Өзендермен өрнектелген өлке атанған жер жаннаты Жетісу туризмнің ошағы. Тұмса табиғаттың сұлулығын сезініп, ғажайыбын көзбен көруге алыс-жақын шетелден келетін туристер саны да жыл санап артып келеді. Осыған орай Салтанат сарайында отандық туризмді дамытып, түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерді талқылау мақсатында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, сала мамандары, жергілікті қауымдастық пен туристік индустрия өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Марлен Қапашұлы:
– Мемлекет басшысы туризм саласындағы негізгі міндеттерді айқындап берді. Осы бағытты дамыту мақсатында былтыр Ақши және Бескөл ауылдарының арасында жоғары кернеулі (110 кВ) 56,8 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы стансының құрылысы жүргізілді. Ақши ауылында ұзындығы 69,7 шақырымды құрайтын магистральді кәріз желісі салынды. Сонымен қатар, биыл өңірдің туристік әлеуетін дамыту және жол инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасы аясында «Лепсі – Балқаш» жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Балқаш көлінде 3 коммуналдық жағажай салу жоспарлануда. Солардың бірі суға түсу маусымына дейін ашылады, – дей келе алдағы жоспармен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев аймақтағы туризм саласының қазіргі жағдайы мен даму бағытын кеңінен баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша туристтік нысандардың саны 18 пайызға артқан. Ал туристер саны 11 пайызға көбейіп, Жетісуға келушілер 2 миллионға жеткен. Алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың саны 60 пайызға артқан.
– 2022-2025 жылдары облыста жалпы 60 инвестициялық жоба жүзеге асты. 2026-2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 21 инвестициялық жоба іске асырылуда, – деп атқарылған жұмыстар мен алдағы ілкімді істерді кеңінен тарқатты.
Осыдан кейін Ұлттық индустрия туризм қауымдастығының президенті Раушан Шәмілқызы түйткілді мәселелерге тоқталып, Қорғас пен Жаркент арасында жүретін автобустардың жағдайы нашар екенін, ішіндегі жарнамалардың қате жазылғанын айтты. Алакөлден Абай облысына дейінгі жолдың 10 шақырымын жөндеп беруді сұрап, Ақши мен Жасыл көлге 1 күндік тур қойылса деген ұсынысын жеткізді.
Шара барысында сөз алған қатысушылар да талап-тілектерін айтты.
Жиын соңында аймақ басшысының орынбасары айтылған ұсыныстар кезең-кезеңімен орындалатынын тілге тиек етті.
Айдар ҚАЛИЕВ





