Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен кезекті брифинг аймақ тұрғындарының қауіпсіздігіне арналды. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Бағдат Тыныбек өңірде Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай бастау алған ауқымды шаралардың барысын баяндады. Осы жылғы іс-шаралар «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен жүзеге асып жатыр.
Төтенше жағдай кезінде абдырап қалмай, жүйелі әрекет ету әрбір адамның өз өмірі алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан департамент мамандары бір ай бойы облыстың барлық қалалары мен аудандарында халықтың дайындық деңгейін арттыруға күш салмақ. Сол арқылы әрбір азаматтың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптасады
Бағдат Тыныбек қауіпсіздік мәселесі тек құтқарушылардың міндеті емес екенін айтып:
«Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні қоғам қауіпсіздігі мемлекет, құтқару қызметтері және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігеріне байланысты екенін еске салады», – деді баяндамасында.
Осылайша, спикер қауіпсіздік мәселесіндегі ұжымдық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Баспасөз мәслихаты аясында ұйымдастырылған арнайы көрме көпшіліктің назарын ерекше аударды. Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ерболат Нұрқасым құтқару ісінде қолданылатын маңызды жабдықтарды таныстырды. Офицер газтұтқыш (противогаз), қолмен айналдырылатын сирена құралы және улы газдың мөлшерін анықтайтын арнайы аспаптардың жұмыс істеу принципін көрсетті. Әсіресе, электр қуатына тәуелсіз, механикалық жолмен дыбыс шығаратын дабыл құралының маңызы зор. Мұндай құралдар байланыс үзілген немесе жарық өшкен қиын жағдайларда халыққа белгі берудің сенімді тәсілі саналады.
«Қазіргі таңда облыс бойынша химиялық және биологиялық қауіпті нысандарда оқу-жаттығулар жиіледі. Сонымен қатар, білім ордаларында ашық сабақтар өткізіліп, өскелең ұрпаққа апат айтып келмейтіні, оған әрқашан дайын болу керектігі түсіндірілуде. Департамент бөлімшелерінде ұйымдастырылатын «ашық есік» күндері мен экскурсиялар қатардағы тұрғындарға құтқарушылардың тыныс-тіршілігін жақыннан тануға мүмкіндік береді», – деді Бағдат Тыныбекұлы.
Туризм саласының мамандары үшін де бұл жиынның маңызы жоғары. Жетісу өңірі – табиғи нысандарға бай аймақ. Сондықтан демалыс орындары мен қонақ үйлердегі қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Капитан Бағдат Тыныбек өз сөзінде Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Аталған Заңның 16-бабына сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер азаматтық қорғау саласында жаттығулар өткізуге міндетті. Аталмыш талап нақты қауіп төнген сәтте адам өмірін сақтап қалудың кепілі.
Азаматтық қорғаныс жүйесі тек соғыс уақытында ғана емес, күнделікті өмірдегі өрттер, табиғи апаттар мен техногендік авариялар кезінде де басты қорған қызметін атқарады. Сондықтан департамент ұжымы кез келген ұйым басшысын ортақ қауіпсіздікке бей-жай қарамауға шақырады. Өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар эвакуациялау дағдыларын пысықтауға, хабарлау жүйелерінің сапасын тексеруге бағытталған.
Қорыта айтқанда, Жетісу облысындағы құтқарушылардың жұмысы тек төтенше жағдай орын алғанда ғана байқалмайды. Олардың алдын алу шаралары, күнделікті түсіндірме жұмыстары мен жаттығулары – тыныш өміріміздің негізі. Қауіпсіздік – мемлекеттің, құтқару қызметінің және әрбір азаматтың бірлескен жауапкершілігі. Әрқайсымыз өз қауіпсіздігімізге бей-жай қарамағанда ғана тұрақты әрі қауіпсіз болашақ құра аламыз.
Мәулен Әнербай





