Мен Талдықорған қаласында ең қиын кезде әкім болған Сәкен Жылқайдаровтың еңбегіне тәнті болып едім.
Тоқсаныншы жылдары қаланың сұрқы қашты. Бір кезде жайнап-жайқалып тұрған шаһар біраз уақытта құлдырады. Жылудың дұрыс берілмегендігінен көпқабатты үйлердің тұрғындары баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Электр жарығы, газдың жоқтығынан биік үйлердің тұрғындары ас-су әзірлеп іше алмады. Кейбіреулер балконға, енді біреулер далаға шығып, тамақ әзірледі. Оның соңы елдің басқа қалаларға үдере көшуіне ұласты. Бұл кез көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен адамдардың өміріне қиындық тудырды. Бюджетте қаражат жоқ. Сонда қала басшысы Сәкен Жылқайдаров өзінің туған бауырларынан көмек сұрайтын. Солардан алған ақшаға азық-түлік алып, жағдайы төмен отбасылардың балаларына тамақ апаратын. Отын-көмірмен қамтамасыз етіп, қыстан аман алып шығатын. Көшеде жарықшамдар болмағандықтан милицияның қызметін жақсартты. Бағдаршамдардың орнында автомобиль инспекторлары қызмет ететін. Шамасы келгенше білім, медицина мекемелерінің жұмысын тоқтатпады. Осындай сын сағатта қаланы басқарып, елді аман алып қалу әркімнің қолынан келмес еді. Қызметтен кетемін, шамам жетпейді деген жоқ. Жайлы жер іздеп кетпеді. Шыдамды адамның жақсы күндерге қол жеткізетіні анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы болсын деп Жарлыққа қол қойғанда басқадан бұрын Сәкен Егінбайұлының қуанышында шек болмады. Сәкен ініміздің ісіне ризашылық білдіріп жүрген біз сияқты ағалары оның: «Елдің қиналғаны арқама аяздай батып жүр еді. Жаным қалғандай болды-ау», – дегенін естіп, ризашылығымызды білдірдік.
Сонымен, 2001жылдың көктемі Талдықорған үшін ақ таң арайлап атқан мезгіл болды. Қалада қым-қуыт, сан-салалы жұмыс басталды. Алдымен көшіп келіп жатқан мекемелерді қоныстандыру ісі қолға алынды. Шұрық-тесік болған көшелерді жөндеу күн-түн демей еңбектенуді қажет етті. Құрылыс қарқын алды. Алдымен Қаратал өзенінің арнасы жөнделді. Әйтпесе, қаланы су алып кету қаупі төніп тұр еді. Содан кейін «Қаратал» шағын ауданынан жаңа типтегі үйлер салынды. Қаланың жылу трассасы жаңартылды. Перзентхана мен қала сыртындағы үйлерге айналма жылу трассасы тартылды. Жаңа мектептер мен балабақшалар салына бастады. Қаланың ішінен көпқабатты үйлер тұрғызылды. Мәдени ошақтар жұмыс істеді. Тарихи ескерткіштер бой көтерді. Қала – көркі мен мәдениеті қатар өркендеген жаңа шаһарға айналды. Осының бәрінің ыстығы мен суығына Сәкен Жылқайдаров көніп, тыным тапаппай еңбектенді. Жұмыс уақытынан кейін ертеңгі күннің жоспарлары белгіленіп, талқыланатын жиындар өткізілетін. Олар сол кезде күн мен түнді алмастырып еңбек етті. Қаланы басқаруда соңғы 20 жылда ең көп еңбек сіңірген Сәкен Жылқайдаров. Оның еңбегі еш уақытта ұмытылмауы тиіс.
Аманғазы Шегіров,
Алматы облысының Құрметті азаматы





