Талдықорғанда тәлімгерлік семинар өтті

Уақыты: 18.04.2024
Оқылды: 1469
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жетісу облысының орталығында өндірісте дуальды оқытуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша екі күндік семинар өтті. Аймақтағы 21 кәсіпорының өкілдері қатысқан іс-шараға 46 маман тартылып, Германияның Трир қаласында халықаралық дайындықтан өткен тәжірибелі мультипликатор – жаттықтырушылары Ләзат Шонаева мен Инна Региль арнайы шақырылған.


Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың сөзінше, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы тәлімгерлік мектебі алты жылдан бері жұмыс жасауда. Соның аясында кәсіпорын қызметкерлері үшін осындай оқыту семинарлары өткізіліп тұрады. Тәлімгерлік мектебі  бұл кәсіпорындардың мамандарын, «Дуальды оқытуды енгізудің жол картасына» қатысушыларды анықтау, қолдау және көтермелеу мақсатында құрылған бірегей жоба.

Мамандардың айтуынша, семинарда жаттықтырушылар қарым-қатынас орнату және тәлімгерлік дағдыларды қалыптастыруға қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Бұл білім кадр саясаты мәселелерін сауатты және жедел шешуге, соның ішінде кадрлар ағымының алдын алуға және қызметкерлердің әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Материал бейне баян, презентациялар, кино мен мультфильмдер арқылы ұсынылды. Бұл қолайлы, мейірімді атмосфераны құруға мол мүмкіндік берді.

Осы жолғы оқыту іс-шарасына қатысушылар арасында өңдеу өнеркәсібі, коммуналдық қызмет көрсету, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету саласының қызметкерлері бар. Біз бұл семинар нәтижесінде, табысты жаттықтырушылар бөліскен білімді тәлімгерлер іс жүзінде қолданады деп үміттенеміз. Ол өз кезегінде дуальды оқытудың сапасына оң әсер ететіні сөзсіз», — деді Дәурен Оңалбаев.

Семинар соңында тыңдаушыларға арнайы оқудан өткені туралы тәлімгерлердің сертификаты табысталып, деректері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізілген.

 

                                                              Айдын КӘЛІМХАН