Облыс көлемінде ауылшаруашылығы дақылдарына зиянын тигізетін 144 түрлі зиянкес, 85 түрлі өсімдік ауруы және 46 түрлі арамшөп бар. Олармен күрес дұрыс жүргізілмесе өнім сапасы нашарлап, түсім айтарлықтай төмендейді. Аймақтағы фитосанитариялық жағдайды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Мәулен Жұмағалиев сұхбатында толық баяндады.
– Мәулен Бүркітқалиұлы, әңгімеміздің басын негізгі жұмыстарыңыздан бастасақ. Өсімдіктерді қорғау саласында қандай қызметтер атқарасыздар?
– Облыста өсімдіктерді қорғауда зиянкестер мен өсімдік ауруларын анықтау мен олардың экономикалық зиян тигізу шегін «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының» облыстық филиалы жүргізеді. Бұл филиал жылда 4 миллион гектардан аса ауылшаруашылығы жерлерін тексереді. Облыстық аумақтық инспекциясы тарапынан былтыр ауқымды іс-шаралар жүргізіліп, облыс көлемінде қолайлы фитосанитариялық жағдай қалыптасты. Ал биыл аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы зерттеу-мониторнигтік жұмыстары жоспарға сай толық жүргізілуде. Аса қауіпті зиянкестердің ішінде ауылшаруашылығына ең қауіптісі – шегіртке тектес зиянкестер (азиялық шегіртке және итальяндық прус). Шегірткенің жаппай таралып, ауылшаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген факторға байланысты. Осы жылы шегіртке тектес дернәсілдердің ауа райына байланысты былтырғыдай мерзімде шығатыны байқалуда. Алдағы уақытта оның жаппай таралу қаупі бар. Сондықтан, қандай қиын жағдай қалыптасса да ауылшаруашылығы жерлерін шегіртке тектес зиянкестерден қорғауға барлық жағдайды жасауға міндеттіміз.
– Облыс аумағында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер анықталды ма?
– Әрине. Жасалған келісімшарттарға сәйкес «AVIASILA» ЖШС авиа өңдеу жұмыстарына 3 ұшақ қолданады. Жердегі жұмыстарды «SATTI TULIK» ЖШС 10 бүріккіш техникаларды қолдану арқылы жүргізеді. Биыл шегіртке тектес аса қауіпті зиянкестерге қарсы республикалық бюджет есебінен 284,7 миллион теңге қаражатқа 74,6 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтпек. Облыстық бюджеттен 171 миллион теңге қаржы бөлініп, үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы 40,2 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу көзделуде. Облыс әкімінің (2025.20.01. №5-ө н/қ) 2025 жылы «Шегіртке тектес зиянкестерге, басқа да аса қауіпті зиянды организмдер мен карантинді нысандарға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб құру туралы» өкіміне байланысты облыстық штаб комиссиясы және жергілікті жерлердегі аудандар мен қалаларда арнайы жұмысшы топтары құрылды. Шегіртке тектес зиянкестермен күрес ұйымдастыру іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар атқарылуда.
Жетісу облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау қызметі бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауылшаруашылығы дақылдарының егістіктеріне зиян келтіретін аса қауіпті организмдерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шараларға бақылау жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда айтқанымыздай, әр облыс тұрғыны шегіртке тектес зиянкестердің таралуын байқап қалған жағдайда барлық ауданда құрылған жұмысшы топтарына немесе ауылдық әкімдіктерге дер кезінде хабарлап отырса, бұл өсімдік зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстарына қосқан өз үлесі болмақ. Облыс тұрғындарына пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданып жатқан жерлерге бармау, өңделген жерлерге 21 күнге дейін мал жаймау және бал араларының омарталарын өңдеу алаңдарынан 3-4 шақырым аулақ ұстау керегін ескертеміз. Әрбір тұрғын өңдеу жұмысы тәуліктің салқын, яғни, таңертеңгілік және кешкі уақытта жүргізілетінін, сондай-ақ, техникалық сақтану ережелерін қатаң сақтау керегін білуі тиіс.
ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына сәйкес облыстық аумақтық инспекциясының аудандардағы инспекторлары заң талаптарын барлық қожалық етуші субъектілердің қалтқысыз сақтауын қадағалайды. Барлық жер иеленуші жеке және заңды тұлғалар өз иелігіндегі жерлерде фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзуге және зиянды организмдердiң таралуына жол бермеу керек. Сонымен бірге, соңғы кезде тіркелмеген немесе жалған (контрафактілі) пестицидтерді сату, іске асыру және қолдану фактілері орын алуда. Мұндай пестицидтерді қолдану қоршаған ортаға, топыраққа, адам ағзасына кері әсерін тигізеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс аумағында тіркелмеген немесе жалған улы химикаттарды сату, қолдану фактілері анықталған жағдайда облыстық, аудандық, қалалық аумақтық инспекцияларға хабарлауларыңызды сұраймыз.
– Өсімдіктер карантині жөніндегі қызмет туралы айтсаңыз?
– ҚР аумағында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізі мен принциптерін «Өсімдіктер карантині туралы» Заңы белгілейді. Осы заңның 10-бабына сәйкес ҚР аумағына карантинді объектілерді әкелудің алдын алу, олардың таралу қаупі бар ошақтарын уақытылы анықтау, оқшаулау және жою мақсатында карантинге жатқызылған өнімдерді карантиндік тұрақты тексеру үлгілерін іріктей отырып, зертханалық сараптамасын, іріктеу арқылы бақылау, карантин құжаттарына тексеру жүргізу және карантиндік іс-шаралардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру, өсімдік және азық-түлік ресурстарын қорғауға, карантинді объектілерге қарсы күреске арналған бюджет қаражатының болжанбаған шығыстарын болдырмауға, сондай-ақ, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, шегаралас мемлекет – Қытай Халық Республикасында 120-дан аса карантиндік нысан тіркелген.
Ал Жетісу облысы аумағында ресми 6 карантиндік объекті бар, оның екеуі карантиндік зиянкестер, біреуі карантиндік ауру, үшеуі карантиндік арамшөптер. Олар шығыс жеміс жемірі, калифорниялық қалқаншалы сымыры, жеміс ағаштарының бактериялды күйігі, жусан жапырақты ойран шөп, жатаған укекіре, сары шырмауық түрлері. Соңғы жылдары облыс аумағындағы алма бақтарында карантиндік ауру жеміс дақылдарының бактериалды күйігі кең таралып келеді. Бұл – өте қауіпті әрі жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы «Erwinia amylovora» бактериясы. Биыл республикалық бюджет есебінен 34,7 гектар бақта жеміс ағаштарының бактериялды күйігіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ол ғылыми белгіленген мерзімдерде басталады.
«Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 9-бабының 7- тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне енгізілген. Оларға қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің таралу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шаралары өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Өкінішке қарай, көп жерде ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер тарапынан жоғарыда аталған заңды орындауға немқұрайлықпен қарайтыны байқалады. Сол себепті карантиндік объектілердің таралған аймақтарының көбею қаупі бар. Республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа тек мемлекеттік қор жерлерге жататын жерлердегі карантиндік объектілердің таралған аймақтарында карантиндік шаралар толық жүргізіледі. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында биыл да ауылшаруашылығы дақылдары мен шабындықтарды түрлі зиянды организмдерден сақтап қалатынымызға сенім білдіруге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл Байбосынова





