Өз халқыңды терең танығың келсе, оның тарихына үңіл. Ата-абаңның жүріп өткен жолын білгің келсе, көркем шығармаларды оқы. Өйткені тарихи роман құрғақ деректі қайталамайды. Ол өткен дәуірдің тынысын сезіндіреді, сол заманның адамын сөйлетеді, ел басынан өткен қуаныш пен қасіретті жүрекке жақындатады.
Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жеті шығарма қазақ әдебиетінің сан алуан қырын танытатын рухани қазына деуге болады. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Әбіш Кекілбаевтың «Үркері», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі» және Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыры» әр дәуірдің үнін жеткізеді.
Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» оқырманды Қазақ хандығы дәуіріне жетелейді. Хандық билік, ел бірлігі, сыртқы саясат, тарихи тұлғалар тағдыры шығармада кең тыныспен суреттеледі. Романды оқи отырып, қазақтың ел болып қалыптасу жолындағы күресін, бірлік пен тұтастықтың қандай бағамен келгенін аңғарасың.
Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасының табиғаты бөлек. Мұнда тарихтың ұлы оқиғаларынан гөрі адамның ішкі әлемі алдыңғы орынға шығады. Жеңісханның түні бойы тыным таппай, өткенін, бүгінін, отбасын, өмірін ой таразысына салуы оқырманды да өз жандүниесіне үңілдіреді. Кейде адам өзгеден емес, өзінен жауап іздейді. Шығарма осы бір үнсіз арпалысты терең сезіндіреді.
Дулат Исабековтің «Қарғыны» да адам тағдырының күрделі иірімдерін қозғайды. Махаббат пен жауапкершілік, арман мен шынайы өмір, сезім мен ақыл арасындағы тартыс арқылы жазушы адам баласының таңдауын таразылайды.
Әбіш Кекілбаевтың «Үркері» ел тағдыры таразыға түскен кезеңнің көркем шежіресіндей. Әбілқайыр хан дәуіріндегі саяси жағдай, сыртқы байланыстар, тарихи таңдау мәселелері арқылы жазушы бір адамның емес, тұтас елдің болашағына қатысты шешімдердің салмағын көрсетеді.
Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» айтқанда, қазақ әдебиетінің алып әлемі көз алдыңа келеді. Абайдың өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің болмысы ашылады. Қазақтың салт дәстүрі, тұрмыс тіршілігі, ел ішіндегі тартыс, әлеуметтік қатынас, рухани ізденіс пен адамдық мұрат кең тыныспен суреттелген. Абайдың білімге, әділетке, адамгершілікке ұмтылысы шығарма өзегіне айналып, оқырманды ойға жетелейді.
Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі» халқымыздың қасіретті кезеңдерінің бірін жүрекке жеткізеді. Ашаршылық жылдарындағы қазақ ауылының ауыр тұрмысы, халық басынан өткен нәубет, адам тағдыры арқылы өткеннің ащы сабағы көркем бейнеленеді.
Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыры» да атауы айтып тұрғандай, тағдырлы шығарма. Шекараның арғы жағында қалған қазақтардың өмірі, атамекенге деген сағынышы, ұлттық болмысын сақтап қалуға деген талпынысы шығармада кең көрініс табады. Туған жердің қадірін алыста жүрген адамның сағынышынан артық ештеңе таныта алмас.
Міне, жеті шығарма. Жеті бөлек әлем. Бірі хандық дәуірге жетелесе, бірі ел тағдыры шешілген кезеңдерді танытады. Бірі Абай арқылы тұтас дәуірді сөйлетсе, бірі халық басынан өткен нәубетті ұмыттырмауға үндейді. Енді бірі алыстағы ағайынның тағдырын толғаса, екі шығарма адам жанының қалтарыстарына бойлайды.
Бәлкім, жаппай кітап оқитын ұлт болудың бастауы да осындай құнды шығармаларды қолға алудан басталар. Бір кітаптан бір ой туады. Бір ойдан бір таным қалыптасады. Ал танымы терең ұрпақ – елдің ертеңін айқындайтын ең үлкен күш.
Гүлзира РАЕВА,
Атамекен ауылдық кітапханасының кітапханашысы





