Талдықорған: +1°C
$ 503.90
€ 603.32
₽ 6.61
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Ширек ғасыр шежіресі

06.01.2026
ЖАНСАРАЙ
Ширек ғасыр шежіресі
WhatsAppTelegramFacebook

Жыл сайын ұлы тұғалардың мерейтойын атаусыз қалдырмай, олардың еңбегін елге таныту, мұраларын насихаттау және ұрпақ жадында жаңғырту үшін игі шаралар ұйымдастырылып келеді. БАҚ беттерінде де бірегейлер мен ел ішінде өзінің мерейлі жастарын айрықша атап өтіп жүрген жандар туралы сырлы мақалалар, есті естеліктер де дүркін-дүркін жазылып жататыны заңдылық. Осыған орай қазақ музыка өнерінде өзіндің қолтаңба түзген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті композитор әрі дирижер Әли Алпысбаевтың 70 жасқа толуына байланысты сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу жүргізген Асыл Сұлтанғазының «Ширек ғасыр шежіресі» мақаласын оқырман назарына ұсынғымыз келеді.

І. Әлитанушы немесе кіріспе сөз

Қарашық қарықтырар жасындай жарқ ете қалған іргедегі он жылдықтың арғы-бергісіндегі дүниелердің кейбірін жүйелей алмай отырғанымызды ескерсеңіз, мұғдары мың жылдыққа шұбалған тауанды тарихтың өне бойындағы інжу-маржанын теріп жазудың қаншалықты мехнатты шаруа екенін шамалай беріңіз. Біраз уақыт бұрынғының өзін жүйе-жүйесіне келтірудің ретін таппай бір қиналсақ, «Осы Әли Алпысбаев деген есім-сойы елінің тарихына көзі тірісінде-ақ қашалған көрнекті композитормен таныстығымыз қалай басталып еді?» деген сауал төңірегінде де бірауық толғандық.

Сүрлеуі сартаптанбай сарабдал болған, таға таңбасы қасаңданбай қастерлене түскен, тарихы ғасырдан асып кеткен ата басылымға ең алғаш жұмысқа тұрған жылдары әдебиет пен мәдениет, өнер саласындағы тұлғалардың тағдыры мен таланты тұрғысында аз-кем жазып жүрдік. Алғашқыда Ордаш Кендірбай, Жамау Бұқарбай, Сәкен Иманасов, Әбен Дәуренбеков секілді жетісулық ақындардың шығармашылығына ден қойып, Жұматай Жақыпбаев, Сайын Мұратбеков, көзі тірі классигіміз Бексұлтан Нұржеке-ұлы секілді дара дарын иелерінің мөлдір шығармашылығындағы ерекшеліктерді ешкейтінбіз. Мазмұндай отыра жазушының шығармасындағы кілтипансыз кредоға, тіркестер мен суреткерлік қырына тоқталатынбыз. Негізінен рецензия түрінде жазылар мақаланың астарында осы шығармаларды жас ұрпақ оқыса екен деген ізгі ниет жататын. Тұлғалардың шығармашылығын шиырлап жүрген сондай бір әлетте қазақ музыка өнеріне өзіндік үлес қосқан бірегей талант иесі, дегдар тұлға Әли Демегенұлы Алпысбаевпен танысудың реті келді.

«Жетісу» секілді тамыры түу алысқа кеткен, бүгінде 107 жылдық шымыр шежіре түзген ата басылымның сол жылдардағы бас редакторы, айбоз ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі Әміре Әрін ағамыз: «Әли деген күллі қазақтың мақтанышы! Ол – менің жан досым. Жетісу жерінде алғашқы қазақ ретінде ТҮРКСОЙ медалін тағынып жатыр. Соны жазып кел», – деп тапсырма бергені әлі есімді.

Ойлап қарасақ осынау тапсырма жүктеген мезеттен бастап орнаған таныстықтың да ғұмыры 10 жылға таяпты. Сондан бері де Әлекең – Әли Демегенұлы жайлы тарау-тарау дүние жазғандай көрінгенімізбен, оның бәрі де жүйелі түрде мөлдірете бедерлеген ауқымды жазба емес екен. Әлекеңнің АҚШ-та берген концерті, Әлекеңнің Мәскеуде қалықтаған музыкасы, Астана сахнасын жаңғыртқан симфония сазы секілді жүрген жолы, сүрлеу-сүрдегіндегі айшықталған ақпараттық материалдармен ғана шектеліптік.

– Әй, Әлитанушы, сен мен туралы жазбай кеттің ғой, – деп соңғы жылдары ұшыраса қалғанда жиі айтар Әли Демегенұлының сөзіне лайықты уәж таппай қиналып та жүр едік.

Халқына сыйлы дирижер, дарынды композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері, «Элита Казакстана», «Қазақстанның Құрметті азаматтары» атты кітаптар мен «Жетісу» энциклопедиясына енген саз саңлағы – Әли Алпысбаев тұрғысында жүйелі бір жазба мөлдірету керектігін білсек те, оның орайын таба алмай дал болғанымыз боз таңдағы бозамық әлеттей буындырып, тұншықтырып бойымызға маза бермеген.

Былтырғы жылдың қоңыр күзінде сыйлас-рухтас ағамыз, бір кездері Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті қабырғасында білім алып жүргенімізде бізге ұстаздық еткен композитордың ұлы Рустам Әлиұлы ұшырасып, аз-кем әңгіме өрбіткенбіз. Көрген жерде «Әлитанушы» деп еркелетер Рустам Әли алдағы жылы асқар таудай әкесінің, исі қазаққа тұғырлы тұлға болған жанның 70 жылдық мерейтойы екенін атаған. Әкесі жайлы жазып-сызып жүрген автор есебінде бір кітапқа жүк болар көптеген автордың жазбасын жинап беруімді де қолқалай сұраған еді.

Музыка құдіретінің қандайлық шалқар айдын екенін, оның бір тамшы суының өзі тұтас жұрттың ұрпағы үшін шөл қандырар, өзегімізді мәңгілік жасыл етер әбілхаят суындай нәрлі екенін әрбір туындысы арқылы санама сіңісті еткен бірегей композитор, дауылпаз дирижер Әли Демегенұлының жетпістің желкенін керер уақыты да иек астында тұрғанын аңдаппыз. Сырбаз жүріп, салқам да самарқау қалпында қарапайымдылықтың шекпенін иығынан сусытпай келе жатқан ел мақтанышының: «Әй, Әлитанушы. Мен туралы жазбай кеттің ғой» деп үнемі еркелететін әзілінің іс жүзінде орындалар сәті келген сыңайлы деп қуандық.

Әли Демегенұлы жайлы ең алғаш жазған мақаламызда:

«Жеті нотаны сөйлеткенде Жетісудай жерде туғанына қуанасың. Атын атап арқаланып қаласың. Көңілге түрлі ой салар әсем ән мен тәтті күйін тыңдаудың өзі ғанибет. Қазақ симфониясының әлемдік аренада шарықтауына күш салып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық орнатып жүрген еңбегінің өзі ұзын-сонар әңгімеге арқау боларлықтай. Дегенмен, елі ескеріп, ерім деп дарынын даралап жүргендіктен бәлендей бейнелі сөздің керегі шамалы. Бір сөзбен айтқанда Әли Алпысбаев – саз саңлағы», – деп балғын оймен көркемдей пікір сабақтап бастаптық. Одан әріде бүгінгі күнге дейін жүздеген ән, бірнеше ірі күй-поэмаларды тудырып, домбыра-прима аспабына арнап жазылған 3 бөлімді концерттің авторы атанған, 10-ға жуық театрлық қойылымдарға музыка жазып, «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым» атты шығармалар жинағын руханиятымыздың қазыналы қамбасына тоғытқан Әли Демегенұлының дарыны дара, жалыны басым екенін танытуға күш салыптық.

Бұл ойлар омартасынан тамған балдай нәрлі жазбамызды бар-жоғы 21 жасымызда кестелеуге тырысқан екенбіз. Сол шақта, әрине, композитордың жан досы, рухтас бауыры, сол шақта журналистика атты қастерлі мамандыққа мейлінше баулыған редакторым Әміре Әріннің жүктеген тапсырмасына орай «Түркінің текті перзенті» атты мақала жазылған. Сол күннен бастап біз де «Әлитанушы» атанғанбыз.

Хош, аталған мақалада:

«Өзге мемлекеттерге барып қазақтың музыка өнерін дәріптеп, еліміздің белді сахналарында концертін үзбей беріп жүрген жанның жұрт дегенде жүрегі айрықша соғатыны бар. Оны ұлттық құндылықтың аяқасты болып, жеңіл ырғақты әндер жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен осы бір тұста жақсырақ сезінеміз. Өйткені, «Моцарттың бір нотасын алып тастаса, рапсодиясы күл-талқан болады» дегендей, дарын иесінің туындылары бұзуға келмейтін, бұтарлауға болмайтын соқталдай дүние. Мәні мен мазмұны, көркемдік иірімдері, желісі оқтай тартылған шығармалары сондықтан да ел жүрегінен орын алуда.

Алтыбай тауының баурайындағы Мәулімбай деген ақынның ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келіп, түркі жұртының саз өнерінен сара жолын сала білген Әли Алпысбаев ұлы даласының дүбірін «Дала», «Әке арманы», «Құлагер», «Элегия» атты оркестрге арналған поэмаларына арқау ете білген. «Орбұлақ таңы» атты шығармасының өзі тыңдаған жұрттың тамырын тулатып, қазақы қанын тасытар дүние. Осындай туындыларды өмірге алып келуі арқылы музыка майталманына айналған жан ел құрметіне бөленіп келеді. Оған дәлел ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған игі шара. Алматы қаласындағы Достық Үйі мәжіліс залында өткен аталмыш кеш барысында «Түріксой-Қазақстан» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, елімізге, жалпы түркі жұртының руханиятына сүбелі үлесін қосқан өнер майталмандары марапатталды. Жетпістің желкенін көтеріп, сексеннің сеңгіріне шыққан қайраткерлер арасындағы жасы болып Әли Алпысбаев марапатталды», – деп ой толғаған едік. Енді 10 жыл өткенде барып қарап отырсақ, сол кезде жазылған балаң көңілдегі мақтаныш сезімі әлі де өзіндік қуаныш лебімен ерекшеленіп тұр екен. Жазуды, мақаладағы әр сөйлемді бұзып не өңдеп жіберуге қимайсың.

Бізді «Әлитанушы» атандырған бұл мақалада:

– Сіз қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының көз алдында жүрген жансыз. Қандас елдердің музыка өнеріне қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін бұл құрметке бөленудесіз. Сіздің бауырлас халықтардың мақтанышы екеніңізді де баса ескерткім келеді, – деген Түріксой халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің Әли Демегенұлына қарата айтқан сөзі мен марапаты да санамыз бен құлағымызда жаңғырығып тұр.

Ендеше, киелі Жетісу жерінен алғашқы болып Түріксой медалін иеленген тұлғаның осынау қуанышын жазудан бастаған «Әлитанушылық» мәртебелі міндетімізді іс жүзінде орындап, шағын ой-толғам ретіндегі жазбаны бедерлейік деп шештік.

Айта кетерлік көңілге түйген аса алтынөзек бір жайт – біз асылдың тұяғы, Әли Алпысбаевтай ел құрмет тұтқан тұлғаның бүгінде Алашына азамат болған ұлы Рустамның тапсырмасымен тек ақын-жазушылардың жазбасын жинастыруға кіріскен едік. Алайда, архивке отырып, Ұлттық кітапхана қорындағы, «Жетісу» газеті мұрағатындағы, Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасындағы дүниелерді жинау барысында шабыттың күлігі қалайша ойнақшып шыққанын байқай алмай қалдық. Негізінен жазылған дүниенің басым бөлігі композитордың шығармашылық жолы мен дирижерлігіне қатысты болған соң, елге белгілі жазушы, журналистердің жайнақ дүниелерінің айтылмаған тұсын толықтыру мақсатында қолға қалам алуға бекідік. Біртекті сөз бен бұтарланбас ой арқылы кескінделген Әли Демегенұлының тұлғалық портретінің кейбір тұсын өзіміз пайымдаған дүниелермен толықтыра кеткіміз, шамамыздың келгенінше «Ширек ғасыр шежіресі» атты бұл еңбекте өзіміз біліп-түйген, сезіп-сезінген элементтерді айшықтауға ден қойдық.

ІІ. Ғұмырбаяндық-хамса

Түркі жұртының тектілікке тиек болған, алты Алаштың ғажайып музыка өнерінде өзіндік тұғырын сайлап, ән әлемінде әдіптелген есімін қазақ халқы  аспанында айшықтаған шаққа дейін Әли Алпысбаев сарабдал жол салды, дара сүрлеу-сүрдек түзді. Бүгінгі 70 жылдық мерейлі жасқа құлаш ұрған шаққа дейін шыңыраудан шыңға өрмелегендей өміршең өнердің өтінде маңдай терін шүмектете еңбек етсе, одан бергідегі ыстығына күйіп, суығына тоңған шақтары тұтас бір романға жүк боларлықтай. Бұл ғұмырбаяндық-хамсасының о бастағы әлқисса жазуын Алтыбай тауының бауырайындағы Мәулімбай деген ақынның ауылында қарапайым отбасындағы үзік-үзік шыр еткен нәресте үнімен ұштасар тұсынан тарқата ой сабақтасақ, әлі талай тақырыпты қаузарымыз, қаламға арқау етеріміз анық.

Шындығында Әли Демегенұлы өмірдің өзіне еркелеп келген тұғырлы тұлға іспетті көзге елестейтіні бар. Ол қарапайым тірлік түтінін түтеткен отабасында өмірге келсе де, шындығында саз өнеріне мейлінше іңкәр жандардың тал бесігінде тербеліп өскен. Көксу ауданының, қазіргі Бақтыбай ауылында қарапайым ғана шопанның шаңырағында дүниеге келген баланың болашағы бұрын болжанып қойғандай еді. Шыр етіп жарық дүниеге келгенен бері құлағына сіңген үн – әкесі Демегеннің домбыра шанағынан түлеткен шертпе күйлері мен анасы Сұлман сызылтып салған ән болса, кеудесіне ұлт аспабынан төгілген керім музыканы құйып өскен бала кім болып шығуы керек еді? Сірә, Әлидің болашақта сазгер болуы әу бастан маңдайына жазмыштың мөрлі жазуымен көркем бедерленіп қойылса керек-ті.

Жалпыға ортақ тағдырдай бүкіл елінің музыка мәдениетін шырқауға жеткізген Әли Демегенұлының шығармашылығы туралы жазған көрнекті ақын, журналист Әміре Әрін:

«Ұлы даламызды әлмисақтан ән мен күй тербеп тұрарын өзімізден бұрын өзгелер мойындаған жұртпыз. Әні бар елдің – сәні бар. Әні бер елдің – әлі бар! Бойын талант кернеп, шабыт қысқан ел ғана ән қанатында тербеле алса керек. Осы көктемеден, көз тұндырған кеңістіктен зейінмен зер салсақ, кешегі Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Пышандардың көзіндей егемен елдің өнер әлеміндегі еркесіне де, серкесіне де айнала білген айбоз перзенттеріміздің бірегейі – Әли Демегенұлы Алпысбаев», – деп бүгінгі кемел шағын боямасыз баян етсе, ендігі журналист-жазушылардың қаламына кейіпкер болған бала Әли мен дана Әлидің аралығындағы ұзақ жол, өнер әлеміндегі өлшеусіз кезеңді айшықтаған жазбалардың бәрі де дауылпаз дирижер болмысын тануға,  тұтас портретін ашуға түрткі болды.

 Қарт таулары қажымай қазағына қалқан, өр өзендері өмірлік сусынына дәру болған Жетісу жерінде небір саңлақтар дүниеге келді. Арғысы күллі әлемге найза құдіретін, қылыш сұсын сездірген ұлы Шыңғыс қағаннан тартып, қағанаттың ең ұлы әміршісінің бірі, генералиссимус Мұқали ноян, бергіде тарихымызды түзген Қадырғали Жалайыри, үш ата – Ескелді, Балпық, Қабылисадан тартып іргедегі ХХ ғасырға дейін небір саңлақтарды саралап отырып өмірге алып келген үш жүздің аға тайпасы – Жалайыр руынан нәсілі асыл арыстар түзіліпті.

Иә, жер жаннатында өмірге келіп, балалық шағынан сазға құмартып өскен Әли Алпысбаев туралы жазылған тарау-тарау жазбаларды ақтарып отырып бір дүниеге айрықша тебірендік. Ол – композитордың туған жеріне қалтқысыз қызмет еткен азаматтық қасиеті еді.

«Балалық шағым қазіргі Көксу ауданының Жеңіс дейтін ауылында өтті. Кішігірім елді мекенде 11-жылдық білім шаңырағы болмағандықтан Ескелді ауданының Нұрмолда Алдабергенов атындағы (Шұбар) ауылдың мектеп-интернатында жатып оқыдық. Әке-шешеміз сол кездегі көпшілік қазақ отбасылары сияқты мал шаруашылығымен айналысып, жазда жайлауда, қыста қыстауда жүрді. Біз әке-шешемізден жырақтау жүргендіктен каникул күндерін асыға күтетінбіз. Мерекеде демалыс болғанда үйді сағынғанымыз соншалық, тәрбиешілерден рұқсат сұрамастан бір-екі күн ертерек кететінбіз. Сонда ертеңгісін шықсақ, кешкісін жаяулатып Жеңіс ауылына жететінбіз. Ол жерден қыстауға жүретін машиналарды іздеп, шөп таситын тракторларға мініп барып, ата-анамызды әзер құшатынбыз. Міне, осы жағдайлар бала кезімізден көп ой салды. Ата-анамыздан алыс жүргеннен кейін олардың айтқан әр сөзін жадымызда сақтап, соған лайық болуға тырыстық», – деп бір сұхбатында ағынан жарылған Әли Демегенұлы кейін еліне білгілі тұлға болып қалыптасып, кәсібін дөңгеленткен тұста әлгі құтты қоныс, құсни мекеніндегі бастауыш сыныптық мектепті 11 жылдық білім ордасына айналдырғанын да архивте қатталған жазбалдардан оқып, айырықша шаттанғанымыз бар.

Бұл жөнінде айдынды шабыт иесі, асқар таудай биік тұрпатты кейіпкеріміз Әли Демегенұлы «Жетісу» газетінің сол кездегі руханият бөлімнің редакторы Алма Есенбаеваға берген сұхбатында:

«Ауыл балаларының осындай қиындық кешетіні жаныма батқан соң, 1996 жылғы уақыттың қиындығына қарамастан, жоғарғы мекемелердің есігін тоздырып жүріп, туған ауылыма мектеп аштыруға рұқсат алдым. Кезінде ол жерде тек 4 сыныптық қан білім шаңырағы болған. Бізге Жеңістің ескі конторын мектеп ретінде пайдалануға берді. Ауыл адамдарын жинап, соны жөндеуден өткіздік. Әктедік, сырладық, қажетті құрал-жабдықтармен қамтып, 11 жылдық мектеп аштық.

Ол кезде ауылда кішігірім шаруашылық ашып, соның жұмысын сырттай болсын қадағалап жүргенмін. Ауылда мектеп болмаған соң көп адам көшіп те кетті. Ата-аналар да 4-сыныптан кейін балаларын қайда оқытарын білмей, интернатқа, не туған-туыстарының үйіне жіберетін. Мектеп ашылғалы бері ауылда бір береке орнады, халық та тұрақтап, жыл сайын қатары көбею үстінде», – деп ағынан жарылыпты. Әли Демегенұлының ғұмырбаяндық-хамсасында айтылуы керек, астын сызып жаза кететін азаматқа тән атымтай жомарттығы емес пе? Қазақ музыка өнерінің қара шаңырағының бірі саналар филармонияны (бүгінгі Дәнеш Рақышев атындағы филармония мен Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің негізгі құрамын айтып отырмыз) тоқырау жылдарында сақтап қалғаны, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының бір кірпішін құлатпай жайнаған қалпында бүгінге жетуіне мұрындық болғанын айтсақ, әңгіменің ауқымы кеңейе түспек.

«Мұғалімдерге менің үлкеннің алдын қия кесіп өтпейтін биязы мінезім, жуастығым ұнады ма екен білмеймін, «Әлижан» деп еркелете сөйлейтін. Ауыр сөз айтып, ұрысып көрген емес. Әйтеуір, маған бір үлкен сеніммен қарайтындай көрінетін. Оның үстіне өнерге әуестігім бар екенін бәрі де біледі. Мектептегі түрлі шараларда ән айтып, домбыра тартып, үйірмелерге қатысып жүрдім. Сол жағын ұстаздарым бағаласа керек», – деп сонау балалық шағынан естелік айтқан Әли Демегенұлы шынында бала кезден өнер үшін туғанын көпшілік ортаға мойындата білген дегдар жан.

 Сол дегдар жанның балалықтан кейінгі өмірі туралы толғанған көрнекті ақын Қуат Қайранбаев өзінің «Ән жүрек» атты мақаласында:

«Көкірек көзі ашық Демеген малшылықты кәсіп еткенімен, қолы қалт еткен сәттері өзі ағаштан ойып жасап алған домбырасын айналдыра беретін. Жай ғана айналдырып қоймай, халыққа танымал күйшілердің күйлерін нақышына келтіре тартып, өзі де күй шығарумен әуестенетін. Соған орай дары Сұлман да өнерпаз болып жолықты. Бір кездері ауыл ағайынның қуаныш-тойы екеуінің қатысуынсыз өтпеуші еді. Әке қаны, ана сүтімен ұрпаққа даритын осы қасиет отбасындағы 9 баланың үшіншісі – Әлидің бойына сіңді білем, ол бала кезінен ән-күйге құмар болып өсті. Шұбардағы мектеп-интернатта оқып жүргенде үнемі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ұлт-аспаптар оркестрінде домбырада ойнап жүрді. Інісінің музыкаға деген құштарлығын сезген әпкесі, Чайковский атындағы музыка училищесін бітіріп келген Бижамал Сарқандағы мәдени-ағарту училищесіне әкеліп орналастырады. Әлидің үлкен өнерге деген кәсіби қадамы, міне, осы жерден бастау алған болатын», – деп жазады.

Сарқан мәдени-ағарту училищесіне оқып жүріп-ақ үлкен өнерге деген ұлы қадамын бастап кеп жіберген Әли Демегенұлы өз бойынан сазгерліктің ең алғаш шарпылған сәулесіне қырағылықпен мән бере білген. Содан барып, училищедегі ұстаздарының жөн сілтеуімен әл-Фараби атындағы мәдениет институтына баруға ниет етеді. Мәдени-көпшілік жұмысын жүргізу, оркестр жетекшісі мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Әли өзін өнерге баулыған Сарқандағы училищеге қайтып оралады. 1973-1981 жылдар аралығында училищеге ұстаздық еткен уақыты текке кетпегені өзіне мәлім. Облыс қана емес, бүкіл республиканың әр түкпірінен келген өнерпаз жастар осында тәжірибелі ұстаздардың алдынан дәріс алып, шыңдалып, әртарапқа аттанып жатушы еді-ау. Сол кездері аудандардың мәдениет бөлімдерінде, автоклуб қызметтерінде Сарқаннан ұшқан түлектер көптеп саналатын. Солардың қаншамасы Әли Демегенұлының дәрісін алып, халық арасына аттанды екен десеңізші.

Ұлағат жолында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу күрделі жұмыс. Алдына келіп отырған қазақтың қаракөз қызы мен қарадомалақ балаларының тағдырына оң әсер етіп, оларға дұрыс жол нұсқау секілді құндылықтар ұлағат иесінің ең басты ұстанымдары. Алайда, бұл қағидалы һәм қасиетті ұстаздық жол Әлидің қызметі болса да, ол шығармашылық жұмысты да бір сәт толастаған емес. Сол кездің өзінде-ақ балауса әндері көпшіліктің көңілінен шығып, түрлі сахналарда орындалып та жүрді. Бала кезінде көкірегіне қонақтаған күй-кептердің алғашқы қанатын қағып, кеңістікке ұшыруы болатын бұл.

Бұл тұрғыдан келгенде де алты Алашының музыка өнері үшін туған Әлекеңнің ғұмырын толғай өрнектеген жазушы-журналистер: «Күрделі музыкалық шығармалар жазу телегей талантпен қатар, көп білім мен шеберлікті қажет ететінін осы өнердің төңірегінде жүргендер жақсы біледі. Сондықтан да ән шығарып, өзінің шама-шарқын байқаған Әлидің жүрек түкпірінде күй, симфония, тіпті, опера сияқты күрделі дүниелерге барсам деген арман да жатушы еді. Ал оған қажетті білімді тек консерватория ғана береді. Құрманғазы атындағы консерваторияда білімін жалғастыру жайлы жан жары, ағылшын және неміс тілі пәндерінің мұғалімі Мәриям Бейсенбайқызы құптағаннан кейін Әли осы оқу орнына құжаттарын тапсырып, емтихан сынақтарынан сүрінбей өткен. Музыка саласында біршама білім мен тәжірибесі бар болғанымен консерваторияның дирижерлық факультетінде оқи жүріп, мың құбылған музыка сырының тереңіне үңіле түскен. Осы кезде Күләш Байсейітова атындағы музыка училищесінде сабақ беріп, саз өнерінің сыйқырын одан әрі меңгерді», – деп жазады.

Архив қорындағы жылы естеліктерге құрылған, шығармашылығы мен өнегелі өмір жолына тоқталған жазбаларды парақтап-тарақтап отырып халқына сыйлы дирижер, дарынды композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері, «Элита Казакстана», «Қазақстанның Құрметті азаматтары» атты кітаптар мен «Жетісу» энциклопедиясына енген Әли Алпысбаев туралы мол мәліметке ұшырасып, оның қайсысын толғасақ екен деп те қиналғанымыз бар.

«Ұлы өнер иелерінің ауылы алыс қой бізге. Дегенмен, «Болмасаң да ұқсап бақ» қағидасымен тер төгіп жүргендігіміз аян. Балдырған шақтан әлденеше аспапта қатар ойнап, ән шырқап өстік. Қазірге дейін көңілдің көк дөненін қояр да қоймай шабыттандырған тұста сахнаға шығып ән салатыным бар», – деп кемеліне келген шағында да қарапайымдылықтың шекпенін киіп, өзінің дархан халқындай даналық дәргейінен табылған Әли Демегенұлының  «Алтын дән» ұлт-аспаптар ансамбліне жетекшілік етіп жүрген кезі болатын. Бірде Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетте үлкен концерт бергені бар. Соңынан университеттің ректоры тамаша өткен өнер кешіне алғыс айта отырып, Әлекеңе: «Өзің Тілендиевтен аумайды екенсің! Соңыра маған жолықшы?», – деген еді. Айтқан уақытында қабылдауға барған мұны өзінің орынбасарларымен таныстыра отырып: «Мұндай өнермен қалай көрінбей жүрсің? Біз өзіңдей табиғи дарынды жігітті қолдауға тиіспіз. Сондықтан мен өзім бастап сізге университеттің құрметті профессоры атағын беруді қолға алғалы отырмыз. Сізден сұрайтынымыз, әрбір концертіңіздің алдында өзіңізді таныстырған кезде құрметті профессор атағыңызды қосымша айтып жүрсеңіз болды», – деген еді. Содан бері де талай шығармашылық концерт берген Әлекең аталмыш атақты қосымша арқалап жүрген, уәде үдесінен табылған айтулы азамат…

ІІІ. Ән әлеміндегі Әлекең

«Ән жазу да табиғаттың тылсым сыры сияқты бір ғажайыптан туатын дүние. Оның қай уақытта, қай жерде, қай тұстан келерін білмейсің. Ән кейде айлап келмеуі де мүмкін. Ол көбіне адамның көңіл-күйіне байланысты туады. Кейбірде өмірдегі тосын жағдайларды көріп қуанасың, қынжыласың. Сондай кездерде ой үстінде жүріп, жаныңды бір нәрсе кернейді. Кейбірде алыс жолда келе жатып, табиғаттың тылсым сырына үңілгенде көкейіңе ән құйыла кетеді. Ең бірінші, әннің ең әдемі жері – қайырмасы тілге оралады. Содан соң басқа шумақтары жазылады», – деп толғаныпты бір сұхбатында Әли Демегенұлы өзінің халықтық әнге айнылып кеткен туындыларының қаншалықты қазақ музыка өнеріне қылтқысыз қызмет етіп тұрғанын білсе де, қарапайым болмысына сай ой сабақтап.

Әлемдік сахна деңгейінде өнер көрсетіп, алты құрлық аспанында қазақ музыка өнерін паш етіп жүрген Әли Демегенұлының шығармашылығы жөнінде қорқақтай-қорқақтай сөз қозғайсың. Өйткені байтақ елдің бай мұрасына өзінің таңғы шықтай мөлдір, құдіретті де асқақ туындыларын, күй-поэмалары мен 100-ден аса әнін қосқан бірегей композитордың айдыны шалқар, айбыны кемел. Осы кемелдік кілтін ашар сөз таба аламыз ба деп тайсақтайтының тағы рас.

«Задында, өмірден аларың да, берерің де туабітті табиғатыңа келіп саяды. Яки Жаратушының жаратылысыңа кесіп-пішіп берген кеңістігінен қанша тыраштансаң да асып кете алмасыңыз хақ. Осынау қағидаттың түп қазығына ден қойсақ, Қазақ еліне, шет мемлекеттерге де кеңінен мәшһүр дирижер, композитор, әнші, білікті басшы, қоғам қайраткері Әли Алпысбаевтың адами аясы кең, айдыны шалқар шыққан әу бастан! Бүкіл шығармашылық жолының бел-белестері, тіпті кедір-бұдырынан да осы бір тылсым күшті бағдарлар едіңіз. Қысқасы, өзің қандай болсаң – өнердегі өрнегің де сондай! Сондықтан ғой Әли Демегенұлының халықтың асыл мұраттарын арқау еткен дәстүрлі әндері, дәуір үнін негіздеген эстрадалық дүниелері, күрделі күй немесе симфониялық шығармалары ұлттық өнеріміздің мөлт еткен мөлдір тамшыларына бірден ұқсап қала беретіндігі», – деп бір ғана «Орбұлақ таңы» шығармасы туралы айбоз ақын Әміре Әрін алаулата сөз қозғап, жалындата баға бергеніне қарап-ақ, Әли Алпысбаевтың тұтас шығармашылығын талдау – роман жазумен пар-пар екенін бағамдай беріңіз.

Бұл ретте белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрилә Бектемірованың: «Көксу өңірінде Әлидің әнін, күйін тыңдауға құмар емес адам кемде-кем шығар. «Ауылдағы той», «Арал мен Балқаш», «Сен екеуміз», «Ағажан», «Ана туралы ән», «Қазақтың сұлу қыздары-ай» және тағыда көптеген әуезді әндері, «Өмірге жас», «Көктем элегиясы», «Құлагер», «Арман» және басқа жеке аспаптарға арналған шығармалары Жетісу жеріне етене таныс. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, дирижер, сазгер Әли Демегенұлы Алпысбаевтың шығармашылығы елімен, жерімен әлдеқашан біте қайнасып кеткен», – деген жалқы пікірін нысанаға ала отырып жалпы қорытсақ, берегей композиторға берілген ғажайып бағаның бірі дер едік.

Шындығына келгенде 100-ден аса әнімен-ақ ел жүрегінен тақ сайлаған талант иесінің халықтық әнге айналып кеткені қаншама. Қазақстанның қай бұрышына барсаң да еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін тебірене айтатын «Ауылдағы тойдың» өзі не тұрады?! «Шопан-Атаға хат» әнінің сөзін жазған ақын Әбен Дәуренбековтың қуаныш үстінде айтылар тілек-баталардан өрбіткен өлеңі «Ауылдағы той» өте әсерлі шыққан. Бүкіл қазақ даласы бір кездері Шәмшінің әнімен тербелгендей, әр отбасында болып жататын үлкенді-кішілі қуаныштардың бірден-бірі Әлидің әніне соқпай өтпейтін десек, ақиқаттан алыс кете қоймаған болар едік.

Тойың тойға ұлассын,

Салған әнің қыр ассын.

Сәнін берсін Сәкеннің,

Әнін берсін Күләштің

Туысқандар-ай.

Неткен ғажап тіркес, неткен ғажап ән еді бұл? Тыңдай-тыңдай өз халқыңның қуанышына ортақтасып, жақсылығына ақжарылқап ақ бата бергің-ақ келеді. Осындай ғажайып әннің өмірге келуіне де ғазиз жүректің ерекше дүрсілі қажет сыңайлы.

Ра-а-ас, әр әннің жүректі әлдилеп сайқан не ебі желінің күшіндей үлкен талпыныспен жанды қинап барып үлкен шабыт үстінде өмірге келетінін де ескеруге тиіспіз. Ән ғана емес кесек-кесей күйлердің өзіне де осындай ұлы шабыт айдынын сапыру қажеттігі туындайды. Осы ретте архивтегі жазбаларға кезек берсек, білгілі журналист, «Құрмет» орденінің иегері, бүгінде «Жетісу» газетінің бас редакторы болып отырған көрнекті ақын Жұматай Оспанұлы:

«Шетіне көз жетпейтін, мақтауға сөз жетпейтін осынау құтты мекен, киелі аймақ қазақ даласы. Табиғат сұлулығына тән қасиеттің бәрі бар-ау сенде. Сенің осы бір ғажайып келбетіңді күллі ақын жырласа да шегіне жеткізіп жырлап бере ала ма? Көркіңе көз тоймайтын сұлу дала. Өзіңе арналып жазылмаған жыр, айтылмаған ән, тартылмаған күй қаншама десеңші. Әрбір адам қай салада болмасын, өзіңе деген перзенттік сезімін қалдыру керек қой. Ойы осы тұсқа келгенде Әли орнынан тұрып тысқа шықты. «Дала» деді өзіне-өзі.

Сарыбастауға шығып, айналасына анықтап қарағысы келеді. Сөйтті де көлігіне мініп, Алтыбай жотасының етегінде отырған бауырының үйіне бір-ақ тартты. Алып тауды бетке алған тас қол қиялай өрлеп жайлаудың төріне алып келді. Темір тұлпарынан түсіп құшағын керең кең тыныстап алды. Амандық-саулықтан соң ат мініп оңаша жүріп қайтқысы келетіндігін айтты. «Өнер адамы ғой, қиялға көп берілетін. Оңаша шығып шабыттанып қайтқысы келген шығар» деп топшылаған бауыры аңқылдап келіп арғымағын тартты алдына.Таудың ең биік жеріне шығып жан-жағына барлай көз жіберді. Дала, деді өзінен өзі күбірлей.

– Бабаның қаны, Ананың ары сіңген алып дала. Сенің төсіңді еміп, өсіп-өнген адамның арманы жоқ-ау. Саған біз қызыға қараймыз, ал қызығына көз салатындар қаншама. Келер ұрпақ тыңдағанда сенің құдіретіңді сезінетін сиқырлы саз қалдырғым келеді. Алып дала тербет менің көңілімді, тайдай тасты домалатқан Көксу толқыны күш-қуат бер жаныма, маңдайымнан сипай есен майда жел қиялымды ұшыр менің.

Өзінің осы бір қиялынан күш алғандай, аттың басын асыға кері бұрды. Ондағысы жаңағы шабыт, ерекше сезіммен «Дала» атты поэма жазып үлгеру еді. Міне, алып ұшқан асау көңілмен «Дала» поэмасының портетурасын да жазып бітірді. Оркестрге салып, өзі дирижер болып ойнатып та көрді. Шынында да Әлидің ғана емес орындаушылар мен тыңдаушылардың да көңіліне осынау ұлан ғайыр далаға деген ыстық сезім әлдеқайдан тамшылап құйылып жатқандай болды», – деп «Дала» туындысының өмірге келгенін құдды романға бергісіз асқақ күймен, шалқар шабытпен әдіптеп, әспеттеп бедерлеген екен. Жұматай Оспанұлының өзіне тән тілдік стильмен барынша мөлдірете жазып, осылайша ақжарыла тебіренуінің астарына – ұлы шығарма түрткі, ұлы сазгерлік себепші емес пе?

ІV. Дауылпаз дирижер

«Ширек ғасыр шежіресі» атты бұл еңбегімізде өнер адамының барша қабілет-қарымын тізбелеп, жақсы естеліктерді айшықтап өткіміз келді. Және соны өздеріңіз мән беріп отырғандай жиі-жиі сөзімізге сүйеу, толғамымызға тіркес ретінде қолданып отырмыз. Бұл ретте, Әли Демегенұлының дирижерлігі туралы композитор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Қыдырбек:

«Әли Алпысбаев «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы», «Астана-Бәйтерек» композиторлар конкурстарының неше дүркін лауреаты атанды. Ол мәдениетті қолдауға арналған драматургтер мен композиторлар республикалық байқауында «Елге арнау» күй-поэмасы үшін Мемлекеттік гранттың иегері болды. Халқымыздың ұлттық сазын биік шыңға жетелеумен қатар өнер жолында мәдени байланыстар делегациясының құрамында және концерттік сапармен Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форум мен фестивальдарға қатысып келгенін де айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар дирижер-композитор ретінде отандық ірі концерттік залдарда өзінің өнерін көрсеткен. Жүздеген әннің, әлденеше ірі күй-поэмалардың және домбыраға арналып жазылған 3 бөлімді концерттің авторы. Сондай-ақ, театрда сахналанған 10-ға жуық қойылымдарға музыка жазған», – деп толғанғанын ескере келе Демегенұлының дирижерлік қабылеті тұлғалардың пікірі мен есті естеліктері арқылы айшықталған жөн екенін жадыға түйдік.

Сонау 2003 жылдың 5-сәуірінде жарық көрген Алаш ардақтысы Әміре Әріннің «Дирижер» атты көлемді жазбасындағы бір ғажайып естелік-эссені басыбүтін оқырман назарына ұсынғымыз келеді. «Қолында сары қыздың қымбат нота» атты тақырыпшамен берілген аталмыш естелік төмендегідей:

…Сонау бір жылы Әли Демегенұлының Челябинск қаласына мамандық жетілдіретін алты айлық оқуға барғаны бар. Жан-жақтан жиналған кілең «Сен тұра тұр, мен атайын» сыңайындағы өнер иелерінің ортасындағы жалғыз қазақ өзі. Басқа біреулер секілді қала аралап, демалыс қамын күйттеп кетпей, жатпай-тұрмай сабақ оқысын. Намысқа тырысып музыка теориясын һәм орындаушылық пәнін де жақсы үлгеріммен қорытындылауға талпынды. Оқытушылар сабақ бітерге аптаға жуық уақыт қалғанда оған қазақтың бір туындысын немесе музыкалық шығармасын орыс оркестріне нотаға түсіруге тапсырма береді. Бұлай болады екен деп кім ойлаған? Елден қыстыра келген ешбір музыкалық дүниесі және жоқ.

Дереу көшеге шығып, қаланың бар кітап дүкендері мен кітапханаларын аяғынан таусыла ал кеп араласын. Қайдан табылсын. Шынымен сасады. Ол шақта бүгінгідей факс жүйесі жоқ, елге телефон шалып топ еткізіп алдыра қоятын. Поштамен тоссаң үлгермейсің.

Содан салы суға кете өздері оқып жатқан мәдениет институтының бес қабатты үйіне қайтып оралмай ма. О, ғажап! Өңі ме, әлде түсі ме? Қазақтың халық әні «Үгә-гәйды» әуелете шырқайды біреу. Және басқа жақтан емес, дәп осы үйдің ішінен. Қуанғанынан екінші қабатқа ытқып шықсын. Жоқ, үшінші қабатта секілді. Ентігін баса алмай, етпеп көтеріліп келеді. Жүрек, шіркін атша тулайды. Тура бір қазақ әнін өмірге келгелі тұңғыш естіп тұрған жан дерсің! Көкейге жылу ұялата жібек үн есіп жатқан бөлменің табалдырығына да жетті-ау. Кіруге тағы дауаламайды. Оқыс қимылдаса әнді де, әншіні де жоғалтып алатын секілді. Құдды бір Әйгерімнің әніне елтіген Абай! Ән кербез созыла аяқталғанда ғана жүрексіне ішке енсін. Қарсы алдында көгілдір көздеріне ұяңдық ұялаған талдырмаш сары қыз тұр.

«Тоқта-тоқта, жаңа әнді қазақ қызы шырқаған секілді еді ғой?! Осы маңда тағы бір қосалқы бөлме болып жүрмесін». Тұсауланған тұлпардай өз ойымен өзі, түкке түсінбей тұрған Әлиді әлгі қыздың дауысы селт еткізгендей бері қаратты. Рояльда ойнап отырған жігіт те жымия назар аударды.

– Дәуде болса, сіз қазақ шығарсыз? Қазақстаннансыз ба?

– Иә, иә…

– Жаңа осы арада қазақша ән салғаннан кейін жетіп келген бетім еді. Айып етпеңіз енді…

– Оқасы жоқ. Ән салған қарсы алдыңыздағы мына мен. Бұл әнді менің өтінішім бойынша ұстаздарым Алматыдан алдыртқан еді.

– Дұрыс. Бә-ре-е-келді! Осы әннің сізде нотасы бар ма?

– Әрине.

– Маған көшіріп алуға сәл уақыт бермес пе екенсіз?

– Егер шын қазақ болсаңыз бермеске амалым жоқ. Шіркін, қазақтың халық әндерінің табиғаты бөлек қой, бөлек!

– Маған осындағы оркестрге түсіру үшін қазақ әнін дереу табыңыз деп оқытушыларым тапсырған еді.

– Ой, тамаша! Ал маған бұл әнді оркестрге жазып түсірудің реті келмей жүр еді.

Несін айтасыз, Әлидің көктен іздегені кәдімгі ертегідегідей, жерден табылып, қуаныштан жарылып кетердей халде. Еліктің лағындай бейкүнә украин қызы екеуі сол сәтте жұптала барып, әлгі халық әнін жедел оркестр тіліне түсіре қояды. Бұдан соң есепті концертте әлгі украин қыз осы әнді Әлидің дирижерлік етуімен келістіре шырқайды.

Содан межелі сынақ күні де келеді. Қай жағынан да сақадай сай біздің жерлесіміз байқаудан мүдірмей өтіп жоғары үлгеріммен сүйікті ұжымына қайтып оралады.

Атамыз қазақ «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деп бекер айтпаған-ау. Сол сүйкімді украин қызы әлі күнге дейін оның ойынан шықпайды. Мәселен украин қызы екендігінде емес-ау. Піскен бауырсақтай ондай украин қыздары қазір де Талдықорғанда баршылық. Бар гәп – әлгі қыздың қазақ әнін Ресей жерінде туған халқының әніндей, ішкі жан-дүние қажеттілігімен тамылжыта шырқауында. Ең бастысы, жапанда жолыққан қазақ баласының қолын қақпай қарлығаш қанат қол ұшын беруінде. Иә, адам жаратылысы қызық қой тегі. Кейде сәл нәрседен мерейің тасып, ғұмыр сапарында ұз-а-ақ ұмыта алмай жүресің!..

***

Шындығына келгенде аталмыш естелікте айшықталған дирижерлік қабылеттің қаншалықты кемел екенін, осы өнерге Әли Демегенұлының кәсіби шеберлікпен (мастерство) келгенін бұдан артық қалай суреттеуге болады? Жанды мысал көркем кестеленген. Дара дарын иесінің келбеті мен асқақ болмысы анық көзге шалынады. Ал бұл жөнінде тағы бір алып-қосар пікір болса, ол да біз көз майын тауыса ақтарған архивтен табылған Дархан Дулаттың «Академиялық оркестр және Әли Алпысбаев» атты мақаласы болар еді.

Аталмыш жазбада қаламгер:

«Мынау қазақ өнерінің қара шаңырағы – Абай атындағы академиялық опера және балет театры. Кезінде Күләш, Шара, Қанабек, Құрманбектер өнер отын маздатқан қасиетті ғимарат. Сол екінің бірінің жамбасына келе бермес сахна төрінде бүгін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер, композитор, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Әли Алпысбаев өнер көрсетпек. Қашаннан өнер атаулыға талғамы жоғары алматылықтар театрдың ішіне лықа толған. Бәрінің де назары елдің қалың ішінен келген, халық таланты, сөйте тұра шынайы кәсіптік өнердің туын желбіретіп жүрген Әли Алпысбаевты асыға күтуде.

Көп ұзамай шымылдық та түрілді. Толқынды шашын артқа қарай сілкіп тастаған еңсегей бойлы Әли Алпысбаев шықты ортаға қолындағы сиқыр таяқшасын бекем ұстап.

Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне дирижерлік ететін де өзі. Кеше ғана Американы дүр сілкіндіріп келген бұл ғажайып ұжыммен бірлесе өнер көрсетудің өзі бір бақыт болса керек.

Әдепкіде Әли Алпысбаевтың музыка саласында өзіндік бағасын алып үлгерген «Элегия», «Әке арманы», «Жаңа ғасыр», «Ой толғауы», «Заман-ай» сынды күрделі шығармалары орындалды. Оркестрдегі ондаған аспаптардың сан қилы дыбыстары бір арнаға тоғысып, дирижердің дегеніне көніп, ойын шарықтата әкете барды. Залдағылар да демін ішіне тартып қалған. Жүздерінен өнер кәусарына балқып, қиыл қанатында отырғандықтары бірден аңғарылады», – деп бедерлей келе Әли Демегенұлының дирижерлік талантын қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Нұрғиса Тілендиев секілді саңлақпен шендестіріпті. Расында Нұрғисадай ұлы таланттың ізін жалғастырған дархан даланың дара дарыны Әлидің қазақ музыка өнеріне композитор-дирижер ретінде сіңірген еңбегі ерен.

Бұл руханиятқа жасаған адал жүректің айырықша махаббат белгісі – еңбек сіңіру үрдісі әлі де жалғасып келеді.

Алпысбаев азаматтығы

Ғылыми жазылған еңбек немесе монография, әдеби рецензия мен зерттеу жұмысы болсын қаламгердің негізге алатын дүниелері – жанды мысалдар мен нақтылы естелік-дәйектемелер. Шаң басқан архивтегі ширек ғасырда жарқ еткен материалдарды саралап отырып көптеген дүниеге көз жеткіздік. Әуелі «Тарланбоз», «Орбұлақ таңы», «Ән қанатында», «Академиялық оркестр және Әли Алпысбаев», «Әли әлемі», «Ән қанатында», «Әлекең жайлы бірер сөз», «Әлидің әндері-ай», «Әлидің ән әлемі», «Жыл адамы», «Композитор Әли», «Біз де бала болғанбыз», «Мәскеуде әуелеген ұлттық әуен» секілді Әміре Әрін, Қуат Қайранбаев, Нұрилә Бектемірова, Жанат Дүкенбайұлы, Дулат Дархан, Алма Есенбаева, Жұматай Оспанұлы, Мұхтар Күмісбек бастаған ақын-жазушы, журналистердің жазбаларынан бөлек, толымды кітаптарда, энциклопедиялық жинақтарда Әли Демегенұлы Алпысбаев секілді саңлақ композитордың өнегелі өмірі мен өміршең шығармалары туралы толғамды дүниелері бір кітапқа арқау болатын ақық жазбалар.

Десе де, әлитанушы ретінде біз жазбаларды парақтап-тарақтап отырып оның азаматтығы туралы айтылған бірде-бір лайықты пікір таппадық. Осы орайда өнерге өзіндік үлес қосқан Әлекеңнің кісілік келбетін айшықтайтын, қоғам өміріне белсене араласқан жылдарынан жарқын естеліктерді де оқырман назарына ұсынғымыз келеді.

Алдымен жоғарыда атап өткен «Ғұмырбаяндық-хамсасын» толықтырсақ, Әли Демегенұлы сонау өтпелі кезеңде Талдықорған және Алматы облыстары қайта қосылып, орталық Алматы шаһарына ауысқан тұста азаматтық келбетін асқақ дәрежеде көрсете білді. Осылайша, өнер қызметкерлеріне айлық кешіктіріліп, қамқорлық көрсетіле қоймайтын ауыртпалықты кезеңде Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі аймақтық филармониясының бас дирижері қызметінде өнер ошағын сақтап қалуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Мұны ұжым мүшелері мен аралас-құралас жүрген замандастары, өңір жұртшылығы зор қошаметпен еске ала жырдай айтады.

Бұл ретте Алматы облысының әкімі болып отырған кезінде Амандық Ғаббасұлы Баталовтың айтқан жүрек сөзі ойға оралып отыр. Бір облыстағы басқарма және бөлім басшыларының үлкен жиынында Амандық Ғаббасұлы:

– Әр азамат өз саласында маңдай терін төгіп еңбек етуі қажет. Өз саласын сүйген, өз мамандығын қадірлеген адам ғана биіктен көрінеді. Араларыңызда облыстық мәслихаттың депутаты болып отырған Әли Демегенұлына қарап, сол кісіден өмірде көп үлгі алыңыздар. Әли композитор, дирижер ғана емес, өнердің шынайы қамқоршысы, қоғам қайраткері. Бұл кісі сонау 90-жылдардың тоқырауынан кешегі облыс екіге бөлінген, қайта жанданған уақытқа дейін бір ұжымды тұтастай сақтап қалды. Мәдениет сарайының жанданып, бүгінге жетуіне де тікелей осы Әли Демегенұлы себепші. Бүгін сіз бен біз тұтас бір өңірдің өнер ошағын маздатып, жылуын сақтауға бар күш-қайратын жіберген осы кісіге алғыс айтуымыз қажет, – деп  жиналған қауымға айбынды түрде композитор келбетін айшықтап берген еді.

Сол айтылғандай, өнерге қалтқысыз қызмет ете жүріп Әли Демегенұлы 1994-1997 жылдар аралығында заман ағымына сай өз жерлестерінің шақыртуымен Көксу ауданы Мәулімбай ауылында ЖШС «Мәулімбай» ауылшаруашылығы өндірісін басқарып, ел ісіне араласып, жаңа бастамаларға жол салды. Ауыл мәдениетін көтеруге құлшына кірісіп, бұрынғы ауылдық әкімшілік ошағын білім ордасына айналдырып, шағын 4 жылдық мектептің 11 жылдық орта мектеп болып ашылуына сүбелі үлес қосты.

Еліне сыйлы дирижер-композитор Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері. Оның тәлімді өнер жолы «Элита Казахстана», «Қазақстанның Құрметті адамдары» атты кітаптар мен «Жетісу» энциклопедиясында көрініс тапқан. Әли Демегенұлының Алматы облыстық «Жетісу» телерадиокешені және «Жетісу» газетінің таңдауымен «Жыл адамы» атағына ие болуының өзі кәсіби шеберлігі мен биік парасатын, асқақ рух, кең тынысты, бекзат азамат екенін паш етеді!

Әли Алпысбаев «ҚР білім беру ісінің үздігі», өнердегі жетістіктері үшін «Астана», «Қазақстан Республикасының 10 жылдығына», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығына» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының «Алғыс хатымен» және Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Еліміздің үлкен концерттік залдарында Алматы, Астана, АҚШ, Түркия, Қытай, оңтүстік Корея, Польша, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форумдар мен фестивальдарға қатысып келгендігін әріптестері мақтан тұтады. Осылайша хас талант Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің өркенді өнерін ақ әлемге паш етіп, өзінің дирижер-композитор ретіндегі білім-білігі, жоғары деңгейін көресте білді. Сонымен қатар, мәдениетті қолдауға арналған драматургтер мен композиторлардың республикалық байқауында «Елге арнау» күй-поэмасы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекеттік Грант иегері, Республикалық «Елім менің» конкурсының бірнеше дүркін лауреаты. Ал, 2015 жылы VI Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурста «Орбұлақ таңы» атты атты симфониялық күй-поэмасымен Республикалық конкурстың Гран-приін жеңіп алып, еліміздің ең үздік композиторына айналды. Әли Демегенұлы «Нұр Отан» партиясының мүшесі, екі мәрте қалалық мәслихатының депутаты болып, 2016 жылы Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына сайланды.

Шыны керек, Әли Демегенұлы облыстық мәслихат депутаты болып тұрған шағында да, былайғы кезде де мемлекеттік игілікті іске ұйытқы болып, қызметімен де, азаматтық үнімен де көпке үлгі ретінде алдыңғы қатарда төбе көрсетті.

Талай тұғырлы тұлғалардың мерейтойында оркестрмен бірге өнер көрсетіп, еліміздің мерейін асырар мәртебелі жиындарда да еңсе тіктеп жүрген Әли Алпысбаев ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға орай мемлекетте мораторий жаряланған шақта:

– Елсіз жер болса да, жерсіз ел болмасы анық. Бабалардың аққан қан мен төккен терінің арқасында сан ғасыр бойы ұлан-ғайыр атыраптың қожасы болып келеміз. Бұл біздің тағдырымызға бұйырған Тәңірдің баға жетпес тартуы. Сондықтан да қарға адымын жат табанға таптатпай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыру – ұлы борышымыз, – деп еліне азаматтық үнін жеткізсе, жалпыхалық бойынша жүргізілген саяси шешімдер мен жыл сайынғы Жолдаулардың өзектілігіне қарай парасат-пайымынан төгілген лайықты бағаны, аталы сөзді айшықтап келеді.

Соның бірінде Әли Демегенұлы: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының қоғамдағы маңызы зор. Мағынасы тым терең. Жолдау Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасындағы бірқатар бастамалары мен тың ұсыныстары көрініс тапқандығымен де құнды деп білеміз.

Асыл еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық саланың тамырына қан жүгіртіп, тың серпін беретін, халық игілігін көздейтін тарихи құжатта Қазақстанның даму жолындағы бес басты бағыты айқындалды. «Заманауи тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтықтары қауіпсіздігін қаматамсыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» сынды маңызды бағыттарда бүгінге дейін қордаланып қалған маңызды мәселелерді халық пен билік өкілдері бірлесе отырып, жоспарлы түрде шешу жолдары нақты белгіленді.

Президент Жолдауы қазақстандықтардың жүрегінен жол тапқан тарихи құжат. Онда азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы туралы мәселе көтеріп, бейбіт митингілерді заң аясында өткізуді қолдайтыны айтылып, егер олар заң аясынан шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, өткізу үшін арнайы орын бөлу қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, жұртты елең еткізген жағымды жаңалық, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсақ және шағын бизнес компанияларын 3 жыл мерзімге негізгі қызметінен салықтан босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырды. Келер жылдан бастап ұсақ және шағын бизнес субьектілерін тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Ал, енді жалпыхалықты ерекше сезімге бөлегені – Мемлекет Басшысының: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп атап өтуі. Өйткені, тіл дамыса, тіл өркен жайса қазақ халқының дәстүрлі өнері қарқынды дамымақ. Өнері озған елдің берекесі артып, ырысы еселеніп, ұлттық сезімі де нығаймақ. Бұл тұрғыда да жанға жылы тиген бір дүние бабаларымыздың ұлы тойын ел болып атап өту. Президент тарихи құжатта: «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», – деп ерекше атап өтті. Міне, осының өзі жарқын жолға бақыт алған бейбіт елдің өнерінің өріс алып, тілі мен мәдениетінің экономикасымен қатар дамитындығына айқын дәлел болса керек», – деп барша жұртты болашаққа деген үлкен үміт үдесінен шығауға шақырыпты. Міне, осындай азаматтық үнге, газет-журналдар арқылы елдің келелі ісіне азаматтық пікірін білдіріп отырған парасатына қарап-ақ Әли Демегенұлының шынайы болмысын көруге болады.

Әли Демегенұлы өз ұлтын сүйген айбоз азамат. Ол өнер үшін туған бірегей тұлға. Оны біз келелі дүниелердің басынан табылып, Ескелді, Балпық, Қабылиса бабалары секілді кесек сөйлейтін жайттарынан ғана аңғарған жоқпыз. Оның бүкіл қазақтың мәдени, саяси өміріне белсене араласқан әр табан ізінен анық танимыз.

Мәселен, «Жетісу» газетінің 2019 жылдың 12 ақпанында шыққан «Қайырымды іспен қуантты» тақырыбындағы мақалада журналист, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Ришад Тұрғанбаев: «Әр адамның бойында табыла бермейтін асыл қасиеттің бірі – өзгеге жақсылық жасау. Үлкенге құрмет, жасқа ізет, тіпті, қиналғанға көмек қолын созу – ежелден қанымызда бар қасиет. Осы асыл қасиетіміз атадан балаға аманат болып келе жатыр десек, оны алдымен жас ұрпаққа үлгі етіп көрсететін алдыңғы буын ағалар. Осындай көпке үлгі болып, қиналғанға қол ұшын созып, жақсылық жасауды парызы санайтын ағалардың бірі – Әли АЛПЫСБАЕВ.

 Облыста «Кең дала» атты қайырымдылық акциясы басталды. Акцияны ұйымдастырушы – есімі республикаға танымал музыкант, композитор, дирижер, М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрының жетекшісі, жаны таза, жүрегі жұмсақ, тыңдарманын әуезді музыкамен жан рахатына бөлеп жүретін Әли Демегенұлы бұл жолы материалдық көмек көрсетті. Ұжымымен ұстаздар қауымына бір тонна қант таратып, ел алғысын алды. Олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасы мен жалақысы аз қамтылған қызметкерлер. Әр отбасына бір қап қанттан таратып, қайырымдылық акциясын бастап берді. Өзінің айтуынша, мұндай акцияның өтуіне ең бірінші облыс әкімі Амандық Баталовқа алғыс білдіру керек. Аймақта қант қызылшасын өсіруді дамытып, тұралап қалған зауыттарды іске қосты. Нәтижесінде, шаруалардың ісі өрге домалап, Жетісу жерінде қант қызылшасы қайта жанданды.

Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрдің мүшесі Альфира Ақтаева:

– Біз Әли Демегенұлына алғысымызды білдіреміз. Мұндай игі іс жалғасын табады деген үмітіміз мол. Өзгеге жақсылық жасайтын жомарт жандар көп болса екен деген тілегіміз бар. Әрине, біреуді қуантқанға не жетсін?! Одан асқан бақыт жоқ. Сондықтан, өзге де жомарт жандарға акцияға атсалысуға шақырамын, – деп пікірін білдірді», – деп жазады.

Жазушы-журналист Ришад Тұрғанбаевтың оймақтай ғана осы мақаласынан-ақ, Әли Демегенұлының әдеби портретін тануға мүмкіндік мол.

Өз ауылының мектебін 11 жылдық білім ордасына айналдырып қана қоймай үлкен оркестрдің негізін сақтап қалған, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінің іргесін бүтін етіп қана қоймай азаматтық үнімен алғы шептен көрінген, облыстық мәслихаттың депутаты болып тұрғанда халық үшін аянбай еңбек еткен Әли Демегенұлы қайырымды істердің де басынан табылатын. Мәселен, жоғарыда айтылған Ришад Тұрғанбаевтың мақаласынан бөлек, Әли Демегенұлы 2019 жылы өткен мәдениет маусымының ашылуында Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебековамен бірге күреңбелдік 5 баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаеваға пәтер кілтін табыс еткеніне де куә болғанбыз.

Сол секілді біздің жазбамызға кейіпкер ғажайып жанның өнер әлеміндегі де жарқын ізін санамалайтын, аз-кем атап өтетін сәт келгендей.

***

Иә, бір кездері Әли Алпысбаев:

– Әлемдік музыка өнерінің шоқтығы биік өкілдерінің бірі ұлы композитор Бетховен «Классикалық әуендердің пайдасы неде?» деген сұраққа былай жауап берген екен: «Классика – ол адамның жанын, тәнін рахатқа бөлейді. Сонымен қатар, әсемдікті, адалдық­ты, пәктікті сүюге тәрбелейді». Шынында, музыкада рухани үлкен күш бар. Тек оны адам бойына сіңіре алуы қажет, – деп сұхбат үстінде ғажайып ой атқан екен. Оны мақалаға арқау еткен журналистер Әли Демегенұлының өнерге, әсіресе жер-жердегі жас таланттарды сай тасындай саралау, оларға қолдау беру мақсатында жасаған абзал істерін шамасы келгенше өрнектеп өтіпті.

«Ширек ғасыр шежіресіне» үңілген сәтімізде біз Әли Алпысбаевтың ел көлеміндегі бірқатар байқаудың авторы болғанын байқадық. Осындай дүбірлі додаға да көрермен ретінде қатысып, оны басылым беттерінде жариялап та үлгергенбіз. Одан бөлек Әли Демегенұлының дирижерлігімен өткен талай шырайлы кештің шуағына шомғанбыз.

Расында Әли Демегенұлы авторлық еткен «Елге арнау» атты жаңа шығарма мен композиторлар, «Алтын таяқша» атты дирижерлер, «Кестелі орамал» атты вокалистердің республикалық, халықаралық байқауы ұлттық өнерге, музыка әлеміне жасалған үлкен қолдау деп білеміз. Бұл орайда 2019 жылдың 12-ші желтоқсанында жасөспірімдер мен балалар арасында «Жетісу шеберлері» атты І Республикалық фестивальді ұйымдастырған жоба авторы Әли Алпысбаев:

– Біздің бала кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі балаларға барлық жағдай жасалған. Осы дарынды жеткіншектеріміздің өнерін үстем ету мақсатында фестиваль ұйымдастырып отырмыз. Бүгінде өнерлі шәкірттер үшін Талдықорған қаласында жаңа музыка мектебін салып беріп отырған облыс басшылығына үлкен алғыс айтамыз, – дегені әлі көз алдымызда екенін де айта кеткен жөн.

Ал Әли Демегенұлы еліміздегі композиторлар арасында өтетін «Елге арнау» атты үлкен фестиваль ұйымдастырғаны, оның дәстүрлі өтуіне бар күшін салғаны да астын сызып тұрып айта кететін дүние деп санаймыз. 2012 жылдың 12 мамырында өткен «Елге арнау» І Республикалық композиторлар байқауында бас қазылық еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Қазақконцерт» директорының орынбасары Серік Еркімбеков:

– Тотыдайын түрленген Талдықорған шаһарында І Республикалық «Елге арнау» атты байқаудың өтуі тегін емес. Мен бұл өңірдің басшылығына дән ризамын. Өнерге деген қолдау ерекше. Оны өнер шаңырақтарының көптеп бой көтеруіне қарап-ақ айрықша айшықтауға болады. Осындай киелі жердегі М. Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің шығармашылық шеберлігі де биік деңгейге көтерілген. Бұл оркестрді басқарып отырған Әли Алпысбаевтай қазақтың маңдайына біткен композиторын сол үшін алғыс білдіруге болады, – деген жүрек сөзін де «Жетісу» газетінде жазған мақаламызда айшықтап едік.

Рас, жас таланаттарға арналған, композиторлар мен дирижерлерге, вокалистерге арналған байқаулардың авторы ғана болып қоймай, өнердің дамуына жан жақтылы үлес қосқан, өзі композитор есебінде еліне ғажайып шығармалар ұсынған Әли Демегенұлы әлем сахнасында әлемдік музыка майталмандарымен бірлесе өнер көрсетті. Оның шығармалары небір жауһар туындыны өмірге әкелген Имре Кальман, Франца Легар, Николай Стрельников, Жак Оффенбах, Эндрю Ллойд Уэббер, Фредерик Лоу, Алексей Рыбников секілді әлемге әйгілі композиторлардың әндерімен қатар шырқалып келеді.

Бүгінде 70 жастың желкенін зор шабытпен көтеріп отырған Әли Демегенұлы Алпысбаев отбасында Мариям апайымызбен бірге еліне тұтқа болар Рустамдай ұлы мен қарлығаш қызы Ризамды өсіріп, оларды ел санатына, азаматтардың алдыңғы легіндегі көшелі жердің көшбасшы перзенттері қатарына қосты. Осы орайда біз де өнер үшін маңдай терін шүмектете еңбек еткен, дархан даласына Мұқан Төлебаев бастаған ұлы композиторлардай асыл мұра қалдырған Әли Демегенұлына шығармашылық табыс тілей отыра, «Ширек ғасыр шежіресін» зертеп-зерделеп, авторлардың жазбасында қалыс қалған дүниелерді айшықтаудағы осы жазбамызды тамамдағымыз келеді.

 

Қатысты жаңалықтар

Қазақстан экономикасы орнықты әрі теңгерімді өсуді көрсетуде

Қазақстан экономикасы орнықты әрі теңгерімді өсуді көрсетуде

28.01.2026
Сот орындаушы зейнеткердің үйін сатпақ болған

Сот орындаушы зейнеткердің үйін сатпақ болған

28.01.2026
UFC Шавкат Рахмоновқа қатысты шешім қабылдады

UFC Шавкат Рахмоновқа қатысты шешім қабылдады

28.01.2026
Рамазан айы – салт-дәстүр мен діни құндылықтардың үйлесімі

Рамазан айы – салт-дәстүр мен діни құндылықтардың үйлесімі

28.01.2026
Жастарды жат ағымнан қалай қорғаймыз?

Жастарды жат ағымнан қалай қорғаймыз?

28.01.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.