Өңіріміздегі туризмнің ең перспективті түрлерін экологиялық, жағажай, мәдени, тау, су, спорттық туризм деп санауға болады. Облыстағы туризмнің сан түрі жыл сайын туристер арасында үлкен танымалдылыққа ие болуда.
Жетісу өлкесі туристерді тамсандыратын табиғи және мәдени көрікті жерлерге бай. Атап айтсақ, Талдықорған мен Текелі қалаларындағы ерекше туристік нысандар. Соның ішінде Ұлы Жоңғар–Алатау тау сілемі, Қазақстанның ең әдемі көлі – Жасылкөл, жұмбақ «Айғайқұм», ерекше Ақтау және Қатутау таулары және бірегей Жаркент мешіті. Сондай-ақ, Орта Азиядағы ең биік сарқырама – «Бұрқанбұлақ» сарқырамасы. Осының барлығы Жетісу жерінің байлығы.
«Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өңірімізді және Текелі қаласының бірегей табиғи нысандары мен тарихи орындарын танымал етуде, сондай-ақ, Ескелді ауданының туристік нысандарын дамыту мақсатында «My Tekeli» атты пресс-тур өтті.
Сапарымыздың басы Қора өзенінің жанындағы Будда құдайының бейнесі қашалған, салмағы 3 тоннадан асатын, биіктігі 3 метр болатын алып мүсінді тамашалаумен басталды. Ғасырлар көшіне куә болып, ғажайып сыр бүккен қалпында біздің заманымызға жеткен таста Будда суреті ғана емес, құпия жазу бейнеленген. Мистикалық күштің қоршауындағы арыстан-арулар бейнесі тұр. Олардың алақанында Будда отыр. Лотос храмындағыдай қасиетті 7 баспалдақ өрілген. Әр баспалдақтың тұсында арнайы рәсімдер жасау керектігі туралы ишара белгісі бар. Жергілікті өлкетанушы Бақытжан Молбаевтың айтуынша, Будда бейнесінің жоғарғы тұсында геометриялық кескін салынған. Айналасында белгісіз әріп-таңбалар арқылы құпия сөздер жазылыпты.
Қаланың қарбаласынан демалуға ерекше мүмкіндік берген сапардағы келесі тоқтаған жеріміз Серкесай шатқалы. Шатқал Талдықорғаннан 70 шақырым жерде орналасқан және Жоңғар Алатауының орталық жотасымен теңіз деңгейінен 1550 метр биіктікте созылып жатыр. Шатқал өте ұзын, өзен құламалармен ағып өтіп, кішкентай көлдерді құрайды. Текелі қаласының ең ұзын Дінмұхамед Қонаев көшесі дәл осы жерге алып келеді. Туристер бұл жерге демалуға және табиғатты тамашалау үшін ғана емес, сонымен қатар ескі шахталарды көруге барады. Бұрын осы жерде руда кені өндірілген. Жүз жыл бұрын заманауи технологиялар, техника мен материалдар болмаған кезде салынған шахталар да бар. Жылдар бойы қараусыз қалса да әлі де сол қалпында. Көрген адам таңдай қағып, түрлі ойға шомылатыны хақ.
Серкесай шатқалында өткен шараға алматылық және жергілікті блогерлер мен мобилографтар, туристік агенттіктердің қызметкерлері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. Өркениетпен танысу үшін арнайы шаралар өтті. Түрлі конкурстар мен ойын-сауық іс-шаралары, соның ішінде спорттық ойындар мен жарыстар, аймақтың табиғаты мен мәдениеті туралы викториналық сұрақтар қойып, сайыстар ұйымдастырылды. Одан бөлек, шараға қатысушылар «Жылы сарқырамасына» барып, аспалы жіппен сырғанап, ашық аспан астында фильм тамашалады.
– Аталмыш шара табиғатпен етене танысуға, жаңашылдыққа және ұмытылмас тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Сапарда қатысушылар табиғаттың барлық сұлулығын көріп, Текелінің мәдениеті мен тарихы туралы білімін арттырып, жаңа орта мен естеліктерге толы естен кетпес саяхатты бастан кешті десек қате айтқанымыз емес, – дейді саяхатшы блогер Абылайхан Таймас.
Биыл «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы Жетісу облысының туризмін дамыту мақсатында біршама іс-шаралар өткізді.
Жалпы, облыста туристік саланың дамуы қарқынды өсіп келеді. Жыл соңына дейін өңірімізге 2,2 млн. турист келеді деген жоспар бар. Жоспарланған іс-шаралар аясында өтетін туризм саласын дамытуға облысымыз ерекше көңіл бөлуде.
Табиғатпен үйлесімділік тапқан осындай демалыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Ай;аным АЙТМҰХАН





