда. Бұл да облыста көп ұйымдастырыла бермейтін бірегей шаралардың бірі.
Одан тысқары облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын лагерьлерге алдымен облыстан орындар бөлінуін қол жеткізу, содан соң балаларды жинақтау, олардың аман-есен жетуі мен келуі, кейін оқушылармен кездесу ұйымдастыруы да атқарған істерінің бір парасы. Әсіресе сондай сәттерде бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды тартуды басты міндеті санайтын. Тіпті оларға лагерьден кейін де түрлі қамқорлықтар таныту үшін «Қамқорлық» акциясын ұйымдастыруды талапқа сай жүзеге асырды.
Құрманкүл Бестерекованың бір жақсы жері әр мектептегі тұл жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылардың барлығының аты-жөнін жатқа білетін. Олардың іс қағаздарының бір данасын өзінде сақтап, жағдайын назарда ұстайтын. Кейде соның бәріне қалай уақыт табатынына таңғалатын едік.
Еткен еңбектері құзырлы мекемелер тарапынан өзіндік бағасын да алды. Бірнеше рет аудандық, облыстық білім басқармаларының, аудан, облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Ы. Алтынсарин» медаліндің иегері атанды. Аз марапат емес, әрине.
Әлі де ат үстінде
Білім саласының дамуын арман еткен Құрманкүл апайымыз әлі де ат үстінде. Мектеп басшыларын тағайындау жөніндегі арнайы комиссияның мүшесі. Бұл орайда мектеп басшыларының құқықтық сауаттылығына баса назар аударады. Олардың кәсіби қалыптасуы үшін түрлі ақыл-кеңестерін аямайды. Сондай-ақ мектеп мұғалімдерін аттестаттау комиссиясының да мүшесі. Ол әр мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін тануда көрегендік танытып, әділ бағасын береді. Талабы да жоғары. Әр мұғалімнің тест сынағындағы нәтижесінен бөлек оқушылармен жүргізген жұмыстарын да терең саралап отырады. Пікірі нақты, ойлары дәлелді.
Бір кезде өзі демеушілер іздеп, «Қамқорлық» акциясын ұйымдастырушы апайымыздың бүгінде өзі де демеуші. Үнемі Бақанас мектеп-интернатының оқушыларына қамқорлық танытып отырады. Олардың жалпы жағдайын да назардан тыс қалдырмайды. Құрманкүл Керімқұлқызының демеушілігінің өзі – бір мақалаға жүк болмақ.
Иә. Бәрі де ұрпақ қамын ойлаудан туындаған еңбектің нәтижесі. Бүгінде 65 жасқа шықса да әлі де ұрпақ үшін тер төгіп жатқан және ол еңбегіне ақы сұрамайтын бұрынғының дегдар адамы, жомарт жүрегі туралы айтылар ойлар көп-ақ. Біз бір парасын ғана сөз еттік. Басқа жақсы, игі істері жайлы әлі де жазылары хақ.
Жетпісбай Қойшығұлов,
Балқаш аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік
орталығының аға әдіскері





