Тіл сарайында облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетудің маңызы» атты семинар-тренинг өтті. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасы мен халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық және қалалық филиалдарының өкілдері, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенттері қатысты.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес оның сапасын арттыру және кәсіпкерлік салада қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдос Есжанов жүргізді.
Семинар жұмысына І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сырлыбаева спикер ретінде шақырылды.
Шара барысында Мұратбек Иманғазинов дамыған елдердегі тіл мәселесінің жайынан мысалдар келтіріп, ауқымды баяндама жасады. Сондай-ақ, ана тілді қорғау арқылы көп дүниеге қол жеткізуге болатыны жөнінде баса айтып өтті. Мұндай жиындардың өткізіліп тұруы керек деген пікір білдірді.
Семинардың пікіралмасу кезеңінде сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Туғанай Рахымберлина мен облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев өңірде тіл саясатын іске асыру саласы және мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, студенттер тарапынан түскен сүбелі сұрақтарға жүйелі жауап берді.
Қатысушылар танымдық шарадан тағылымды ой түйіп, ризашылықтарын білдіріп қайтты.
Еркін ҒАПУ,
облыстық
қоғамдық даму
басқармасы тілдерді дамыту және
ономастикалық жұмыс
бөлімінің бас маманы





