Өмірден өздері өткенімен артында өлмейтұғын сөзі мен ісін қалдырған, парасат-пайымы терең, тұлпар мінезді, ойласа ойдың тереңінен, сөйлесе сөздің өрінен көрінер асқақ рухты азаматтардың бірі әрі бірегейі бауырым Тұрсын Әбдуәлиұлы еді. Өмірден өткеніне 6 наурызда 1 жыл толды.
Ол өз дәуірінің оты мен суына қатар түсе жүріп, құрыштай шыңдалған жер жаннаты Жетісудың тұлғаларының бірі.
Өмірдің асқар асулары мен биік белестеріне шыққан тұғырлы тұлға.
Ол білікті, білімді, қайсар басшы, шебер ұйымдастырушы, еңбектің көрігінен шыңдалған, кісілік пен кішілікті тең ұстаған тұлға, жүзі жарқын, жүрегі таза еді.
Сегіз қырлы бір сырлы, терең ойлы, ағылып сөйлейтін шешен, қаламы жүрдек, ұшқыр, ақын, журналист, жазушы, онға жуық ғұмырнамалық, тарихи-тағылымды, көркем кітаптардың авторы. Ол білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, жалынды журналист жастарға ұлағатты ұстаз, тәрбиеші, қамқоршы болған.
Тұрсын бауырым 1939 жылы 1 қаңтарда Көксу ауданы Қызыларық ауылында Әбдуәли мен Битай Жапарқұловтар отбасында дүниеге келген. Әбдуәли бөлемнің туған інісі Мүтә-Көкен отбасында тәрбиеленіп өскен.
Өмір жолын Тауарасы разъезінде теміржол жұмысшысы болып бастаған. Әскерден келген соң Быжы бекетінде электрстансының моторисі болып істеді.
Қазақ ССР-і Халық ақыны Артық Жексенбекұлының (1906-1981 ж.ж.) қызы Рәш жеңгемізге үйленіп, Қаратал ауданында ұстаз, аудандық газетте журналист болып абыройлы қызмет атқарған.
«Орнында бар оңалар» демекші, Әбдуәли әулетіне математик жеңгеміз: Гауһар, Ғалия, Талғат, Жанат, Фархат атты ұл-қыз сыйлады. Барлығы жоғары білімді, әр саланың маманы, өрісі кеңіген, ұрпағы көбейген.
Тұрсын бауырым жаны жайсаң, көңілі дарқан, отбасының ұйытқысы, балаларының аяулы әкесі, немерелерінің сүйікті атасы, шөберелерінің панасы болған. Ол бірге істеген әріптестерінің абыройлы сырласы, ағайын-туыстарының жанашыр қамқоршысы еді.
Тұрсын бөлешарым 1968 жылы Свердловск қаласындағы педагогика институтын, 1984 жылы Мәскеу қаласындағы СОКП-тің Қоғамдық Ғылымдар Академиясын бітірген.
1963 жылдан бері журналистика саласында, партия қызметінде, 1972-1982 жылдар аралығында облыстық телерадио комитетінің төрағасы, 1985-1996 жылдары облыстық «Октябрь туы», «Жерұйық» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер одағының облыстық басқармасының жетекшісі, облыстық мәслихаттың бірнеше рет депутаты болып сайланған.
Депутаттық қызметінде жүргенде Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Жигулин қалай қызметінен алынғандығын, облыс орталығы Алматыдан Талдықорған қаласына қалай көшірілгендігі, тағы басқа туралы Талдықорған өңірінің жұрты әлі ұмыта қойған жоқ шығар.
Бұған тағы қосарым, мені 1977 жылы КСРО-ның 60 жылдығына дайындалып жатқанда «ұлтшыл» деп партия қатарынан шығарып, КГБ, қалалық, содан соң облыстық прокуратура іс қозғап, сергелдеңге салғанда жалғыз Тұрсын бауырым Социалистік Еңбек Ері Әбдіқайыр Дайыровқа (1905-1978 ж.ж.) жетектеп апарып, арашалап, соттағы ісімді қысқартқан еді.
Одан кейін 6 ай жұмыссыз жүргенімде тағы да Тұрсын бауырым жетектеп облпотребсоюздың төрағасы Бейсен Ысқақовқа (1928-1990 ж.ж.) апарып, жұмысқа орналастырғанын ел, құдай алдында қалай ұмытайын. Мен өмірімнің соңына дейін оған қарыздармын. Аруағына сыйынамын, дұғамды бағыштаймын.
Бұл оның нағыз ерлігі еді, обкомпартияның лектор бөлімінің меңгерушісі бола жүре, жұмысына, өзіне қауіп-қатер болады деп қорықпай, істі адамға араша түскендігі.
Сол уақытта қайын жұртым өзімнің рулас-аталас ағайындарым үнсіз, қол ұшын да бере алмады ғой қорқып…
Ол қайсар мінезді, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, дос десе алқымынан жүрегін суырып беруге әзір тұратын ғажайып тұлпар мінезді адам, өте бауырмашыл еді. Қазақ журналистикасының талантты, біртуар қара нары болып өтті.
Сенің есімің біздің ғана емес, ондаған, жүздеген шәкіртіңнің, әріптесіңнің, мыңдаған оқырманыңның жүрегінде сақталады, бауырым Тұрсын!
Алдың пейіш, артың кеніш болсын және иманың саламат, бақұл бол! Рая жеңгемнің, балаларыңның беріп жатқан асы қабыл болсын.
Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ
Талдықорған қаласы





