Сағым жүзген Ұлы Дала көкірегіне шырақ жаққан әрбір перзентіне тірек болып, аңсаған армандарды бағындыруға септігін тигізеді. Шалғайда жүрсе де туған жерінің жусан аңқыған жұпар иісін сағынбайтын қазақ жоқ. Балтық теңізіндегі әскери кемелерді ауыздықтап, қорғаныс саласындағы тәжірибесін бекіткен, еліміз тәуелсіздік алған соң Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери теңіз флотының құрылуына ықпал етіп, отандық теңізшілерге басшылық жасаған Рақым Қырқабақов сондай жан.
1961 жылы Ескелді ауданының Н. Алдабергенов ауылында дүниеге келген Рақымның малшылықты кәсіп еткен әкесі Асанбек түйе, қой бағып, ұлының алаңсыз білім алуына ықпал жасайды. Жаз шықса Шажа өзенінің аңғарында жатқан Ойсаз, Төлектің төрі, Қарасырық сынды жайлаудың жайнаған қызығына куә болған кейіпкеріміз елдің шебін қорғаған шегарашылардың өмірін жақыннан таниды. Шетінен спортшы, атқа мығым, айтар ойын ашық жеткізетін әскерилердің тыныс-тіршілігіне қызығып, офицер болуды армандайды. Кейіннен жоғарғы сыныпта «Алғашқы әскери дайындық» пәнінде құрдастарына командир болып, Калашников автоматын бұзып жинауды, қол гранатасын қалай пайдалануды меңгерді. Мектепті бітірген соң Украинаның Ворошиловград қаласындағы әскери ұшқыштар училищесіне жоғары бағамен оқуға түседі. Бірақ көңілі тартпаған соң бір күнде жиналып, елге қайтады. Ашулы әкесінің қату қабағына қарап, аудандық комиссариатқа өзі барып, әскерге сұранады. Әскери комиссариат басшысы, подполковник Бағбанов жалынды жасты әскери теңіз күштеріне азаматтық борышын өтеуге жібереді. 1979 жылы 26 қазан күні әскерге алынған Рақым Асанбекұлы Балтық теңізінің жағасындағы Мамонов қаласында 6 айлық оқудан өткен соң Светлогорск қаласындағы сүңгуір қайықтар дивизиясында үш жыл матростық өмірдің дәмін татады.
«Теңіздің дәмін татқан білер» дегендей, теңізшінің ғасырлар бойы қалыптасқан Жарғысымен танысып, мұхиттың қойнауынан сыр аулаған сүңгуір кемеде күн өткізген кейіпкеріміз туған жердің суы мен ауасын, табиғаты мен құндылықтарын есінен шығармады. Мерзімді уақыты бітіп, әскери өмірмен қоштасардың алдында сүңгуір кеменің командирі Александр Фалеев мұны Киев әскери саяси училищесіне дайындап, арнайы жолдамамен білімін жетілдіруге жібереді. Қарапайым қазақтың қарадомалақ баласына әскери басшысының қолдау көрсетуі азаматтың адалдығына, әділдігіне, еңбекқорлығына байланысты болса керек. Сөйткен командирі оқуды бітірген соң сүңгуір кемеге қайтып оралып, жұмыс атқаруын сұрайды. Қызмет ұсынып отырған адамға қалай қарсы шығасың, Рақым уәде береді. Алайда өмір адам ойлағандай болмайды екен. 4 жылдан соң оқуды бітірген оның орнына әлдебір шенеуніктің баласы қызығып, Солтүстік Флотқа сұранады. Мұнымен жеке сөйлескен училище басшылығы 1986 жылы Владивосток қаласында орналасқан әскери басқармаға жұмыс істеуге жібереді.
Жаңа үйленіп, зайыбын ерткен ол тамыздың 10-ы күні Камчатка қаласына келеді. Әйелінің айы-күні толып, бойына біткен сәбидің жарық дүниеге шығар уақыты келіп қалғандықтан алып лайнердің дәрігерінен көмек сұраған. Көпті көрген әскери дәрігер балаларының тұңғышы екенін сұрап біліп, толғақтың уақыты ұзаққа созылатынын айтады. Соған байланысты Камчатканың жедел жәрдеміне телефон соғып, жағдайды түсіндіреді. Бұларды жағалаудан күтіп алған дәрігерлер жас келіншегін перзентханаға ала жөнеледі. Әскери басшылықтың көмегімен әйелін облыстық ауруханадан тапқан Рақым дүниеге қыз келгенін естіп, қуанышқа кенеледі. Жолай автобуста өзімен бірге оқыған Қадырбек есімді жерлесін жолықтырады. Қостанайдың азаматы мұны үйіне апарып, ет астырып, сорпасын жаңа босанған әйеліне жеткізуге көмектеседі. Шалғайдағы жерде жүріп, Қазақстан атты елден екендерін ұмытпаған жерлестер осылай жинала түседі. Бір-бірінің қайғысына ортақтасып, қуанышын бөліскен қазақы көңіл деген осы болса керек.
Осылайша лейтенант лауазымында қызметке кіріскен Қырқабақов аға лейтенант дәрежесін алып, ядролық оқтұмсықтар базасына қарасты комсомол ұйымының төрағалығын атқарады. Бір күні Владивосток қаласында өткен комсомолдардың жиынына барған ол командирі адмирал Фалеевті кездестіріп қалады. 2-ші флотилияның қолбасшысы мұны көрген жерден жұмысқа шақыртып, жолдама жібереді. Осылайша кезінде берген уәдесін орындауды мақсат еткен Рақым «Иван Кучеренко» деп аталатын алып кеме командирінің орынбасары болып қызметке орналасады. Сүңгуір кемелерді қажетті жанармаймен, азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған алып кемеде оның бар саналы да жарқын күндері өтіпті. Үлкен кеменің қозғалысын, жүрісін, күші мен қуатын жақыннан таныған кейіпкеріміз алып техниканың болмыс-бітімін толық меңгереді. Осылайша қазақ баласына аса таныс емес сала – теңізшіліктің қыр-сырын тани түседі. Өмір жолында пайдасы тиер кәсіпті игерген жас маман уақыттың зымырап өтіп жатқанын байқады. Тіршілік, жұмыс деп жүргенде алпауыт мемлекет КСРО тарап, әр ел өз алдына мемлекет болып қалыптаса бастайды. Сол кезде қасындағы жерлестері 10 офицердің атынан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, бастарындағы жағдайды баяндайды. Хатта қазақтың жігіттері әскери теңіз күштерінде қызмет етіп жүргенін, елге оралғысы келетінін, бар білгенін өскелең ұрпаққа үйретуге дайын екендіктерін айтады.
Арада біраз уақыт өткенде қорғаныс комитетін басқаратын Сағадат Нұрмағамбетовтен: «Сіздерді тізімге алдық. Алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі құрылса, арнайы шақырту жібереміз» – деген жауап келеді. Ел жаққа алаңдаған қазақы көңіл атажұрттан зор қолдау табатындай елеңдейді. 1992 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен 10 офицерді түгелдей тізімдеген ресми шақырту келеді. Ендігі жауапты Мәскеу беруі керек. Орталықтан шыққан әскери шешім Владивосток арқылы Камчаткаға жеткенше желтоқсан айы болады. Ақыры бастығының ризашылығын алған соң жүктерін тиеп, елге көш түзеді.
Одан кейінгі тіршілігі Талдықорған байланыс әскерінде өткен Қырқабақов 1993 жылы құрылған Қазақстан әскери теңіз күштеріне шақырылып, Ақтаудағы әскери бөлімшеге жіберіледі. Түгі жоқ әскери теңіз күштері Германиядан 4 кемені арзан бағаға сатып алады. Ас-траханьға дейін келген бұрынғы НАТО әскерінің кемелерін 15 неміс маманы әкеліпті. Оларды Ақтауға қыдыруға жіберген қазақ теңізшілері кемелерді Каспий арқылы арнайы құрылғылардың көмегімен айдап, жеткізеді. Осылайша алғашқы кемелер қазақ елінің теңіздегі шегарасын қорғауға шығып, шағаласы қалқыған айдынды шалқардың тыныштығын күзетеді. Сөйтіп, әлем елдерінің техникаларын үлгі еткен қазақстандық теңізшілер алғашқы «Батыр» катерін шығарады. Орал қаласында орналасқан әскери кеме жасау зауыты ашылғаны көпшілікті қуантқанымен шалғайлығы, ең бастысы Жайық суының тартылуы теңізшілерді әбігерге түсірді. Өйткені, Оралдан Атырауға дейін жеткізілуі тиіс кемелер қайраңдап қала беретінді шығарды. Осындай ауыртпалықтың үстіне ҚР Қарулы күштері басшылығының әскери теңіз күштерінің құрамын түрлі органдарға қосу, қайта шығару сынды бастамалары қадамын жаңа бастаған флотты сансыратып жіберді. Осындай қиындықтарды басынан өткерген Рақым Асанбекұлы қазақ теңізшілерінің тағдырына қатты алаңдайды.
Содан бері неше рет таратылып, қайта құрылған әскери теңіз күштері бүгінгі күні Каспий теңізінің бойындағы елдердің арасында елеулі орын алады. Мысалы, 2017 жылы Бакуде Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран, Қазақстан елдерінің арасында өткен әскери кемелердің жарысында қазақ теңізшілері алдыңғы орыннан көрініп, шеберліктерін танытқаны баршаға аян.
Қазақстан әскери теңіз күштері қолбасшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, 2007 жылы зейнеткерлікке шыққан Рақым Қырқабақов туған жеріне оралып, Алматы облыстық қорғаныс саласының ардагерлер ұйымына төрағалық етіп келеді. Жетісу жерінде тұратын барлық әскери ардагерлердің жай-күйін біліп, тұрмыс-тіршілігімен танысуды өзіне міндет санаған төраға өскелең ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосатын ұйымның қоғамдық негізде жұмыс жасайтынын айтып отырады. Соның әсерінен болар белсенділік танытудан танбайтын тұлғалар ұйым жұмысына ұдайы қатысып, көпшілікпен кездесу өткізуден жалыққан емес. Дегенмен, басқаша ойлайтындар да табылады. Әрине, адам болған соң пікір алуандығы, ой ерекшелігі кездесетіні рас. Соған қарамастан Қазақстан Республикасының болашағына сеніммен қарайтын 1 дәрежелі капитан Рақым Қырқабақов бауырларының бәрін әскери өмірге қадам бастырып, әрқайсысын еліміздің Қарулы күштеріне еңбек сіңіруге баулыды. Атап айтқанда, Қырқабақтың ұлы Асанбектен тараған әулеттің 18 адамы әскери қызмет атқарады. Рақым Асанбекұлының бауырлары, келіндері, күйеу балалары, ұлы әскери өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңуда. Бір әулеттің адамдары «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі орын иеленгенде көңілін қуаныштың тербегенін қалай жасырсын?!
Өз кіндігінен тараған бір қыз бен бір ұлдан ұрпақ сүйіп отырған Рақым Асанбекұлы 4 немересінің қызығын тамашалаған ұлағатты жан. Өсіп-өнген әулеттің тамырын тереңге тартқаны туған жерге қоныстануынан анық көрінеді. Тау сағасындағы Текелі қаласында тұратын ардагер табиғаты тамылжыған шаһардың жастарына тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес. Облыс орталығы Талдықорған қаласында кездесулер өткізіп, қоғамның өзекті мәселелеріне үн қосып отыратын ардагер биыл 60 жастың сеңгіріне аяқ басып, өмірдің тағы бір асуынан асып барады. Маңдайына жазылған өнегелі өмір, ғибратты ғұмырдың шапағатын айналасына таратудан танбаған тұлғаның тұғыры берік, жұлдызы биік болсын деп тілейміз!
Мәди АЛЖАНБАЙ





