Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Жүрегі мейірімге, көкірегі шежіреге толы қарияларымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары біз үшін қашанда құнды. Жасағанына орай сөйлеп, жасына қарап сыйлайтын жазылмаған заң сияқты жақсы қағидамыз тағы бар. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деп қарияларымызды қазынаға теңеп үлкенін сыйлаған елміз. Дегенмен де бүгінгінің ақсақалына қаратып айтылатын сын да аз емес.
Сырты абыз бар,
Желқабыз бар,
Алты ауыз бар – өзге жоқ, – дейді Абай. Жалпы қарияларға сын айту бүгін ғана басталған әңгіме емес екендігіне Абайдың осы сөзі дәлел. Бірақ қарттардың бәрі сондай деген ойдан аулақпыз. Екі дәуірді басынан кешіріп, замана шежіресіне айналған, екі қоғамның жасампазы, кешегі кеңестік кезеңге салауат, бүгінгі тәуелсіз өмірге аманат айтқан қарияларымыздың әрқайсысы біз үшін жазылмаған хаттай. Өкініштісі «Бара жатыр сарқылып дариялар…» деп Мұқағали ақын айтқандай, дария қариялар азайып бара жатқаны. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында дүниеге келіп, бесігін телеарнадағы Хрюша мен Степаша тербеткен ұрпақ бүгін қариялар қатарына қосылып жатыр. Сөзінде мақамы, жүрекке жетер батасы, ісінде өнеге жоқ деген сын соларға қаратылар болса керек.
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөліпті. Мінгені есек, айдағаны өсек, тұла бойы есеп, ошақ қасынан ұзап шыға алмай түтін аңдып, үй аралап жүретіндер- ді – шал депті. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген, балаларының, немерелерінің, келін- кепшіктің арасында абыройлы қартты қария депті. Бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айрандай ұйытып, тәйтігі болса тәйт деп түзеп жіберетін, ауылдан бойлап өскендерді де керек кезінде қайырып үйіріне қосып отыратын қартты ақсақал депті. Елдің сөзін сөйлеп, намысын қорғайтын, ел арасындағы күрмеуі қиын түйіндерді шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойы тұнған ұлттық рух, ақылы терең, жүрегі кең, елдің тыныштығы мен ел ішіндегі ұлтаралық, руаралық татулықты сақтай білген, елді өрге бастайтын, халқы қостайтын қарияларды абыз деп атапты. Бауыржан атамыздың осы бағалауына қарап осылардың қайсысы бүгінгі қоғамда көп екендігін өздеріңіз пайымдай беріңіздер. Әрине, жасы ұлғайғандардың барлығы абыз болуы мүмкін емес, болған да емес. Меніңше, осы жердегі ақсақалдар деп баға бергендер көп болса мына дүниенің талай көш бағытын оңдап, ауған жүгін түзеп алар еді. Француз философы Жан Жак Руссо «Жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған, кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» дейді. Яғни жастық шағында бойына ілім-білім жинап, жасы ұлғайғанда данагөй атанса жақсы қартая білгенінің белгісі. «Жақсы адам қартайса көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса бықсып жанған от болар» дегенді де бұрынғылар тегіннен-тегін айтпаса керек. Көрген-білгендерімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, «Он рет өсиет айтқанша бір рет өнеге көрсет» деп өнегелі істерімен де үлгі бола алатын ақсақалдар баршылық. Дегенмен де жасы егде тартса да арақ-шарап ішіп, келіншектерге қылмыңдап, тіпті ұятты қылықтарға барып, теріс үлгі көрсетіп жүргендер де күнделікті өмірде көрініс беріп қалады. Қадыр Мырза Әлі: «Мықты қарт – мықты жастан шығады» дейді. Солай екені даусыз. Алайда, жастар мықты болу үшін өнеге көрсетер мықты қарттар болуы керек емес пе?! «Жетелі ұл адаспас, бағзыдан қалған жол бар ғой» деп Әйтеке би айтқандай, бағзыдан келе жатқан жолды аманаттап, келер ұрпаққа жеткізуші, көрсетуші ақсақалдар екені даусыз. «Бұрын былай болған, ақсақалдар мынандай еді» деп бұрынғы қариялардың жанында жантайып жатып шай ішіп келгендей сөйлейтіндер бар. Біздің замандастар сол бұрынғы қарияларды көрдік. Көкірегі жазулы хаттай зерделі қариялардың сарғайған сағым жылдары, сайрап жатқан іздері туралы көсіле айтқан әңгімелерінен ой түйіп өстік. Тәйтікті тәйт деп тыйып тастайтын қариялар еске түседі.
Қазіргі заманда қарт деген сөзді естігенде амалсыз «қарттар үйі» деген де ойыңа қатар оралады. Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол деп айтып жүрміз. Ал іс жүзінде сыйлап жүрміз бе? Көпшіліктің бәрі сондай деген ойдан аулақпыз, бірақ әр облыста қарттар үйінің орын алғаны ойландырмай қоймайды. Ақшаларын беріп, «құрық сілтер жерде базарың, қамшы сілтер жерде дүкенің. Керегіңді ала бер», – деп ата-анасына айына бір рет көрініп кететіндер бар. Осындай жағдайды естігенде балаларын кінәлауға дайын тұрамыз. Шынымен солай ма? Ата-анасымен шүйіркелесіп сөйлесе алмайтындар көп. Қысқа-қысқа амандық сұрасқан сұрақ жауаппен бар айтары шектеледі. Осының астарында не жатыр? Біреулер қазіргі қоғамды кінәлайды, біреулер тұрмыстың қиындығын алға тартады, басқа да себептер көп. Ал, бастысы, сол анасы, әкесі балалары кішкентай кезінде соларға мейірімін төгіп, әңгімелесті ме? Егер балаңа сәби кезінде бесік жырын айтпасаң, бүлдіршін кезінде ертегі оқып бермесең, мектепке барғанда бірге білім алмасаң, ес біліп азамат болғанша сырласып, ақылыңды айтпасаң, өзің қартайғанда есейген балаң келіп, әңгіме айтпайтыны анық. Талшыбықтың қалай қарай жайқалып өсуі бесікті қалай тербеткеніңе байланысты. «Қариясы кімнің жоқ болса жастары болар диуана» деген Махамбет Өтемісұлы сөзінің астарында осындай дүние жатыр. Бүгінгі күні кейбір ақсақалдарымыз аталы ой айта алмаса, баталы сөзі жоқ болса, жасы ұлғайса да өзі есеймей қалса, оған заман мен замандастары кінәлі.
Үлкендердің сөзін жүре тыңдайтын, айтқандарына күле қарайтын жастар да, қарттарға сын көзбен ғана қарайтын қырттар да кінәлі. Бір қарағанда мына дүниені ұстап тұрғандар үлкен қалаларда, үлкен билікте отырған, үлкен мінберлерден сөйлеп жүрген бірен-саран азаматтар сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз білетін дүниенің мәні қазақтың дәл өзіндей қарапайым ақсақалдарының болмысында. Олардың бойындағы жалған сөз айтқызбайтын шынайылықта.
Жұмахмет ЖАНАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі





