Бар саналы ғұмырын Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде ұстаздық қызметке арнаған, «Білім беру саласының үздігі», Қазақстан инженерлік мектебінің көрнекті өкілі Жәмиға Орманованың құрметіне арналған аудитория ашылды.
Ғалымның туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері қатысқан салтанатты шарада сөз алған университет ректоры Мейрам Бегентаев:
– Жәмиға Орманова атындағы аудиторияны аша отырып, біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз, әрі өзінің мамандығына деген адалдығымен ерекшеленген ұлы тұлғаны қазіргі студенттерге үлгі етіп көрсетеміз. Осы аудиторияда білім алатын әрбір студент Жәмиға Орманованың ғибратты ғұмырынан өнеге алып, адамгершілік пен адал еңбекке талпынады деп сене- мін, – деп игілікті істі жүзеге асыруға атсалысқан барлық жанға алғыс білдірді.
Белгілі жазушы, журналист әрі аудармашы Ғали Ормановтың қызы Жәмиға Ғалиқызы өмірінің 40 жылдан астам уақытын Сәтбаев университетіне арнап, тау-кен инженері, маркшейдер атанған. 1954 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын аяқтап, осы жерде аспирантураны да тамамдады. сөйтіп өзі оқыған оқу орнында ұстаздық етуді, шәкірт тәрбиелеуді және ғылыми зерттеумен шұғылдануды өмірлік жолы ретінде таңдайды. «Геодезия», «Маркшейдерлік ісі», «Тау-кен жұмыстарының әсерінен жер қыртысының және жер бетінің ығысуы», «Топографиялық және маркшейдерлік сызу» пәндерінің білікті оқытушысы ретінде студенттердің есінде сақталып қалған Жәмиға Орманова кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстарына да белсене араласып, Қарағанды көмір бассейні мен Текелі қорғасын-мырыш комбинатындағы жер қыртысының ығысу үдерістерін зерттейді. Оның көпжылдық жұмысының нәтижесі ретінде 30-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Ең басты қасиеті – студенттерінің бойында ғылым мен мамандыққа деген қызығушылықты оята білген ғалымның шәкірттері сүйікті ұстаздарын ешқашан ұмытқан емес, үнемі хал-жағдайын біліп, қонаққа келіп, түлектер кездесулеріне шақырып жүрді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ұлықпан Сыдықов, техникалық ғылымдар докторы, профессор Маржан Нұрпейісова, жазушы, халықаралық «алаш» сыйлығының иегері Мағира Қожахметова, жиен немересі Айдар Қырықбайұлы және шәкірттері қатысқан Жәмиға Ғалиқызы атындағы аудиторияның ашылуы бүкіл университет үшін маңызды оқиға болмақ.
Қазбек Асланұлы,
Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің студенті
Алматы қаласы




