«Тауды жақсы көремін. Сылдырап аққан судың үнінен демаламын. Балдай балалық шағымның тәтті сәттері орманда, тауда өтті. Себебі әкем – орманшы болды. Сондықтан болар мен үшін жүгірген аң да, ұшқан құс та жаныма жақын», дейді табиғат жанашыры, Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директорының орынбасары Тоғжан Қасымханова.
1986 жылы Екіаша ауылында дүниеге келген Тоғжан Қанатбекқызы мектеп бітірген соң Талдықорған қаласындағы медициналық колледжде «акушер ісі» мамандығы бойынша білім алады. Жас маманның еңбек жолы «Зере» медициналық клиникасында медбике болудан басталған. Кейіннен Сарқан аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде акушер болып жұмыс істеп, көп ананың алғысына бөленді. Оқуға, білімге құштар кейіпкеріміз Жетісу мемлекеттік университетінің биология мамандығын тәмамдаған соң Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қызметке орналасады. Осылайша нәзік жан үстіндегі ақ халатын әп сәтте-ақ орманшының киіміне айырбастап, жауапты қызметке білек сыбана кіріседі. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алдымен «Ғылым» бөлімінің ғылыми қызметкер лауазымынан бастаған Тоғжан осы бөлімнің аға ғылыми қызметкері, кейіннен Сарқан филиалы директорының орынбасары, одан кейін «Ғылым» бөлімінің басшысы, бүгінде аталған мекеменің бас директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Бала күнінен әкесінен көрген-білгенін де жұмыс барысында тиімді пайдаланғанын жиі айтудан шаршаған емес. Өмір жолын дәл осы саламен байланыстырған Тоғжан орманшылықты терең меңгеруге бел буып, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің орман ресурстары және орман шаруашылығы мамандығына оқуға түседі. Жаңашылдыққа жаны құмар білікті де білімді маман бүгінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғат кешендерін қорғау, экологиялық туризмді дамыту, ерекше қорғалатын табиғи аумақта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, өскелең жас ұрпаққа экологиялық ағарту жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруда.
– Адам мамандық таңдаудан қателеспеуі керек екен. Мен о баста таңдаған мамандығымды дәл бұлай жақсы көрмеппін. Қазір жұмысқа қуанып келемін. Парк қақпасынан аттап кіргеннен жаным тынышталады. Себебі, табиғатпен жаным егіз. Көңілім болмай тұрған кезде бірден серуендеуге шығамын. Табиғат – біздің анамыздай қамқор. Бауырына басып, құшағына қысып мәпелейді. Бірақ оны сезіне білу керек. Киелі де қасиетті жерімізге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Себебі, қараса көз тартатын тұмса табиғатымыз, сұлу мекендеріміз жетерлік. Соның бірі – біздің Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Мұндағы басты ерекшелік – әлемдегі барлық алма сортының арғы атасы саналған жабайы Сиверс алмасының өсетіндігінде. Осы сұлулықты көруге келетін туристер саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, былтыр 3 мыңға жуық турист келсе, биыл 6 мыңнан асады, – дейді Тоғжан Қасымханова.
Туристердің сұранысы бойынша, ұлттық паркте барынша қолайлы жағдай жасалған. Соңғы жылдары автокөлік жүретін жолдар жөнделген. Болашақта қысқы туризмді дамыту жоспары да жоқ емес. Қазіргі таңда барлығы 13 туристік бағыт және 2 экологиялық соқпақ жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде жиі сұранысқа ие Төменгі Жасылкөл көлі, Шумский мұздығы, Сиверс алмасы. 2018 жылдан бастап паркте «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивальі тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл шараға көптеген туристік фирма өкілдері, тілші-блогерлер, қоғам активистері қатысады.
Жаратылысы нәзік болса да ер азаматтармен иық тіресе қызмет етіп жүрген кейіпкеріміз отбасында ибалы келін, аяулы жар, асыл ана. Рүстем Қасымханмен 2012 жылы шаңырақ көтеріп, Айым, Адия, Әрсен атты балаларына кішкентайынан табиғатты қорғауды үйретіп, тәрбие беруде.
– Маған қара жерді қақ жарып шыққан қияқ шөп те қымбат. Сондықтан табиғатты қорғауды әрбір адам өзінен бастауы керек. Жылда ұлттық парк қызметкерлері «Парктер шеруі» атты табиғатты қорғау акциясын өткізіп, акция барысында экосенбіліктер, тазалық жұмыстары, көгалдандыру, экофорумдар, сонымен қатар жас ұрпақты табиғатты сүюге баулу мақсатында шығармашылық байқаулар мен экологиялық сабақтар жүргізеді. Бүгінгі жас шыбықтың қалай жайқалып өскенін біз көрмесек те, біздің ұрпағымыз көреді. Ең бастысы – біздің маңдайымызға берген осындай Жер ананың алтыннан да қымбат қазынасына қиянат жасамай, келер ұрпаққа аманаттасақ болғаны. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Әрбір адам өз жұмысын адал істесе, жемісі де соғұрлым қайырлы болмақ, – дейді Тоғжан Қанатбекқызы.
Қазіргі таңда паркте 200-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Осы өңірдің өсімдік дүниесі мен аң, құстарының тіршілік-тынысын бес саусағындай білетін білікті мамандардың еңбегі өте зор. Жыл он екі ай орман тұрғындарының тыныштығын сақтау үшін күн-түн демей тау-тас пен ой-қырды кезіп жүретін орманшының әрбір күні тәуекелге толы. Таңның атысынан кештің батысына дейін тынбай тер төгетін еңбеккерлер шаруашылықты дамыту, орманды молықтыру, өрттен, заңсыз ағаш кесуден, мал жаю, шабындық жерлерді шабудан қорғайды. 356 мың 22 гектар жерді ерекше қорғап, оған бас-көз болып, уақыт санаспай үнемі ат үстінде жүру – оңай шаруа емес. Қиыны мен қызығы қатар жүрген жауапты қызметте жұмысын абыройлы атқарып жүрген білікті де білімді азаматтар баршылық. Олай болса, табиғат жанашыры болған барлық қызметкердің ісіне береке тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Сарқан аудан





