Ұлыбританияның «Apple music. TOP-100» хит-шеруінде гайаналық рэпер Карлос Сент Джонның орындауындағы «Roses» әнін 19 жастағы қазақстандық Иманбек Зейкеновтің өңдеуіндегі ремикс нұсқасы бірінші орынды алды. Сол сәтте ол ерекше туындысымен әлем әнінің жауһарлары Джастин Бибер, Уикенд, Эминем, Дуа Липа сынды орындаушылардың алдына түсті.
Павлодардағы Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің студенті, қосымша «Ақсу-1» теміржолында белгі беруші болып жұмыс істейтін Иманбек ән сүйер қауымға «Imanbek Remix» ныспысымен танымал.
Кейіпкеріміздің әнге деген қызығушылығы бала жастан басталған. Ол 8 жасында гитараны меңгерді. Ал әлем әндеріне ремикс жасауды 17 жасында қолға алып, бүгінде қалтафондағы «Shazam» музыкалық қосымшасында 10 миллионға жуық қаралған, YouTube-тағы «Sound Megabit Space» каналында 38 миллион, ал «Lithuania HQ» арнасында 40 миллион көрсетілім жинаған «Roses» әнін 18 жасында жазды.
Бұл көрсеткіш 2016 жылы жарық көрген Сент Джонның түпнұсқасынан екі есе асып түсті. Ән өңдеуді ғаламтор арқылы үйренген Иманбек «FL Studio» бағдарламасы арқылы бірнеше ремикс жазды. Ол алыс-жақын шетелдердегі продюсерлік орталықтармен тығыз байланыста, келісімшарт бойынша жұмыс істейді.
Иманбек бүгінгі еңбеккер жастардың бейнесіндей. Оқуда үздік, жұмыста қатарының алды, ал өзінің сүйікті ісі бойынша әлем назарында. Оның әр қадамын бақылап, ісіне баға беретін өзіндік орта қалыптасқан.
Серік ҚАНТАЙ





