Кейбір адамның өмірі туған жерге деген сүйіспеншіліктің, табандылық пен еңбектің айқын үлгісіндей көрінеді. Сондай жанның бірі – Мақсат Үсенов.
1999 жылдың 13 қазанында Жетісудың жүрегі, табиғаты әсем, тарихы терең Қапал ауылында дүниеге келген Мақсаттың балалық шағы асқар таулар мен сылдыраған бұлақтардың ортасында өтті. Табиғатқа жақын өскен баланың бойында туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік, еліне, жеріне пайда тигізсем деген асыл арман оянды.
Мақсат 2021 жылдан бастап қол күресімен (армрестлинг) айналысып келеді. Оның спортқа деген ынтасы мен еңбекқорлығы «Qapal ARMWRESTLING club» залында шыңдалды. Алғашқы кезеңдерде қиындықтар мен жеңілістер кездескенімен, мойымады. Күнделікті жаттығуын жалғастырып, өз-өзімен жұмыс істеді. Төзімділік пен табандылықтың арқасында бүгінде ауылдық, аудандық, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері әрі жеңімпазы атанды.
Мақсаттың спорттағы жетістігі тек қол күресімен шектелмейді. Ол арқан тарту спорты бойынша Қапал ауылдық округіндегі құраманың белді мүшесі. Бұл – оның рухы мықты, ортақ мақсатқа жетуде бірліктің қадірін терең түсінетінін көрсетеді. Өйткені ол үшін нағыз күш – тек бұлшық еттің қуатында емес, сенім мен ауызбірлікте екенін өмір тәжірибесімен дәлелдеп келеді.
Жастығына қарамастан ауыл жастарының арасында саламатты өмір салтының насихатшысы атанған Мақсат өз адал ісімен, жайдары мінезімен, адалдығымен және табандылығымен жастарға үлгі болып келеді.
Қазіргі таңда Қапал орман шаруашылығының орман өрт сөндіру қызметінің басшысы қызметін атқаратын Мақсат Үсенов үшін бұл үлкен жауапкершілікті, батылдықты және табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Орманды қорғау – тек еңбек емес, ұлттың байлығын, болашақ ұрпаққа аманат еткен табиғи игілікті сақтау. Бұған қоса, бос уақытын туған жерін дәріптеуге арнаудан жалықпайтын ол дрон арқылы Жетісудың көрікті табиғатын бейнеге түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таныстырып жүр. Түсірген бейнероликтерде туған өлкенің сұлулығы – асқар таулар, мөлдір өзендер мен жасыл жайлаулар ерекше әсермен бейнеленеді. Осындай тынымсыз еңбегі арқылы ол Қапалдың көркін, Жетісудың бай табиғатын шетелдіктерге де паш етуде.
Мақсат Үсеновтың өмір жолы – қайсарлық пен мейірімнің, еңбексүйгіштік пен туған жерге адалдықтың көрінісі. Ол даңқ пен марапатты көздемейді. Бірақ оның әр ісі, әр жетістігі – туған жерін сүйетін, елінің болашағына сенетін азаматтың шынайы бейнесін айқындайды.
Осындай жүрегі кең, еңбегімен танылған жастар – елдің тірегі, ұлттың үміті. Мақсат Үсенов сияқты туған жерін сүйетін, елінің өркендеуіне үлес қосатын жастар көбейсе, Қазақстанның болашағы да жарқын бола түсері анық.
Өмір жолы туған жерге деген адалдықтың айғағындай болған Мақсат үшін Қапалдың әр төбесі, әр бұлағы – қасиетті мекен. Өйткені туған жерін сүйе білген адам ғана елін шын мәнінде сүйе алады.
Владимир ЧЕПЕЛЬ,
Қапал ауылдық округі әкімдігінің бас маманы
Ақсу ауданы




