Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – бала өсіріп, оны тәрбиелеу. Алаш ардақтыларының бірі, қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», – дейді. Иә, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ұлы мақсат, игі іс болғанымен бейнетті жол. Кеңес үкіметі тұсында өзге ұлт өкілдерінің балаларын асырап, жеткізген отбасылар көп еді. Солардан жалғасқан үрдісті тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманда Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы балалар үйінде жалғастырып, бүлдіршіндердің бақытты, білімді және тәрбиелі болуы үшін барлық жағдайды жасаған Жамал САРЖАНОВА.
Жамал Төлеубайқызы 1952 жылы желтоқсан айының 8-жұлдызында әулиелер мекені саналатын қасиетті Қаратал өңірінде жарық дүние есігін ашады. 1971 жылы мектепті тамамдап, Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Институтта білім ала жүріп, өмірлік махаббатын жолықтырады. Интернатта жоғары сыныпта оқыған Жексенбек Сұлтанбек ағамызбен әңгімесі жарасып, шаңырақ көтереді.
Жамал Саржанова 1974 жылы оқуды жақсы аяқтап, жолдамамен №1, қазіргі Кемел Тоқаев орта мектебінде ұстаздық жолын бастайды. Талай шәкірттің дарынын ашып, шығармашылығын шыңдап жүрген жан 1982 жылы Үштөбедегі балалар үйіне тәрбиеші болып ауысады. Қалай дегенде де бейтаныс орта, жаңа ұжым. Үйренісу оңай емес. Бірақ жұмысты жанын салып істейтін маман ұжыммен тез тіл табысып, оңай кірігіп кетеді.
– Біз қызмет істеген жылдары облыста 3 балалар үйі болды. Ең бірінші болып 1945 жылы Үштөбедегі балалар үйі ашылды. Біз 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиеледік. 3 жастағы бүлдіршіндер Алматыдағы сәбилер үйінен келетін. Тағдырдың тас қайрағына түскен балалармен жұмыс істеу оңай емес. Әркімнің мінезі әртүрлі. Біз әр балаға өз ұл-қызымыздай мейірімімізді төгуге тырыстық. Бірақ ананың аялы алақаны, әкенің махаббаты ештеңені алмастыра алмайды, – дейді Жамал Төлеубайқызы.
«Жақсылық жасасам, кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетсем» дейтін жаны ізгі маман 1987 жылы директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1994 жылы балалар үйінің директоры болып тағайындалады.
Жамал Саржанованың басшылығы тоқсаныншы жылдың тоқырау кезеңіне тап келді. Қилы заманда балалар үйіне қаржы да, тамақ та там-тұмдап берілетін. Десе де бала жанының бағбаны қиындыққа қарамастан 150 балдырғанды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп өсіреді. Ең әуелі, азаматтардың көмегімен балалар үйіне монша мен көкөніс сақтайтын қойма салуды қолға алады. Соның арқасында күзде арзандатылған бағамен сатып алынған мол өнім қысы-жазы бұзылмай сақталса, жәудіркөз жеткіншектер жуынатын жер іздеп сабылмай, өздерінің моншаларына түседі. Ең кереметі, өз ісін сүйіп істейтін білікті маманның тынымсыз еңбегі мен жүйелі жұмысының арқасында әр баланың күн сайынғы тамағына бөлінетін 89 теңге, 220 теңгеге дейін көтеріледі. Жанашыр басшы мұнымен шектелмейді. Балаларға шарапатын тигізеді-ау дейтін жандармен дидарласады. Бір көмегі тиіп қалар деген үмітпен елшіліктерге де барып, шетелдік мамандармен байланыс орнатады.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жүйелі жұмыстың нәтижесінде сол кездегі АҚШ-тың Қазақ-стандағы Елшісінің жұбайы Джоан Джонс бүлдіршіндердің тағдыры үшін алаңдап, бар жақсылықты балаларға тосатын жанашыр жанмен кездескеннен кейін бірнеше рет балалар үйіне келіп, азық-түлік, киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар әкеліп береді. Осыдан кейін бүлдіршіндер үйіне ат ізін салып Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігінің қызметкерлері, Жапония, Оңтүстік Корея, Грекия мен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілерінің жұбайлары да келеді. Сонымен қатар, ұжым Литва мемлекетінің Қазақстандағы елшісін жұбайы және баласымен қарсы алады. Қонақтар Үштөбеде тәрбиеленіп жатқан үш литвалық баланың хал-жағдайын білуге келіпті. Елші қайтарында: «Шіркін, балалар есейген соң Отанына оралса, онда біздің саны аз халқымыз үш адамға көбейер еді», – деп кетіпті. Әлгі балалар Литваға қайтпаса да елші балалар ержеткенше туған күндеріне сыйлық, киім-кешек әперіп, жылда құттықтап келіп тұрыпты. Бұл да өзгелерге үлгі боларлық іс.
– Балалық шақта көңіл деген көк дөнен ғой. Әр бүлдіршіннің өзіндік арманы бар. Бірі күйші, екіншісі әнші болсам дейді. Мен директор болғанда 10 балам футболшы боламыз, аяқкиім алып беріңізші деп келіпті. Болам деген баланың бетін қақпайын деп әрқайсысының аяғын қағазға сызып өлшеп алдым да базарға бардым. Сөйтіп әр баланың аты жазылған қағазбен аяқкиімдер таңдап алып, балаларды футбол үйірмесіне қатыстырдық. Ұжымның арқасында түрлі үйірмелер ашып, домбырашылар да дайындадық, – дейді бала жанының бағбаны.
Бір кереметі, тәрбиешілер балаларға домбыраны қаршадайынан үйретіпті. Балалар үйіне арнайы келген халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова ұлты басқа болса да домбыраның құлағында ойнап отырған балалардың өнеріне тәнті болып, арнайы домбыра жасатып беріпті. Өмірін баланың шат күлкісіне арнаған кейіпкеріміздің игі ісі жетіп артылады.
2004 жылға дейін басшылық қызметті абыроймен атқарған жан арнайы курс оқып, Үштөбедегі №3 коррекциялық кабинетке ауысады. Ол жерде де ақыл-есінде кемістігі, тілінің мүкістігі бар балаларды оқытып, әлеуметтік ортаға бейімдейді. Зейнетке шыққанша әлеуметтік педагог маманы болып қызмет істейді. Жамал Саржанованың өмірлік жары, өнегелі өмірі өнермен өріліп, тағылымды тағдыры талайға үлгі болған Жексенбек Сұлтанбек ағамыз да ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында қызмет істеп, бейнеттің зейнетін көріп отыр. Ағамыз қаншама жауапты қызмет атқарса да әрқашан руханиятты жоғары қояды. Әр мереке сайын мектеп-мектепті аралап, қазақ тарихынан сыр шертетін қойылымдар қойып, жастардың бойына күш-қуат дарытып, жасампаздық еңбекке жетелеп, тіршілікте өз орындарын табуына ерекше әсерін тигізді. Жексенбек ағамыз қолы қалт еткенде өңірдің спорттағы жетістігін, қазыналы Қараталдың тарихын жазып, газет бетіне жариялайды.
Елін сүйген жандар бүгінде 3 қыздан 9 немере сүйіп отырған асқар тау әке, аяулы ана, ардақты ата, асыл әже.
Апамыз зейнетте болса да балалар үйінен түлеп ұшқандар қуаныш-қайғысына біздің ата-анамыз деп шақырады екен.
– Біз 150 баланың ата-анасымыз. Ұл-қыздарымызды оқуға да түсірдік, жұмыс та тауып бердік. Балапандарым жиі хабарласып тұрады. Тіпті тойларына құда болып та бардық. Алғаш болып орыс баламның бірі үйленді. Ол маған: «Анашым, мен үйленгелі жатырмын. Сіз келіп, ақ батаңызды бермесеңіз той жасамаймын» деп хабарласты. Алып-ұшып тойына бардым. Қазір ұл-қыздарым немереңіз деп балаларын ертіп келеді, – дейді алтын жүректі ана.
Әрқилы тағдырмен түскен жеткіншектерге жағдай жасап, ата-аналары бермеген махаббатты сыйлап, мейірім танытып жүрген жомарт жүректі жанның еңбегі ерен. Жүз елу баланы бауырына басып, өзінің ұл-қызындай тәрбиелеп өсірген аяулы ана қандай құрметке де лайық.
Қаратал ауданы





