Өнер – жүректің үні. Ал сол үн бала жүрегінен шықса, оның шынайылығы мен тазалығы бірден сезіледі. 4 «Ә» сыныбының оқушысы Жақсылық Жұмағазы – сондай табиғи дарын иесі. Кішкентай күнінен әнге жақын бүлдіршін бүгінде мектеп мақтанышына айналып отыр.
Жақсылықтың өнерге деген қызығушылығы балабақша сахнасынан басталды. Ертеңгіліктер мен мерекелік кештерде қоңыр дауысымен жұртты сүйсіндіріп, алғаш рет қол шапалақтың ыстық ықыласын сезінді. Сол сәттен бастап ән айту оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Мектеп табалдырығын аттағаннан бері де жас әнші талмай ізденіп, түрлі деңгейдегі байқауға қатысып келеді. Мектепішілік өнер сайыстарынан бастап, аудандық, облыстық мәдени шараларда өз өнерін көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Оның сахнадағы еркіндігі, дауыс тазалығы мен орындау мәнері көрерменді бірден баурап алады.
Жақында Жақсылық Жұмағазы республикалық байқау «Әншуақ» балалар мен жасөспірімдер фестивалінде жеңімпаз атанды. Бұл жас өнерпаздың талантына берілген үлкен баға, еңбегінің жемісі. Сахнада ол өз мүмкіндігін толық көрсете білді. Ән таңдауы, сахналық мәдениеті, көркем бейнесі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жақсылықтың жетістігі тек жеке жеңіс емес, бұл – ұстаздарының табанды еңбегі мен ата-анасының қолдауының нәтижесі. Өнер жолында баланың талабын ұштап, сенім арту – үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтап келе жатқан жас дарын алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына күмән жоқ.
Бүгінде Жақсылық – сыныптастарының мақтанышы, мектептің мерейі. Оның арманы – үлкен сахнада ән айту. Әзірге ол сол арманға батыл қадам жасап келеді.





