Талдықорған қаласындағы №30 орта мектебінің ғимаратында жас педагог-психологтардың аймақтық оқыту семинары өтті. Жиын «Саламатты болашаққа қадам: жасөспірімдердің психоактивті заттардан аулақ болуы және өмірлік дағдыларын дамыту» тақырыбында ұйымдастырылды. Басқосуға орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты.
Қоғамда психоактивті заттар мен құмар ойындарға тәуелділік өзекті мәселе екені айқын. Мамандар мұндай заттардан аулақ болу үшін ең алдымен баланың психологиялық жағдайын реттеу маңызды екенін айтады. Сондықтан әр педагог-психолог баланың ішкі дүниесіне назар аударып, оның эмоциялық және психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн дейді.
– Семинар өте қызықты, жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай шаралар біздің кәсіби дамуымызда көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Осында қолданылған нақты әдістерді өз тәжірибемізде жұмысымызда қолданамыз, – дейді педагог-психолог Ақмарал Асқарбек.
Семинар психологиялық қолдау орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Аталған орталық №30 орта мектебі ғимаратының жанынан өткен жылы ашылған. Басты міндеті – балаларға, ата-аналар мен педагогтарға психологиялық көмек көрсету. Мекемеде сенім телефоны 24 сағат бойы өз жұмысын істейді. Өткен жылдан бері 84 қоңырау түскен, оның 69 қоңырауына психологиялық нақты кеңестер берілген. Осы күнге дейін мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылармен және ата-аналармен кездесіп, 85 консультация өткізген.
– Жалпы психологиялық қолдау орталығында «Жас маман мектебі» деген жоба бар. Сол жоба аясында әртүрлі шаралар өткізу жоспарланған. Бұл педагог-психологтардың арасындағы марафон. Мұнда оқыту семинарлары, онлайн семинарлар өте көп ұйымдастырылып отырады, – дейді облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Динара Қыдыкенова.
Айта кетейік, орталықта әдістемелік сүйемелдеу және психологиялық қолдау бөлімдері бар. Онда 37 маман қызмет атқарады. Психологиялық қолдау бөлімінің мамандары орталық ашылғалы бері 13 семинар өткізген. Оған облыстан 700-ге жуық педагог-психолог қатысқан.
Нұрдәулет ҚАЙЫРЖАНОВ,
ЖУ студенті
Фото: yanzori.com.





