Қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолындағы қиыншылықтарды жеңіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқынды үлес қосып, ілгерілеуге барын салған ұлы көштің басында нәзік иықты әйелдердің де аз болмағаны анық. Соның бірі Талғар ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің және Б. Момышұлы атындағы «Құрмет белгісінің» иегері Найля ҮМБЕТОВА.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Найля Бейсенбайқызы өзі оқып, тамамдаған Талғардағы облыстық ауылшаруашылық орта буынды мамандар дайындау және қайта даярлайтын 3 айлық қысқамерзімді курсқа басшылық жасайтын. Көп ұзамай Талғар ауылшаруашылық колледжінің басшылық тізгінін қолына алады. Жігері жалын, жүрегі от қазақ әйеліне тәуелсіздіктің әр күні қанат бітіріп, елінің жарқын болашағына кірпіш болып қаланатын жас мамандардың ұлттық тәлім-тәрбие, терең білім алуына бойында бар асыл қасиеттері мен білім-білігін арнайды. Іргесі 1918 жылы құрылған білім шаңырағының тарихында қазақ елінің ғылым-біліміне еңбек сіңірген ағарту саласының майталмандары мен қоғам қайраткерлерінің есімі ерекше аталады.
1930 жылдары техникумға басшылық жасаған оқу орнының түлегі, майдангер-ұстаз Мәсімхан Бейсебаев ел басқару ісінде жүрсе де өзі алғаш білім алған оқу орнын естен шығармай, техникумның қалыптасып, дамуына айрықша ықпал етеді. Мемлекет қайраткері М. Бейсебаев 1964 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Елге сіңірген еңбегі еленіп, 1997 жылғы қараша айында мемлекет қайраткерінің есімі оқу орнына беріліп, ескерткіш тақтасы қойылған. Бұл игі іске колледждің түлегі, облысымыздың өркендеуіне орасан зор үлес қосқан қоғам қайраткерлері Заманбек Батталханов, Асанбай Асқаров пен жұбайы Фатима Асанбаевалардың ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын білім шаңырағына М. Бейсебаевтың есімін беруге қолдау көрсетіп, колледж жанынан мұражай ашуға ерен еңбек сіңіргендігі тарихта қаттаулы. Ал осы істердің жүзеге асуында тыным таппаған Найля Бейсенбайқызының еңбегі де өлшеусіз екендігін ел біледі.
Ауылшаруашылығының білікті мамандарын даярлауда оқумен қатар патриоттық тәрбие беруге айрықша назар аударып, басымдық берген колледж директоры Н. Үмбетова тәуелсіз ел жастарының жігерлі, отансүйгіш боп қалыптасуына жан-жақты қолдау білдіріп, тарихын танып, тәуелсіздіктің қадіріне жетуге жетелейтін іс-шараларды ұтымды ұйымдастыра білді. Ана тілдің, ұлттық рухтың қадірін біліп, мәңгілік мұрамызды қастерлей білген ұлтжанды басшының біліктілігінің нәтижесінде еліміз бойынша осы колледжде тұңғыш рет ана тілінде топтар ашылғандығын атау абзал.
– Ел Тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай колледжде білім алып жүрген ауыл жастарын ынталандыру мақсатында елімізде үздіксіз білім беру жүйесі енгізілді. Колледж Мемлекеттік аграрлық университеттің бірінші сатысы ретінде серіктестік жұмысын бастады. Осы бағытта университеттің ректоры Кенжеғали Сағадиев пен оқу ісі жөніндегі проректоры Рахымжан Елешов зор еңбек сіңірді. Сол жылдары колледждің 50 үздік түлегі емтихансыз, жоғары оқу орнының екінші курсына тегін қабылданып, ата-аналарын қуантты. Тәуелсіз еліміздің болашағына деген сенімін нығайтты. Бірер жылдан соң колледж жанынан Қазақ – Америка – Израиль мамандарының бірлескен кеңес орталығы ашылады. Оның басты мақсаты – ауыл экономикасында іскерлік бастамаларға ұмтылған фермерлер мен шағын орта бизнес өкілдеріне кеңес беру болатын. Сондай-ақ, колледж Израиль елшілігімен де байланыс орнатып, оқытушылардың білім деңгейін жетілдіру курстарын ұйымдастырды. Ал Американың Винрок халықаралық институтының қызметкерлері бизнес-жоспар жасау, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, маркетинг және менеджмент салалары бойынша озық тәжірибелермен алмасты. Осындай игі істің барлығы колледждің мәртебесін көтерумен қатар студент-жастардың білімін тереңдетіп, мамандығын сүюіне ықпалы зор болды, – дейді Білім беру ісінің үздігі Найля Бейсенбайқызы.
Үшінші мыңжылдықта білім саласы нарықтық қатынастар жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бейімделе бастады. Еліміздің оқу орындарын бітірген жастардың «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасуына жағдай жасалынды. Бұл орайда сол жылдары облыстық білім басқармасының бастығы болған Тоққожа Естенов аталған бағдарламаны іске асыруда білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, колледж түлектерінің әрі қарай Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде білімін жалғастыруына университет ректоры Тілектес Есполовтың да үлес қосуы соны серпін береді.
– Өндірістік қажеттілікке сәйкес кәсіп-орындар мен колледж арасында қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастырып, әлеуметтік серіктестік орнаттық. Колледж түлектеріне ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып, еңбекке орналасуына, шағын бизнестерін ашуға жолдамалар берілді. Колледж бірнеше жыл бойы ауылшаруашылықты дамытудағы «Винрок» халықаралық институтымен және Қазақстандағы «КАТЕРПИЛЛАР С.А.Р.Л» өкілеттігімен, АҚШ, Германия, Польша, Израильмен белсенді жұмыс істеп, Түркия елшілігімен де тығыз байланыста болды. ҚР Сенат депутаты Жомартқали Жексембінов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиевтің қолдауымен колледжге мемлекет тарапынан бөлінген 360 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұжым мен студенттердің еңсесі көтерілгендігіне де қуандық, – дейді Найля Бейсенбайқызы.
Аталған оқу орнының заман талабына лайық озық технологиямен жабдықталуына аса мән берудің нәтижесінде бірнеше лингофонды, «Pentium» компьютерлерімен жабдықталған он шақты компьютер сыныбы, жалпы 160 компьютер (9 балаға – 1 компьютер), оның ішінде екі сынып пен бухгалтерияның интернет желісінде жұмыс істеуге мүмкіндік жасалды. Ұстаздар «Электронды үкіметті» жүзеге асыру мақсатында ауыл тұрғындары үшін де қосымша білім беру сабақтарын жүргізген еді. Сол жылдардағы ҚР Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев 2007 жылы Алматы облысының аймағындағы кәсіби білім беретін оқу орындарында интерактивті технологияны оқытуға құқығы бар төлқұжатын табыстаған болатын. Министрлік тарапынан оқу орнына 7 интерактивті тақта беріліп, арнайы сыныптар ашылды. Колледж мұғалімдерінің 90 пайызы ҚР ақпараттың теңсіздікті төмендету бағдарламасының шеңберінде компьютерлік сауаттылықтың толық оқу курсын бітіріп, интерактивті тақтада шеберлік кластарын көрсетті. 2007 жылы колледж ең байырғы оқу орны ретінде Қазақстанның «Гиннесс» рекордтар кітабына енгізілді. 2008 жылдан бастап оқу орнының басқару ісіне Халықаралық стандарттарға сай – «Сапа Менеджмент» жүйесі енгізіле бастаған.
Ауылдан келген жастардың жан-жақтылы тәлім-тәрбие алып, өмірден өз жолын табуында бағдаршам бола білген білікті басшы Найля Бейсенбайқызының еселі еңбегі ескеріліп, 2005 жылдан бастап екі шақырылымында облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланады. Соның нәтижесінде елдік мүддеге, халықтық істерге мұрындық болып, бірқатар шараларды жүзеге асырды. Ардақ Садық, Ермек Келімсейіт, Ерғазы Қошанбеков, Серік Мұқанов, Айтбай Сейітов, Жанболат Жөргенбаев сынды білікті азаматтармен үзеңгі қағыстыра еңбек етіп, ел дамуына атсалысты. Әсіресе, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ұзақ жыл еңбек еткен ұстаздарды бағалап, аудан және ауыл әкімдерінің көмегімен 33 мұғалімге тұрғын үй салуға және бау-бақша өсіруге қолайлы саяжайлық жер телімдерін бөліп беріп, ұжымның ризашылығына бөленді. Әрине, мұның барлығы да қара бастың қамы емес, қарамағындағы оқытушы-ұстаздардың тұрмыс-жағдайына баса көңіл бөлгендіктің жемісі дер едік.
– Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деген. Білім алушыларға тек кәсіптік білім емес, олардың жан дүниесін рухани жағынан байытуға да ерекше көңіл бөлініп отырды. Колледждің үздік оқушылары арасында еліміздің біртуар перзенттері Т. Рысқұлов, Д. Қонаев, Кеңес Одағының Батыры Б. Момышұлы, академик А. Нүсіпбеков, М. Бейсебаев, ал 2008 жылдан бастап «Болашақ» стипендия иегерлері Болат Кәрентаев пен Айнұр Сүлейманова атындағы атаулы стипендия тағайындау мақсатында жылда байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ай сайын колледж тарапынан шәкіртақы төленіп отырды. Патриоттық тәрбие беру мақсатында «А. Нүсіпбеков атындағы» тарих, Ұлы Отан соғысының 60 жылдық Жеңісіне орай «Б. Момышұлы атындағы» алғашқы әскери дайындық және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Тұңғыш Президент аудиториясы», Астананың 10 жылдығына орай «Астана – ару қала» кабинеті ашылды. Колледжде жастардың өзін-өзі басқаруда, қоғамдық жұмыстар мен мәдени шараларға қатысудағы белсенділіктерін арттыруда «Жастар» кеңесі мен «Жас Отан» жастар қанаты жұмыс жасады, – деген Найля Бейсенбайқызы өз ойын одан әрі сабақтай түсті. – Елбасының жыл сайынғы Жолдауын қолдау және саяси сауаттылығын жоғарылату мақсатында 2005 жылдан бастап, облыстағы колледждердің арасында бірінші болып Заңға сәйкес колледж Президенті сайлауы өткізілді. Білім ошағының қабырғасында үздік оқып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан байқау жеңімпаздары атанған ауыл жастары бүгінде біздің мақтан тұтар түлектеріміздің қатарында. Олар Тәуелсіздігімізді нығайтуға өз үлестерін қосып, аудан, облыс, республика деңгейінде әртүрлі салаларда қызмет атқаруда. Кейбірі тіпті, шетелдерде білікті маман иелері атанып, «Work and Travel USA» – халықаралық алмасу бағдарламасының бірнеше дүркін қатысушылары, спорттық додалардың жеңімпаздары болып жүр. Жастардың Отанға деген мақтаныш сезімдерін арттыру мақсатында «Астана – арман қала» атты байқау ұйымдастырып, жеңімпаз мұғалімдер мен студенттер, қамкөңіл балалар ару қаламызға тегін жолдамамен барып, саяхаттап тұратын. «Жасыл ел» аймақтық бағдарламасының негізінде колледжде «Табиғат отряды» құрылып, оның мүшелері сүйікті қаламыз – Талғардың жасыл желекті, таза қалаға айналуына белсене араласты. «Жетім көрсең жебей жүр» қайырымдылық акциясы шеңберінде Талғар қаласындағы «Нұр», «Ақниет» балалар үйлерінің тәрбиеленушілері колледжде тегін білім алуына және диплом алған түлектердің еңбекке орналасуына жағдай жасап отырдық. Жыл сайын Ораза айында оқытушылар мен қызметкерлерден жиналған пітір садақаға осы балалардың әрқайсысына жеке, өзіне қажетті киім-кешектерін алып беріп тұрдық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан келген балалардың оқу ақысына 30, 50 пайызға дейін жеңілдіктер жасалып тұрды. Мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерді жас ұрпақтың жүрегіне ұялату мақсатында ұжым зейнеткерлеріне және аудан зейнеткерлеріне көмек көрсетіп отырдық, – дейді өткен жылдарға ой жүгірткен білім майталманы Найля Үмбетова.
Тамыры терең колледждің абыройының артып, мәртебесінің биіктей түсуіне тынымсыз үлес қосып, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған білікті басшы Найля Үмбетова 2012 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Оқудан, ізденуден бір тынбаған ұстаз еңбектен қол үзбей, өзінің өмірлік тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне, оқуды жетілдіруге арнауда. Жеке кәсіпті меңгертіп, «Инновациялық білім беру орталығын» ашады. Орталық қабырғасында балаларды ментальды арифметикаға бағыттайтын «Юсимас» халықаралық академиясының филиалы, компьютерді меңгеру, бухгалтерлік есеп, 1С бухгалтерия, шахматқа үйрету, ағылшын тілі, ҰБТ-ға дайындық, вокал, дизайн, йога, әлем халқының билері, таэквондо және т.б курстар іске қосылып, мамандар даярлауға өз септігін тигізіп келеді. Оған қоса осы жылы үкіметтік емес ұйым «Кәусар» қоғамдық бірлестігін құрып, әлеуметтік маңызды жобаларға қатысуды бастайды. Шалғайдағы елді мекендерде Елбасының сарабдал саясаты мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп, ауыл адамдарының ақпараттануына өте үлкен үлес қосып отырғандығын айрықша атау ләзім.
Жыл сайынғы үш айлық қайта даярлау курстардан шаштараз, бет әрлеуші, тігінші, маникюр, аспаз, кондитер мамандары оқып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алуда. Сондай-ақ, «Жастар тәжірибесінің» қатысушылары осы мекемеде тәжірибеден өтуді дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін орталықта мың жарымға жуық әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз жастар қысқа мерзімді курстарда білім алып, өз істерін ашып, кәсіптен – нәсібін тауып отырғаны қуантады.
Биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 70 жастың желкенін көтерген Найля Үмбетованың егемен елдің білім көкжиегін кеңейтіп, кәсіпкерлігін ұштауға қосқан ұлан-асыр еңбегін бір мақалаға арқау етіп, тауысу мүмкін емес. Десе де тәуелсіздік жылдарындағы жарқын істері мыңдаған жалынды жастардың жүрегіне мәңгі алау боп жанып, олардың өмір жолдарын таңдап, қалыптасуына бағыт-бағдар бергені сөзсіз. Жайдары жүзінен мейірім мен жылуы төгіліп, шуаққа малындыратын Найля Бейсенбайқызының асқақ адамгершілігі мен тынымсыз еңбекқорлығы астасып, Алатаудай асқақтатып, Талғар шыңындай биіктете түсері хақ. Ауданға ғана емес, Жетісу жұртшылығына аты мәлім білім майталманы Найля Үмбетованы 70 жылдық мерейтойымен Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов арнайы қабылдап, құттықтады. Сонымен қатар, Құрмет грамотасы мен сый-сияпатын табыстап, мерейін өсірді.
– Құдай қазаққа қырын қарамаған. Пейіліне сай етіп, ұлан ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып, кен берген. Мейірбан, ақкөңіл адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Міне, бүгін Ұлы көштің алдына шығып, Еуропаның төріне көтерілдік. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жолында өзімізге жүктелген міндеттерді жаңа білім қуған жас ұрпаққа алтын көпір болу мақсатына арнап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өз үлесімізді осылай қосудамыз. Еліміздің келешегін ұстар жастардың білімді болуы бәрінен маңызды, – дейді «Инновациялық білім беру орталығының» директоры, «Құрмет» орденінің иегері Найля Бейсенбайқызы.
Жетпіске жетсе де «бергенімнен берерім мол» дейтін ұстаздың тәлім-тәрбиесі мен ақ батасы әлі талай шәкірттің қанатын қатайтып, буынын бекітері сөзсіз!
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





