Қаншайым апа сексен жасқа абыроймен жетті. Қазақта: «Қырық жасқа дейін абырой жинау үшін еңбек ет, ал қырық жастан кейін сол абырой өзіңе қызмет етеді», – деген тәмсіл бар. Қыз кезінен бәленбайдың қызы қандай жақсы деген аталы сөзге елтіп өскен Қаншайым өзін де дұрыс тәрбиелеуге көңіл бөлді. Мектепте жақсы оқыды. Сабырлы мінезі, көппен тіл табысуы, ешкіммен ренжіспеуі көпке үлгі болды. Талшыбықтай бұралып өскен қыз әулеттің көркі еді. Көрші-қолаң Сыдық пен Балқияның қызы-ай деп таңдай қағатын. Болашақта кімнің бағы болар екен деп армандайтын.
Қаншайым мектеп бітірісімен оқуға аттанды. Жолы болып, Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтына оқуға түсті. Ол жерде де отбасында алған тәрбиесінен ауытқымады. Білімге құштар, көркем мінезді бойжеткен ұстаздардың айтқанын жанына тоқып, қатарластарының алдынан көрінді. Бойжеткеннің келісті келіншек болатыны сол кезде-ақ байқалатын. Ісі тындырымды. Тамағы дәмді. Жүріс-тұрысы әдепті. Жуған ыдысын бір-біріне соқпайды. Басқан ізі білінбейтін бойжеткен әр жігіттің арманы еді. Қатарлас бозбалалардың арасынан қызға қызушылар да байқала бастады. Сол институтта өзімен бірге оқыған Жексенбайдың да бойжеткенге көңілі ауған. Бір қызығы, Жексенбайдың қарындасы Жұмақыз да осы замандасым ағама жақсы жар болатын еді деп ойлап жүріпті. Ауыл басшысы Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Күлән да екі жастың болашағын бірге елестетеді екен. Сонымен, барлығының ойы бір арманда тоғысып, Жексенбай Қаншайымға көңіл білдіреді. Бұйрық па, тағдыр ма, соңы бозбала мен бойжеткеннің сөз байласуымен аяқталады. Жексенбай інісінің Қаншайыммен шаңырақ құрғысы келетінін Еңбек Ері, аңыз адам Нұрмолда аға да құптайды. Ол кезде ауыл-аймақта көлік аз. Жеңіл машинаны басшылар ғана мінеді. Нұрмолда аға Жексенбай бозбалаға әппақ «Волга» көлігін мінгізіп, қыз айттыруға жібереді. Жексенбайдай болашағы зор күйеубаланың беті қайтпай, мерейі өсіп, Қаншайым ауылға келін болып түседі. Нұрмолда атасы ауылдағы Еңбек Ері атанған атақты адамдар мен ақсақалдарды жинап, жас жұбайларға ақ батасын береді.
Қаншайым Сыдыққызы ауылдың сыйлы адамдары Тәтібек ата мен Нұрғиса ананың ақ тілеуімен босаға аттайды. Ата-ененің де мейірімді болғаны жарты бақыт емес пе?! Бұл орайда Қаншайымның жолы болды. Екеуі де елге сыйлы, беделді азаматтар еді. Көрген-білгендерін жас келіннің көңіліне тоқытты. Шаңырақтағы ауызбірлік – тату-тәтті өмір сүрудің негізі еді. Бір шаңырақ астында 14 адам тұрады. Күн сайын нан пісіру, ас-су әзірлеу, үй тазалау, кір жуу күн сайын қайта айналып келіп тұрады. Ол кезде үй әктеу, құлаған жерлерді сылау, батпақ илеу де бірлесіп істейтін шаруа еді. Қаншайым келін соның бәрінен де қайтпады. Білекті сыбанып, барлық шаруаға кірісіп кететін. Кейіннен шаңырақтағы көпті бауырға басу әдеті Қаншайым мен Жексенбайға да жұғып, бауырларының балаларын түгел оқытып-тоқытып, үйлендіріп, қатарға қосты. Ол кездерді Қаншайым тәте ерекше бір толғаныспен еске алады. «Ауылға келіп Нұрмолда атаны көргенде ертегідегі нағыз батырға кезіккендей болдым. Денесі мығым, шашы тақырлап алынған, мұрны бетіне сәйкес келген нағыз батыр. Жары Ақжарқын да ерекше туған жан еді. Мен Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғаларды күткенде қастарында жүрдім. Қайынағам Жексенбай мен абысыным Нұрпазимен бірнеше жыл бірге тұрдық. Олар үйелмелі-сүйелмелі отбасы еді. Қайынағамның балаларын өсіруге көмектесуді өзімізге парыз санадық. Бір шаңырақ астында абысыныммен сегіз жылдай бірге тұрдық. Енем Сәтбаланың ақылдылығының арқасында тату-тәтті ғұмыр кештік. Өздері рұқсат етіп, батасын бергенше қозғалған жоқпыз», – дейді ол.
Журналистік қызығушылықпен отанасы мен отағасынан әдемі қартаюдың сырын сұрадым. «Мінезден шығар. Ешкіммен ренжіспеймін. Кез келген шаруада сабыр сақтауға тырысамын. Өзімізден кіші бала-шағаға қамқор болдық. Солардың қуанғанынан күш алдық», – дейді Қаншайым тәтем. Шындығында өзі де барған, от жаққан отаудан мейірімге шомылған. Сосын басқаларға да ұсынған. Қайынағалары Сембай, Әбен, Нұрке де жас отбасыға мейірімін барынша төккен. Абысындары Ақжарқын, Тәшенбала, Нұрғиса, Батима, Саумал бала бағу мен үй шаруаларын атқаруды үйреткен. Шаңырақтағы нәзік жанды Зейнеш, Сара, Нәжет, Нұрпәзи келіндерін бауырға басып, тату-тәтті ғұмыр кешудің қасиетін ұқтырған. Қаншайым өзі де барған жеріндегі үлкен-кішіге түгелдей құрмет көрсетіп, текті келін атанды. «Баталы құл – арымас» демекші, жас жұбайлардың жолы ашылып, қызметте де, отбасында да бақытты ғұмыр кешті. Әрине, барлығы рет-ретімен бола қалды деуге келмейді. Қаншайым тәтенің айтуынша, барлығы қиындыққа қарсы тұрғандықтың арқасында жеткен жетістік. «Ауылдың жөн біледі-ау деген келіндерін Нұрмолда атаға келген танымал адамдарға ас әзірлеуге шақырады. Одан да көп үлгі алдық. Тамақ даярлап жүріп, үлкендердің әңгімесін тыңдаймыз. Дастарқан жаюдың, қонақ күтудің қыр-сырын үйрендік», – дейді Қаншайым тәте жастық шағындағы қызықты күндерін еске алып.
Шұбар ауылына келін болып түскен Қаншайым Кеңес Одағының Батыры Матай Байысов атындағы мектепке химия және биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Сонымен бірге, мектептегі оқу және тәрбие ісінің меңгерушісі міндетін қосымша атқару жүктеледі. Еңбек жолын жаңа бастаған жас маман өзіне жүктелген жауапты міндетті тиянақты атқаруға институтта оқығаны мен өмірден көңілге тоқығанын тиімді пайдалануға ұмтылады. Көп ізденіп, ерінбей еңбектенеді. Жексенбай Жетпісбаев та еңбек жолын инженерліктен бастап, тапсырылған міндетін дұрыс атқарғандықтан қызмет баспалдағы біртіндеп жоғарылап, биікке қарай өрлей берді. Атақ-даңқы Кеңес одағына мәлім партияның ХХII съезі атындағы ұжымшарда бас инженер, кейіннен осы шаруашылықтағы партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Басшылар жас жігіттің кез келген шаруаны дөңгелетіп әкететініне көзі жетеді. Шатқаяқтап тұрған шаруашылықты берсе ісін алға жылжытатынына әбден көздері жеткен. Осылайша, басшылар жігітті жауапты істе сынамаққа келіседі. Сонымен, Жексенбай Жетпісбаевты Ақсу ауданының Сағабүйен ауылына басшылыққа жібереді.
«Сағабүйен ауылы бізді өмірге шыңдады. Жаңа тынысымызды ашты. Төлеген Тоқтаров мектебіне барысымен оқу ісінің меңгерушісі қызметін берді. Сенімді ақтауға, талап биігінен шығуға тырыстым. Ұжыммен, оқушылармен, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста еңбек еттік. Бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтиже жақсы болмақ. Мектепте спорт секциялары, көркемөнерпаздар үйірмесі, қосымша сабақтар өткізілсе, ата-аналар да риза болады. Балаларының болашағына сенімі артады. Мектепке келіп, қоғамдық жұмыстарға араласуға белсенділігі артады. Ұжымшардың негізгі күші осы балалардың ата-анасы. Ендеше, ұл-қыздарының жақсы оқып, тәлімді тәрбие алуына ұстаздар күш салуымыз керек. Баласы алдыңғы орыннан көрінсе әке-шешенің де көңілі көтеріңкі. Сонымен, балалардың ата-аналарының алдында концерт ұйымдастырамыз, түрлі олимпиадалар ұйымдастырып, озғандарын аудан, облысқа жіберіп, жеңгендерін үлкен жиындарда марапаттаймыз. Біріне-бірі қарап, балалар да құлшына бастады. Ұл-қызының сахнаға шыққанын көрген еңбек адамдарының қуанышы еселенді», – деп Қаншайым Сыдыққызы қажыр-қайраты көп жастық шағын еске алады.
Сағабүйен жұрты қарапайым, ақкөңілділігімен жас отбасын ішке тарта білген. Мерекелерде әр отбасы басқаларды қонаққа шақырады. Ауылда тойхана болмағандықтан мереке үйде тойланады. Жыл бойы жақсы жұмыс істеген жігіттер, механизатор, қызылшашылар, оларға жағдай жасап отырған пысық келіндер дастарқан үстінде марапатталып, шапан жабылып, орамал тағылады. Осындай марапаттаулар мен ынталандырудың арқасында ауыл аудан бойынша алдыңғы орынға шығып, ілгерінді істер атқарылды. Сол жылдары көшелер салынып, жаңа үйлер бой көтерген. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Мәдениет үйі, мектеп-балабақшаның іргетасы қаланады. Жұмысшылардың жауын-шашынға ұрынбай жұмыс істеуі үшін жаңа қырман, ұстахана салынады. Мәдениет үйінде ойын-сауық ұйымдастырылып, көңілді кештер елдің рухын көтеретін. Ауыл азаматтары шетінен медаль, орден алып, кейбірі сыйлыққа жеңіл көлік мініп, мерейлері өседі. Кейін Жансүгіров атындағы ұжымшарға басшы болып тағайындалады. Нұрмолда Алдабергеновтің іскерлік тәжірибесінен өнеге үйренген Жексенбай да іске құлшына кіріседі. Жас келсе – іске! Шаруашылық шаруасы бірден дөңгелеп сала берді. Жаңа техникалар алынды. Суармалы алқаптар ретке келтірілді. Игерілмей жатқан егіндік пайдалануға берілді. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлінді. Мектептер мен балабақшалар салынды. Жұмысшылардың балаларын білім шаңырақтарына беріп, өздері алаңсыз жұмыс істеді. Төрт түліктің саны өсті. Мал қыстату, азық-түлік қорын жинақтау, қой төлдету, қырықтық науқандары ұтымдылықпен ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде ет-сүт өткізу жоспары орындалды. Қызметкерлер мен жұмысшыларға арналып жаңа типті үйлер салына бастады. Ауылға көшіп келушілер қатары артты. Жексенбайды шаруашылыққа жетекші етіп тағайындаған басшылар өздерінің сенімі ақталғанына қуанды. Елді мекен барлық жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Шаруаның жүруіне отбасындағы сыйластық, береке-бірлік те оңды әсер етері сөзсіз. Жарының қызмет ауыстыруына байланысты Қаншайым да Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. Мұнда көптеген мәселені қайта ретке келтіруге тура келді. Әсіресе, білім сапасына ерекше көңіл бөлу керек болды. Сондай-ақ, сапалы біліммен қоса саналы тәрбие беру де үлкен еңбекті қажет етті. Тәрбиесіз берілген білімнің қандай қасіретке әкеліп соқтыратынын жан жүрегімен сезінген ұстаз жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануына ерекше көңіл бөлді. Қай жерде болса да береке-бірліксіз шаруа алға баспайды. Ауызбірлік болмаған жерде іс шатқаяқтап кетеді. Сонымен ұстаз бұл жерде де ұжымды ұйыстыра білді.
Жексенбай Жетпісбаев 1983 жылы Көксу ауданына қарасты Шаған тауының қойнауында қоныс тепкен «Куйбышев» атындағы ұжымшардың басқарма басшысы болып орналасады. Қаншайым Қабан жырау атындағы орта мектепке жұмысқа кіреді. «Мұнда да еңбегімнің игілігін көріп, құрметке бөлендім. Сағабүйен ауылында, «Жансүгіров» ұжымшарында жасаған еңбектерімді, елмен сыйластығымды Көксу ауданы «Куйбышев» шаруашылығына барғанда да жалғастырдым. Ауыл адамдарының барлығы дерлік шебер. Ас әзірлеуден де алдына жан салмайды. Мұнда қарын бүрме, жаубүйрек, қазы айналдыру, құрт-ірімшік жасау, барлығын жасап үйренгенін айтады. Таулы жер болғандықтан жол құрылысы қиын. Аудан орталығына дейінгі елу шақырымдық жол жөнделіп, асфальт төселеді. Жүз отыздан аса үй салынып, көше бойларына электр жарығы жүргізілді. Орталықта үш қабатты орта мектеп, 350 орынды Мәдениет сарайы, клуб, кітапхана, магазиндер жұмыс істейді. Мемлекетке ет-сүт өнімдерін тапсыру жоспарын асыра орындап, түлік түрлерін көбейту жөнінен ауданда алдыңғы орынға шықтық. Рухты бабалар Ескелді, Балпық би, Қабылиса жырау аталарымыздың мерейтойына үлес қосып, оның өтуіне атсалыстық. Жасым зейнеткерлікке жеткен соң мектеп ұжымы құрметтеп еңбек демалысына салтанатпен шығарып салып, ізгілікті ілтипатын көрсетті. Оларға ризашылығымды білдіріп, рақметімді айттым. Қай жерде, қандай қызметте істейін, адамдардың ыстық ықыласын сезініп, көңілім өсіп, мерейім үстем болып жүргенімді әрдайым қанағат тұтамын», – дейді ұлағатты жан.
Қаншайымның көпке үлгілі болуының сыры өскен ортасына да байланысты. Ол бұрынғы Андреевка ауданында дүниеге келген. Аудан орталығы болған ауыл бүгінде Алакөл ауданының құрамына кіреді. Осындай шұрайлы өлкеде дүниеге келген Қаншайым да көркем мінезді болып ержетті. Ата-анасы Сыдық Мырзахметов пен Балқия Мұстапақызы 4 бала өсірген. Бауырлары Оразғали, Жұмаш, Имаш бір-біріне көмектесіп, бауырмал, мейірімді болып ержетті. Отбасындағы сыйластық көпке үлгі еді. Ол өзі тәрбиелеген шәкірттерін де кішіпейілдікке үйретті. Қаншайым зерек болғандықтан және өзінің кішкентай кезінен табандылығының арқасында мектепке алты жастан барады. Адыңғы бауырлары да жақсы оқығандықтан оның да алғыр болатынына мұғалімдер сенімді еді. Мектепте Сыдықтың балалары шетінен білімді, жақсы оқиды деген түсінік қалыптасқан еді. Қаншайым да сол сенімді ақтады.
Шұрайлы өлкедегі Қарлығаш ауылы қасиетті мекен. Ол жерден қазақтың небір маңдайы жарқыраған маңғаздары шыққан. Қаншайым апа әрқашан туған жерін жүрегінің түбіне сақтап, өлең-жырға қосып келеді. Кейде ойтолғаулар жазатыны бар. Бүгінде ол кісіні ел ұлағатты ұстаз, жастардың жол көрсетушісі ретінде құрметтейді.
Қаншайым Сыдыққызы ұстаздық еткен жылдары талай дарынның болашағына жол ашты. Бала бойындағы қасиеттерді дамытып, өзін-өзі тануына мүмкіндік тудырды. Баламен балаша сөйлесіп, ойын еркін айтуына жағдай жасады.
«Әркім-ақ бала күнін сағынады,
Көңілден жыр маржаны ағылады.
Сенбілік, сабақ па, әлде концерт, кеш пе,
Әсия апай арамыздан табылады.
Ұстаз деген ұлы есім, асқақ ұғым,
Келіп тұр бүгін менің ақтарылғым.
Бақыт тілеймін қамқоршы ақылшыма,
Балалық, оқушылық шақтарымның!» – депті ұстаздың 1980 жылғы түлектері.
Көпті көрген, өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздан Қаңтар оқиғасында оқушылар мен балалардың шеруге шығуының себебін сұрадық. Жастардың бұзақылыққа баруын балалардың отбасы мен білім шаңырағынан дұрыс тәрбие алмауынан деп түсіндірді. Екіншіден, елдегі экономикалық жағдайдың төмендігінен деп топшылады. Әлі ақыл тоқтатпаған балалардың ереуілге шығуы тәйттің жоқтығынан деп есептейді. «Бүлік жасағандардың көбі жұмыссыз жүргендер болып шыққан. Ащы да болса шындық, тұрғындар арасында дүкенге кіруге қалтасы көтермейтіндердің бары рас. Олар самсап тұрған иесіз тауарды көргенде тонамағанда қайтсін?! Сонымен медальдің екі жағы болатынындай, шеруге шығудың да еліміздің жағдайын көрсететін екі көрінісі болғаны ақиқат. Кемшіліктерді қалпына келтіру үшін ұлттық тәрбиені жастар бойына сіңіруге бар күшімізді салуымыз керек», – дейді ардақты ана.
Жары мен ата-енесінің бабын таба білген Қаншайым тәте бүгінде еліне елеулі жан. Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Білім шаңырақтарына барып, ұлттық тәрбиені ұл-қыздарға үлгі етуде. Өмірлік жары екеуі елдің алғысымен көгеріп-көктеді. Бүгінде немерелерінің ортасында бақуатты ғұмыр кешуде. Өсірген ұл-қыздары тәуелсіз қазақ елінің бір-бір кірпіші болып қаланған. Барлығы жауапты қызметте. Ұяда көргендерін істеп, өз орталарының белсенділері. Үлкен ұлы Нұрлан – құрылыс инженері. Қызының үлкені Гүлмира банк қызметкері. Роза адам жанының арашашысы, ақ желеңді абзал жан. Бағланы шаруа қожалығының иегері. Кіші ұлы Ілиясы елордада Жер комитетінің білікті маманы. Әулеттің ұл-қыздарынан 15 немере, екі шөбере сүйіп отырған ата-ананың өмір жолы көпке үлгі. Бүгінде сексен деген абыз жасқа абыроймен жеткен ана ел-жұртының арасында жайнап-жарқырап, ұлағаттың символы болып жүрген жайы бар. Жасыңызға жас қосылсын. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіңіз еленіп, бала-шағаның ортасында аман-есен жүре беріңіз. Көргеніңізден көрер қызығыңыз көп болсын демекшіміз.
Гүлжан ТҰРСЫН





