Тәжірибелі ұстаз әрі бағбан Алексей Сотников жеміс ағаштарын қысқа дұрыс дайындап, келесі жылы мол өнім алу жолдарын айтып берді.
Көптеген үй іргесіндегі жер телімдері мен саяжай иелері күз келген соң алты сотық жердегі жеміс ағаштарына күтім жасаудың қажеті жоқ деп санайды. Алайда олай емес. Алексей Сотниковтың айтуынша, қыркүйек айы да бақ үшін аса маңызды кезең.
– Ағаш бұтақтарында жеміс қалмаса да ол өз тіршілігін жалғастырады. Сөйтіп, тамыры мен сүрегінде қоректік заттарды жинап, келесі жылдың бүршіктерін қалыптастырады. Күзгі күтімді өткізіп алсаңыз, көктемгі гүлдеу кезеңі ойдағыдай болмай, келер жылғы өнім айтарлықтай азаюы мүмкін, – дейді Алексей Алексеевич.
Үй іргесіндегі және саяжайлардағы бақтарда ең көп таралған жеміс ағаштарының қатарында алма, қара өрік және шие бар. Тәжірибелі бағбандар қыркүйек айында бұл ағаштарға органикалық және өнеркәсіптік тыңайтқыштарды пайдалана отырып, арнайы күзгі қоректендіру жұмыстарын жүргізеді.
– Алманың тамыр жүйесі жақсы дамыған және қоректік заттарға сұранысы жоғары. Ересек ағашқа 3-4 ас қасық суперфосфат және 2-3 ас қасық калий сульфаты қажет. Тыңайтқыштарды діңнен 50-100 сантиметр қашықтықта, ағаштың түпкі шеңберіне шашып, топыраққа 10-15 сантиметр тереңдікке сіңіреді. Сонымен бірге 2-3 стақан ағаш күлі қосылады. Күл калиймен қамтамасыз етіп, топырақ қышқылдығын төмендетеді. Оның үстіне түпкі шеңберді 5-7 сантиметр қалыңдықта қарашірікпен жауып қояды, – деп кеңес берді Алексей Сотников.
Қара өрік алма ағашынан көлемі жағынан кіші болғандықтан ересек ағашқа 2-3 ас қасық суперфосфат және 1-2 ас қасық калий сульфаты жеткілікті. Органикалық тыңайтқыш ретінде 2 стақан ағаш күлі мен бір шелек қарашірік қосып, барлығын ағаштың түпкі шеңберіне сіңіріп, молынан суару қажет. Шие үшін де тыңайтқыш мөлшері осындай болады. Мәселен, оған 2-3 ас қасық суперфосфат, 1-2 ас қасық калий сульфаты, 2 стақан ағаш күлі және бір шелек қарашірік қажет. Шие бейтарап топырақты ұнатады, сондықтан бұл жағдайда күлдің пайдасы ерекше.
Алексейдің айтуынша, қоректендіру жұмысын бастамас бұрын ағаштың түпкі шеңберін тазалап, түскен жапырақтар мен жазда бұтақтан түскен жемістерді жинау қажет. Өйткені олардың ішінде зиянкестер мен саңырауқұлақтар қыстап шығуы мүмкін. Содан кейін ағаш тәжінің айналасына 10-15 сантиметр тереңдікте таяз арықшалар немесе шұңқырлар жасап, тыңайтқыштарды сол жерге бөліп салып, топырақпен жауып, суару керек. Суару, әсіресе күз құрғақ болған жағдайда міндетті. Ересек ағашқа 5-10 шелек су құйылады. Ылғалды топырақ баяуырақ қатады, ал тамырлар қыстан жақсы өтеді.
Егер сұйық қоректендіруді қолданғыңыз келсе, суперфосфатты ыстық суға салып, бірнеше сағат тұндыру керек. Себебі, ол суық суда нашар ериді. Одан кейін калий сульфатын қосып, ерітіндінің жалпы көлемін 10 литрге жеткізіп, ағаштың түпкі шеңберіне құяды.
Жеміс ағаштарына жасалатын осындай қарапайым күтім жұмыстарын алдағы демалыс күндері-ақ жүргізуге болады. Бұл келесі жылы бақтың өнімділігін арттыруға жақсы негіз қалайды.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





