Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Қарыштап дамыған жаңа технологияның заманына ілесіп, тың бағдарламалар ойлап тапқан жастар біздің өңірде де бар. Солардың бірі – информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаев.
Алмас Саматұлы еңбек жолын 2014 жылы М. Мыңбайұлы атындағы орта мектепте информатика пәні мұғалімі ретінде бастады. Кәсіби ізденіс пен жауапкершілікті басты ұстаным еткен ұстаз көп ұзамай-ақ «Жас маман – тәлімгер» байқауының жеңімпазы атанды. 2015 жылдың қыркүйек айынан Үшарал қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепке қызметке орналасты. Білім ошағында біліктілігін көрсеткен ұстаз информатика пәні мұғалімі, STEM жетекшісі, сондай-ақ, әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Осы кезеңде педагогикалық шеберлік пен көшбасшылықты ұштастырғанның арқасында бірқатар кәсіби жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, «Көшбасшы – 2015» жас ұстаз байқауының жеңімпазы, информатика пәніне арналған «Алтын диск» байқауының жүлдегері атанды. Сондай-ақ «Жылдың үздік мұғалімі», педагогикалық олимпиадаларда І орын иеленеді.
Ең бастысы – білім беруді цифрландыру бағыты бойынша авторлық «Сандық басқару моделін» әзірледі. Аталған модель негізінде stem-hub.kz цифрлық платформасын жасап, білім беру ұйымдарының күнделікті басқару және оқу үдерістерін автоматтандыруға бағыттады. Бүгінде STEM-HUB платформасын республиканың түкпір-түкпіріндегі ұстаздар белсенді пайдаланып келеді. Ал «Сандық басқару моделі» аудандық деңгейде қолдау тауып, өңірдің барлық мектебіне пилоттық жоба ретінде енгізілді.
– Негізгі мақсатым – білім беру ұйымын заманауи сандық басқару жүйесіне көшіру арқылы мектептің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, мұғалімнің кәсіби өсуіне жағдай жасау және оқушыларға сапалы білім беру ортасын қалыптастыру, – дейді ол.
Кейіпкеріміз кәсіби дамуының маңызды кезеңі ретінде «Білім берудің 1000 көшбасшысы» республикалық жобасын сәтті аяқтады. Осы бағдарламадан кейін 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Д. Қонаев атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды. Директорлық қызметтегі бір жылдың ішінде мектеп ұжымымен бірлесе отырып, «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында аудан, облыстық кезеңінде І орын, республика бойынша ІІ орынды еншіледі. «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының жүлдегері, «Шебер-сынып» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жеңістің желкенін көтерді. Облыстық «Үздік ауыл мектебі – 2025» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздың алған марапаттарының бір парасы ғана.
Тың бағдарлама ашып, білімқұмарлығымен көпті сүйсіндіріп, тау асар табандылығымен сан алуан жетістіктерге жетіп жүрген жас ұстаздың алдағы ісіне сәттілік тілейміз.
Рысалды ШАРАПИЕВА,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз хатшысы





