Өзендермен өрнектелген өлке атанған жер жаннаты Жетісу туризмнің ошағы. Біздің аймақ табиғи ресурстарға, тарихи-мәдени мұраға және аграрлық дәстүрлерге бай. Бұл оны туристер үшін тартымды етеді. Осыған орай Жетісуда қайда баруға болатынын, аудан, қалалардағы туристік орындар мен әлеуетін зерделеп көрейік.
Жыл санап тотыдай түрленген, сұңқардай сыланған Талдықорғанға келушілерге жергілікті бейнелеу өнері галереясына, М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне, І. Жансүгіров атындағы әдеби музейге баруға кеңес береміз. Сондай-ақ, Талдықорғаннан 9 шақырым жерде «Қызылтас-Тасбақа» тарихи-мәдени табиғи туристік нысанын көруге болады. «Тасбақа» жартасты тауынан б.з.д. IV ғасырдағы петроглифтерді көре аласыз.
Ақиланған ашумен алтын сабасын ақтарған ағынды Ақсу ауданына сапарлай барсаңыз «Тұздыкөл» Рай көлдері, Салқынбел жайлауы, «Үшкөл» моренді көлдері, «Кемел» сарқырамасы, «Тамшыбұлақ» емдік бұлағы, Ақсу өзені, Ақын Сара кесенесі, Тәнеке батыр кесенесі, Қалақай ғибадатханасы, Баянжүрек және Қарақұңғай петроглифтері, Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі өңірдің өткенінен мол мағлұмат береді. Осы туристік нысандардың әрқайсысы меймандар үшін нағыз қазына. Суы шипалы, жыл он екі ай алыс-жақын шет елден келетін қонағы үзілмейтін Алакөл ауданы туризмнің отаны. Мұнда құстарды бақылау, орманда серуендеу, альпинизм, треккинг, велосипед маршруттары, балшықпен емдейтін көл, су спорт түрлері, Кіші Аралтөбе аралына экскурсия жасай аласыз, Алакөлге жазғы кезеңде де, қыс мезгілінде де жыл бойы балық аулауға болады. Ескелді ауданында парапланмен ұшуды дамытатын әйгілі «Тау Жетісу» спорттық-туристік кешені орналасқан. Сондай-ақ жыл бойы таза ауада демалу, фрирайд экстремалды спорт түрімен айналысуға болатын «Текесу» тау шаңғы кешені орналасқан. Ақтөбе шыңы (2472м) жаңа бағытында енді әрбір турист Ойсаз және Қызылауыздың бірегей табиғи ландшафттарынан, Шертебай және Серкешсай шатқалдарынан, сондай-ақ жайлау Көксу шатқалдарынан өтіп, осы шыңды бағындыра алады.
Ескелді ауданының аумағында Ешкіөлмес петроглифтері, ал Қора шатқалында Бұрхан-бұлақ сарқырамасы (168м) орналасқан. Сондай-ақ Жеңдік ауылындағы «Қаратал» шипажайы сауықтыру кешенінде отбасымен демалу үшін бар жағдай жасалған.
Әулиелер мекені саналатын Қаратал ауданы агро және гастро туризммен танымал. Балқаш көлінің тұщы және тұзды суларының түйіскен жеріндегі «Тасарал» аралында жаңа бағыт ашылды. Сондай-ақ Қарақұм және Көпбірлік ауылдарына жаңа маршруттар ұсынылды. Үштөбе қаласында заманауи Қаратал тарихи-өлкетану мұражайы бар.музейдегі құнды жәдігерлер тарих қойнауынан сыр шертіп, бүгінгі күнмен ұштасып жатады. Ал сүт өнімдерінен жасалған әйгілі Үштөбе ірімшігі мен ең дәмді балмұздақ та келген қонақтардың таңдайынан дәмі кетпейтін ұлттық тағамға бай.
Кербұлақ ауданындағы Көксу шатқалында жайлау-туризм мен этнотуризмді дамытуға барлық жағдай жасалған. Аудан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркімен танымал. Онда Айғайқұм, «Ақтау» және «Қатутау» таулары, 700-жылдық тал, Ошақтас, Шоқан Уәлиханов бұлағы, Бесшатыр сақ қорғандары, Таңбалытас петроглифтері бар. Шоқан ауылында Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық мұражайының архитектуралық әдемі ғимараты орналасқан. Онда қазақ зерттеушісі ғалым Шоқан Уәлихановтың тарихи жәдігерлері қойылған.
Көксу ауданында рафтинг су спорт түрі ұйымдастырылатын ағынды Көксу өзені ағып жатыр. Айнабұлақ ауылында тарихи маңызы бар Айнабұлақ теміржол бекеті Түрксіб теміржолының бойында 1930 жылдың 1 мамырында Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өткендігінің айғақтайтын стелласы орналасқан. Ақтекше ауылы маңайындағы Шаған шыңына (2551м) көтерілу фестивалі ұйымдастырылып тұрса, Талапты ауылында өзен аңғары жанындағы жасыл желектер арасында оңаша атмосферасы бар жергілікті демалыс орталықтарында жайлау туризмін дамыту мүмкіндігі бар.
Панфилов ауданы Жаркент әкімшілік орталығымен туристерге Сарыбел жайлауында және Долантау жолбарыс тауларында экотуризмнің, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында шопинг-туризм әлеуетін дамытуға жол ашылған. «Жаркент-Арасан» және «Керімағаш» бальнеологиялық шипажайлары, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған Орбұлақ шайқасы мекені, Жаркент қаласында орналасқан бір шегесіз салынған «Жаркент мешіті», «Әскери даңқ» мұражайы, белгілі суретші Әбілхан Қастеев атындағы галереясына баруыңызға болады.
Сарқан ауданындағы Жоңғар-Алатау ұлттық паркінде Жасылкөл атты жақұттай мөлдір көл орналасқан. Өңірде сакралды киелі туризмнің тарихи маңызды нысандары, нақтырақ айтсақ, Көктерек ауылында Көтен тәуіп кесенесі, Жоңғар Алатауының етегіндегі Алматы-Өскемен тас жолында ежелгі Қойлық қалашығы орналасқан. Текелі қаласы Қора шатқалының қақ ортасында, асқар таулардың етегінде көз жауын аларлық жасыл альпілік шалғындар арасында, қаланың жоғарыда орналасқан шолу алаңынан Қора мен Текелі қос өзендерінің түйіскен жерін, Қаратал өзенінің басталуын тамашалауға болады. «Текелі» шипажайы мен халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер орналасқан. Қалада экологиялық, су, тау, сауықтыру туризмін дамыту үшін бар жағдай жасалуда.
Міне, Жетісуға келген әрбір қонаққа ұялмай көрсететін ғажайып жері мен ұсынатын ұлттық дәмі мол аймақтың айшықты орындары осындай.
Жандос НУРИЕВ,
«Visit Zhetysu» ақпараттық орталығының басшысы





