КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ

Уақыты: 04.06.2022
Оқылды: 1216
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ту қашанда қастерлі. Әр мемлекеттің өзінің жеке-дара дербес ел екенін көрсететін мемлекеттік рәміздері бар. Ту – мемлекеттік рәміздердің бірі. Әлем елдері Қазақстанды Туы арқылы тани алады. Әрбір адам Мемлекеттік Туды көргенде тұла бойы шымырлап, рухы асқақтап, кеудесін қуаныш кернеп, мақтаныш сезім орнайтыны анық. Әсіресе, мұны шет мемлекетте жүргенде қатты сезінесің.

Мен талай халықаралық жарыстарға қатыстым. Дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілгенде менен биікке көтерілетін – Ту. Адамзат баласына аян, Ту екі жағдайда көтеріледі. Біріншісі, Мемлекет басшысы барған кезде, екіншісі, спортшылардың жеңіске жеткенінде. Олай болса, төбеңде желбіреген көк байрақтан артық қастерлі дүние жоқ деп есептеуге болады.
Мына бір мысалды айта кетейін, өткен жылы Токио Олимпиадасы өтті. Төрт құрлықтың басын қосқан дүбірлі додада көршілес Ресей мемлекетінің спортшылары Мемлекеттік Тумен емес, халықаралық олимпиада  комитетінің туымен шықты. Қараңызшы, қандай қиын, өкініш өзекті өртейді. Әрбір спортшы елімнің Туын желбіретсем деп армандайды. Спортқа аяқ басқан күннен бастап, ең бірінші ойыңа келетін де, алдыңа қоятын мақсатың да Туды желбіретіп, Әнұранды шырқату болады. Міне, осыны көріп тұрып, іштей Туымнан айыра көрме деп Жаратқанға жалбарынасың.
Жеңіс тұғырында тұру – әрбір спортшының арманы. Сондай арманға талай мәрте қол жеткіздім. Алтын тұғырда тұрғанда өзгенің төбесінен қарап мақтанасың, рухың шалқиды. Ал жоғарыға Ту көтерілгенде тіптен керемет күйге бөленесің. Кеудеңдегі кішкентай ғана жүрегің аттай тулап, алпыс екі тамырыңды қуалай жүгірген қаның тасқындап, еріксіз көзден қуаныштың ыстық жасы сорғалайды. Ал егер Ту қастерлі болмаса, мұндай сезім адам баласының бойына қалай келеді? Сондықтан да, Ту – қасиет, Ту – ар-ожданың.
Бізге бапкерлеріміз патриоттық тәрбиені сыналап қақты. Әсіресе, жарыс алдында бізге дәл осындай ұлттық рухтағы әңгіме қозғап, намысымызды қайрайтын. Дәл сол әңгіменің ішінде міндетті түрде Ту жайлы әңгіме өрбиді. 
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, – деп Сүйінбай ата жырлап өтті ғой. Осы өлеңдегі мына аталған жолдарын бапкерлеріміз көп айтатын. Біздің рухымызды шақырып, жарысқа алмас қылыштай қайрап салатын. Жарыс алаңына кетіп бара жатқан әр спортшы мен бапкер қайраттанып барады. Олар бір өздері ғана емес, бір қолына Туды ұстай кетеді. Жеңіске жеткен сәтте Туды желбіретіп, жүгіріп кетесің. Бұл тұрақты дәстүр, негізгі мақсатың да осы. Спортшыдан бір елі қалмай алда жүретін де сенің Туың.
Бүгінде Мемлекеттік Туға қарсы түрлі келеңсіздіктер шығып кетті. Көңіліңе қаяу түсіретін жағдайды көргенде тексіздерді Тумен ұшықтағың келеді. Бойында ұлттық болмысы жоқ, жүрегі елім деп соқпайтын, Туды қасиетім деп танымайтын адамнан жақсылық күтуге болмайды.
Тудың қаншалықты ыстық, қасиетті де қастерлі екенін спортшы қауымы жақсы біледі. Ол ең бірінші чемпион болғым келеді, Көк Туды желбірету арманым деп неге айтады? Ол оның қасиетін білген соң айтады. Олай болса, Ту – еліңнің қасиеті.
Лондон Олимпиадасында қазақ спортшылары жүлдені уыстап әкелді. Дәл сол байрақты бәсекеге мен де қатысқан едім. Өкініштісі, сол мен Туымды биік көтере алмадым. Дегенмен, қазақ спортшыларының жеңісіне шын жүректен қуандым. Сол кезде ағылшын жерінде Көк Тудың қалай желбірегенін, оның асқақ екенін жақын көрдім. Сол тұста жігіттердің жеңісіне арнап, мына бір өлең шырқалған еді. Жүректі шымырлататын ән!
Көк Тудың желбірегені,
Елімнің асқақ беделі.
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені! 
Расымен де, Ту туралы сөз қозғалса, ұлттық намысың оянып, байрақ жайлы таңға сөз арнауға болады. Менің бүгінгі айтпағым, Ту анаңдай – қымбат, әкеңдей – қайратты, жеріңдей – қасиетті, ана тіліңдей – тәтті! Рәміздер күні құтты болсын!

Дәурен ЖҰМАҒАЗИЕВ,
халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем 
чемпионатының қола жүлдегері